Қойшыбек Мүбарак. Арғы беттегі ағайындардың сайттары
«Abai.kz» ақпараттық порталы жер бетіндегі қазақтың бәрін екі дүниеде бөлшектенбес біртұтас деп біледі. Соның бір айғағындай Отанынан оқшау жатқан қандастың да қам-қарекетінен хабардар етіп тұрмақ ниетте. Бүгінгі замананың көшіне ілесе отырып, тұтастығы мен ұлттығын сақтап отырған жат жерде жүрген бауырдың қандай мәселе қозғап, не толғантып отырғанына да оқырман куә болсын деген оймен Қытайда тұратын қазақтардың интернет сайттарына шолуды ұсынып отырмыз.
Бұдан кейін шетелде шашырап жүрген қаны бір туыстардың веб-сайттарына шолуды тұрақты түрде беру мақсатымыздың бір саласы.
Абайшыл, Алашшыл болайық, ағайын!
«Абай-ақпарат»
«Abai.kz» ақпараттық порталы жер бетіндегі қазақтың бәрін екі дүниеде бөлшектенбес біртұтас деп біледі. Соның бір айғағындай Отанынан оқшау жатқан қандастың да қам-қарекетінен хабардар етіп тұрмақ ниетте. Бүгінгі замананың көшіне ілесе отырып, тұтастығы мен ұлттығын сақтап отырған жат жерде жүрген бауырдың қандай мәселе қозғап, не толғантып отырғанына да оқырман куә болсын деген оймен Қытайда тұратын қазақтардың интернет сайттарына шолуды ұсынып отырмыз.
Бұдан кейін шетелде шашырап жүрген қаны бір туыстардың веб-сайттарына шолуды тұрақты түрде беру мақсатымыздың бір саласы.
Абайшыл, Алашшыл болайық, ағайын!
«Абай-ақпарат»
Әлқисса, жер бетіндегі 15 миллион қазақтың оннан бір бөлігін ұстап жатқан Қытай қазақтары туралы айтар сөз басқаша болса керек-ті. Арысы жоңғарды жайпаған қазақ сарбаздары енді, жағаласар жаудан құтылдық-ау, деп ежелгі мекендеріне қарай көш түзеген. Сол ұлы көштің үлкен бір саласы Алтай, Тарбағатай, Тәңір-тау бауырына кеткен ағайындар. Ата-бабасының кіндік қаны тамып, дүлдүлінің тұяғы тозған кең сахарасын басқалар басып кетпесін деп барған... Бұл шамамен сол XVIII ғасырдың соңы, XIV ғасырдың басы. Арада талай апалас-төпелес заман өтті. Қаймана қазақтың бір тұтас жерін екі жақтағы екі алып жаулаушы елдер екіге бөліп алды. Бір тұтас қазақты екіге бөліп кеткен қызыл сызыққа да бір талай заман өтті. Бұл жақта орыстың отаршылдығынан қан кешіп жатқанда олардың да шекесі қызбады. Әуелі Ызғұттының аянышты өлімінен басталатын қанды шайқас бір тарқамай, қаймана жұртын айдаһардың ауызынан «қалай аман алып қалам», деп етігімен қан кешкен Бөкенің басы денесінен ажырап, арасы екі айлық жол Алтайға жерленді. Ортада Қылаңның, Асылбектің, Зуқаның басы шабылды. Ақыт, Шарапқан, Қарағұлдар түрмеде өлтірілді. Бүткіл Шинжияңді тікесінен тік тұрғызып, аз ғана қазақ сарбазымен Қытайдың көнесін де, жаңасын да лақша бақыртып, бауыздап тұрып ата жұртты қорғап қалған Батыр Оспан қапияда қолға түсіп атылды. Одан кейін де қазақтың игі жақсыларының барлығы Тарымға айдалды. Әупірімдеп аман қалғандары араға 20 жыл салып ауылына оралды. Жер бетінен өшіп кетер ме екенбіз деп зар жылаған қазақтың қанды жасын жаратқан ием көрген екен. Ақыры, 1991 жылы 300 жыл империяның отарында, соңғы 70 жыл коммунистік орыстардың боданында болған ұлы қазақ елі егемен болды. Әрине, елді елең еткізген егемендігімізді қалай тойлағанымызды, қалай қарсы алғанымызды қайталап айта беріп қайтейік, деседе, осы Қытайда қалған қазақтардың қуанышы ерен болды. Одан бері де аттай заулап жиырма жыл өтті. Міне, осының барлығында екіге жарылып қалған қазақтар бір-бірімен жіті түсінісе алмай қалып жатады. Осы олқылықтарды жою үшін бүгінгі алға басар қазақ жастарының қолында тұрған электрондық жүйе арқылы бір-бірімізді жете түсініссек деген мақсатта Қытайдағы бауырластарымыздың әр саладағы порталдарына шолу жасадық.
Ең әуелі Қазақ тор жинағы www.kz321.com сайтына кірелік. Бұл жерде барлыққа дерлік қазақ сайттары қамтылған. Ән-күй, Ақиық компьютер, Сал-сері, Еларыс, Сахара, Бозбала, Сен - Қазақ, Атамекен, Керуен, Тарымқазақтары, Ақиқат, Күлтегін, Қазақ арманы, Қазақ музыкасы, Шалқар, Тамаша, Әлем қазақтары, Мен - қазақ, Парасат, Қазақсофт қатарлы көптеген тораптарымен бірге бұл жинақтан Қазақстанның да барлық сайттарын тауып ала аласыз.
Осы тораптардың бір қаншасына шолу жасай кетелік. Мысалы, Бозбала торабын алар болсақ: http://www.bozbala.com/ Бозбала торабы кескін, музыка, сұхбат, көршілер, сурет кеңесжай, кино сықылды бас бөліктерден тұрады. Енді біз осының ішінен айрықша сұхбатқа шолу жасасақ: бұл өзі жалпы үлкен жеті бөлімнен тұрады.
1. Қазағым - мақтанышым бөлімінде: Қазақ тарихы, Қазақ салт-дәстүрі, Тіл-жазу, Ұлылар ордасы, Оқу-ағарту, Жұлдыздар, Студенттер раионы, ақындар айтысы, Балаларға базарлық;
2. Ақпарат әлемі бөлімінде: Әлем аясында, Ел іші жаңалықтары, Қазақ елі апталығы;
3. Компьютер әлемі бөлімінде: Программа тілі, хабарласу районы, компьютер білімдері, Қаскер (хаккерлер) районы, кино фильм, сурет редакциялау, қатты, жұмсақ бөлшектер
4. Алуан тақырыптар бөлімінде: Әңгімең бар ма, Тұрмыс, неке, махаббат, Автомобиль дүниесі, Қызмет іздеу, таныстыру, Денсаулық - зор байлық, Жұлдызнама - түс жору, Писихологиялық кеңес, Тылсым дүние, Дін және ғалым, Заң аясында, Сауда-экономика, Әскери істер, Дастархан, Спорт әлемі, Ауыл шаруашылығы білімдері, Саяхат және орта мәселесі, Зерде, Қыздар хандығы, Жігіттер әлемі;
5. Әдебиет арнасы бөлімі: Қара сөздің қайығы, Өлең - сөздің патшасы, Мақал-мәтел, ғақлиялар, Жұмбақ-жаңылтпаш;
6. Көңіл ашар бөлімі: Сағындырған әуендер, Сурет әлемі, FLASH, MTV, кино-фильм, Саз әлемі, Сүйемел музыкалар, Тор ойыны, Әзіл-сықақ, күлкі күймесі,
7. Талқы қызмет районы;
8. Көрші тораптардан құралған.
Бұдан сырт, осы 8 бөлімдегі жарияланымдар суретті жолдама, жаңа тақырыптар, жаңа жауап қайтарылғандар, Апталық қызғын тақырыптарда сараланып, талданып оқырман қауымға қайталанып ұсынылып отырады. Мысалға, жаңа тақырыптарда Жазғы Азия ойындарының Гуанчудағы жабылуы рәсімін http://www.bozbala.com/kzbbs/viewthread.php?tid=63610 бетке салса, сонымен бірге 2030 жылы қытайдың бөлшектенуі мүмкін деген тақырыпты да қаузай түскен. http://www.bozbala.com/kzbbs/viewthread.php?tid=63609
Апталық қызғын тақырыпта Берік Сұлтановтың http://www.massagan.com/news.php?mod=news&id=4661&catid=3 «ҚАРА ЖОРҒА» - ҚАЗАҚҚА ҚАСІРЕТ» деген мақаласы қазақы оқырманның қатты ашуын келтірген.
Осыған орай Ералаш атты оқырман "Мынау Дулат Исабектің сөзін естіген бәле ғой. Басқа құрып қалғандай «Қара жорғада» қай атасының құны бар, ұйғырдың, орыстың биін билеп жүргеннен жақсы ғой. Осылай оттамаса бастары ауырады. Сөз таппағандай қарашы, жетесіздің тірлігін. Сол да сөз болып па?! «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояған» сатқындар", - десе, Нартау деген оқырман: "Негізі уахабиссың-ау, дін мен ұлттық салтты қарама-қарсы қою коммунистердің ғана ерекшелігі емес, сіздерде де бар екен-ау. Бүйіткен имандылығың құрысын, нағыз имансыз сатқын. Сендейлердің кеселінен бүкіл араб әлемі қор болып, қорланып жатқан жоқ па, нақұрыс!" - десе, Жақай атты оқырман: " (Бұл би - қазақты құртқысы келетіндерге асыл дүние. Қазақ «Қара жорғаны» билесе, алтын уақыттарын босқа өткізеді, бойдақ жігіттер өздеріне ару табады. Сөйтіп, білімге деген құштарлық азаяды. Тастанды балалар көбейіп, жасанды түсік жасату артады.)
Бұл бір ессіздің айтқаны ғой, қара жорғамен жастар азады деу боқ сөз ғой, бидің өзі көңіл көтеруге, денсаулыққа пайдалы, қазақтың ұлттық киімін киіп, бұратыла қара жорға билеген қазақты көрсе, таңдай қақпайтын кім бар, бұл сөздің өзі ұлттық ар-намысты таптағандық қой, барып тұрған былжырақ. «Қара жорға - қазақты құртатын би» дегені тіпті күлкілі-ақ», - деп пікір білдірсе, өзін Наполеон атаған оқырман: "Батыстағы теріс ағымдар Қазақстанға кіріп, тауелсіздік алғаннан бері қарай етек-жеңін жиып, исламға бет алған қазақ қауымына, түрлі-түрлі дін ағымдары, уағыздаушылардың, әсіресе, діншілдердің теріс уағызы пәле болып жолықты, тіпті діншіл элементтердің есіргені сондай, олар Ислам діні мен қазақтың салт-дәстүрін қарама-қарсы қойып, осы арқылы қазақтың тамаша салт-дәстүр, ұлттық құндылықтарын жоғалтуға, тұншықтыруға ұрынды. Қазақтың білгір данышпандары әл-Фараби, Абай атамыз да дінді ұлттық дәстүрмен қарсы қоймаған, дінмен ұлттық дәстүрді қарама-қарсы қою, жат ниеттілердің Қазақтың арасына іріткі салуынан басқа түк те емес, бәріміздің жүрегімізде Алла бар, құдай бір, құран шын. Анау айтса, анаған бас шұлғып, мынау айтса, мынаған бас шұлғып, өз бағыт-бағдарымыздан адасып қалмайық, әсіресе, ұшқары теріс ағымдағы діншіл элементтерден сақ болайық, ағайын !!!"- деп ескертеді. Бұданда тыс көптеген пікірлер берілген.
Жаттың қолында отырған ағайындар көп нәрсені ашып айтпаса да, кей-кейде басқалай бір амалдармен ойларын білдіріп жатады. Мысалға, жай ғана мына бір материалды ашып көрейік. Біздің алыстағы ағайындарымыз кімдермен бірге жасасып жатыр екен. Әлемдегі ең нәзік жанды саналатын әйелдер қауымы, тура біздің ағайындармен жасасып жатқан жіңішке жолдылар не харакетте екен. Сайтан алғыр, қыздары бұлай істегенде басқалары ше? Ойлауға қорқасың. http://www.kerwen.com/MTV/MtvKorw.asp?id=1187
Ал, Тұран торабына келсек http://www.kzturan.com бұл жерде: Куә бол студиясы, қазақша әріп сәйкестіргіш және сұхбат сынды үш үлкен бөлімнен тұрады. Сұхбат бөлімінде де көптеген қызықты материалдармен танысуға болады.
Қытай қазақтарындағы көлемді сайттардың бірі Күлтегін сұхбаты http://www.kultegin.com/bbs осы сұхбатта Үйсін атты оқырман "Дүлдүл әдебиет сыйлығы" атты тақырыпта Жаңа ғана 3 - арнадан «Дүлдүл» әдебиеті сыйлығы жөніндегі хабарды көрдім, «Дүлдүлдің» аужайын аңдасам баяғыдағы Ардақ Нұрғазының мақаласы әлі де таразы басып тұр ма екен деймін. Сіздерше қалай?" деп сауал жолдаса http://www.kultegin.com/bbs/viewthread.php?tid=10200
Еділ: «Ол туралы үндемей-ақ қояйық. Дүлдүл сыйлығын барлығы алып шығады кезекпен. Тек сол кезектің қалай қатарға тұратынында ғана тартыс болып жатады. Одан өзге дәнеңе де жоқ».
Мәдениет: «Есіл тордостың айтқаны тура. Басқа қаламгерлердің сыйлық пен атақ-даңық туралы өз ұстанған жолы болуы мүмкін. Бұл күнде сйлық және басқа осы тектес бір дүниелер туралы айтудың да қажет шамалы. Бұл біреулерге жаман атты болудан сақтану маселесі емес. Менше бір қаламгер үшін бәрінен маңыздысы шығармашылықпен шұғылдану, жақсы туынды жарату, оқырмандарының көңіл төрінен орын алу. Ал, ақын-жазушылыққа жат қылықтар түбі тектелмей қоймайды.
Дүлдүл сыйлығының бар болғанына шүкірлік! жоғары-төмен шапқылап, қатысты орындардың қолдауына ие болып, қаржы топтап, шаршап-шалдығып, сыйлықтың үзбей таратылып тұруына кепілдік еткен қатысты орындар мен журнал редаксияларына және ондағы азаматтарға рахыметтен басқа айтарымыз жоқ!»
Қазғақ: «Сыйлық тарату науқанынан жалықтым. Мен де көп сыйлық алдым. Бірақ біз қай өреге жеттік? Білмеймін. Соған күдіктенем. Шынын айта салайын, атақ алуға, таныстыруға тура келгенде т.б. ларда сыйлықтың атқарар рөлі бар екен. Жалпы бағалау жұмысының болғаны абзал. Бұл жағын Мәдениет айтып өтты. Оған қосыламын. Тіліміз шыбарланып кетіп барады, оның үстіне нағыз дарынмен әдебиетке кіріспей, жүрекпен жазбай сапалы шығарма жарыққа шығар ма?»
Мәдениет: «Қазақ ақын-жазушылары ғана емес, Қазақ халқы жан-жақты үлкен сынға дөп келді! Қазақ халқы ғана емес, бүкіл адамзат ғаламдану, осызамандану, қала- қалашықтанудың ауыр сынына дүп келді. Енді бір жақтан айтсақ, Қазақ ақын- жазушылары өзінің мол рухани құндылықтары мен тың мүмкіндіктерінен пайдаланып өзін әлем халқына айгілейтін кез де жетті. Әдебиеттің ұлттық сипаты күшті болған сайын, дүниелік сипаты күшті болады. Қазақ әдебиеті алдымен Қазақ оқырмандарының әдебиеті екенін ұмытпаған жөн. Өз ұлтын мойындатпаса өзгені мойындатуы нағайбыл. Десе де Гарсия Маркес, Орхан Памуктердің шығармаларының шетелдегі оқырманы өз елінен әлде қайда неше есе көп екенін де ескерген абзал. Маселе әдебиетке қай жолмен қалай келуде тұр. Адамзат баласы қазыр өмір сүру мен дамудың кеңістігін сақтап қалу және кеңейту жолында қиян-кескі басекеде келеді. Бұл басеке бізді әлі талай қалжыратады, торықтырады, толғандырады. Сол үшін мезеттік торығуды, толғануды жаңалықтың бастамасы, адамзатқа үлгі болар ұлы да ізгі істерді бастау алдындағы тынығу деп қабылдайық! Ел аман, заман тыныш болса бәрі де оңына бағады. Міне, бұл мың өліп, мың тірілген Қазақ рухы - дала рухы!»
Қазғақ: «Мәкең дұрыс айтты, ашынып айтты, күйіне айтты, Қазақ әдебиеті үшін! жан дүниесімен уайым шеккені көрініп тұр. Бүгінгі мына ғылым дамыған, компьютер лездігі заманы адамзатты аздырып жыберді ме деп ойланып барып, қателесуден сақтана, өзім де соның игілігін көріп жүргенім үшін ол ойымнан уақытша шегініс жасаймын. Роман жазылар, ал киноның алдында, оқырманынан айырлып қалар; өлең жазылар, жинақ боп шығар, ал у-шу зорекер үн табақтардың дыбыстық пысықтығынан жасқанар...
Сол үшін жаңа бір Оң мен ортаның сұранысына үйлесетін тез қимылды әдебиет арнасына көше аламыз ба? дегенге қонақтаймын, әдебиет маманы болмасам да, өзімше».
Мәдениет: «Автор кім үшін жазады деген сұрау туралы Орхан Памук: қиялындағы яғни көңіліндегі оқырманы үшін жазады депті. Тағы бір жазушы венгериялық Нобель әдебиет сыйлығын алған еврей жазушысы, Гитлердің лагерінде болған, атын есіме ала алмай тұрмын: мен өзім үшін жазамын деген соң сергіп, жеңілденіп қалдым деген, мұнан басқа да жауап көп, әр жазушының ұстанған жолы ұқсамайды. Соған қарай кім үшін жазатыны айқындалады. Бірақ кім үшін жазатынын тура таңдай алмай далада қалғандар да аза емес, жазушылық та нысанаң мен талантың сайкеспесе, өзіңді өзің шамалай алмасаң сонан өткен бейшаралық жоқ. Жазушы өзінің әр сөзі үшін жауапты. Яғни ана тілдің ең адал қорғаушысы, жоқшысы, зерттеушісі, орнын таппай қолданған сөздерің өзіңді іздеп табады», - деп пікір таластырады.
Бәрін айт та бірін айт, шетелдегі бауырластарымыздың ой-санасындағы ұлттық идея, ұлтшылдық сезім мақтауға, мақтануға, үлгі тұтуға тұрарлық деп ойлаймыз. Қазақтың бар жерде де жалауы жығылмасын деп тілейміз. Ұлтын сүйетін, ұлты үшін қуана білетін, қамыға білетін азаматтар көбейе берсін. Сонымен осы аптаға жібергеніміз осыншалық. Келер аптада, ағайын, бұданда толығырақ, көлемдірек шолу жасайтыныма сеніңіздер.
«Абай-ақпарат»