Шарафат Жылқыбаев. Ұлттық социализм
"Капитализм ұлттың түбiне жететiн болды, басқа бiр жаңа жүйе құрайық" деген идеяны жапон ойшылдарының арасынан алғашқы болып Накано Коуджи көтерген болатын. 1980 жылдары Жапонияның баспасөз беттерiнде қаламгердiң "бiздiң қоғам құлдырап барады, материалдық байлық қарапайым халықты бақытқа жеткiзбейдi. Сондықтан ежелгi пролетарлық жүйеге көшейiк" деген идеяларды айтқан мақалалары жиi жарық көрдi. Наканоның "Сэйхинношисоу" (Пролетариат толғамдары) деп аталатын кiтабы 1992 жылы жарық көргенде бүкiл жапон қоғамы дүр сiлкiнген болатын. Наканоның "ежелгi пролетарлық жүйе" деуiнде терең тарихи мән бар. Пролетариат идеясы Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерiнен басталады десек қателесемiз. Ежелгi Рим мемлекетiнде пролетариат деп еңбек иелерiн атаған. "Пролетар" сөзi ең алғаш Туллия патшасына қатысты деректерде кездеседi.
"Капитализм ұлттың түбiне жететiн болды, басқа бiр жаңа жүйе құрайық" деген идеяны жапон ойшылдарының арасынан алғашқы болып Накано Коуджи көтерген болатын. 1980 жылдары Жапонияның баспасөз беттерiнде қаламгердiң "бiздiң қоғам құлдырап барады, материалдық байлық қарапайым халықты бақытқа жеткiзбейдi. Сондықтан ежелгi пролетарлық жүйеге көшейiк" деген идеяларды айтқан мақалалары жиi жарық көрдi. Наканоның "Сэйхинношисоу" (Пролетариат толғамдары) деп аталатын кiтабы 1992 жылы жарық көргенде бүкiл жапон қоғамы дүр сiлкiнген болатын. Наканоның "ежелгi пролетарлық жүйе" деуiнде терең тарихи мән бар. Пролетариат идеясы Маркс, Энгельс, Ленин еңбектерiнен басталады десек қателесемiз. Ежелгi Рим мемлекетiнде пролетариат деп еңбек иелерiн атаған. "Пролетар" сөзi ең алғаш Туллия патшасына қатысты деректерде кездеседi.
Жапон жазушысы кiтабында капитализмды қатты сынаған. "Материалдық өнiм неғұрлым көп өндiрiлген сайын қоғамның жойылуы соғұрлым жылдамырақ болады" деген Накано жапон ұлтының тағдырын талқыға салады. 1945 жылдан кейiн капиталистiк жолға нық түскен Күншығыс елi 1960 жылдары экономикасы дамыған iрi мемлекет ретiнде танылды. Жер көлемiнен 62-шi орында тұрған Жапония 1968 жылы өнiм өндiру көрсеткiшi бойынша дүниежүзiнде 2-шi орында тұрған. Бүгiнде бұл ел жалпы ұлттық өнiм көлемiнен де алдыңғы орында. Дамуға бөлген қаржысы мен автомобиль өндiрiсi жөнiнен 1-шi орыннан түспеген Жапонияның130 миллион халқы шынымен де "дамыған" деген ұғымға лайықты өмiр сүре ме?
Қазiргi жапондарды капиталистiк сана меңдеген. Қай тұрғыдан қарасақ та, бұл ашық көрiнедi. Мен жапон азаматтарымен талай жылдан берi аралас-құралас бола жүрiп, түйгенiм - көпшiлiгi "Жаным шықса да, ақшам шықпасын" деген принциппен өмiр сүредi. Жапондар неге капиталды биiк қояды? Себебi, "ертең қалай болады?" деген үрей олардың ерiк-жiгерiн қыспаққа алып, адами еркiндiгiнен айырған. Накано Коуджи өз кiтабында "технология жойылмайынша өркениеттi өмiр сүру мүмкiн емес" деп жазған. Техниканы (мысалы, роботтарды) барлық салада кеңiнен қолданатын жапондар соның қызығын, дәлiрек айтсақ, тиiмдiлiгiн көрiп отыр ма? Жапонияда жұмыс уақыты таңғы - 7-8-ден түнгi 10-11-ге созылады. Адамдардың бiр-бiрiмен қатынасу мүмкiндiгiне техника шектеу қойып отыр. Бiр-бiр компьютерге "байланған" жапондар сыртқы ортадан бейхабар күйге көшкен. Жалпы баспасөз беттерiнде жиi айтылып жүрген бала санының күрт кемуi, қарттардың көбеюi, жалғызбастылар санының артуы - бүгiнгi жапон қоғамының жанайқайы. Сауалнамаға сүйенсек, жапон жастарының 80 пайызы ақша шығындамас үшiн үйленбеудi жөн көредi екен. Жастарының 60 пайызы 40-қа келiп отбасын құру дағдысы белең алған бұл қоғамда басқа емес, капитал алдындағы қорқыныш үстем. Бұл "бiздегiдей қаржыны қайдан табамын?" деген сергелдең ой емес, "қарттық үшiн жинаған қаражаттың шетiн сетiнетiп алмайын" деген қатаң принцип. Жапондар ақшаны жеке өзiнiң 60-тан асқаннан кейiнгi өмiрi үшiн жинайды. "Елмен бiрге көрген ұлы той" немесе балаларына, туысқанына сену деген сияқты ұғымдарды капиталистiк сана бiржолата ығыстырған.
Менiң таныстарымның арасында баласыз жапон отбасылары көп. Әйелдерiнен, "Неге бала тумайсыңдар?" деп сұрасам, бәрiнiң беретiн жауабы бiреу-ақ: "Баланы бағуға, оқытуға ақша керек қой. Бiз оған қаржы жұмсағымыз келмейдi" дейдi. Ямамото деген кәсiпкердiң келiншегi маған "баланы 20 жасқа дейiн (Жапонияда бұл кәмелет жасы) бағып-қағып, оқытуға осынша иен қажет" деп тиын-тиынына дейiн есептеп бергенде жағамды ұстағанмын. Ұрпақ өсiруден гөрi ақша жинауды маңыздырақ санайтынына таңқалғанмын. Бұл жалғыз әйелдiң ұстанымы емес, капитализмнiң арқасында жеткен қоғамдық сананың бiр көрiнiсi. Әйтпесе капиталистiк қоғам қалыптасқанға дейiн жапон отбасында 12-13, аз дегенде 4-5 баладан болған. Ұлт болашағына алаңдаған жапон жазушысы жазған ойлардың бiр шетi осымен байланысты.
Жуырда жапон бұқаралық ақпарат құралдарының бiрiнен мынандай мәлiметтi оқыдым: "Кейiнгi кезде дәрiгерлерге "дәм сезу" қабiлетiнен айырылу диагнозы бойынша қаралушылардың саны көбейiп кеттi. Бұл немен байланысты? Түн ортасында жұмыстан қайтқан азаматтардың тамақ жасауға уақыты жоқ. Сондықтан қызмет орнында фастфуд өнiмдерiн, әсiресе қытай кеспесiн азық қылу әдетке айналған. Азаматтардың шай қайнатып iшуге де уақыты жоқ. Ақырында тәттi мен ащыны айыра алмайтын күйге түскен".
Демалыссыз жұмыс iстеу жөнiнен де жапондар 1-шi орын алады. Бiздегiдей 24-30 күн еркiн тынығуды бiлмейдi. Жанталасты жұмыс адамдардың өз жағдайын ойлауға мүмкiндiк бермейдi. Жоғары технология мен мол қарқынды өндiрiс кiсiлердi шектен тыс iске жегiп, адам ретiндегi еркiндiгiнен айырған.
Камикаваучи деген жапон жазушысы үнемi алыс елдердегi ормандарды аралап, үндiстердiң аралдарында жүредi. Көргендерiн, басынан өткергендерiн кiтап етiп жазады. Бiрде одан: "Сiз неге Токиода тұрмайсыз?" деп сұрадым. "Менiң қандастарым болашаққа деген үмiтiн жойған. Бүгiнмен ғана өмiр сүредi. Мен еркiндiктi сүйетiн адаммын. Сондықтан мұндай қыспақ қоғамда, тек технологиялармен құрсауланған қоғамда тұрғым келмейдi" деп жауап бердi.
Накано Коуджидiң "Сэйхинношисоу" кiтабы жарыққа шыққан соң он бес жылдан кейiн белгiлi журналист Томиока Коичироу отандастарына аталған еңбектi қайталап оқып шығуға үндеген мақаласын жариялады. "Материалдық өркениет тығырыққа тiрелдi" деп дабыл қаққан жапон журналисi әлемдi шарпыған қаржы дағдарысы қауiптi емес, рухани дағдарыстан қорқу керек, қазiргi қоғам рухани кедейленiп барады деген пiкiрлерiн бiлдiрген ("Сапйо" журналы Токио 8 сәуiр 2009. 7 бет).
Накано Коуджи "Сэйхинношисоу" кiтабында пролетариат идеяларын 942-1017 жылдары өмiр сүрген Хэйан дәуiрiнiң ұлы ойшылы Харанобудың трактаттарына тiрейдi. Ежелгi жапон ойшылы былай деп жазыпты: "Материалдық тұрғыдан бай бола тұра рухани азғын һәм тойымсыз болса, нағыз байқұс сол. Қарапайым тiршiлiк етiп рухани бай болса бақытты жан деп соны айтуға болады".
"Рухани азғындықты заңмен түзей алмайсың" деген Накано Коуджи Бабалар айтқан идеяларына мән беруге шақырады. "Қазiргi жапондар дәстүрлi мәдениеттi ұмытып, ұлттық санадан ажырап барады. Мен материалдық тұрғыдан кедей бол демеймiн. Бiздiң қоғам материалдық өнiм көлемiн ұлғайтып, соның есесiнен адами құндылықтардан айырылуда. Қоршаған ортаға орасан зиян келiп, жалпы қоғамның күйреу процесi жүрiп жатыр. Ата-бабалар қалыптастырған рухани тiршiлiкке оралу қажет" дейдi жазушы. Наканоның ойынша "сэйхин" (пролетариат) дегенiмiз кедейлiк емес, мейлiнше таза тiршiлiк ете отырып, рухани бай болу. Яғни, қанау, озбырлық, ашкөздiк, тойымсыздық, ұрлық, тонау, алаяқтық, т.б. азғындықтың болмауы.
Испан ойшылы Хосэ Ортега-и-Гассет (1883-1953) "Ендi отыз жылда бiздiң құрлық жабайыланып кетедi. Еуропаның араны ашылып кеттi. Тойымсыздық, рухани кедейлiк жайлап барады" деп, 1922 жылы жазған екен. Философиядағы субстанцияның модустары мәңгi және шексiз, уақытша және шектi болып екiге бөлiнсе, "каптиализм мен социализм осының қайсысына жатады?" деген сұрақ туындайды. Социализм негiзi - социум, яғни әлеумет, қоғам, демек - адам. Адам дүние үшiн емес, дүние - адам үшiн. Капитализмнiң негiзгi мәнi - капитал, ол шектеулi. Адам, яки қоғам капитализмсiз де өмiр сүрген. Ал қоғам адамнан құралады.
Исмаил әл-Жауһари әл-Фараби айтқан "Адамның күнi адаммен" деген сөздi талай ойшыл қайталаған. "Адамның жетiлуi әлеумет арқылы мүмкiн" деген Конфуций. "Адамды сүй, Құдайдың заңдарына бағын" деген ХIII ғасырда өмiр сүрген Марк Аврелий. Социализмнiң негiзi - жалпы адамзаттық философия. Кеңестiк социализмнiң төркiнi "Құдайды мойындамау, пролетариат дегенiмiз - тұяқ қалдырмай малын түгел тартып алып колхоздастыру, байлардың көзiн құрту (адал еңбегiмен байыса да) сияқты қателiктерге негiзделдi. Социализмдi кеңестiк сипатта қабылдауға болмайды. Әлеумет, қоғам, ел мәселелерiнен ұлттық мүдде туындайды. Ұлтсыздану отбасынан басталатынын Нобуо Кодзима деген жапон жазушысы 1965 жылы "Мива отбасы" деген шығармасы арқылы жеткiзген болатын. Социалистiк замандағы отбасы мен капиталистiк замандағы отбасын салыстыру мүмкiн емес. Ана мен бала денсаулығының төмендеп кетуi, ажырасу, некесiз бала туу, бiр жынысты неке т.б. барлығы жабайы капитализм көрiнiстерi екендiгiн жасыра алмаймыз.
"Әлеумет ердiң баласы", "Сөз сөйлейiк алқалап", "Сөзiмдi тыңда әлеумет" деп жырлаған жыраулар заманында ел мүддесi бәрiнен биiк тұрды емес пе? Адамның қадiрiн бiлген, оның еңбегiн бағалаған социалистiк қоғам мен кiсiнiң еңсесiн езген, еңбек бөлiнiсi әдiлетсiз капиталистiк жүйенiң қайсысы қажет десек, әрине әлеумет мүддесiн көздейтiн жүйе басым түсер едi. "Пролетариат дегенiмiз, кедейлiк емес" деген жапон жазушысының идеясы рухани бай ұлттық қоғам құруға үндейдi.
Басқа мемлекеттерге ұлттық келбетiн барынша сақтаған болып көрiнетiн Жапония қоғамына жазушының көңiлi толмайтын себебi неде? Жапондардың капиталистiк жүйеге берiле қызмет етудiң салдарынан ұлттық қасиеттердi ұмытқандығында. Мысалы, адамгершiлiк парыз, туысқандық мейiрiм, ата-ана алдындағы жауапкершiлiк сезiмдерi жойылып барады.
Рас, қазақ қоғамында дiнiмiзге оралу, тiлiмiздi жаңғырту, салт-дәстүрдi ұстану тұрғысынан көптеген iстер көрiнiс беруде. Бiрақ адам азған ортада, адалдық жоқ жерде жақсы iс өз нәтижесiн бередi деп айту қиын. Социализм кезiнде болмаған туысқанының үйiн тартып алу, аяусыз қанау сияқты озбырлықты қазақ өзгеден емес, өз қандасынан көрiп отырғаны тағы шындық. Қазақты қазақ қанап жатқандығы ақиқат. Жан Жак Руссо "Табиғатқа оралу" идеясында "Экологиялық дағдарыс табиғатты интенсивтi меңгеруден пайда болған. Ендiгi жерде табиғатты экстенсивтi игеру қажет" деген екен. Жерiмiздегi байлықты шетелдiктер рұқсатсыз тартып алған жоқ. Оларға ерiк берiп, төбемiзге шығарып, қарап отырған өзiмiз. "Осал кiнәнi өзгеден iздейдi" дегендей, қандай жағдай болса да себебiн бөтеннен көрудi әдетке айналдырып алдық. "Жерiн жауға таптатпаған бабалардың мықты рухын-ай!" дейсiң осындайда. Бiз көшпендiлер философиясын ұстана алмаспыз. Бiрақ қалай болғанда да ұлттық социум, қазақ қоғамы деп аталатын жүйе қалыптастыру қажет (қазiргi жүйеге қазақ деген сөздi қосу ұят).
Жазушы Накано Коуджи "ақшаға тойымсыз" деп қазiргi қоғамды сынаса да, Үкiметi басқа мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым таза екендiгiн айта кету керек. Жапон бұқаралық ақпарат құралдарын үнемi назарда ұстайтын журналист ретiнде бiр мысал келтiрейiн. Алдыңғы жылы жапон императорының Айко есiмдi немересi мектеп табалдырығын аттады. Бүлдiршiннiң тiлашар тойы туралы жапон газет-журналдарынан оқыдық. Айкоға ағаштан жасалған ойыншықтар мен дәптер-қаламсаптар ғана тарту етiлген. Мәселе сыйлықта емес, император әулетiнiң өте қанағатшыл, қарапайым екендiгiнде. Мемлекет тарихында 125-шi император болып есептелетiн Акихито бар өмiрiн теңiз биологиясын зерттеуге арнаған. Конституция бойынша ресми шараларға Кабинеттiң рұқсатымен ғана қатысатын Акихитоның Нарухито есiмдi ұлы (мұрагер ханзада) - тарихшы. Император әулетiндегi Како мен Маконың мектептегi үлгерiмi туралы қыздардың өздерiнен алынған сұхбат "Шюханбуншюн" журналында биылғы жылдың сәуiр айында жарияланды. Жапон қоғамындағы жариялылық пен әдiлдiк бұл мемлекетте демократия принциптерiнiң Конституцияға сай екендiгiн көрсетедi.
Таза қоғам әлеумет мүддесi жеке мүддеден биiк тұрғанда ғана орнайды. Бұл жарнамамен жасалатын дүние емес. Бiздiң қазiргi қоғамда ортақ iске емес, жеке кiсiге қызмет ету принципi басым. Ең қауiптiсi қиянатшыл озбырдың "дiншiл" болып көрiнуi, плагиаттың "ғылым тетiгiн ұстауы", парақордың "сыбайластықпен күресуi" деген сияқты парадокстер қоғамның құлдырау шегiне жеткендiгiн көрсетедi.
"Социализмдi сағынып жүрмiн" деген мақаланың авторы Ж.Сомжүрек: "Доктор ғалымдарымыз ғылыми ойларын, пiкiрлерiн айтсын" деген ұсыныс тастапты. Менiңше, ұсыныс-пiкiрдi қарапайым оқырмандардан, жай халықтан күту керек. Себебi, бiздегi ғылым жүйесiнiң өзi алақолдардың ұясына айналған. Егер социализм заманында елiмiзде бес-алты академик болса, капиталистiк қоғамда бес қабатты үйдiң әр подъезiне бiр-бiр академиктен келедi. Сәл-пәл әсiрелеп айтқаным ғой. Әйтпесе, "бiзде орнықты ой айтар ғалым жоқ" деген сөз емес. ЖОО-дағы капиталистiк елдерден көшiрiп алынған магистратура мен аспирантурадан басталатын ғылыми жүйедегi iшкi былықты көзбен көрген соң айтып отырмыз. Алаяқтығымен талайды сансоқтырып жүрген бiр әйел "Шәкәрiм Құдайбердиев философиясынан" доктор атанды. Қор болған Шәкәрiм деңiз. Жалаңаш клип түсiрген әншiнiң "Ақын-жыраулар мұрасынан" диссертация қорғағаны тәрiздi мысалдарды көптеп тiзуге болады. Сондайларды қорғатқан ғалымдар әдiлеттi қоғам туралы ой айтпақ па? Ж.Сомжүрек ағамыз "қазақтың табиғатында бұрыннан бар қауымшылдық" деп, социализм тақырыбын кеңiнен қозғаған. Қазақтың табиғатында бұрын болған адалдықты алаяқтық пен пайдакүнемдiк басып тастаған сияқты. Әдiлеттi қоғам құру үшiн ең алдымен адалдықты қалыптастырып, таза жүйе орнату керек.
«Түркістан» газеті