Үнді үлгісі мен жапон жасампаздығы
Астанаға іссапар барысында Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне бардым. Аптаның ортасы, жұмыс күні болғанына қарамастан, кісі қарасы әжептәуір екен. Әсіресе Қазақстан ұлттық павильонының алдында адам көп, тіпті ұзын-шұбақ кезек көрінеді. Келушілердің молдығына қарамастан кезек реті тез жылжып, жұрт бес-он минуттан ұзамай ішке кіріп жатыр.
Біз барған күні көрме аумағындағы «Ұлттық күн» сахнасында Үнді елінің ұлттық мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шаралар өтіп жатты. Үндістан Респубикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Харш Кумар Джайн мырзаның ресми баяндамасынан кейін ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов құттықтау сөз сөйледі. Сосын Үндістанның Гуджарат штатынан арнайы келген «Ранг Бахар» би тобы өнер көрсетті. Іс-шараның жалғасы «ЭКСПО-2017» көрмесінің Үндістан павильонында жалғасты.
Үндістан – қазір технология саласына инвестиция тарту бағытындағы ең тартымды үш елдің бірі. Елдің бүгінгі басшылығы ғылым мен техникаға айрықша мән береді, оның экономикалық өсімге алып барар басты бағыт екенін жақсы түсінеді. Ғылыми зерттеулер жөнінен дүниедегі ең алдыңғы қатарлы елдердің қатарына қосылған Үндістан ғарышты игеру саласында да жаһанның жетекші бес мемлекетінің бірі болып отыр. Бұл елде ғарыш бағдарламалары бойынша зерттеу тұрақты өткізіліп тұрады.
Қазір Үнді елінде 27 жер серігі жұмыс істейді, оның 11-і ел аумағында байланыс желісінің қызметін жеңілдетеді. Мұның өзі елдің ғарыш технологиялары саласында ілгерілей түсуін қамтамасыз етіп отыр. Бір мезетте 104 жер серігін ұшырған әлемдегі бірінші мемлекет ретінде тарихта қалған Үндістан болашақта осы саладағы жетекші елдердің біріне айналмақ.
Ел үкіметінің энергетика саясаты халықаралық күн альянсының талаптарын басшылыққа алады. Мұны «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіндегі Үнді павильонының мазмұнына қарап-ақ аңғаруға болады. Үндістан билігі қазір ауыл тұрғындары мен шалғай аймақтардағы халықтың тұрмысын жақсарту мәселелеріне бас қатыруда. Бұл үшін жаппай биомасса мен күннен қуат жинағыш панельдерді пайдаланатын инновациялық технологиялар ендіріліп жатыр. Оның ішінде теңіз суын тұщыландыру құрылғысы, микросәуле күмбезі және жарық энергиясын шоғырландырғыш секілді технология жетістіктері бар.
Үндістанның оңтүстігінде орналасқан Кочин қаласының (Керала штаты) халықаралық әуежайы – елдің осы бағыттағы елеулі жетістіктерінің бірі. Бұл – жүз пайыз тек Күн қуатын ғана пайдаланып, жұмыс істейтін дүниежүзіндегі тұңғыш әуежай. Сағатына 15,5 мегаватт қуат жинайтын күн батареялары шамамен 10-11 гектар аумаққа созылып жатыр.
«ЭКСПО-2017» көрмесінің басты тақырыбы – Күн энергиясы болса, жылдың 365 күнінде Күн шұғыласына шомылған Үнді елі одан қуат көзін алуды алдын ала жоспарлап, игілігін көріп те жүр. Ендігі міндет – баламалы қуат көздері идеясын технологиялы, санды, интеллектуалды Үндістан сипатында жүзеге асыру. Бұған «Үндістанның ақылды қалалары» санатына кірген жүз шаһардың үлгісі арқылы жетуге болады.
Үнді павильонына кірген адам елдің технологиялық жетістіктері мен Күн қуатына негізделген экономикалық идеяларына тәнті болады. Сірә, мейман қай елдің павильонын тамашалағанын ұмытпасын десе керек, шыға беріс тұста Үнді елінің басты ерекшеліктері – көз жауын алатын қолөнер туындылары, ұлттық музыка мен би үлгілері, әлемді жаулаған Болливуд жұлдыздарының бейнесі қамтылыпты.
Бұдан соң біз іргелес орналасқан Жапон павильонына да кірдік. Қазақша да, орысша да қатар сөйлей білетін жапон қыздары әр бөлімге кірер кезде ондағы көрсетілер тақырыптарды тәптіштеп түсіндіреді. Бізді ерекше тәнті еткені – «Түрегеп тұрып көретін театр» бөліміндегі бейнефильм. ХХІ ғасырдағы ғылыми жаңалықтардың, технологиялық жетістіктердің өзін жапондар ұлттық үлгіге, төлтума мәдениетке бір малып алып жасайтын секілді. Көрменің басты тақырыбы – Күн энергиясын пайдалану туралы көріністі бұлар сол баяғы самурай дәстүрінен бастайды. Жапон жауынгері көктен лаулай жанып түскен алып отты қылышымен қақ бөліп, майдалап турап, қажеттілігіне орай жаратып жатқанын көргенде, Күншығыс елінің халқы Күн құдіретіне сонау есте жоқ ескі замандардан бері ерекше көзқараспен қарайтынын ұғынасыз. Сол самурайлардың ұрпағы – бүгінгі жапон жұрты да әлемге ортақ Алып От – Күннің энергиясына елден бұрын назар аударған.
Мұнайы жоқ Жапонияның экономикасы қашанда «қара алтынның» әлемдік нарқына тәуелді болып келді. Баға арзандап, тұрақтанып, байсалды қалыпқа енсе, елдің әл-ауқаты да жақсара түседі, ал мұнай құны аспанға ұшса, өткен ғасырдың 70-жылдарындағыдай, жапон экономикасы да дағдарысқа ұшырайтын. Мұндай тәуелділіктің арты жақсылыққа апармайтынын ұққан ел басшылығы баламалы қуат көздерін іздеуді әлемде алғашқылардың бірі болып бастап кеткен. Су энергиясы, Жел энергиясы және Күн энергиясын зерттеу, оны пайдалану мәселелері «ЭКСПО-2017» көрмесіндегі Жапон павильонында да басты назарға алынған.
* * *
Үнді павильонында да, Жапон бөлімдерінде де бізге ерекше әсер еткені – қазақ тілінде көрсетілген қызметтің сапасы. Жап-жас қазақ қыздары орысша мен ағылшыншаға емес, қазақшаға да (иә-иә, бұ күнде осыған да қуанатын болдық қой) ағып тұр. Келуші қай тілде сұрақ қойса, сол тілде заулатып жауап беріп, көңіліңді көншітіп тастайды. Көрсетілген бейнефильмдер де тек қана қазақша дыбысталған, экранның оң жақ бұрышында ғана мәтіннің орысша және ағылшынша аудармасы шығып тұрды. Бұл көріністердегі қазақша мәтіннің сапасы да, оқылуы да жоғары деңгейде екен. Ұшақтардағы стюардессалардың қазақша екенін ешкім ұқпайтын «қазақшасы» сияқты емес, жазылуы да, айтылуы да сауатты. Жауапкершілігі жоғары мамандардың жасағаны көрініп тұр. Демек, ниет дұрыс болса, бәрі де қолдан келеді.
Сәкен СЫБАНБАЙ
Abai.kz