Кез-келген адамның туған жері – оның кіші Отаны
Мұхит ӘЗІРБАЕВ,
GLOBAL компаниясының бақылау кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты:
«Алматыда туып, ауылды аңсайтын баланың бірімін»
– Мұхит Бақытжанұлы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруда белсенділікпен іске кіріскен азаматтардың бірісіз. Өзіңіз осы бағдарламаны қолға алғанда ең алдымен, қандай сезімде болдыңыз? Қандай ой болды?
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлтымыздың рухани дүниесіне серпіліс жасап берді. Мәселелердің бәрін саралай келе, елге, жерге, қала мен ауылға тағзым етудің бір үлгісі ретінде «Туған жер» бағдарламасын ұсынған еді. Қалалық әкімшілікте шаһар басшысы Бауыржан Байбектің төрағалық етуімен үлкен отырыс өткен еді. Оны осы бағдарламаның тұсаукесері десек те болады. Сол жолы алдағы атқарылатын жұмыстардың бағыттары туралы кеңінен айтылған еді.
Негізгі төрт бағыт – білім, аймақтың мәдениеті, туған жерді қолдау және осыларды ақпараттық қамту бағыттары таныстырылып, олардың әрқайсысына кіретін іс-шаралар туралы айтылған еді. Әрине, бұл арада туған жерді, оның тарихы мен мәдениетін түлету, өлкетану ең алдыңғы басым бағыттарға ие болып тұрғаны белгілі. Дәл қазіргі уақытта Алматы қаласы бойынша, «Туған жер» бағдарламасы қызу қолға алынып, жан-жақты жүзеге асырылу үстінде деуге толық негіз бар.
Еліміз көркейсе екен деген қайырымды, қолында қаржысы бар азаматтардың барлығы осы бағдарламаның жүзеге асуына барлық ынталарымен кірісіп кеткен. Көптеген әлеуметтік маңызы зор нысандар бой көтеріп жатыр. Олардың барлығы кезегімен халық игілігіне берілетін болады.
Кез-келген адамның туған жері – оның кіші Отаны. Мен Алматыда туып-өскеніммен – ата-бабамның, ата-анамның кіндік қаны тамған жерін өзімнің туған жерім деп санаймын. Кенен атамның ауылы – Мәдібұлақ деген ауылымыз бар. Елуінші жылдары Кенен атам сол Мәдібұлақтан бүгінгі Кенен атындағы ауылға көшкен екен. Ол жерді де біз өз ауылымыз деп санаймыз. Атам сол жерде 27 жыл бойы тұрды. Бүгінде атамның тұрған үйі мұражайға айналған. Кенен атам сол жерде мәңгілік ұйқыда жатыр. Сондықтан бүкіл Қордай ауданы, тарихы терең көне Тараз, Жамбыл облысының мен үшін орны ыстық. Мен өзімнің туған жерім деп санайтыным да сондықтан.
Әлгінде айтқанымдай, менің өмірімнің дені Алматыда өтіп жатыр. Жұмысым да, бизнесім де осында. Қоғамдық жұмысым да тікелей қаламен байланысты. Дегенмен, біздің атамыздың бізге айтып кеткен бір өсиеті, ол – ауылдан қол үзбеу мәселесі. Оны өзінің ұрпағына қалдырған, елдің болашағы үшін өте бір ұмытпай есте сақтап жүретін қағидасы десем де болады. Мен соны әркез есіме алып, жадымнан шығармауға тырысамын. Әсіресе, қазіргідей қолымызда мүмкіншілігіміз бар кезде ауылға неге көмектеспеске? Ауылдан қол үзбеу деген күні-түні тойға барып, қыдырып жүру емес. Тойдың да жөні бар, қазаның орны тіпті басқа. Көпшіліктен қалмау керек. Бару керек, қайғырып отырған жанға көңіл білдіріп, басу айту керек. Ол – атадан келе жатқан жол.
Дәл қазіргі уақытта әбден ойланып-толғанып, ауылға қатысты бір жобаны қолға алып жатқан жайымыз бар. Ол бизнеске байланысты емес. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасынан кейінгі туған бір перзенттік сезім десек те болады. Ауылда қазір өзіңіз де білесіз, жұмыс жағы тапшылау. Қаламен салыстырсақ, мүмкіндік жағы келіңкіремейді. Қолында кішкене қаржысы бар, мүмкіндігі бар жандардың өзі қалаға көшіп кетуге дайын отыр. Көп жағдайда ол кісілер «жұмыс жоқ», «баламызды оқытамыз, қалаға барып білім алсын, ел көріп, жер көріп өссін, тіл үйренсін» деген уәж айтады. Сөйтіп, бәріміз үйімізді сатып, қалаға көшіп кетіп жатамыз. Бұл, әрине, дұрыс емес. Қазақтың шыққан жері – ауыл. Біздің тамырымыз да, түбіріміз де сол ауылда. Жағдай жоқ екен деп бәріміз қалаға үдере көшсек, ауылда кім қалады? Ауылда тек ауыл шаруашылығымен айналысып жүрген азаматтар ғана қалып, ферма болып қана қалады.
– Ауыл ана тіліміздің де алтын қазынасы ғой, ол жайында не айтар едіңіз?
– Жалпы, менің азамат ретіндегі ұстанымыма сүйенсем, кез-келген адамның өз тарихын жан-жақты, терең білуі басты міндеттерінің бірі. Ал тарихты тануыңыз үшін, ең алдымен, өз тіліңізді терең білуіңіз керек. Бүгінгі таңдағы қолға алынып отырған үштілділікті мен зор ынтамен қолдаймын. Неге десеңіз, «көп тіл білсеңіз, көп адамсыз» деп келетін қытай тәмсілінің өзі қажеттіліктен туса керек. Ал дәл қазіргідей заманда кез-келген адамның оншақты тілге дейін меңгеруге мүмкіндігі бар. Ең бастысы, адамда ынта, ниет болса, үйреніп алуға қабілет-қарымы жетеді. Он тіл болмаса да кез-келген адамның кем дегенде екі-үш шет тілін меңгеруіне болар еді.
– Өзіңіз шет тілін білесіз бе?
– Иә, мен ағылшын тілінде еркін сөйлеймін, жаза да білем. Қазір тағы бір тілді үйреніп алсам ба деп талап қылып отырған жәйім бар. Балаларымның бәрі ағылшын тілінде оқиды, тереңірек білуге күш салып жатыр. Мектептегі оқитын пәндеріне қосымша ретінде басқа бағдарламаларды игере отырып, тілге ден қойып отырғандары мені қуантады. Өз отбасымдағы ең үлкені, яғни, балаларымның үлгі тұтатын кісісі менмін. Сондықтан балаларым менің тілді үйренгенімді, оған уақыт бөліп, еңбек етіп, меңгеріп алғанымды көріп отыр. Егер мен тағы бір тілді игеріп, үйреніп алсам, балаларымның да «біздің әкеміз тағы бір тілді үйреніп жатыр. Демек, бұл қажеттілік, олай болса, бізге неге үйренбеске» деп өздерінің алдына мақсат қоятыны анық.
Жалпы, адамның жас кезінде қабылдау мүмкіндігі зор болады. Сондықтан балаларға дұрыс бағыт берсек, олардың да бірнеше тілді меңгеріп алуларына болар еді.
– Үлкен кісілерден сіз туралы жылы пікірлерді жиі естіп жүремін. Сіз жайында, тіпті, «Ауылды сағынсаң, Кенекемнің немересімен әңгімелес» деген де сөз бар екен…
– Алматыда туып, ауылды аңсайтын баланың бірі болып өстім. Бұл, әрине, ата-анамның тәрбиесінің арқасында болар. Бала күнімізден ауылдың исін сіңіріп, табанымызды топырағына тигізіп өсірді. Әркез даланы сағынып, сол даламен рухтанып өстік. Елбасымыздың өзі де ауыл туралы әркез құрметпен, өте жылы пікірлер айтып отырады. «Ауылың – алтын бесігің» дейді. Ол кісі де ауылды жақсы көреді. Әркез қамқорлап, назарда ұстап отырады. Біздің әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тіпті, тарихымыздың бастауы болып табылатын ауыл ата-бабамыздың киелі мекені. Біз үшін ауылдың орны ерекше. Өз басым отбасыммен жиі-жиі ауылға барып тұрамын. Сол кезде мен балаларыма: «Сендер ауылға барғанда бәріне тосырқап, үркіп қарамаңдар. Ауылда да қаланың халқы сияқты адамдар тұрады. Мүмкін олардың киім кию үлгісі басқаша болар. Олар өздерінің жұмыс істеулеріне, жүріп-тұруларына ыңғайлы болу үшін таңдаулары мүмкін. Өздеріңді де, ол кісілерді де ыңғайсыз жағдайға қалдырмаңдар», – деп айтып отырамын.
Ауыл бізге негізгі күшті беретін қайнар көзіміз сияқты. Біз өзімізге рухани азықты сол ауылдан алып, бойымызға сіңіреміз. Ауылға барған бойда айрықша бір қасиетке ие болып қаламыз. Мәселен, ауылға үш-ақ күнге барып келіңізші. Сіз мүлдем басқа адам болып шыға келесіз. Көзқарасыңыз өзгеріп, көңіліңіз көтеріліп, бір сергектік пайда болады. Ауылға барып рухтанып келесіз. Басқаша бір тың идеялар туындайды. Шығармашылық адамдарының озық дүниелері сол ауылда туып жатады емес пе? Қаладағы өмір, әрине, басқаша. Ұзын жолдың бойындағы ғимараттар сияқты. Оң жағыңыз да, сол жағыңыз да мыңдаған көлік, бір бағытқа тәуелдісіз. Қалада қанша дегенмен, уақытты өз орнымен пайдалануыңыз керек. Еткен еңбегіңіздің нәтижесі көрініп тұруы керек. Былайша айтқанда, сағаттың әрбір тіліне ілесіп отыруымыз керек. Ауылдағы өмір басқашалау. Кейде «осы ауылдағылардың уақытпен санаспайтыны-ай» деп кейістік білдіріп жататындар да болады. Ол кісілердің көңілдері басқаша.
Даладай кең пейілділікпен бәріне мамыражай қарайды. Әрбір минутты тек жұмыс, не мәселе шешуге арнайтын болсақ, ол қиын жағдай. Сондықтан мен уақыттың тапшылығына қарамай, балаларымды ауылға жиі апаруға тырысамын. Ауылдағы балалардың қалаға келіп орналасып, үлкен оқу орындарына түсіп немесе қалаған кәсіпті меңгеріп шығуларына көмек қолын созып отыруды азаматтық парызым деп білемін. Мұндағы бар ойым қалада өскен бала мен ауыл баласы араласып, әңгімелері жарасып, қалада өскен бала ауылдың озық әдет-ғұрпын үйренсе, ауылдың жастары қаланың зиялы мәдениетін үйренсе деймін.
Өйткені, қала баласы тек ғаламтормен шектеліп қалмауы керек. Сондықтан қайткенде де бір-бірін дос тұтып, араласып өссе, олардың көзқарасының қалыптасуына, дүниені тануға, өнерді түсініп өсулеріне, халықтың інжу-маржанын біліп өсулеріне жол ашылған болар еді.
«Туған жер» бағдарламасының ауқымы өте кең. Егер біз ауыл жастарымен кездесіп, жақсы бір жобаны қолға алып, оның қалай жүргізілуін үйретіп, бизнес бастап берсек, олар қалаға барып жұмыс іздемей-ақ, сол ауылда отырып өзінің тіршілігін дөңгелететін еді. Мен өзімнің тәжірибем арқылы да білем, қалада бір кәсіпті ашып, оны әрі қарай жүргізу оңай шаруа емес. Бала күнімде үш ай демалысты ауылда өткізіп, жалаң аяқ жүретін едім. Сосын қалаға келген кезде екі апта бойы аяқ киімге үйрене алмай, жалаң аяқ жүгіргім келіп тұратын. Көшеге шыға қалсам, бағдаршамға қарауды ұмытып кетіп, оңға, солға қарамай, біраз уақытқа дейін тура тартатынмын. Сол сияқты, өмірге келе салып, ауылдың тіршілігіне үйренген адамдардың да қала тіршілігіне бойұсынып кетуі оңайға түспейді. Бұл ауылдан қалаға келмеңдер дегенім емес, жалпы, бізге қалада да, ауылда да тұратын адамдар керек. Әркімнің өмірдегі өз орны болады дегендей, ауыл да азаматымен ауыл, қала да өзінің тіршілігін тоқтатпауы керек.
Жастардың жанарында нұр ойнайды
– Кәсіпкер ретінде туған жерге деген ықыласыңыз қалай?
– Өзім қаладағы №56 мектепте оқыдым. Жоғары оқу орнын осы қалада бітірдім. Қаладағы көп қабатты үйлердің бірінде тұрамын. Сондағы ойлайтыным, «осы өзім тұрып жатқан аулаға бір жақсылық жасасам екен» немесе «білім алған университетіме қолымнан келген бір көмекті көрсетсем ғой» деп ойлап жүремін. Өзім еңбек етіп жүрген ұжымның қол жеткізген биіктігі, табысы – бәрі де туған жерге деген құрмет болса керек. «ГЛОБАЛ» құрылыс ұжымында, яғни, басқармасында жүзден астам адам, ал сәулетшілерімізді, құрылысшыларымызды қосқан кезде мыңға жуық адам жұмыс істейді. Осы басқармада дәл қазір 160-тай кісі бар. Өзім «Нұр Отанның» мүшесімін. Былтыр бастауыш партия ұйымын құрғанбыз.
Бір топ кісі бірден мүше боламыз деп келісті. Мен сол кезде: «Сіздерді мен міндеттеп, мүше болыңыздар деп отырған жоқпын. Партияның мүшесі болуға ықыласты екенсіздер, жұмыс істеңіздер. Партияға мүше болмасаңыздар, ол да өз еріктеріңізде. Бәрі адамның еркімен болатын нәрсе», – дедім. Қазір сол жігіттермен біз бірнеше жобаны қолға алып, жұмыс жасап жатырмыз.
Солардың бірі – «Ардагерлерді ардақтайық» деп аталатын шоқтығы биік шара. Әркез жастарға «Соғыстың зардабын көрген кісілерге қашанда қолдан келген көмекті көрсетіңіздер. Бүгінгі өмір сол кісілердің ерлігімен келіп отыр. Әркез қабағына қарап, тіпті, бес-он минут уақыт қиып, жағдайын сұраңыздаршы. Соның өзі ол кісілерге жетіп жатыр. Ең бастысы, ол кісілерге ілтипат керек. Кейде сол кісілердің арамызда жүргенін ұмытып та кетіп жатамыз» деймін.
Жалпы, біздің бастауыш партия ұйымы жастардың өміріне көп көңіл бөліп отырамыз. Сондағы менің өмірден түйгенім, ең ұшқыр, ең жүйрік – уақыт екендігі. Бұрын әлі жаспыз ғой, үлгереміз дейтін едік. Ақыл тоқтата келе, уақыттың өте тығыз екенін түсініп отырмын. Соңында бір із қалдырам, халқыма пайдасы бар жұмыс жасап кетейін дейтін азаматтар үшін уақыт тығыз болса, керісінше, өз-өзімен, не істесем де өзім үшін деп, бос, ұйқылы-ояу жүретіндердің уақыты мол болады екен.
Өзім Бостандық ауданынан сайланған мәслихат депутаты болғандықтан, көбіне сол ауданның филиалымен жұмыс істеймін. Жастарды жинап форум, дөңгелек үстел, кездесулер өткіземіз. Ол жерге қаланың жастары, студенттер, жоғары сынып оқушылары келеді. Жастармен емен-жарқын әңгімелесіп отырып байқайтыным, тың идеялар, өзіндік ой-пікірлердің молдығы. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді ғой. Көмек, қолдау қажет болса, оны да айтып, ақыл-кеңес беріп, бағыт көрсетеміз. Бостандық ауданында ана тілінде дәріс беретін он мектеп бар. Сол мектепте оқитын жоғары сынып оқушыларымен кездесіп, өз өмірімнен мысал келтіре отырып, әңгімелескенде, жастардың жанарында нұр ойнап, үлкен өмірге деген сенімнің пайда болғанын сан мәрте байқадым.
Бұл арадағы мақсатым – балалардың үміт отын ояту. Жәй ғана сөйлесіп отырып, оларға өмірдегі кездескен қиындықтан қорықпай, «қайығым ескексіз қалды» деген қорқынышын сейілту. Жоғары сынып оқушыларының алдындағы зор міндет мектептен кейінгі сынақты тапсыру. Әсіресе, ҰБТ алдында балалардың ойға кетіп, ертең қалай болар екен деп жүрген сәттерін сан мәрте кездестірдім. Сол кезде оларға ақыл-кеңес айтып, қарапайым қағидалармен түсіндіріп, жөн сілтегенімде, талай жастың кеудесін тіктеп, өздеріне деген сенімнің пайда болғанын да көрдім.
Кейіннен мектеп басшыларымен, ұстаздарымен кездесіп қалғанымда, олар «кітап оқымайтын балаларымыз кітап оқи бастады. Емтиханға жан сала кірісті» дегенде, қуанып қалады екенсіз. Бұл да сол туған жердің бір перзентіне тигізген кішкентай ғана көмегіміз дер едім.
Жастармен жүргізіп жатқан жұмыстарымыздың тағы бір жүйелісі, оларға бизнестің әліппесін үйретуге арналған «Бизнес деген не?» жобасы. Балалардың тілімен, балалардың көзқарасымен, бизнесті ұғынықты түрде жеткізетін өткен жылдың соңында қолға алған «Aіmab» деген жобамыз бар. Мұндағы мақсатымыз – балалардың бизнестің не екендігін біліп өсуіне көмектесу. Менеджмент, лидер, бизнесмен дегеннің не екендігін осы бастан үйретіп отырсақ, ертең оқу ордасына түскенде, қосымша көмек болады. Балалардың барлығының бизнесті меңгеріп кетуі шарт емес. Басқа салада жұмыс істесе де, түбі бір қажетіне жарайды.
Жастарға, отбасындағы өзімнің балаларыма да үнемі айтып отыратын кеңесім – бір идея ойларыңа келді ме, қойын дәптер бастап, соған жазып жүргенді әдетке айналдырыңдар деймін. Күні ертең қажеттісін өміріңе арқау етесің. Мәселен, менің оншақты қойын дәптерім бар. Қолым боста парақтап қарап шығамын. Біріншіден, бұл адамды ұқыптылыққа, тәртіпке үйретеді.
– Сіз басшылық етіп отырған ұжымның өзіндік ерекшеліктерінің бар екендігіне қайран қалып отырмын. Мәселен, мекемеде салт-дәстүрдің сақталып отырғандығы.
– Көбіне, былайғы жұрт біз туралы тек құрылыс жүргізеді деп ойлайды. Ол – дұрыс. Ең алдымен, біздің міндетіміз сапалы құрылыс жүргізу, үй, ғимараттар салу. Сонымен қатар, мұндағы еңбек етіп жатқан кісілер үшін бұл ұжым екінші үйлері іспетті. Сондықтан өзіміздің ұлттық мәнерімізді қашанда ұлықтап отырамыз. Әз-Наурыз, Жаңа жыл мерекесі, Құрылысшылар күні, т.б. мерекелерді барынша ұлттық нақышта өткізуге күш саламыз. Өз ұжымымызда өткізіп келе жатқан Наурызды біз былайша тойлаймыз. Мәселен, мерекеге келген жүз жиырма кісіні бес командаға бөліп, олардың әрқайсысына қазақтың ұлттық дәстүрін бөліп береміз. Әділқазылар алқасы олардың дәстүрді қаншалықты жетік білетіндіктеріне, ұлттық киім үлгісіне, сосын берген баталарына қарап баға қойып отырады. Осылайша үш шартты жетік меңгеріп шыққан команданы анықтап шығамыз. Алғашқы кезде мен іштей «Мына жас балалар әдет-ғұрып, салт-сананы білмей, оның түбіне терең бойлай алмай жатса қайтеміз. Ыңғайсыз жағдай болып қалмас па екен» деп отыратыным рас еді. Бірақ, бәрі мен ойлағандай болмай, көпшіліктің көңілінен шығып, риза болып қайтты. Біздің әдет-ғұрпымыз керемет қой. Жастарымыз білгендерін жұртқа көрсетіп, білмегенін үйреніп дегендей, бір жайма-шуақ, түсіністік пен бірлік салтанат құрған еді. Бұл біздің ұжымдағы өтетін мерекелерден бір ғана мысал.
Пайдасы бар жоба өмірге келсе, халықтың өзі-ақ оны қолдап кетеді
– Мұхит Бақытжанұлы, сіз әндері қазақ өнерінің інжу-маржанына айналған атақты Кенен Әзірбаевтың немересісіз. Соңындағы ізі ретінде атаңыздың өнерін қалай дәріптеп жүрсіз?
– Жақында ғана Кенен Әзірбаев атындағы жекеменшік қор аштық. Оның құрылыс компаниясына еш қатысы жоқ. Оның жарғысында Жетісу өңірлерінің әндерін, өнерін насихаттау үшін жұмыстар жүргізеді деп жазылған. Жалпы, дәстүрлі өнерді жаңғыртуға бағытталған. Бұл арада Жетісу өңірінің өнерін насихаттау ғана емес, ол тек шартты ұғым ғана. Мұндағы ең басты мақсат – тарихты ұмытпау. Дәстүрлі өнер иесінің өнерін насихаттап, есімдерін жаңғырту болғандықтан, алғашқы қадамдарымызды орта мектептерден бастап жатырмыз. Әрбір мектептегі музыкалық сыныптарда домбырамен, қобызбен, жетігенмен ән айтатын балаларға өнерді мұғалімдердің көмегімен үйреткен болсақ, ол бала ертең әнші болмай-ақ қойсын, өнерден хабары болып өседі емес пе? Баланың музыкалық сауаты ашылады. Үйренген өнері өзіне қалады. «Өнерді үйрен, үйрен де жирен» дейді ғой халқымыз. Отырған ортасында домбырамен ән салып отырса, өзі үшін де жақсы ғой. Қазір ауылға барғанда байқап жүрмін, көп балалар дәстүрлі әндерді эстрадаға салып айтатынды шығарған. Бір-екі әнді солай өңдеп алады да, айтып жүре береді. Домбыраға ұмтылып жатқандарды көрмедім. Дәстүрмен өнерімізді дәл осылай насихаттай беретін болсақ, 50 жылдан соң жағдай не болады?
Сондықтан ұлттық аспаптарымызды балаларымыз қолымен ұстап, жанымен сезініп өссін деген ойдан осындай бір жоба өмірге келіп отыр. Қазір, шүкір, бір сыныпты жабдықтадық. Менің көзімнің жеткені, осындай мәні бар, пайдасы бар жоба өмірге келсе, халықтың өзі-ақ оны қолдап кетеді екен. Егер өзің үшін, өзіңнің бизнесің үшін ғана бір бастама көтерсең, оны халықтың қолдап жатқанын көрмедім.
– Соңғы кездері Алматыда әсем ғимараттар көптеп бой көтеріп жатыр. Сіздің компания тұрғызған үйлер қаланың қай жерлерінде орналасқан? Қандай құрылыстардың авторысыз?
– Алматының төрінде бірнеше құрылыс нысанын салдық. Әлі де салып жатырмыз. Әрине, құрылыстың жобасын жасаған кісілер – авторлары, біз тек салушылармыз. Кезінде «Қуат» компаниясы бастап, 2007-2008 жылдары қаржы дағдарысына байланысты Сайрандағы бой көтерген үйлердің тоқтап қалғаны белгілі. Біз сол үйлерді Үкімет басшыларымен ақылдаса отырып, бітірген едік. Біз өзіміз қолға алдық. Өйткені, ол үйлердің бір жарым мыңнан астам үлескерлері болды. Сол кездерде үлкен мәселе бой көтеріп, кәдуілгі әлеуметтік жағдай туындаған еді. Компаниямыз «Шахристан» деген тұрғын үй кешенін тұрғызды. Алыстан көзге түсетін, өзеннің бойында орналасқан әдемі тұрғын үйлер қазір қалаға өзінше көрік беріп тұр. Сосын «AFD plaza» деген үйлеріміз бар. Ағылшынша жазылғандықтан, көбіне, атауын түсінбей жатады. Сондықтан мен әл-Фараби даңғылында орналасқан тұрғын үйлер деп түсініктеме беріп отырамын. «Mіras Park» деген тұрғын үйлер салдық. Мына тұста «Dostuk Resіdense» (бұрыңғы аты «Алтын ғасыр») үйлерін салып болдық. Осыдан 5-6 жыл бұрын басталған «Науаи» деген үйлерді қазір біз салып жатырмыз. Бұдан да өзге әсем тұрғын үй кешендері бар. Олар «Жағалау», «Кәусар», «Алтын бұлақ», т.б. деп кете береді. Жалпы, қаламызда құрылыс компаниялары өте көп. Әрбір құрылыстың өзіндік қолтаңбасы болады. Осы арада тағы «Туған жер» бағдарламасына жүгінуге тура келеді.
Қалада небір тұрғын үйлер бой көтеріп жатыр, дегенмен, көршілердің қарым-қатынасы, тұрғындардың бір-біріне деген сыйластығы қандай деген ой келеді. Көп қабатты үйлердің тұрғындары арасындағы байланыс үзіліп қалғандай. Тіпті, қазіргі салынып жатқан үйлердің көлік қоятын тұрағы да бірге салынатын болды. Көлігіңізді қоясыз да, бірден лифтіге мініп, жоғары көтеріліп кетесіз. Бұл күні қоқысты да сыртқа алып шықпайтын болдық. Жұмысқа шыққан күннің өзінде көршілермен бас изесіп өте шығамыз. Біздің бала күнімізде бәрі басқаша болатын еді. Ата-аналарымызбен аулаға шығып, жарысып ән салатынбыз, билейтін едік. Бала біткен асық атып, доп қуатынбыз. Қазір қарап тұрсаңыз, асық ойнап жатқан баланы көрмейсіз. Қала балаларының асық ойнауы сирек жағдайға айналғалы қашан. Біздер балалар ойын қызығына берілген сәтте, ата-аналарымыз да әңгіме-дүкен құрып, кәдімгі ағайын кісілер сияқты араларында бір жайма-шуақ жылылық орнайтын. Аулаға шыққан көршілер бір-бірімен танысып, жөн сұрасып, тіпті, бөтен-бөгде жан пайда бола қалса, тоқтатып, оның кім екенін, кімге келгенін сұрастыра жөнелетін. Ұрлық-қарлық, анау-мынау жоғалыпты дегенді естімеуші едік. Біздің шаһар басшысы Бауыржан Қыдырғалиұлы үнемі «Сананы тұрмыс билейді» деген тәмсілді жиі айтып отырады. Шындығында, солай ғой. Өз үйіңде қалай болсаң, тыста да солай жүресің. Өзіңді солай ұстайсың. Ортаңда да солай болады.
Жалпы, адамның кішкентай кезіндегі өскен ортасы, үй-орманы, маңайындағы араласқан балалар, әңгімесін тыңдап өскен үлкен кісілер – бәрі жадында сақталып қалады екен. Сондықтан біз өзіміз тұрғызып жатқан үйлердің аулаларына мән беріп, үлкендер отыратын орындықтар қойып, балалардың ойын алаңдарын жасаймыз. Балалардың жас ерекшеліктерін де ескеруге тырысамыз. Мәселен, 2 мен 4, 6 мен 10, 10 мен 14 жас аралықтарындағы балалардың ойнауы үшін алаңдар тұрғызып, одан ересек жасөспірімдердің талғамдарына қарай, тоғызқұмалақ, шахмат, шашка ойнайтын, музыка тыңдап отыратын орындар (беседкалар) жасаймыз. Құрылыс сапасының мықты болуына мән беріп, бағасы қымбат, сапалы, төзімді құрылыс материалдарын пайдалануға тырысамыз.
Құрылыс салған екенсің, сапалы етіп сал деймін. Өзім де көп қабатты үйлерде тұрамын. Егер үйіңіздің бір бұрышы мүжіліп немесе бір жерден су тамшылап жатса, мазаңыз кетеді. Сондықтан үй иесі сізге ренжімейтіндей болуы керек.
– Сіз өзіңіз салған үйде тұратын шығарсыз.
– Жоқ. Біз тұрып жатқан үйді басқа құрылыс компаниясы салған. Оны 2007 жылы алдық. Ал біз құрылысқа 2009 жылы кіріскен болатынбыз. Көбіне, маған «өзің салған үйде тұрып жатсың ба» деген сауал қояды. Әзірге балалардың мектебіне жақын, үйреніп қалған жер болғандықтан, үй ауыстыру ойымызда жоқ. Дегенмен, жоспарда бар.
– Мұхит Бақытжанұлы, қала тұрғындары сізді қайырымды азамат ретінде де таниды. Өзіңіздің бастамаңызбен жүзеге асқан шаралар өте көп екен. Соларға да тоқтала кетсеңіз.
– «Мақтау, мадақ Аллаға тән» дейді ғой. Көбіне, жасаған қайырымдылықтар туралы айта бермеймін. Кейде ағаларымыз «Жасап жатқан жақсылықтарыңды жұрт білуі керек. Ол мақтанғандық емес. Қайта өзгелерге ой саласың, үлгі боласың. Сенің жасаған ісің екенін біліп жатса, онда тұрған не бар» деп маған жөн айтып та жатады. Мен атқарып жатқан шараларды қоғамдық жұмыстың бірі деп санаймын. Осы қаланың тұрғыны ретінде ағаш егіп, оның саясы жұртқа пана болса екен дейміз. Кішкентай кезімізден жақсы көретін мекен – Хайуанттар бағына да барып, кішкене де болса, қол созып жатқан жайымыз бар. Жастар – біздің келешегіміз. Ертеңгі елдің тағдыры да сол жастардың қолында. Сондықтан көп жобаларымыз жастарға қолдау көрсетуге арналған. Биылғы жылы қала басшылығы «Жастар жылын» жариялап отырғаны белгілі. Бұл ретте де көптеген жобаларды қолға алып отырмыз.
Іздеушісі барда – мұра мәңгілік
– Кенен атамыздың мұраларын сақтайтын да, келесі ұрпаққа жеткізетін де сіздер ғой. Соңында іздеушісі барда мұраның мәңгілік болатыны белгілі. Осы бағытта нендей жұмыстар жүргізіп жатырсыздар?
– Кенен атамның тікелей ұрпағы болғандықтан, салмақ, көбіне, бізге түседі. Сондықтан көздің қарашығындай сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу үшін үнемі жұмыс істейміз. Ауылда атамның мұражайы бар. Атамның атында саябақ бар. Мұражайды облыс, аудан өз қарамағына алған. Менің ағам Мұрат Кененов – мұражай директорының орынбасары. Ауылдағы қарашаңырақта атамның келіні – «Келінжан» әнінің кейіпкері тұрып жатыр. Әлгінде айтқан Мұрат ағам өзінің бала-шағасымен сол қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Атамның бұрынғы тұрған үйі қазір мұражай. Еш жөндеу жүргізбей, сол көненің көзі қалпында сақтауға тырыстық.
Келген кісілердің бәріне есігі ашық. «Мына жерде Кенекем отырған, мынау Сәбеңнің, Мұхаңның отырған орны, мына жерде Димаш атамыз отырған еді» деп көрсетеді. Атам айтпақшы, қалың қазақтың өкілдері келіп, әңгіме-дүкен құрып, ән тыңдап қайтады. Кешегі күннің куәсі болған киелі шаңырақ бүгінгі ұрпаққа сол тарихтың бейнебір жалғасы сияқты. Келген кісілер рухтанып, тіпті, 10 минут болса да аялдап кетеді. Үлкен кісілер балаларымен келіп, атаның өзі болмаса да, сол босағадан бата алғандай, ырымдап жатады. Кім келсе де, атамның үйінің есігі ашық. Атамның сүйікті келіні болған Дина апам тарихтан сыр ақтарып, әңгіме айтудан бір шаршамайтын кісі. Ағам да келген кісілерге өткен күнді еске түсіріп, әңгімелеп отырғанды жақсы көретін адам. Алматыда атамыздың атында көше бар. Ескерткіш те қойылған. Оның авторы – танымал сәулетші Бақытжан Әбішев деген ағамыз еді.
Ескерткіш өте әдемі, атамыздың бойындай биік етіп жасалған. Жыл сайын атамыз өмірден өткен 12 сәуір күні ұрпақтары сол жерде жиналамыз, құран бағыштаймыз. Сол күні міндетті түрде атамның балаларынан бастап, шөберелеріне дейін ән айтудан сайысқа түсеміз. Мұндағы мақсат – атамыздың мұрасын терең түсініп, тану. Ең алдымен, біздер – ұрпақтары білуіміз керек. Біз өзіміз білмей жатып, қалай өзгелерден сұрауға тиіспіз. Кенен атам бүкіл қазаққа ортақ. Біздің әулеттің ғана емес, Алаштың Кенені екенін әркез мақтан тұтамыз. Атамның бес баласы болды. Екі ұлы – Көркемжан мен Бақытжан. Қыздары – Төрткен, Ақтамақ, Ақбілек. Мен сол екінші ұлы – Бақытжанның баласымын. Әкем – зейнеткер, қазір Астанада тұрып жатыр.
Атамның өзінің даусымен жазылған бірнеше әннің бары дәтке қуат. Бұл арада Сәбит Мұқанов, Борис Ерзакович, Мырзатай аға Жолдасбековке ерекше алғыс айтуға тиіспіз. Кезінде Мырзатай аға арнайы атама барып, әңгіме-дүкен құрып, біраз әндерін жазып алған екен. Жалпы, атамның 110-нан астам әні бар. Атамыздың ұрпақтары ретінде біздің атқарып жүрген жұмыстарымыз өте көп. Қолға алып отырған бір жобамыздың шет-жағасын айта отырайын. Үмбетәлі ата атындағы мұражай, Жамбыл, Абай, М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Н.Тілендиев, т.б. мұражайлармен тікелей жұмыс жасап, ұрпақтарымен байланысып, бірлесіп жұмыс істесек деймін. Мәселен, Кенен атамыздың күндерін Жамбыл мұражайында өткізсек, ол жерге тек көне жәдігерлерді ғана апармай, әндерін орындап, әңгімелерін айтып отырса, қандай жарасымды болар еді. Жастарға сол уақыттағы кісілердің достығы туралы айтылса, бұл тек тарих емес, үлгі болып, ұрпақтар сабақтастығына ұласар еді.
Сәтін салса, күзде дәстүрлі әндерден концерт ұйымдастырсақ дейміз. Әкем осыдан бес-алты жыл бұрын «Әке рухымен сырласу» деген кітап жазып, «Алатаудың ақиығы» деген деректі фильм түсірді, Төрткен тәтем екі кітап шығарды. Кенен атамның әндерін сахнада орындап жүрген әншілерге үйреткен де осы кісілер. Атам туралы бірнеше кітап, фотоальбомдар шықты. Ол кісінің достыққа берік екендігі, сыйласқан кісілеріне арнап жазып кеткен әндерінің тарихы туралы жазылған естелік-әңгімелердің барлығы да тарих болып, тасқа басылды.
– Отбасыңыз туралы да айта отырсаңыз, отбасындағы ұстанатын қағидаңыз қалай?
– Отбасылық әлемімде – Мағжан деген үлкен ұлымыздың есімін әкем Мағжан Жұмабаевтың құрметіне қойған еді. Екінші ұлымыз Бақтиярдың есімін қайын атам Алмас қойды. Әлима деген қызымыз бен Мүсілім деген ұлымыздың есімдерін өзіміз қойдық. Бос уақытымды ана тілінің қадір-қасиетін, атасының мұрасын құрметтей білетін ұрпақтарды тәрбиелеуге арнаймын. Отбасымызда қанағат деген сөзді көп қолданамыз. Ешуақытта «анау озып кетті, анау байып барады» деген пендешілікпен өмір сүрмеу керек. Алла өзінің сүйген адамдарына көбірек беретін шығар. Мүмкін кішкене сынап, кейін беретін болар. Әркімнің өз жолы бар екенін ұмытпағанымыз жөн. Әрине, бәсекелестік болуы керек. Ол – алға мақсат қою. Кенен атамның отбасында мынандай философия бар. Оны Төрткен тәтем де, менің әкем де жиі айтып, есімізге салып отырады. «Адам баласы кең, ашық, мінезі жақсы болса, ондай адамды кім жақсы көрмейді. Тек оларға өмірде қиындау болады» дейтін. Сондықтан алда да емес, артта да емес, адам ортамен жүру керек. Бақтың бәрі, жақсылықтың бәрі ортада деп отыратын еді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттастан – Рая ЕСКЕНДІР
Abai.kz