Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 10576 3 пікір 3 Қазан, 2017 сағат 12:10

Фольклор - халықтық тәрбиенің озық үлгісі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан жаһандық ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында «Мемлекеттігіміздің тұғырын мызғымастай нығайта түсу үшін бізге әлі талай өткелі күрделі, өкпегі көп бұралаң жолдардан өтуге тура келеді», - деп ескерткен болатын. Әсіресе, әрбір күн террорлық актілер мен ондаған адамдардың қаза тапқандары туралы хабарларды  жеткізетіндігін айта келіп, бүгінде халықаралық терроризмнің әлемге елеулі қатер төндіріп тұрғандығына үлкен алаңдаушылығын білдірді. Елбасы айтқандай, жаңа жаһандық өмір шындығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүмкіндіктеріміз негізіндегі біртұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек. Бұл ретте әрбір Қазақстандық бей-жай қалмай, өз үлесін қосқаны жөн.

Үстіміздегі жылы Ақтөбеде, Алматыда жан түншігерлік оқиғалар болып, жат ағыммен санасы уланған кей отандастарымыздың теріс әрекеттерінен апталдай азаматтар опат болды. Жастардың санасының жат елдің саясатымен улануынан, арам пиғылды ортаның ықпалынан шыға алмай, өз дінінде, ділінде жоқ әрекеттерге шімірікпей баруынан тәрбиедегі ақтаңдақтардың салдарын көреміз. Осыдан келіп, жастарға, әсіресе бүлдіршіндер мен жеткіншектерге ұлттық құндылықтармен суғарылған ұлттық тәрбие беру керек деген қағиданың дұрыстығы дәлелдене түседі.

Адам баласын басқа тіршілік иелерінен ерекшелендіріп тұратын қасиеттердің біріне оның қиялдай алуын жатқызуға болады. Өйткені адам қиялдау арқылы сыртқы дүние заттары мен құбылыстарының субъективтік образдарын қайтадан жаңартып, өңдеп, адамға ғана тән психикалық үдеріс тұрғысынан модельдендіре алады.

«Жаратылыстың құшағында, меруерт себілген көк шатырдың астында, хош иісті жасыл кілем үстінде, күнмен бірге күліп, түнмен бірге түнеп, желмен бірге жүгіріп, алдындағы малымен бірге өріп, сары сайран далада тұрып өсетін қазақ баласының қиялы жүйрік, өткір, терең болуға тиісті» деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, қазақ халқының қиял әлемі небір сұлу да кесек бейнелерді өмірге әкелді. Қиял адамның барлық психикалық құбылыстарымен ұштасып жатады. Ол әсіресе, ойлау және ерік тәрізді үдерістермен тығыз байланысты. Өйткені алға қойған мақсатты жоспарлап, жүзеге асырудың жолдарын қиялсыз іздеу мүмкін емес. Ойлау белсенділігі адамды шығармашылық әрекетке жетелейді. Ал ондай әрекет қиялдың өте күшті дамуын қажет етеді. Бала қиялындағы фантастикалық образдардың өзі оның танымын кеңейтетіндігі, қоғамдық тәжірибені меңгеруге жағдай жасайтыны, мұның өзі баланың психологиясына қатты әсер ететіні туралы психологиялық зерттеу еңбектерінде айтылып жүр [1].

Қазіргі таңда жалпы білім беретін мектептердің дамуында жағымды өзгерістер және оқыту мен тәрбиелеу ісінің ұтымды жақтары ашылып жатқанымен, оқушылардың жеке басының шығармашылық жақтарына терең үңіле бермейміз. Мектеп оқушыларына әдебиеттік оқу сабақтарында жазба жұмыстарын орындай отырып, тілдік құралдарды өз тәжірибесінде пайдалана білудің ғылыми-әдістемелік жолдарын көрсетіп, ойын жүйелі түрде дұрыс айта және жаза алатындай етіп үйрету – бүгінгі заман талабы. Мұның себебі, біріншіден, тіл – адам мәдениетінің, интеллектісі мен жан-жақтылығының көрсеткіші болса, екіншіден, өз ойын байланыстырып айту және жазу баланың басқа адамдармен еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік береді. Басқалармен қарым-қатынастың тартымды, сәтті болуы адамның өзінің ойын қаншалықты еркін,  тиянақты, жүйелі түрде жеткізуіне байланысты.

Алайда, мектеп оқушыларының қазақ тілін жеткілікті дәрежеде меңгермеуі, ауызша сөйлеумен бірге тілдік қатынастың күрделі түрі - жазбаша сөйлеуді қатар алып жүре алмауы жиі кездесетін құбылысқа айналды. Мұның басты себебі ретінде оқушының шығармашылық қабілеті деңгейінің төмендігін, қиял үдерісінің дұрыс қалыптаспағандығын атағымыз келеді. Абай Құнанбайұлының “…жан қуаты әуелден кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам ол қуатын зорайтады, ескерусіз қалса, ол қуаттар жоғалады, не аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсе жарамайтын болады. Адам ішіп-жеп тән қуатын ғана ойламай, жан қуатын да жетілдіруі үшін қам жеуі керек” [2] - деп тұжырымдағанындай, мұғалім оқушының жан қуатын арттырудың жолдарын іздей білгені дұрыс. Ал оқушылардың жан қуатын арттыратын, халқымыздың сан ғасырлық тұрмыс-тіршілігінен мәлімет беретін, ұлттық мәдениетіміздің деңгейін көрсететін асыл қазыналарымыздың бірі – фольклорлық мұраларымыз. Осы мұраларымызға терең бойлаған адам ел тарихынан мол мағлұмат алады. Бір қарағанда қиял дүниесі болып көрінетін фольклорлық шығармаларда халықтың тарихы, наным-сенімі, дүниетанымы туралы қаншама құнды мәлімет бар. Қарапайым, қиял аралас күйде әсірелей суреттелу фольклорлық шығармалардың өзіндік ерекшелігі болып табылады. Алайда осы оқиғалардың түп негізінде жіті қараған адамға ашылатын терең мағына, құпия сыр мен астарлы әлем жатыр.

Халықтың рухын көтеріп, тіліміз бен ділімізді сақтап қалуға көмектесетін құралдардың бірегейі – ата-бабаларымыз мирас еткен мәдени игіліктер.  Жас ұрпақты өз елінің патриоты етіп тәрбиелеп шығару, жас өркеннің шабыты мен дарынының ашылуына жағдай жасау, сондай-ақ оларды бәсекеге қабілетті азамат етіп дайындау – аға буынның басты мақсаты.  Бұл мақсатқа жету үшін берілетін тәрбие ұлттық дәстүрлерге сүйеніп жүргізілуі тиіс. Ұлттық құндылық мәселесі сөз болғанда халықтың сан ғасырлар бойы жинақтаған алтын көмбесі – халық ауыз әдебиетіне тоқталмай өту мүмкін емес. Өйткені «сөз қадірін – өз қадірім» деп ұққан ата-бабамыз тілі мен діліне, ұрпақ тәрбиесіне қатысты көрген-түйгендерін, насихат-өнегесін халық ауыз әдебиеті арқылы мирас етіп отырған. Аты айтып тұрғандай, халық ауыз әдебиетінің алтын сандығы атадан балаға ауызша жеткізіліп, асыл мұраның қасиетті кілті жатқа айту арқылы табыс етіліп келді. Бертін келе, ел ішіндегі көкірек көзі ашық сауатты азаматтар бұл көмбені хатқа түсіріп, ғасырлар қойнауында жасырынып қалмаудың жаңаша жолын тапты.  Қазіргі электронды ақпарат алудың жолдары кеңейіп, кітап оқу жағы кенжелеп отырған заманда «ел қазынасы – ескі сөзімізді» замана көшімен бірге алып жүру үшін том-том кітап шығару жеткіліксіз. Бүгінгі фольклортанушылардың алдында құнды мұраларымызды жастардың санасына сіңіртудің жаңаша жолдарын табу міндеттері тұр.

Баланың санасына мультфильмдер арқылы сіңіп жатқан жат образдар ойыншық түрінде қолына ұсынылып, қиял әлемін жаулап алады. Балаларға арналған баспа өнімдеріндегі түрлі-түсті суреттер арқылы сәбидің дүниетанымына араласып, сүйікті кейіпкеріне, еліктейтін піріне айналады. Хат таныған жеткіншек, әрине, тәрбиелік мәні зор қазақ фольклорының нұсқаларын емес, сәби күнінен санасына таныс болған кейіпкерлер туралы ақпараттарды іздеп оқиды. Сөйтіп түрі қазақ болғанмен, танымы жат ұрпақтар легі қалыптасады

Ғылым мен техника қарыштап дамыған бүгінгі өркениетті заманда өткен құндылықтарымыздан қол үзе бастағанымыз – ащы шындық. Мұның бір себебі қазақ фольклорлық мұраларының ғаламтор бетінен, интернет кеңістігінен тиісті орнын ала алмай жүргендігінде. Инновациялық технологиялардың жетістігін пайдалана отырып, қолда бар мұраларымызды жастар арасында насихаттау бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Қазақтың ұлттық  болмысы, тілі, мәдениеті, тарихы атадан-балаға мирас болып келе жатқан батырлар жырларында, ғашықтық қисса дастандарында, тарихи өлеңдері мен жырларында сақталған. Фольклорлық кейіпкерлердің портреттерін жасау жастардың ғана емес, ұлттың рухани мұрасын танып-білсем деген  кез келген адамның қиял әлемін қанаттандырады.

Ел арасында кең тараған, қазақ фольклорының құнды жәдігерлері болып табылатын батырлық жырлар, ғашықтық жырлар, тарихи жырларда жастарға үлгі болар біріздендірілетін бас қаһармандар жетерлік. Атап айтқанда, батырлар жыры бойынша «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Төстік», ғашықтық жырлар бойынша «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Ләйлі-Мәжнүн», «Қалқаман-Мамыр», «Айман-Шолпан», тарихи жырлар бойынша «Едіге батыр», «Ер Сайын», «Шора батыр», «Арқалық батыр», «Досан батыр» туралы жыр-дастандар бүгінгі таңда өзінің көркемдік қуатын да, тәрбиелік мәнін де, эстетикалық идеалын да жойған жоқ.

Батырлар жырының ғашықтық жырлар мен тарихи жырлардан жанры жағынан ғана емес, кейіпкерлер портретін сомдауы жағынан да айтарлықтай ерекшелігі бар. Мәселен, батырлық жырдағы бас кейіпкердің бейнесін беруде жыршы батыр келбетін оның іс-қимылы арқылы ғана емес, ғашық жары, астындағы тұлпары арқылы да ашады. Батырдың қарсыласы да осал жау емес.

Батырлық жырлар оқырманға ұлттық рух берумен бірге, этнографиялық ақпараттарды да береді. Кейіпкерлердің киген киімін, қару жарағын, тұлпарының ер-тұрман, әбзелдерін сипаттау арқылы жырау оқырмен немесе тыңдарманды сол тарихи дәуірге жетелейді.

Ел арасында тараған ғашықтық жырлар мен қисса-дастандардың көпшілігі шығыстық сарындағы туындылар. Соның бірі - «Ләйлі-Мәжнүн» дастаны. Оның бірнеше нұсқаларын шығыс шайырлары жырлаған. Бұл қиссаның қазақ тіліндегі нұсқалары да мол. Жырдың қазақы нұсқасынан сол кездегі қазақы танымды, елдің діни нанымын айқын аңғаруға болады.

Ал тарихи жырлармен танысу арқылы тарихи шежірелер мен оқиғалардың тізбесі көз алдыңыздан өтеді. Тарихи тұлғаларға қазіргі беріліп жүрген бағаның ара салмағын түсінуге жәрдемдеседі.

Қазақ фольклорындағы бас қаһармандармен өскелең ұрпақты  таныстыру жастардың көне мұраны білуге деген талпынысын арттырып қана қоймай түбі бір түркі әлемене де еркін бойлауына да жол ашады. Қазақ фольклорының құнды мұраларын насихаттау халқымыздың қоршаған әлемдегі заттар мен табиғи, әлеуметтік құбылыстар туралы наным-түсінігін бүгінгі ұрпақ жатсынбай қабылдауына септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Сая Ағанасқызы Итеғұлова, филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Әлеуметтік лингвистика бөлімінің басшысы.

Abai.kz

 

 

 

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371