Сенбі, 23 Қараша 2024
Енді қайттік?.. 4500 2 пікір 22 Қыркүйек, 2017 сағат 09:05

«Оңайдың» жыры оңай болмай тұр, Бауке!

 

- Әй, менің карточкамды қайда құртып жібердің? – деп аяқ астынан шаңқ ете қалған дауысқа жалт қарасақ, аласа бойлы тақырбас қазақ екен. Автобус ішінде сығылысып тұрған көп жолаушының біріне бедірейе қарап қапты.

- Мен қайдан білем, жаңа ғана бір кісіге бердім ғой, - деп ол да тақырбасқа сазара қарады.

- Берген болсаң, алсаңшы сол кісіден, - деп тақырбас тағы ежірейді.

Бұл жолы анау кісі айқайлағанға айқайлай жауап қайтарған жоқ. Тек апалақтап айналасына қарады да:

- Жаңа ғана мына жерде тұрған бір кісіге беріп-ем. Жоқ қой. Шығып кеткен-ау деймін, - деп аңтарылып қалды. Тақырбас та қоймайды екен:

- Берген болсаң, ал да, тауып бер карточкамды. Ішінде бақандай он бес рет жол жүру ақшасы бар! – деп дікіңдеді.

Автобус ішіндегі айқай «жоғалып кеткен» карточкадан басталды. Тіпті тақырбас пен оның карточкасын «жоғалтып жіберген» көк жейделі жігіт төбелесерменге бара жаздады. Салонда адам көп еді. Ию-қию басталды да кетті. Көлікті үлкен жолдың қақ ортасына қаңтарып тастап, екеудің «жекпе-жегіне» автобус жүргізушісі араласты. «Мал ашуы – жан ашуы», карточкасының ішінде бақандай бес жүз теңгелік жол жүру ақысы салынған тақырбастың жынданатындай жөні бар енді.

«Бақсақ, бақа екен» дегендей, осы «Оңай» деген жол жүру карточкасының жыры былтырдан бері әлі бітпей келеді. Алматыға әкім боп келе сала тірлігінің «біссімілләсін» трамвай депосынан бастаған Бауыржан Байбек былтыр қала ішіндегі қоғамдық көлікпен жүретіндер үшін «Оңай» карточкасы деген жаңалық ашқан-тұғын. Жасыратыны жоқ, «Оңайға» халық жайлап-жайлап үйреніп те қалып еді. Енді осы Баукең жақында тағы бір жаңалық ашқан. Онысы – қоғамдық көліктегі жол жүру ақысының күрт қымбаттауы.

Қымбаттағанда да, қызық енді. Мәселен, сіз «Оңай» карточкасымен автобусқа мінсеңіз, 80 теңге төлейсіз де, «Оңайыңыз» болмаса, 150 теңге төлейсіз. Мұның әрине, жақсы жағы бар: қала бюджетіне түсетін қаржы көлемі дұрысталып, «оңға-солға»  жытырылып кететін теңге тұрақталады. Жақсы емес жағы әлбетте, және бар: Еуропаға еліктегенімізбен, ол жақтағы сияқты емес, біздегі қызмет көрсету деңгейі мүлде басқаша: отыз адамдық автобуста жүз адам сығылысып тұрған кезде автобус салонындағы айналдырған екі құрылғыға қолыңыз бірде жетсе, бірде жетпей жатады. Біреу арқылы құрылғыға қарай «қол жалғап» жіберсеңіз, карточкаңызды қайтып таппай қалуыңыз да әбден мүмкін. Егер қазір отырып, екі аялдамадан кейін қайта түсетін болсаңыз, қолыңыздағы карточкаңызбен құрылғыны «түртіп» үлгермей қалуыңыз да ғажап емес.

Сосын: қалада терминалдар жетіспейді. Барының өзі істен шығып қала береді. Автобус ішіндегі арнайы құрылғы да бірде істеп, бірде істемей жатады. Оның үстіне, карточкадағы қаржыңыз да анда-санда жоғалып кетуді «әдетке айналдырады». Оны тергеп, тексеріп жатқан және ешкім жоқ.

«Жас келсе іске...» демей ме, Бауыржан Байбек Алматыға әкім боп келген кезде көп адам: «Осы қалай болар екен? Партиялық қызметте тәжірибелі болғанмен, шаруашылық жағын жүргізе алар ма екен?», - дегендей әрі-сәрі күй кешкен еді. Жоқ, Баукең Алматы сияқты алып мегаполистігі жаңаруға тиіс ескі-құсқыны кәдімгідей-ақ жаңалап жатыр. Енді осынау «Оңай» карточкасы дегеннің де өзекті мәселелерін тастай қылып, жолға қойса, халықтың алғыстан басқа айтары болмас еді. Ал әзірге аяқ астынан «өмірге келе қалған» «Оңайдың» шаруасы шаужайға оралып жатыр.

Марат Мадалимов

Abai.kz

 

 

 

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371