Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Жаңалықтар 2395 0 пікір 4 Маусым, 2009 сағат 09:04

Өркен КЕНЖЕБЕКОВ. Халық санағының нәтижесіне сену енді мүмкін бе?

ХХІ ғасыр. 2009 жыл. Қазақстанның осы кезге дейін күрт континентальды боп келген климаты «қылық шығара» бастады. Тасаттық тартсаң да, аспанға тас атсаң да, тамшысын иімей келген табиғат – биыл кеңпейіл. Жауынын төгеді, желін ұрады. Құдыретті Күннің құтын қашырған бұлты да жылдам аспанды жаба қояды. Құдды субтропикті белдеудің сиқы дерсіз. Керек десеңіз, синоптиктер жауын-желдің еліміздің бүкіл ендігінде жалғасатындығына сеніп отыр. Олар сенсе, құмалақ ашу қасиетінен құралақан қалған мына біздің де сенбеске лажымыз жоқ. Алайда, сиыр жылының «сюрпризі» бұнымен бітсе, тәуба дер едік-ау... Қызық болғанда, елдегі саяси климат суытып барады. Құй сен, құй сенбеңіз. Қаржы полициясының қарқынына қарасаң, жегенін жеп, жемегенін жамбасына басқан жемқорлардың дәурені өтіп бара жатқандай. Қазыналы жерге тіс-тырнағымен жабысқандардың үстінен Дамокл қылышы ойнап тұр. Бірақ... жалаң семсер өз ісіне мығым, өзіндік айтары бар азаматтарды да «абайсыз» шауып жатқандай көрінеді.

ХХІ ғасыр. 2009 жыл. Қазақстанның осы кезге дейін күрт континентальды боп келген климаты «қылық шығара» бастады. Тасаттық тартсаң да, аспанға тас атсаң да, тамшысын иімей келген табиғат – биыл кеңпейіл. Жауынын төгеді, желін ұрады. Құдыретті Күннің құтын қашырған бұлты да жылдам аспанды жаба қояды. Құдды субтропикті белдеудің сиқы дерсіз. Керек десеңіз, синоптиктер жауын-желдің еліміздің бүкіл ендігінде жалғасатындығына сеніп отыр. Олар сенсе, құмалақ ашу қасиетінен құралақан қалған мына біздің де сенбеске лажымыз жоқ. Алайда, сиыр жылының «сюрпризі» бұнымен бітсе, тәуба дер едік-ау... Қызық болғанда, елдегі саяси климат суытып барады. Құй сен, құй сенбеңіз. Қаржы полициясының қарқынына қарасаң, жегенін жеп, жемегенін жамбасына басқан жемқорлардың дәурені өтіп бара жатқандай. Қазыналы жерге тіс-тырнағымен жабысқандардың үстінен Дамокл қылышы ойнап тұр. Бірақ... жалаң семсер өз ісіне мығым, өзіндік айтары бар азаматтарды да «абайсыз» шауып жатқандай көрінеді.
Мәселенки, Серік Тұржанов. Ат төбеліндей бизнесмендердің арзу арманын, арыз-мұңын жоғарыға жеткізуден, саясатын сынаудан жалықпағанның бірі. «Көлеңкедегі үкімет» идеясының авторы, бюрократияның батпағына малтыққан Қазақстанды «Қағазстан» атайық деген жүрегінде түгі бар азаматты ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының вице-президенті ретінде білуші едік. Енді ше... бір сәтте ел-жұрттың көзіне ала қарға болып көрінді де қалды. Қаржы полициясы Серік Тұржановты бюджет қаржысын талапайға салуға қатысы бар деген күдікпен ұстады. Расына келгенде, бұл Қаржы полициясы құрған қылтұзақтың ақырғы тізбесі ғана, ал Тұржановты тұқыртудың толық сызбасы әріден басталады. Қаперлеріңізге қайта сала кеткеніміз абзал, Ұлттық санағымызды өткізуге бюджеттен қисапсыз ақша (1 млрд 144 млн теңге) бөлінгені белгілі. Ал Қаржы полициясындағылар тергеу барысында бұл дүрмекті өткізуге «бар-жоғы» 379 млн теңге жаратылғанын анықтаса керек. Оның ар жағында қалған 764,8 млн «бақырды» статистика агенттігінің басшылары мен жеке кәсіпорындардың жетекшілері өңештерінен өткізіп жіберген. Бұны баяндаған – жұмыс бабына байланысты тележүргізушілерден де жиі көрініп кеткен Қаржы полициясының ресми өкілі Мұрат Жұманбай. Осы себептен де аталған  агенттіктің төраға орынбасары Нұрман Баянов халық қаржысын жымқырған деген, ал енді бір орынбасары Бірлік Меңдібаев оған араласқан деген күдікпен темір торға көгенделді. Жұманбайдың жеткізуіне қарағанда, агенттік төрағасы Анар Мешімбаеваның да бұл іске қаншалықты қатысы барлығы анықталып жатыр. Әнгіменің түйіні – жыр болған Ұлттық санақты жүргізуге қажет құрал-жабдықтарды сатып алу үшін ашық байқау жарияланғанына кеп тіреледі. Бұл байқауға бас-аяғы 14 өтінім түседі. Алайда, Н. Баянов бас болған байқау комиссиясы «Киiк» фирмасынан басқа өтінімдерді негізсіз шығарып тастайды да, байқау өтпеді деп жариялай салады. Бұдан кейін лауазым иелері жымысқы жоспарларын іске асыру үшін жабдықтарды «Киік» фирмасынан сатып алуды ұйғарады. Сөйтсек, аталған фирма жабдықтарды 3 фирма арқылы, 183,3 млн теңгеге Санкт-Петербург қаласындағы «Взлет» баспасынан сатып алған. Қызығы сол, «Взлет» баспасы да статистика агенттігі жариялаған байқауға қатысуға өтінім беріп, өте алмай қалғандардың бірі. «Бюджеттік тапсырысты толтырғанда, статагенттіктегі мүдделі адамдар жалған баға ұсынысының арқасында бір бланктың бағасын 15 теңге деп көрсеткен. Бюджеттік өтінім қабылданған соң, Н. Баянов бір бланктың бағасын 7 теңге деп өзгертіп, ал сатып алулардың алдында әлгі бағаны ол негізсіз қайтадан 17 теңге деп көрсеткен», - дейді М. Жұманбай. Осындай құйтырқы сызбаның арқасында 700 млн теңге құмға сіңген суша жоғалады, оның ішінде 497,8 млн теңге жалған кәсіпорындардың есепшоттары арқылы нақты ақшаға айналып отырған. Айналып келгенде, қаржылық айла-шарғыға қатысы бар деп «Киіктің» директоры Александр Нисановты «көк жағалылар» алып кетсе, Тұржановты осы фирманың құрылтайшысы болғаны үшін қамауға алыпты. Серік Тұржановтың еліміз тәумендіктен арыла бастаған жылдары бизнес әлеміне бой ұрғаны белгілі. Оның алғашқы қадамы да – осы «Киік» фирмасының негізін қалап, ісін жүргізумен басталды. Ендігі жерде сол «қарлығашы» өзіне жамандық шақырушы құзғын боп қайта оралмасы бар ма... Осыдан бірер ай бұрын Серік Әбдіқалиұлынан сұхбат алғанымызда  «соңғы кездері елге белгілі азаматтардың жаппай ұсталып жатқанына үрейленбейсіз бе, осының астарында не жатыр?» деп сауал тастаған болатынбыз. Тұржанов бір сәтке де ойланбастан «Мұның бәрі билік шаңырағына өрмегін тоқыған элиталық кландардың өзара күш сынасуы, ал «кетіп» жатқан адамдар болса – сол соғыстың құрбандары» дегендей ой айтқан. Алдыңғыларын былай қойғанда, сайтан жолынан, саясат ойнынан аулақтау деген Мұхтар Жәкішев, Серік Тұржановтар – билікті басынған олигархиялық топтардың жемтігі болып жатса, біз алаңдар қауіп осы. Өйткені, көлденең көк аттыға ар-ұжданын таптатпай, ұлтарақтай ісін ұлты мақтанатындай деңгейге дейін дүрілдеткен азаматтарға ара түсе алмайтын, жақсы болса да, бұл жайында ауыз жабатын заман туады. Жайсандарын қоғадай жапырғандарға қыңқ демейтін, ит екеш иттің қыңсылын білдіруге қымсынатын үндеместердің эрасы келеді. Мүмкін, келген де шығар. Әгәраки, әлгі аталған азаматтар ақиқатында арам істерге қан-жыны араласардай қатысты болса, алғашқысынан да өткен апат дей беріңіз! Неге десеңіз, саяси климат ұлт, ел мәселесіне бей-жай қарай алмайтын азаматтардың өзін стагнацияға, яки азғындатуға алып келді. Әйтпесе, Жәкішевтен өткен жан-жақты пысықай, Тұржановтан өткен ақиқатты ақырып, шыңдықты шырқыратып жеткізген азамат бар ма еді... жоқтың қасы, жоқ. Бұларды «жоқ қылса» да, өздерін жоғалтса да – қоғамның апатияға ұшырағандығының айғағы. Бұқара бұндайда не істеуі керек? Олардың ақиқ жолмен жүріп, адалдың ісін жасағанына көзі жеткендері қолдау керек, керек болса алаңға атой салып шығудан арланбауы тиіс. Кері жағдайда, олардың артынан тас атып, жандары тозақтан болсын деп лағынет айтсын. Бірақ, қайткен күнде де саяси атмосферадағы өзгерістерге «билік білгенін істейді» деген сартап психологиямен, ең сорақысы - немқұрайдылықпен қарауға болмас. Неге десеңіз, Томас Манн «Трагедияның барлығы кішкене ғана немқұрайдылықтан басталады» демеп пе еді...
Бұл біздің жаппай қамауға алынып жатқан ірілі-ұсақты лауазым иелеріне, еліміздің азамттарына қатысты білдірген оймызға есеп болсын делік. Анығы мен қанығын құзырлы орындар шешуге тиісті істен қорытып айтарымыз: санаққа бөлінген қаржат қолды болған екен, ендеше санақтың жүргізілуі де мұқият тексерілуі керек. Неге десеңіз, тиесілі қаражат орта жолдан қолды болғандықтан санақ соңына дейін толық атқарылған жоқ деп білеміз. Сондықтан қазақ өз елінде 67 пайыз болды деген бүгінгі нәтижеге сену қиын. Ақшаны қымқыруды ғана ойлағандардың алыс ауылдарды арлап жан саны туралы толық мәлімет жинауы мүмкін емес. Ал, қазақтың қарасы 67 пайыздан артық болуы әбден ықтимал. Біз назарда ұстайтын негізгі мәселе енді – осы.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3353
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6235