Түрік әскері Сирияға кірді
Түркияның бірнеше әскери техникасы бүгін Сирия шекарасынан өтіп, Идлиб провинциясына кірді деп хабарлады жергілікті тұрғындарға сілтеме жасаған Reuters агенттігі.
Агенттіктің екі дереккөзінің айтуынша, Идлиб провинициясына енген бірнеше түрік әскери техникасымен бірге "Тахрир әл-Шам" жихадшылар жасағы ілесіп жүрген. Бұған дейін Ұлыбританияда орналасқан сириялық адам құқығы жөніндегі орталық, сонымен бірге куәгерлердің сөзіне сілтеме жасаған Reuters агенттігі 8 қазан күні таңертең Идлиб аймағындағы Кафр Лусин ауылы маңында түрік әскерилері "Тахрир әл-Шам" күштерін атқылағаны туралы хабарлаған еді.
Түркиялық телеарналар Сириямен шекараға түрік әскері апарылғаны және Идлиб территориясын атқылағаны туралы хабарлаған.
Анкара әскери операцияны Сирияның Идлиб провинциясындағы "деэскалация" аймақтары туралы 15 қыркүйекте Астанада Ресей, Иран және Түркияның қатысуымен өткен келіссөздерден кейін бастап отыр. Ол келісімде операцияға "Тахрир әл-Шам" қатысатыны туралы ештеңе айтылмаған.
Сенбі күні Түркия президенті Режеп Ердоған түрік әскерилері қолдау көрсететін сириялық көтерілісшілер Идлиб провинциясында ірі операция бастайтыны туралы хабарлап, Түркия өз шекарасы маңында "терроршылар дәлізін" құруға жол бермейді деп мәлімдеген.
Түркия Дамаскідегі орталық билікке қарсы көтерілісшілерді қолдайды, ал Ресей мен Иран президент Башар Асадтың режимін жақтайды.
Abai.kz