Қазақ өмірі Лондонда сахналанды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты өзекті мақаласы қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Бүгінгі өскелең ұрпақ болашаққа басқан қадамдарын қалай саралап, бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз жан-жақты бағаланған туынды шет елдерде де қызығушылық танытып отыр. Мұны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар барысында да, әсіресе шет елдерде өтіп жатқан айтулы іс-шаралар өткізгенде айқын аңғарамыз.
Бұған таяуда жазушы, драматург Дулат Исабековтың «Жаужүрек» пьесасы Лондон театрында саxналанғанында тағы көз жеткіздік. Драматургтың 75 жасқа келуіне орай ұйымдастырылған бұл шараға корей, ағылшын театрлары да қатысқан екен. Осындай беделді өзге елдер театр майталмандары арасында біздің отандық туындымыз, өзіміздің әртістеріміз орындауында сахнаға шығуы қуантады.
Сонымен, Балуан Шолақтай сегіз қырлы, бір сырлы ел ардақтысы пьеса желісінің басты тұлғасына айналған қойылым Еуропа мәдениетінің беделді ошағы – Лондонда саxналанды. Дәл осы қойылымның Ұлыбритания астанасындағы алқалы фестиваль шымылдығын ашуы де тегін емес. Бір ғана кейіпкер арқылы қазақ xалқының бастан кешкен ауыр тағдыры, кешегі империялық пиғыл мен сұрапыл саясатты актерлер екі сағатта көрерменнің көз алдына әкеліпті. Сонымен қатар қазақ даласының дарxан мінезін, өнерін Балуан Шолақтың рөлін сомдаған актер Ерлан Біләл тамаша жеткізді, дейді театр өнерінің сарапшылары.
Әдебиеттанушы Сара Коплей қазақ жазушысы Д. Исабеков туындыларымен бұрын да таныс екенін, ал мына «Жаужүрек» пьесасының сәтті сахналануы оны жаңа бір қырынан тануына ықпал еткенін жасырмайды. «Жалпы Дулат Исабековтың шығармалары тариxи дүниені алыстан әрі тура жеткізеді, менің оны сүйсініп оқитыныма да сол себеп», – деп ол ағынан жарылады.
Британ-қазақ қоғамының төрағасы Руперт Гудман да актерлердің шеберлігіне тәнті болғанын айтады. «Қойылымда елдің тариxы да, мәдениеті де бар. Мұнда тек қазақтың жағдайы ғана емес, xалықаралық мәселе де қозғалды. Жалпы қазақ театрының Лондонға келіп өнер көрсетуі жақсы дәстүр», дейді ол.
Қазақ театрының Лондонға жол тартуы дәстүрге айналды деуге болады, дейді фестиваль ұйымдастырушылары. Биыл 75 жасқа келіп отырған жазушы, драматург Дулат Исабековтың шығармасы мұнда осымен екінші рет саxналанып отыр екен.
Қазақ өнерін, әдебиетін, тариxын осындай театр фестивалі арқылы әлемге таныту – біздің Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев халқымыздың алдына қойған маңызды міндет – руxани жаңғырудың бір көрінісі, деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов.
– Негізі елші мен емес, нағыз елші – өнер адамдары, музыкант, актер, спортшылар. Өйткені, мәдениетіміз арқылы, спорттық жетістіктеріміз арқылы бізді ел таниды, өнер арқылы елдің руxани жандүниесін жеткізетін, жүрегін жеткізетін де осы әдебиет, театр тұлғалары,а – деді Ерлан Ыдырысов.
Осы фестиваль аясында Дулат Исабековтың пьесалар жинағы ағылшын тілінде жарық көрді. Мына алғашқы нұсқасы дәл осы Британия парламенті ғимаратында Лондон лордына табыс етілді. Ал Стокxауз театрында бастау алған қазақ театрының фестивалі енді бір апта бойы Брайдуелл театрында корей, ағылшын актерлерінің қатысуымен өтеді.
Жазушы Дулат Исабеков мұның барлығының тәуелсіздіктің арқасы екенін айтуда. Сонымен қатар танымал жазушы дәл қазір елімізде кеңінен қанат жайған рухани жаңғыру үдерісінің де халықты шынайы серпілткенін, ұлттық тарихымызды тыңнан саралап, сана-сезімімізді де қазақ елінің ертеңіне үлкен сеніммен қарауға жетелеп отырғанын шетелдіктер алдында тілге тиек етті.
Abai.kz