Жұма, 22 Қараша 2024
Өзіңе сен 6441 4 пікір 28 Тамыз, 2017 сағат 13:42

Абзал Құспан мен Мартин Лютер Кинг

 

Енді бірер күннен соң қазақ елі төл Конституциясы дүниеге келген күнді атап өтеді. Осы ретте біз құқықорғашуылар мен заңгерлердің қызметі турасында жалқы ой айтпақпыз.

Кеңес Одағының тұсында өзін әркез кем санап, кемдікке бой алдырып қалған қазақ өз жақсысын өзгемен теңеп, өзгеге теліп сөйлеуші еді ғой. Мысалы, Сәбит Мұқанов – «қазақтың Балзагы», Бейімбет – «қазақтың Чеховы» аталатын, т.б. Бұл мінез қазақта әлі де бар, әлі сол әдетінен біздің елдің зиялы деп аталатын қауымы арыла алмай жүр. Біз де «игі-жақсыларымыздың» салтымен Абзал бауырымызды «қазақтың Мартин Лютері» деп жіберсек болар еді, одан, сірә, Абзалдың беделі тайып, кәсіби білігі мен азаматтық келбетіне көлеңке түсіп қалмайды. Әйткенмен де, Абзал – қазақтың Абзалы. Кешегі алашордашыл ағалардың жолындағы жалынды жігіт, замандасымыз. Өз басым Абзалды ұстыны да, ұстанған бағыты да қазақтың құқықтық білімін арттырып, қазақты құқықтық тұрғыдан сауатты ел етудің қамын ойлап күрескен, бар білігі мен білімін сол ағарту бағытына жұмсаған Барлыбек Сырттановтар мен Жақып Ақбайлардың жалғасы деп білемін. Әрине, Мартин Л. Кинг те қазақ баласына, оның ішінде тас лақтырсаң тарс етіп басына тиетін көп заңгерлер мен құқыққорғаушыларымызға үлгі бола алатын өрелі тұлға.

Мартин Лютер Кинг (суретте) АҚШ-тағы нәсілдік теңсіздікпен күресті. Құрама штаттардың заңын терең білген Мартин діни білімін, азаматтық қажыр қайратын қара құрлықтан күң мен құл есебінде келген өз нәсілінің еркін өмір сүруіне арнады. Аталарымыз зәңгі атаған нәсілді АҚШ-та «афроамерикандық» жағдайына жеткізіп, оларды сайлау науқандарына қатысып дауыс беретін, көзқарасы мен пікірін баспасөзде тартынбай жеткізетін қауымға айналдырып кетті. Ер ме? Ер. Батыр ма? Батыр. Батырлық пен ерлік дегеніміз – біреудің басын жарып, көзін шығару емес. Сондықтан біз Кингті «білімімен мыңды жыққан» қаһарманға теңей сөйлесек, бұнымыз айдаладағы біреуді асыра  дәріптегенге жатпайды. Алайда біз өзімізге оралайық.

Қазақстанда осы күні не көп, құқықтық білім беретін жоғары оқу орындары көп. Мақсұт Нәрікбаев іргесін қалап кеткен  Қазақ гуманитарлық-заң университеті; "Қазақ гуманитарлық-заң университеті" Алматы заң академиясы; қала берді барлық ЖОО-лардың ішінде заң факультеттері бар. Жылына мыңдаған студент қалтасына заңгер-маман дейтін қатырма қағазды салып шығып жатыр. Жә, талапкер жастардың бәрін ілікке алғысыз етпелік, олардың арасында өз мамандығына адал, кәсіби деңгейі жоғары қыз-жігіттер аз емес, алайда, өкінішке қарай, соның бірі көрінгеннен қағажу көріп, таяқ жеп жататын қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін қорғап, жарытып жарты ауыз сөз айтқанын естімеппіз. Банктерге барады, банктердегі сорақылықтарға тек тіл жанашырлары ғана қынжылып, мәселе көтеріп қайтады. Салық орындары мен өзге де қызмет көрсету орындарына жолы түседі – ондағы жайттар да тек тіл жанашырларын толғандырады. Тіл жанашырлары ғана баспасөзде тілдің жайын айтып толғанады. Содан соң сот алдында жауап береді. Ал, Қазақстанның соты заңға қарамайды, биліктің ұлтаралық ахуалға қатысты уақытша ұстанып отырған саясатына қарайды. Мысалға, Павлодардағы Руза Бейсенбайтегінің бастан өткерген халін еске түсірейікші. Руза апайымыз азық-түлік сататын кәдімгі дүкенге бас сұғады. Керек заттарын алып, сатушымен есеп айырысарда мемлекеттік мәртебесі Қазақстанның Конституциясында әйгіленген қазақ тілінде сөйлейді. Ойында оқыс ештеңе жоқ. Бірақ, тап сол кезде сатушы қыз (әлде маржа) бұлқан-талқан болып шыға келсін. Бұлқан-талқан болып шыға келсін де айқайға бассын. Ызадан жарылардай жер тепкілеп, аузына келгенін құссын. Рузаны, Рузаның тілін, ел-жұртын тегіс қорлап сөйлесін. Онысымен қоймайды, полиция қызметкерлерін шақырады. Полиция өз тілінде бірер ауыз тіл қатқан жазықсыз жанды – Руза Бейсенбайтегін сүйреп алады да жөнеледі. Апарып қамайды, қоқытып-үркітеді. Ұлтаралық дау туғызатын әрекет жасадың деп айыптайды. Ау, ол бар-жоғы бейкүнә қазақ тілінде сөйлеп, өзінің тұтынушылық құқығын пайдаланды емес пе? Жоқ, Павлодардың құқыққорғау органдары ондай құқықты мойындамайды. Олар қайткенде қазақтың үнін шығармауы керек. Бітті, әңгіме. Рузаның сондағы халіне Abai.kz бастаған сайттар уақытында араласты, ал заңгерлер қауымынан тек Абзал Құспан ғана білек түріп шықты. Тіпті, соноу Орал қаласынан Павлодарға ұшып барып, тіл үшін шырылдаған әпкесінің құқығын қорғап қалды. Термелеп тізіп отырсақ, соңғы 7-8 жылдың жүзінде жалғыз Абзал Құспанның құқықтық мәселеде тарқатқан түйіні атан түйеге жүк болатындай екен. Ол – Жаңаөзен оқиғасында айыпталушы тарапты қорғап бақты. Ол – Жаңаөзен оқиғасының құқтық, заңдық сипаты мен мазмұнын ашып, көлемді мақалалар жазды. Ол – Жарылқап Қалыбайдың «Аңыз адамы» өртеліп, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған кезде де билік пен заң орындарының қатесін көздеріне шұқып берді. Ол – 50 мың доллар ақшасын қазақстандық кеденшілерге алдырып, қиналған жесір ананың жанынан табылды. Ол – Оғыз Доған бауырымыздың «Эйр Астанамен» шайқасында да сауатты пікір білдіріп, бәріміздің көзімізді ашты. Қазақтың өз қақын өзі даулай алмай дал ұрғанына қарап президент Назарбаевтың: «Заңды қолдарыңа беріп отырмыз ғой, соны пайдаланбайсыңдар ма?» - дейтіні осындайда еске түседі. Рас, бізде қазақтың тілін, ділін қорғайтын заңдар бар, бірақ соны мүмкіндігімізге жарату жағынан келгенде сауатымыз бен ерік-жігеріміз жетпей қалады. Абазалдың сөзіне сүйенсек, «... қазақ тілінің мәселесі биліктің емес, сол тілдің тұтынушысы ретінде Сіз бен Біздің ғана қолымызда. Билік өз тарапынан заңдар шығарды, сол заңдарды жұмыс жасататын кім? Әрине біз! Егер біз, өз құқығымызды талап етуден қорықсақ, бір бет арыз жазуға ерінсек, мемлекеттік органдар қайтіп іске араласпақ? Сіздің құқығыңыздың бұзылып жатқанын олар пал ашып білмек пе?

Ұзын сөздің қысқасы, әуеде жүрсеңіз де, жерде жүрсеңіз де өз ана тіліңізде, мемлекеттік тілде қызмет көрсетілуін талап етіңіз, егер ол талабыңыз орындалмаса, тиісті мемлекеттік органға немесе сотқа арыз, талап қоюды жаппай қолға алайық. БАҚ-ты шулатқаннан гөрі, бұл әлдеқайда тиімді де пайдалы іс. Ана тіліміздің абыройын асқақтатуға сөзбен емес, іспен үлес қосайық!» (Абзал Құспан. «Эйр Астана» әуе компаниясындағы тіл дауы. Не істеу керек?).

Абзалдың осы байламы бәріміз үшін ортақ байлам болуы керек. Расында: «... қазақ тілінің мәселесі биліктің емес, сол тілдің тұтынушысы ретінде Сіз бен Біздің ғана қолымызда». Бұның сыртында мен Абзал Құспан сияқты заңгерлер, құқыққорғаушылар, адвокаттар көп болса ғой деп ойлаймын. Олар және заң алдына істі болып немесе қандай да бір болмысыз шаруаның дауымын шатылып барған азаматтарды ғана емес, елдік, ұлттық, мемлекеттік мұраттар жолында жүрген қауымның қасынан табылып, дем берсе, қандай болар еді!?. Құқықтық мемлекет құрып жатқанымыз рас па? Ендеше, Қазақстанда заңгерлердің мықты одағы жұмыс істеуі керек. Ата Заңымызды атап өтетін мәртебелі күннің қарсаңында оқырман қауымға осындай бір ой салуды жөн көрдік.

Дәурен Қуат

Abai.kz    

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320