Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Ақмылтық 9477 24 пікір 5 Қыркүйек, 2017 сағат 10:58

Орысшылдықтың да өз орны бар

Қазір Кеңес Одағының шекпенінен шыққан қай елге көз салсаңыз да барлығында ұлттық өрлеу жүріп жатыр. Әсіресе, іргелес Ресейдің жөні бөлек. Бұлар «батыстық демократияны» басы бүтін қабылдамай, өзіндік дербес жолға түсіп, орыс ұлтшылдығын әспеттеуге көшті.

Қазірдің өзінде ұлтшылдарға көрсетілген қолдаудың күштілігінен Ресейде ультранацистік бағыттағы көптеген қозғалыс қалыптасты. Скинхедтер – солардың бірі. Алайда, кейінгі кездері олардың әрекетін бақылауға алып, басбұзарларына басу айту арқылы Кремль ұлтшылдықтың мұндай түрі тиімсіз екенін білдірді. Бұл мемлекеттің тұтастығына қауіпті, яғни іштегі автономиялық республикалардың қарсылығын туғызуы мүмкін. «Ресей тек орыс­тар үшін» деп ұрандататын әпербақандығынан арыны ойлай алмайтын «тақырбастар» Ресейде өздерінен басқа да 400-ге жуық ұлт тұратынын, олардың да өз ұлттық намысы бар екенін көзге ілгісі келмейді. Кремльде олардың қолтығына су бүркіп, құтыртып отырғандар өте көп. Бүйте берсе, олардың мұндай әрекеті «Біртұтас Ресей» деген аты ғана бар «қырық ру» Ресейде ұлт араздығын қоздырып жіберуі мүмкін, қоздырып та жүр. Оның арты енді ес жиып, орыс империясын қайта құрғысы келетін әсіресе шовинистердің ойы орындалмай, тіпті Ресейдің іргесінің сөгілуіне әкеліп соғуы бек ықтимал! Соның өзінде қазіргі Ресей басшылары әрбір орыстың баяғы ұлы халықпыз деген санасын қайта оятып, олардың империялық мұратын алға қоюды көздейді. Яғни, Кремль орыстарды ұлттық кембағалдықтан (неполноценность) арылтып, орысқа жәй орыс емес, «Ұлы орыс» екенін олардың миына сіңіруге кірісті.

Бажайлай қарасақ, қазір Ресей осы тұрғыдағы көздеген мақсатына едәуір жетіп те қалды. Ал біздің орыс не істесе соны істейтін, ең әуелі орыстың көңілін табуды ойлайтын орысқұмар мансаптылар сол орыстан осындай ұлтшылдықты – әуелі өз ұлтының жоқ-жітігін жамауды үйренсе ғой... Әттең, Қазақстандағы жағдай бұған керісінше болып отыр. Бізде мемлекет құраушы ұлт қазақ ұлты өз жерінде жасық, ұяң адамның кебін киген. Біз қазір ең құрығанда, қалт-құлт етіп, аяғында әзер тұрған мас орысқа да қазақша тіл қатып, сосын одан қазақша жауап ала алмайтынымызға намыстанбаймыз. Ол  «Не понимаю» десе болды, тіліміз келмесе де ойымыздағыны оған орысша жеткізбек болып әлектенеміз. Өйткені, дүкен сөрелеріндегі нан-тұзымыздың атауларынан бастап, заң-зәкүндеріміз түп-түгел орыс тілінде. Жалпы өзгенің алдында өз тіліңде сөйлей алмасаң, ол сенің тіліңді түсінгісі де келмей тұрғанын біле тұра соның тілінде сөйлеп тұрсаң, сенің бүкіл кембалдығың содан, яғни өз тіліңде тыңдата алмағандығыңнан басталады екен. Біздің біраз басшылар оны жақсы біледі. Бірақ қаратабан қазаққа оны айтпайды да, айтқызбайды да. Осындай кембағалдық қазақ баласын орыстың алдында да, өзгенің алдында да жасқаншақ қылады.

Сұмдығы сол біз өз елімізде тұрып өзгеден қазақша жауап беруді талап ете алмайтын осы шарасыздыққа етіміз үйреніп, ол қанымызға сіңіп барады. Нәтижесінде, бүгінгі қазақ баяғы ата-бабаларының ержүрек, намысқой, Отаншыл да батыл қасиеттерінен айрылып, бір кездері өзі төзе алмайтын, көне алмайтын нәрселерге көнгіш, көнбіс болып кетті. Көп жылғы интернационалдық саясат қазақты осындай «толерантный» ұлтқа айналдырды. Ал бұның шын аты – құлмінез! Біздің бүгінгі ұрпағымыз осы құлмінезділікке, яғни, орыстың тіліне тәуелділікке білдірмей тәрбиеленуде. Осының әсерінен ұлтымыздың бойында самарқаулық, керенаулық, немкеттілік, самсоздық деп аталатын өз ұрпағының ертеңгі тағдырына жауапсыз қарайтын құлдық қасиеттер қалыптасып барады. Бұл қазақтың қанына сіңген жасықтыққа, ұлттық именшектікке, ұлттық намыссыздыққа айналды. Қандай әдет, қылық та қан арқылы ұрпаққа беріліп отыратыны ғылымда дәлелденген. Бұл генетикалық заңдылық. Қайран қазақ бұны «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деп кеткен. Біз бүйте берсек, бүгінгі, ертеңгі ұл-қыздарымыз да өзге ұлт өкілдерінің алдында әлдебір жасқаншақ, ұяң күйде тұратын болады. Бір кездері «басынан дұшпан сөзін асырмайтын, басынан дұшпан сөзі асып кетсе, ешқандай патшаға да бас ұрмайтын» қазақ баласы қандасының, бауырласының басына күн туса, өз басын арашалап қалуды ғана ойлайтын арсыздық күйге түсті. Қазақ ұлтының сана-сезімін ұлттық намысын мұндай тоқыраудан алып шығып, қазақтың өршіл рухын оятатын бір ғана жол бар. Ол – ұлтым, қазағым деп, жүрегі қан қақсайтын азаматтарға Ресейдегідей жан-жақты қолдау білдіріп, мемлекетті қазақыландыру жұмыстарын бастау. Мемлекетті қазақыландыру дегеніміз мыналар:

1. Қазақстанда адам естімеген жаңалық шықты жақында. Енді, орыс мектебінде оқитын орыстар мен «орыс тілді қазақтар» баяғы «таз қалпында» кириллицаға кіндігі байланған күйінде қала береді, ал қазағым, ұлтым, елім, жерім деп шыбын жаны шырқырайтындар латын әліпбиіне көшуіне болатын болды. Бұлайша бір мемлекеттің халқын екі түрлі қаріппен оқытудың арғы жағында сол мемлекетті Украина-Донецк, Луганск және Молдова-Приднестровье сияқты бөлшектеу саясаты жатқан жоқ дей аласыз ба?

2. Ең әуелі Қазақстанда Ресей баспасөзіне тежеу салу немесе азайту. Өйткені, қазір Қазақстанда қаптаған орыс баспасөзі мен орысша телеарналар қазақшадан әлдеқайда көп болғандықтан бізде Ресей саясатын, орыс мүддесін насихаттау емін-еркін жүріп жатыр.

3. Еліміздегі телеарналарды қазақыландыру қажет. Өйткені теледидар ХХІ ғасырдың ең күшті де қауіпті құралы. Мұны Ресей мен Украина текетіресінен анық байқадық. Телеарналардағы сайқымазақ, арзан әзіл-қалжың, не әнінің, не сөзінің мән-мағынасы жоқ өтірік сазгерлер мен өтірік әншілерді отырғызып қойып, дәмсіз сұхбаттар жүргізуді дереу тоқтатып, олардың орнына қазақтың ұлттық мемлекеттігінің мәселелері, жер мәселесі сияқты салмақты, қазақ жас­тары әрі оянатын, әрі ойланатын хабар, көрсетілімдер жасауды дереу бас­тау керек.

4. Орыс мектептерін, аралас мектептерді, орыс балабақшаларын азайту керек. Солтүстік уәлаяттарда (облыс дегенді де тоқтатар шақ келді) орыс көп деген бос сөз. Олардың жартысы украиндар, немістер, поляктар. Қазір олардың көбі мен орыс­пын демейді) өз ұлтының атын атайды.

5. Мемлекеттік қызметке тұратын­дар қазақ тілінен емтихан тапсыруы керек. Ресейде гастербайтерлерден де орысша емтихан алуда, ал бізде іс қағаздары қазақ тіліне көшірілуі керек деген сөз кейінгі кезде мүлде айтылмайтын болды.

6. Іс қағаздары мемлекеттік тілге көшіріледі деген уәде жайына қалды. Оның орнына пәленінші жылы 95 пайыз қазақстандық қазақша сөйлейді деген ұран бар. Сондықтан іс қағаздарын қазақша жүргізу мәселесін дереу қайта қозғау керек!

7. Орыс тілі ресми тіл деген бапты алып тастау керек. Біз осыларды жүзеге асырсақ, республикадағы көп диаспораның бірі болуға «көніп» қалған қазақ ұлтын құлмінез аурудан айықтырып, бүгінде ұлтсыздық ауруына ұшыраған жастарымыздың ұлттық намысын оята аламыз. Біз қазіргі ұйқылы-ояу күйден арылмасақ, халіміз бұдан жаман мүшкілдене береді. Ұлттық мүддені түгендеуге қазірден бастап кірісуіміз керек. Өзіңіз қараңызшы! Қазақстанда көптеген орысша газеттердің қазақ ауылдарының ауыр тұрмысы, иесіз қалған ауылдар немесе қазақ тілі мемлекеттік деңгейде неге қолданылмайды деген мәселе көтергенін көрдіңіз бе? Олар керісінше орыс тіліне қысым жасалуда, орыстар көшіп кетті деп өтірік байбалам салудан жалықпайды. Біз Украинадағы бүгінгі жағдайдан сабақ алып, Ресейдің империалистік пиғылынан осы бастан қорғануымыз, оған кез-келген жағдайда қарсы тұру қабілетімізді нығайтуымыз қажет. Осылай етсек қана алдағы он жылдықта билік басына келетін келесі толқынның миына, санасына аз да болса ең әуелі ұлтын сүюдің нәрін сіңірер едік.

Біз тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да Мемлекеттік тұрғыда Ел иесі қазақ ұлты екенін қазаққа да, басқаға да сезіндіруге бағышталған шара қолға алынбай отыр деуге болады. Өйтудің орнына қазақтың жерін, жер байлықтарын бәріміз бірігіп пайдалануымыз керек деген әсіреқызыл сөзді көпірту күш алды. Елдігін сақтауды көздеген әр мемлекет алдымен ұлттық (идентичность) біртектілігін қалыптастыруға ұмтылады. Көршілес өзбек, әзірбайжан, түркімен, балтық елдері сөйтті. Мұны әлемдік тәжірибеден байқауға болады. Мемлекет ішіндегі ұсақ этникалық топтар мен кірмелерді (диаспораларды) мемлекет құраушы ұлттың құрамына біріктіріп, ынтымағы күшті патшалық жасауға ұмтылу адамзат тарихында ежелден бар. Қазақтың «Бөлінгенді бөрі жейді» деген нақылы да әуелде елдің тұтастығын ойлағаннан туған болатын. Қазақстандағы қазіргі жағдай бұларға мүлде кереғар бағытта дамуда. Мәселен, біздің кейбір саясаткерлер ұлтты (қазақстандықтарды) біріктіруге емес, өзара жіктеуге бағытталған саясат жүргізетін сияқты. Ұлттық мүдде мен Ұлттық саясаттың қыр-сырынан хабары жоқ шолақ белсенділердің, саясаткерлердің, әсіресе бәзбір орыстілділердің жалған ұраншыл, лепірме сөздерін тыңдап отырғанда еріксіз осындай ойға кетесің. Салтанатты жиындарда, мейрамдарда мінберден сөз бастап, көсемсіп жүрген нәндердің аузынан «Қазақстанда 130-дан астам ұлт» тұрады дегенін естігенде, осылар кейде не сөйлеп тұрғанына мән бермей ме, әлде күллі 67% қазақты түкке түсінбейтін надан деп ойлай ма деген ойға қаласың. Себебі мемлекет халқын бұлайша ұлтына қарай бөлу бүлікшілдіктің, қазіргі тілмен айтсақ сепаратизмнің, экстремизмнің нақ өзі. Бұлайша жіктеу ешқашан жақсылыққа апармайды. Жоғары лауазымдылардың бұлай сөз саптауы, бұлайша сөз бас­тауы, тіпті саяси қателік. Себебі, Қазақстан жүздеген ұлт тұратын федерация, не болмаса құрама штаттар емес, унитарлық мемлекет. Біздің құрамымызда Ресейдегідей автономиялық республикалар жоқ. Біз мемлекет құраушы ұлт – Қазақ деген халық ұйыстырған біртұтас мемлекетпіз. Сондықтан елімізді мекендеген орыс, татар, түріктерді «орыс халқы», «татар халқы», «түрік халқы» деп емес, еліміздегі этникалық топтар деп атағанымыз жөн.

Ешқашан бір мемлекетте екі патша болмайтыны сияқты, екі тіл болмайды. Сондықтан бірін – ресми, бірін – мемлекеттік тіл деп бөлу қателік. Бұл ұлттардың басын біріктіру емес, алшақтату! Осы жерде бұдан былай біз Қазақстанда пәленбай пайыз орыс тұрады, олармен есептесуіміз керек деп бүкіл украин, неміс, тіпті, чуваш пен мордвиндерді де орыс санатына қосып, орыстың санын көбейтіп сөйлеуде ойлануымыз керек. Өйткені, кейінгі кезде украиндардың да, неміс, мордвиндердің де бізді орыс деуді қойыңдар дегенін жиі еститін болдық. Демек, Қазақстанда 30 пайызға жуық орыс тұрады деген сөздің өзі өтірік болғаны! Кейде қазақстандық ұлт немесе Қазақстандағы халықтар деп сөйлеуге құмарлардың сөз саптасынан Америкаға еліктегісі келетіндік аңғарылады. Оның бержағында 25 жыл ішінде тілімізді өз елінің төріне шығара алмадық. Соның бәрі аз болғандай қазақ сәбилерін балабақшадан, бірінші сыныптан бас­тап үштілділікке күштеп оқытуға кірістік. Бұл – қазақ ұлтының қамын ойлағандықтан ойлап табылған ақыл емес, бұл – қазақты ұлттығынан айыру, ұлт емес дүбәра бірнәрсеге – әйтеуір қарны тоқ, киімі бүтін болғанына мәз бір тіршілік иесіне айналдыру үшін  не өздері, не шетел мәдениеттанушылары деп аталатын қаскөйлердің тапсырмасымен ойлап тапқан қаскөйлік. Өйткені, көзін ашқаннан ағылшынша, орысшаны араластырып сөйлейтін байғұс сәби ертең таза өз ұлтының азаматы болайын десе де бола алмайды. Ал ең әуелі өз ұлтының азаматы бола алмаған адам ешқашан кейбір орыстілділер айтатын «планетарный», «общечеловеческий масштабтағы» адам болуы мүмкін емес. Ол – жәй сандырақ! Бұл ғылымда да, өмір тәжірибесінде де дәлелденген нәрсе. Америкада тұратындардың бәрі ұлтымыз америкалық дейді деген сөз жалған. Бұл қазақты адас­тыру үшін айтылған арамзалық. Америкада қытай – қытаймын, неміс – неміспін, ағылшын – ағылшынмын, зәңгі – зәңгімін дейді. Федерация болғанымен, Ресей басшылары қазір қарауындағы ұлттың бәрін орысқа айналдыруға, құрамындағы мемлекеттерді, ұлттарды орыстандыруға жанын салуда. Олардың бұнысы да осы империяны сақтап қалудан, оның ауқымын кеңейтуден туған амал.

Біздің манадан бері айтып отырған бүкіл кемшіліктеріміз сонау жылдары билік құрған коммунистік идеологиядан әлі де іргемізді ажыратпағандығымыздан болып отыр. Әйтпесе, қазақ мемлекетінің бабалар салып кеткен еш елдікінен кем емес өз жолы бар болатын. Біз бұрынғы тектілігіміз жағынан да, бүгінгі ас та төк байлығымыз жағынан да алып қарағанда Азиядағы  бүкіл Алаш жұртына жөн сілтейтін ұлағаткер мемлекет болуға тиіс едік. Қазақ тарихының өн бойына көз жіберсеңіз, қазақтың хандары мен бай-батшалары, би-мырзалары ең әуелі қазақтың, қала берді Алаш жұртының қамын ойлаған. Ал біз алдымен орысша ойлап немесе орысшаны тыңдап алып, сосын соны қазақшаға аударып сөйлеуге тырысатын, орыстың озығы мен тозығын саралай алмайтын коммунистер мен комсомолдардың, солардың жандайшап ақсақалсымақтарын тыңдаудың кесірінен осы ұлы ұлттық қасиеттен, осы ұлы ұлттық парық, парасаттан, ұлттық намыстан жұрдай болдық. Ал жоғалғанды жөнге келтіру қашанда қиын.

Мырзан Кенжебай, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері

Abai.kz

 

24 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052