ҚазҰУ-дағы тіл түйткілі қашан шешіледі?
«Ана тілі» ұлт газетінде қызмет етіп жүргенімізде редакцияға бір таныс студент хат алып келді. Болашақ журналистің мақаласына ҚазҰУ-дағы тіл проблемасы арқау болыпты. Аты-жөні аталмаған. Неге екені өз-өзінен түсінікті, әрине. Бұл мәселе турасында сырттай хабарымыз болғандықтан, хаттағы деректерді пайдалана отырып, оны қайта жазып шыққандай күй кешкеніміз де рас. Не керек, мақалаға бүркеншік есім беріп, арнаулы оқырман нөміріне ұсындық. Бүркеншік есімді бізге дейін кім пайдаланбаған? Журналистика тарихына үңілер болсақ, сонау Алаш зиялыларының өзі «Қыр баласы», «Сұңқар», «Желкек», «Мадияр» және тағы басқадай өз-өздеріне ат қойып, «жасырынбақ ойнаған» еді ғой. Қысқасы, «Журналистика факультеті орыстанып бара ма?» деген мақала жарияланды. Артынша редакция ішінде шу шықты. Газеттің бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат мырза кабинетіне шақырып, түсініктеме жаздырды. Онда «Мақалада аталған жайттар айдай ақиқат, оған күмән келтірушілер болса, мәселеге қайта оралып өз атымнан зерттеу материал дайындауға әзірмін» деген жолдарды қағазға түсірген болатынбыз. Әлі де «жазылған жайдың жалғасын» жазуға үмітті үзе қоймаған едік. Сол аралықта пақырыңыздың үкімі сырттай шығарылып, газеттің «ләппайшыл» тілшісі Нұрперзент Домбай арқылы журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраевадан «сұхбат алынып», айналасы бір аптаның ішінде ұлт араздығын қоздырушы ретінде «жер аударылдық» та кеттік.
«Ана тілі» ұлт газетінде қызмет етіп жүргенімізде редакцияға бір таныс студент хат алып келді. Болашақ журналистің мақаласына ҚазҰУ-дағы тіл проблемасы арқау болыпты. Аты-жөні аталмаған. Неге екені өз-өзінен түсінікті, әрине. Бұл мәселе турасында сырттай хабарымыз болғандықтан, хаттағы деректерді пайдалана отырып, оны қайта жазып шыққандай күй кешкеніміз де рас. Не керек, мақалаға бүркеншік есім беріп, арнаулы оқырман нөміріне ұсындық. Бүркеншік есімді бізге дейін кім пайдаланбаған? Журналистика тарихына үңілер болсақ, сонау Алаш зиялыларының өзі «Қыр баласы», «Сұңқар», «Желкек», «Мадияр» және тағы басқадай өз-өздеріне ат қойып, «жасырынбақ ойнаған» еді ғой. Қысқасы, «Журналистика факультеті орыстанып бара ма?» деген мақала жарияланды. Артынша редакция ішінде шу шықты. Газеттің бас редакторы Мақсат Тәж-Мұрат мырза кабинетіне шақырып, түсініктеме жаздырды. Онда «Мақалада аталған жайттар айдай ақиқат, оған күмән келтірушілер болса, мәселеге қайта оралып өз атымнан зерттеу материал дайындауға әзірмін» деген жолдарды қағазға түсірген болатынбыз. Әлі де «жазылған жайдың жалғасын» жазуға үмітті үзе қоймаған едік. Сол аралықта пақырыңыздың үкімі сырттай шығарылып, газеттің «ләппайшыл» тілшісі Нұрперзент Домбай арқылы журналистика факультетінің деканы Ғалия Ибраевадан «сұхбат алынып», айналасы бір аптаның ішінде ұлт араздығын қоздырушы ретінде «жер аударылдық» та кеттік. Бірақ, бұрынғы қуғын-сүргін құрбандары секілді итжеккенге емес, «Ана тілінің» іргесіндегі «Экономика» газетіне қарай... Ендігі жерде өз қызметкерін қорғау былай тұрсын, қайта қосыла «талаған» басшының қол астында жұмыс істеудің ешқандай мәні қалмаған еді. Ол мақаланың маңдайшасына тіл бөлімінің редакорынан бастап, бас редакторға дейін оқып шығып, қол қойғандығын өздері де ұмытып кетсе керек. Әйтпесе, әуелден-ақ «Ана тілі» деп аталатын газеттің атына кір келтірмеуді ойлаған болар еді ғой...
«Ана тілінің» келесі санында (№9) «Өзім қазақ болған соң ана тілімді ардақтаймын» деген тақырыпта жағасы жайлау, жымиып отырған деканның суреті шапталған сұхбат басылды. Ол сұхбатының алғашқы азат жолында-ақ «Шындығында, факультеттің ұстаздар құрамы, ұстаздар контингенті мақалада айтылғандай орыстанып бара жатқан жоқ. Студенттердің 70 пайызы қазақ ұлтынан. Орыс бөлімінде оқитын студенттердің жартысынан көбі – қазақ» деп бастайды. Оу, айналайын-ау, егер қазақ басым болса, онда неліктен факультеттің алты кафедрасының төртеуін орыс тілді мұғалімдер басқарады? Неліктен жиындардың басым бөлігі орыс тілінде өтеді? Мұндай сауал қоюға сұхбат алушының батылы жетпеді ме екен, әйтеуір, бұдан әрі Нұрперзент ағамыз Ғалия ханымның оң жамбасына келетін «Сіз факультетті қай уақыттан бері басқарып келесіз? Сіз келгенге дейін жағдай қандай еді, қазір қандай? Оң жаңалықтар енгізе алдыңыз ба?» деп жортақтай жөнеледі. Нағыз іздегенге сұраған, «оригинальный» сауал! Әрмен қарай, деканның ықыласпен құйқылжыта сөйлегені сонша оны құдды ҚазҰУ-дағы «ғасыр реформаторы» дерсіз...
«Мақалада кейбір фамилиялар қате көрсетілген. Демек, ол әдейі бұрмалап көрсетіп отыр не ақ-қарасын білуге кәсіби өресі жетпей отыр. Сонысымен өзін ғана емес, өз ортасын, журналистер қауымын ұятқа қалдырды. Бұл тасадан тас атқанмен немесе өзі су ішкен құдыққа түкіргенмен бірдей» деген жолдарға аз-кем тоқтала кетелік. Мойындау керек, журналистика факультетінің қос кафедрасының тізгіні қолына тиген ұлты орыс екі мұғалімнің ата-тегінде өз орнын таппаған бір-екі әріп бар. Бірақ, орыс баспасөзі қазақтың аты-жөнін өз орфографиялық-орфоэпиялық заңдылықтарына бағындырып жаза береді. «Жамбылды» «Джамбул» деп, «Әубәкірді» «Аубакир» деп білгендерінше бұрмалайды. Бізге тіпті бәрі солай болуы керек секілді үнсіз іштен тынамыз. Құрып қалғыр, солардың компьютерінде қазақша қәріп жоқ дегенге кім сенеді? Намыс қайда? Ендеше, неге бізге де «Әлексәдір», «Мәриям» деп жазбасқа? Ол тұрмақ Ғалия ханыммен тілдесушілердің «Галия Джунусовна» деп тіл қатысқанын естіген құлақта жазық жоқ.
Қазір қит етсе, бауырластықты «жалаулатып» қазақ мүддесі үшін күрескендердің басына ұлт араздығын қоздырушы атағын беру дәстүрге айналды. Өз ұлтын қорғай алмаған, ал қорғағысы келгендердің өзін абақтыға қамаған қоғамның бейопалығы қанжардай батады. «Аталмыш материал сондай заң бұзушылықтың бірінен саналады. Біріншіден, мұны ұлтаралық араздықты тудыру, екіншіден, университет ұжымының атына және менің жеке басыма жабылған жала деп қабылдауға толық негіз бар. Оның үстіне мақалада есімдері көрсетілген адамдар газетті сотқа беріп, шексіз моральдық өтемақы талап етіп, толық жеңіп шыға алады» деп үрей туғыздады. Егер біздің мақаламызды оқып шыққан жан болса, оның ешқандай ұлтараздықты қоздыруды мақсат тұтпағанын, керісінше тіл проблемасына қатысты келеңсіздіктің шешілуін қалаған жанашырлық пиғылмен жазылғандығын бірден аңғарар еді. Араға екі ай салып барып жазылып отырған бұл мақалада ешқандай өш алу немесе кек қуу секілді мақсат көздемейді. «Журналистика факультеті орыстанып бара ма?» деген мақала жарыққа шыққаннан кейін мемлекеттік тілге қатысты әлдебір оң өзгеріс болар деп талмай күттік. Амал не, «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. ҚазҰУ-ға барған сайын қазақ тілі деп қабырғасы қайысқан жастардың жанарындағы мұңды көргенде, өзекке тебілген олардың көкірегіндегі шерді сезгенде қолымызға қайта қалам алмасқа лажымыз қалмады. Иә, солай, ар-ұят мәжбүр етті. Жиналыс барысында студенттерге Ұлы Кісі «мені «Ғалия апай» демеңдер, «Галия Джунисовна» деп атаңдар» деп ұрысқандығын, «Сәлеметсіз бе?» деп амандасқандарға «Здрасте» деп тіл қататындығын естігенде еріксіз жаға ұстадық. Ал студенттер қауымы оның жоғарыда аталған сұхбат барысында «мен ана тілімнің уызын анамның сүтімен ішіп өскенмен» деген сөзін осы күнге шейін бір-біріне әжуалап айтатын болыпты. Өтіріктің өзін аз да болса қисынмен айту керек шығар...
Мәселенің мәнісін көзбен көріп, көңілге түю үшін журналистика факультетінің деканатына арнайы ат басын бұрдық. Ғалия ханым басы ауырып тұрғандығын сылтау етіп сұхбат беруден бас тартты. Әйткенмен, «сұрақтарыңды тастап кет, оқып шығып, жауабын кейінірек жазып қоярмын» дейді.
– Маған сіздің біреуге жаздырғаныңыз қажет емес. Қойған сауалдарыма өз құлағыммен жауап алғым келеді...
– Кім айтты саған мені біреуге жаздырады деп...?
– «Ана тіліне» берген сұхбатыңызда «Әрине, заман ағымына қарай өзге тілдерді көбірек оқығандықтан, әрі кәсібіме және атқаратын қызметіме байланысты араласатын адамдарымның көбі өзге ұлт өкілдері болғандықтан қазақ тілінде жазып-сызуым керемет деп айта алмаймын. Ал ауыз екі тілде кез келген қазақпен ана тілімде еркін сөйлсе аламын» деген екенсіз. Бірақ, дәл қазір сіздің қаншалықты ауыз екі тілді еркін игергеніңіз көрініп тұр (екі сөздің басын әрең құрап, қиналып сөйлеп отырғанын мегзедік).
– Қай газеттен келдің?
– «Жас қазақ»...
– Оның бас редакторы кім?
«Қазақтың белді басылымының бірінде қандай редактор отырғанын білмейтін адам қалайша журналистер әзірлейтін факультетті басқарып отыр?» деген ой есіктен шығып бара жатқан бізді біразға дейін мазалаумен болды. Амал нешік, өрмелей білгендер өркештен Күн шапағын алғашқы болып көре бермек (жыл басына таласқан аңдар туралы ертегіні есіңізге алыңыз).
Студенттер университетте қазақ тілінің проблемасы ушығып тұрғандығын ағынан жарылып «Азаттық» радиосына сұхбат бергенде өзіміз жақсы көрген бір оқытушы да жұрттан қалыс қалмапты. Бірақ, ол кісі ұлт мүддесінен гөрі кафедра меңгерушілігін артық көргендей ме, қалай? Әйтеуір, өз басшылығының жыртысын жыртып «Азаттыққа» пікір білдіріпті. Ұстаздар мен студенттер жеп отырған нанынан, оқуынан айрылып қалудан қауіптеніп, пікірлерін ашық айтпайды. Ал әлгі ағамыз бұлайша жағымпазданбай-ақ ең құрығанда кейбіреулер секілді үнсіз қалуына да болатын еді ғой.
ҚазҰУ-дың кіреберісінде талапкерлерге университет факультеттері туралы мағлұматтық тақтайшалар тізіліп тұр. Ойда-жоқта Шығыстану факультетіне қатысты мәтінге көзіміз түсіп кетті. «Шығыстану факультеті – орталық қазақстандықтың білікті жоғары педагогикалық кадрлары жұмыс істейді, қызықты және шығармашылық оқулық – тәрбиелік үдеріс жүзеге асады, ғылыми зерттеулер өткізіледі, қанған студенттік өмір қайнайды. Қазақстанда шығыс елдерінің факультеті елшілік жүргізеді, сонымен қатар Қытайдың ең ірі университеттерінде, оңтүстік Корейлерде, Түркияда, Иранда, Индияда, Жапонияда, Мысырда, Сирияда және басқа да елдерде оқытушылармен студенттер ғылыми жұмыстармен шет ел тілдерін өтеді» деген жолдарды оқыған көз ұялғандай. Сөйлем құрылымындағы стилистикалық қатені айтпағанда, лексикалық, яғни мағыналық олқылықтардың өзі бадырайып тұр. Қайдағы «қанған студенттік өмір қайнайды»? «Факультетімізде қызығы мен шыжығы мол студенттік өмір күтіп тұр» десе болмай ма?
Егер алда-жалда жолыңыз түсіп ҚазҰУ-дың филология факультетіне бас сұға қалсаңыз, ә дегеннен «Русский язык в современном мире» деп дабырайтып жазылған жазуға ұшырасасыз. Неге қазақ тілі туралы бірауыз сөз жоқ деп ойлауыңыз бек мүмкін. Бар. Бірақ, оны сонау түкпірдегі әжетханаға жақын маңайдан тауып аласыз. Оның өзі рухты көтеретін жалынды сөз емес, әбден жауыр болған «Мемлекеттік тіл мерейі» деген тіркес қана. Қазақ тілі туралы Алаш зиялыларының айтқан бір ауыз сөзі филология факультетінің ұзыннан-ұзақ созылған дәлізіне тарлық еткені ме?
Мәселеге барынша дәйектілікпен келу үшін ҚазҰУ-дағы студенттер арасында сауалнама жүргізіп қайттық. Солардың 14 пайызы орыс тілінің үстемдігі аздап байқалады деп есептесе, 22 пайызы ондай проблема жоқ деп есептейді. Студент жастардың 64 пайызы соңғы кезде ҚазҰУ-да мемлекеттік тіл мансұқталады, тіпті бұл күннен күнге өршіп барады деген көзқарасын жеткізді. Сауалнама соңында студенттердің жазған сын-ескертпе, ұсыныстарының ішіндегі бірнешеуін жариялай кеткенді жөн көрдік:
– ҚазҰУ-да іс-қағаздар тек ресми тілде жүреді. Былтыр тәжірибелік келісім-шартты қазақша ала алмай біраз әбігерге түскеніміз бар. Ұсынысым – оқу орындағы іс-қағаздар қазақ тілінде жазылса;
– дағдарыс кезінде ақылы оқитын студенттерге жеңілдіктер жасалса. Осы жағы бізде жетіспейді. Жақсы оқитын студенттердің тегін білім алуына жол ашылса;
– жастар теориямен ғана шектелмей, практикаға көбірек тартылса. Шығармашылық орта қалыптасуына мүмкіндік берілсе;
– журналистика факультетінде БАҚ саласы бойынша ешқандай білімі жоқ Тілепбергенова Айман деген мұғалім телерепортаж сабағынан дәріс берді. Ол кісі бір ауыз қазақша білмесе де, қазақ тобына сабақ оқыды. Сөйте тұра, төрт студентті емтиханға жібермей қойды.
– болашақ БАҚ өкілдері салалық журналистика бойынша оқытылатын болса;
– Студенттер сарайындағы Алматы қаласының әкімі А. Есімовпен кездесу орыс тілінде өтті. Конференция, жиын, жиналыс, сайыс т.б. шаралардың бәрі қазақ тілінде өткенін қалаймыз;
– қазақтың ұлттық идеологиясын насихаттап жүрген ақын-жазушылармен жиі кездесулер ұйымдастырылса (қазақ тілін дамытуға бағытталған мәдени шаралар жиі өткізілсе;);
– бүгінгідей дағдарыс уақытында қаражаттан қысылған жастардың қосымша жұмыс істеуіне кедергі келтірілмесе;
– журналистика факультетінің деканы Ғ. Жүнісовна ең құрағанда дәлізде жүргенде қазақша сөйлесе екен;
– талапшыл оқытушылардың саны артса;
– оқу орнындағы әскери кафедра негізінен орыс тілділерден құралған. Әскери кафедра қазақылыққа қарай мойын бұрса дейміз.
Арман ӘУБӘКІР, «Абай-информ»
Сіз не дейсіз?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын:
– «Нұр Отаннан» Б. Жұмағұлов келгелі ҚазҰУ орыстілділеніп барады дегенді естігеніме де жылдан асты. Егер біреу маған Ғалия Ибраева журналистика факультетін түгелдей орыстілді факультетке айналдырады десе де таңданбаймын. Оған қашаннан орыс тілі, орыс салт-дәстүрі жақын. Бірақ, қазақ тағдырына, қазақ тіліне жаны ауырған жап-жас жігітті ұлт араздығын қоздырушы дегенге дейін апарады деп ойламаған едім. Бұл әлде надандық, әлде қара басы үшін қандай зұлымдыққа да барады дегенге себеп бола алатын сөз сияқты. Сұмдық қой... 1937 жыл болса, мұндайлардан бәрін де күтуге бола ма деп қалдым.