Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Жаңалықтар 6598 0 пікір 30 Қараша, 2010 сағат 21:17

Қарлыға Ибрагимова. Интернет не дейді, ел не дейді?

Интернетте жоғарғы биліктегілер туралы алыпқашпа әңгіме жиілеп кетті. Қайсысы рас, қайсысы өтірік, біле алмай дал болдық. Айтылғаны айтылған жерде қалғанмен, ел іші біраз дүрлікті.

Интернеттің де әлгі бір «боевик» кинолардағы құлтемірлер тәрізді екенін осы жолы анық сезіндік қой деймін. Біреудің ар-намысына тиетін, қаралайтын, болмаса арандататын ақпаратты салып жіберсе, сол атыс-шабыс кинолардағыдай дүниені қопаруы мүмкін екен. Талайдың тілерсегі дірілдеді, жауырыны қалтырады. Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев, Бас прокурор Қайрат Мәми секілді өзіне де, сөзіне де мығымдар былқ етпеді, бірақ. Бұрын мәселен, бұл екеуінің де жаман аты шықпаған, сондықтан ел де аса сене қоймады. Алайда, елеңдеген құлақ анық жауап таба алмай, елеңдеген қалпы қалды.

Интернетте жоғарғы биліктегілер туралы алыпқашпа әңгіме жиілеп кетті. Қайсысы рас, қайсысы өтірік, біле алмай дал болдық. Айтылғаны айтылған жерде қалғанмен, ел іші біраз дүрлікті.

Интернеттің де әлгі бір «боевик» кинолардағы құлтемірлер тәрізді екенін осы жолы анық сезіндік қой деймін. Біреудің ар-намысына тиетін, қаралайтын, болмаса арандататын ақпаратты салып жіберсе, сол атыс-шабыс кинолардағыдай дүниені қопаруы мүмкін екен. Талайдың тілерсегі дірілдеді, жауырыны қалтырады. Вице-премьер Өмірзақ Шөкеев, Бас прокурор Қайрат Мәми секілді өзіне де, сөзіне де мығымдар былқ етпеді, бірақ. Бұрын мәселен, бұл екеуінің де жаман аты шықпаған, сондықтан ел де аса сене қоймады. Алайда, елеңдеген құлақ анық жауап таба алмай, елеңдеген қалпы қалды.

Өздері туралы қауесет таратушылардың кімдер екенін, не үшін олай істегенін олар білмей отыр деп сарыауыздың сөзін айтудан аулақпыз. Шетелдік интернет жүйесі арқылы ішкі жүйеге сөз жүгірткендердің әр ақпаратқа қанша ақша төлегені де белгілі деседі. Біреулер тіпті бір ақпараттың құны елу мың доллар дегенді айтады. Сонша ақша бір емес, бірнеше мәрте желге шашылғанда, Шөкеев те, Мәми де селт етпей, өз жұмыстарын істеп жүрді. Бәлкім, «итпен ит болмайық» деген шығар, десе де олардың атынан бәрібір біреудің сөйлеуі керек қой. Бірі еңбектің қараторысы атанған, екіншісі де сыралғы, сырмінез екі азамат «жаман» дегенге жаман болып қалған жоқ, әрине. Жақсы азаматтар бұрынғыдай өз істерін қалтқысыз атқарып жүре берер, мәселе онда да емес. Интернетпен тараған осы қауесеттерге байланысты көңілде ептеген сыз қалғаны болмаса.

Конституциямыздың 20-бабында: «Қазақстанның кез келген азаматының еркін пікір білдіруге, жариялауға құқығы бар және оны жариялағаны үшін жауапқа тартылмайды», - делінген. Бір әңгіменің басы қылтиса, әркім осы бапқа сүйеніп, өзіндік пікір айтып, болжам жасайды. Сол пікір мен болжамдар интернетте бой көрсетсе болды, біздің қоғам оны пікір, болжам деп емес, шындық деп қабылдап қалып жатады. Кейде мұндай ақпараттар рушылдық пен жікшілдікті, тіпті ұлтараздықты қоздырып жіберуі мүмкін. Діни арандатушылық та осыдан бастау алады.

Күн сайын емес, сағат сайын, сәт сайын жаңалықтармен толығып отыратындықтан, ғаламтордың іздегеніңді заматта тауып беретін ғажайып мүмкіндігін, пайдасын жоққа шығаруға болмайды, әрине. Бұл жағынан оның пайдасы зор. Сонымен бірге жат пиғылдағы кісі интернетті экстремистік, арандатушылық, қоғамға жат нәрсені насихаттау секілді мақсаттарға пайдалануы ғажап емес.

Былтырғы жылы интернет туралы Заң жобасы мәжілісте талқыланғанда бірқатар БАҚ өкілдері, қоғамдық ұйымдар сөз бостандығы шектеледі деп қарсы болдық. Сөз бостандығы, демократия дегенімізбен де, интернет те құлтемір сияқты екенін жоғарыда айттық. Құлтемірге «ессіздер» иелік етіп, ақпараттық айтысу интернеттік, ақпараттық соғысқа ұласып, елді еліктіріп әкетуі де мүмкін ғой. Мысалы, жоғарыдағы интернеттік итіс-тартыстан көңілде қалған сыз - «оңтүстік топ», «солтүстік топ» деген пәле тағы қоздады. Шөкееві болсын, Мәмиі болсын, «ана жақтың адамы», «мына жақтың адамы» деуге еш келмесе керек. Олардың екеуі де бүкіл Қазақстанға қатысты жоғары лауазымды қызмет атқарып отыр және білуімізше, адал атқарып отыр. Әлгіндей қауесет таратушылардың жекелеген шенеуніктерді руына, жүзіне қарап бөлу арқылы ел-жұртты да бөлу, бөлшектеу мақсаты болмағанына кім кепіл?!

Жапонның сарай маңындағыларының өздерінен ойы озық бір самурайды императорға жамандап-жамандап, ақыры сендіріп тынатыны туралы бір ертегісі бар. Сонда әлгі самурай: «Басымды өзенге лақтыртыңыз» деген екен. Ол енді ертегі ғой, әйтсе де ағыспен төмен ақпай, өрге аққан бас мемлекет ісіне адал берілгенін ақыры дәлелдеп шыққан көрінеді. Міне, ел ісіне, мемлекет ісіне берілгендіктің белгісі.

Менің ойымша, қанша дегенмен жоғарыда аттары аталған екі азамат осы мемлекетшілдігі жағынан ана самурайдай көзсіз болмаса да, талайдан ілгері екенін жұртшылық біледі. Олар және біреу, екеу емес, сондықтан жаппай жамандай беруден кейде саналы түрде аяқ тартқан да жөн шығар. Әсіресе, ерге де, елге де абырой әпере қоймайтын жоғарыдағыдай арандатушы ақпаратты қабылдау иммунитетімізге сын екенін де ұмытпағанымыз абзал.

«Құлтемірлер соғысы» дегенде осыны айтқымыз келген. Ақпараттық қауіпсіздігі әлі дамып үлгермеген елді «құлтемірлер соғысы» күйретіп кетпесін. Интернетке еріп, өзіміз де құлтемір болып кетпейік, сөздің қысқасы.

Тақырыпқа тұздық:

Ғалия Әженова, Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қорының жанындағы Қоғамдық сараптама орталығының жетекшісі:

Интернет секунд сайын жаңа ақпаратпен толығып отырады. Сайтты арандату мақсатында біреулер интернетке ұлтқа, өзге дінге, белгілі бір тұлғаға немесе бір оқиғаға қатысты ақпаратты коммент арқылы жаудыртады. Осы кезде өсек-аяңға құрылған, біреудің әдейі жасалған жаман пиғылдағы әрекетінен туған түрлі мақсаттағы ақпараттар да түседі. Газетке келген материалдарды тілші немесе редактор қадағалап, тек керегін газет бетіне шығарса, сайтта өйтіп қадағалауға мүмкіндік тіптен болмайды. Толассыз ақпаратпен жанталасып жатқанда, барлық дүниені оқып отыруға модераторға уақыт жетпей де жатады. Сол себептен де шығар, қазір сайттарда қадағалаудың үш түрі бар: бірінші - алдын ала коммент түскен кезде қарап шығу (премодерация), екінші - факті орын алғаннан кейін модерация жасау, үшінші - комменттердің авторын тіркеу арқылы оларға өз пікірін жазуға мүмкіндік жасау. Модерация дегеніміз - редакциялау, түзеу емес, ол тек қана заңға қайшы келетін комменттерді жібермеу, тосқауыл қою. Бірақ, ондай жұмыспен айналысу үшін модератор мемлекеттік тілмен қатар ресми тілді де білгені жөн. Ол өте сауатты адам болуы керек. Заңгерлік білімі болса, тіптен жақсы. Тәптіштеп бұған неге аса назар аударып отырмын? Өйткені, біреудің сауатсыздығының себебінен сайттың болашағына, оқырманына зиян болуы мүмкін. Көп жағдайда мұндай ақпараттар бүркеншек атпен беріледі де, кім жазғанын таба алмай, сайт кінәлі болып шығады. Интернет туралы Заң жобасы талқыланғанда БАҚ-тың құқығын қорғайтын ұйымдар бірауыздан: сайт, блог, коммент - қадағалауға келмейтін технология. Ертеңгі күні арам пиғылмен сайтты жабу мақсатында диверсия ұйымдастырылуы мүмкін деп ескерткенбіз. Әрі біреудің қасақана жасаған әрекетіне байланысты сайттарды жабуға жол бермеу үшін интернетті БАҚ-тың қатарына қоспауды өтінген болатынбыз. Алайда, біздің уәжіміз ескерілмеді.

Ғаламторды «бүкілдүниежүзілік шырмауық» деп бекер айтпаған. Мәселен, сайтта жарияланған ақпарат 1 секундта мыңдаған шақырым жерге жетеді. Бірнеше минуттың ішінде ақпарат сан мыңдаған шақырымға, барлық аймаққа тарайды. Сайтта жарияланған ақпарат ұлтараздықты қоздыруы мүмкін. Саралаусыз шығып кеткенін сайт модераторы біліп, артынша алып тастағанның өзінде ақпарат талай жерге тарап, көп адам оқып үлгереді. Бірақ, бұл ұлтқа қатысты ештеңе жазбаңдар дегенді білдірмейді.

Дегенмен, интернет Заңы қарастырылғаннан кейін интернеттің жауапкершілігі де өсті деп айтуға болады. Ол да соңғы өзгерістерге байланысты БАҚ есебіне кірді. Барлық БАҚ-қа қатысты жауапкершілік, құқық мәселелері интернетке де тікелей қатысты. Жарияланған материалдарды сараптап, күмәнді ақпараттарды анықтап, көз жеткізетін болса, ешбір заң бұзылмас еді. Адамдар да құқықты жақсы білетін, саналы азамат ретінде бір-бірімен жақсы қарым-қатынаста болар еді. Жалпы билікте жүрген адамдар да түрлі ғой. Біразы өзі туралы ана журналист былай депті, мына БАҚ былай деп жазыпты деп журналистерді сотқа сүйрей бермейді. Көпшілігі БАҚ-та түрлі өсек-аяң да, біреулердің әдейі таратып жіберген мәліметтері де жүреді деп санайды. Өкінішке қарай, қит етсе, қойылған сауал, күмән, болжам немесе жай пікір үшін журналистерді қайта-қайта сотқа сүйрелейтіндер де аз емес. Күмәндануға, сұрақ қоюға журналистің толық құқы бар. Белгілі бір мәселеге қатысты өзіндік сауалы, ой-пікірі, болжамы үшін жауапқа тартылмайды. Бірақ, пікір айтқанда дәлелі жоқ бола тұра тұжырым жасап, біреудің заң бұзғаны жайлы кесім айтып, моралдық нормалардан ауытқыса, жауапқа тартылады.

Айдос Сарым, саясаттанушы:

Егер мемлекеттік органдардың, басшылардың баспасөз қызметтері дұрыс жұмыс жасайтын болса, интернетте өсек-аяң, алыпқашпа әңгімелер болмас еді. Қоғамда шынайы демократиялық күрес, демократиялық көзқарас қалыптасуы керек. Өкінішке қарай, саяси партиялардың бәрі маргиналданып жатыр. Сондықтан, өсек-аяң бүгінгі күннің басты тақырыбына айналып шыға келеді.

Белгілі тұлғаларды интернет арқылы қаралау, өсек-аяңға іліктіру әлдекімдердің әдейі жасаған әрекеттері болуы мүмкін. Газет пен теледидар арқылы мұндай ақпаратты тарату мүмкін емес. Интернет белгілі деңгейде еркін пікір алаңы. Сол себепті, кейбір адамдар оны өз мүдделеріне пайдаланып жатады. Шетелде сайт арқылы саясаткерлерді қаралаудың белгілі деңгейде ставкасы да бар көрінеді. Егер біреуді қаралайтын ақпаратқа тапсырыс берілер болса, біздің елде де сондай жүйенің пайда болуы әбден ықтимал. Интернетке ақпарат салудың техникалық түрлі жолдары бар. Мұны әлемдік тәжірибеден жақсы білеміз. Қоғамдағы бүкіл мәселе, айтыстар, теке тірестер ашық талқыланар болса, ғаламтордағы ақпараттың жарылған бомба тәрізді әсері болмас еді.

Интернетті БАҚ-қа теңеу дұрыс емес. Мұны кезінде интернет туралы Заң жобасы қарастырылып жатқанда да айтқам. Мемлекеттік органдардың интернетті қадағалауға қауқары да, мүмкіндігі де жоқ. Интернет туралы Заң жобасы кезінде бірқатар белгілі тұлғалардың ақпараттық ресурсына қатысты болып, соған қарсы жасалған. Оның қоғамға тигізер пайдасы да, аса бір зияны да жоқ.

Интернеттің шығу тарихы

1957 жылы Кеңестер Одағы жасанды жер серігін ғарышқа ұшырғанда, АҚШ Қорғаныс министрлігі «егер соғыс бола қалған жағдайда Америкаға сенімді ақпарат алмасу жүйесі қажет болады» деп есептеген. Бұл жүйені әлемді дүр сілкіндірген сол оқиғадан кейін АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының қызметкерлері ойлап тапқан көрінеді. Осы мақсатта Лос-Анджелес, Юта және Калифорния штаттарындағы университеттерге және Стэнфорд зерттеу орталығына компьютерлерді бір-бірімен жалғайтын желі жасау тапсырылады. ARPANET деп аталатын жоба 1969 жылы 29-қазанда төрт мекеменің компьютерін телефон арқылы байланыстырады. 1973 жылы бұл желіге телефон сымының көмегімен Ұлыбритания мен Норвегияның ұйымдары қосылып, желі халықаралық сипат алады. Мұнан соң ARPANET дамып-жетіліп, оны түрлі ғылым салаларында пайдалана бастайды. 1983 жылы ARPANET интернет ұғымына ауыстырылады. 1984 жылы ARPANET-ке бәсекелес NSFNet атты желі пайда болды. Ал 1988 жылы интернетпен нақты уақытта сөйлесу (чат) мүмкіндігі туады.

1989 жылы Еуропада бүкіләлемдік тор концепциясы дүниеге келеді. Оны ағылшын ғалымы Тим Бернерс-Ли ұсынып, екі жыл ішінде интернетке ақпарат салуға қолданылатын HTTP протоколын, HTML тілін және URI идентификаторларын ойлап табады. 1990 жылы ARPANET желісі NSFNet желісімен бәсекелестікке шыдай алмай, өз жұмысын тоқтатады. Алайда, ARPANET жойылғанмен, интернет ұғымы жоғалмайды. Осы жылы өзге желілермен интернетке қосылу ойлап табылады. 1991 жылы интернетте бүкіләлемдік тор пайда болады. 1996 жылдан бастап бүкіләлемдік тор интернет деп аталды деуге болады. 1990 жылдары ғаламтор сол уақыттағы желілердің көпшілігін біріктірді. Оның техникалық стандарттары ашық, басқаратын белгілі бір компания жоқ болғандықтан, интернеттің дамуы жекелеген желілердің бірігуіне көп әсерін тигізді. 1997 жылы интернетке 10 миллион компьютер қосылып, 1 миллионнан астам домендік аттар тіркелген болатын. Содан бастап интернет ақпарат алмасудың ең тиімді құралына айналды.

Электронды поштаның тарихы

Электронды поштаның пайда болуын 1965 жылға жатқызуға болады. Осы жылы Массачусетк технологиялық институтының қызметкерлері Ноэль Моррис пен То Ван Влек, CTSS (Compatible time sharing system) операциялық жүйесіне арналған MAIL бағдарламасын жасаған. Ол ең алғаш IBM 7090/7094 компьютеріне орнатылған.

Түпнұсқадағы тақырып: ««Құлтемірлер» соғысы күйретіп кетпесін »

«Ақ желкен» журналы», 16-19-беттер, №11, 2010

 

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963