Жұма, 22 Қараша 2024
Бұ не мазақ? 6917 2 пікір 16 Қазан, 2017 сағат 12:35

"Қызыл алаң" қымбат па, әлде торғайлық жұрттың денсаулығы қымбат па?

Осы бір дүниені жазбай-ақ қояйын деп едім. Алайда осы бір түйткіл мазамды алып,  ойымды өзгеге бұрдырмай қойды...

Торғай даласында жақында ғана «Ғарыштық зымырандардың  ұшырылуының экологиялық қауіпсіздігі жөніндегі қоғамдық тыңдау» деген  атына заты сәйкес келмейтін бір құпия жиынның өткенінен сайт оқырмандары хабардар болар. Жалпы  экологиялық қауіпсіздіктің қандай болатынын кезінде гептил төгілгенде де немесе Жезқазған даласының қалың өртке оранып, екі адамның өмірін жалмағанда, ең ақыры Торғай даласында ақбөкендер жаппай қырылғанда анық көзіміз жеткен.

Осы қауіпсіздікті сақтау орындарының бұл істе мүлдем дәрменсіз екенін, зымыранның құлау салдарынан болған қасіреттің бәрін табиғаттың төтенше жағдайына жаба салатын оңай тәсіл тауып алғанын тағы да жасыра алмаймыз. Ашығын айтайық, біздің Торғайдың азаматтары зымыранның құлауын мүлдем тоқтату мүмкін еместігін, сонан соң амалсыз көнуге мәжбүр екенін бек түсінеді. Тек халықты алдамау керек. Бұл қазақты аңқау әрі иіс алмас жандар тобырына қосу –  өрескел қателік. Қазақ аңқау болса аңқау болар, алайда иіс алмас емес, қайта өз ақылы өзіне жететін, ғылымның қай саласынан да өзгеге енші бере қоймайтын халық. Осыны түсінбеген билік үнемі қателесуден танбайды. Демек, зымыранның құлауының салдарын жан-жақты талқылап, оның зардаптарын мүлдем жойып жібермесе де, мүмкіндігінше халыққа аз зиян келтеретін жолдарды соқырға таяқ ұстаттқандай етіп делелдеп берсе ғана халықтың көңілі тыншыры сөзсіз. Бір өкініштісі, ауылымызға келген еліміздің еңбек және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім және ғылым министрліктері секілді мүйізі қарағайдай мекемелерден келген үлкен өкілдердің аузынан жөні түзу сөз ести алмадық.

Алайда айтарымыз тіпті мүлдем бұл да емес. Біздің ең алдымен облысымыздың әкімі Архимед Мұхамбетов мырзадан әбден көңіліміз қалды. Осында арнайы ат басын тіреп келгеннен кейін, зымыраннан келетін залалды шемішкідей шағып, халықты тыныштандырудың орнына, қазіргі атқарылып жатқан өзінің қыруар шаруасы мен келешекте тындырылатын ауқымды шаралар жайлы ғана көсіліп сөйледі. Біз, әрине, осы өңірге аса қажетті, Қостанайдан басталып, Арқалық қаласы арқылы Торғайға жететін тас жолдың  салынып бітетіндігіне, ол 2019 жылы аяқталатынына, ал биыл облыс орталығына апаратын Әулиекөл-Жалдама арасындағы жолдың 64 шықырымының жөнделгеніне аса қуаныштымыз. Келешекте табиғи газды қолдан қоюландыру арқылы одан метан жасалып, оны Торғай, Аманкелді, Арқалыққа орнату мақсаты да қолдарлық дүниелер. Осындағы Ақкөл мен Қарасы ауылдарына ауыз су тарту мәселесі де оңды шешімін таппақ.

Тағы да айтамыз облыс әкімінің бұл істеп жатқан шаруаларының Торғай халқының тұрмыстық жағдайын жақсартуға едәуір септігін тигізері сөзсіз. Ол үшін айтар алғысыз да шексіз. Алайда бұл есепке ұқсап кеткен уәделер дәл осы зымыранның зардабы жайлы сөз қозғалатын жиында айтылуы міндетті ме еді?. Ол осында жеке бір келгенде келелі әңгіменің өзегі болар дүние емес пе еді?. Әлде бұл Астанадан келген өкілдердің алдында жақсы атты көрініп қалудың таптырмас тәсілі ме? Түбі мұндай жиынсыз да өзі атқаратын жұмыстарды мұрнынан тізгілегенше, ең болмаса «әлгі зымыранның зардаптарының алапат зиянын сіз бен біз болып бірге көтереміз» дегенінде жиналған жұрт «е, бәсе» деп іші жылып қалмас па еді. Өзі уақытша болса да басқарып отырған өлкеге кішкене ғана жанашырлық білдірсе азаматтық емес пе?. Күні кеше ғана осынау қасиетті өлкеге, кезінде патшаға қарсы бас көтерген батырлар мекеніне тағы бір қас батыр Кейкінің басын әкеліп, кесене орнатқанда басы-қасында болмап па еді.

Біздің халық басшы азаматтарды қашанда сыйлай білген. Жағымпаздықтан емес, олардың білім-парасатына, өзгелерден жоғарырақ тұруға тиісті ақыл-ойына сеніп, халықтың жағдайларын жадынан шығармайтындығына құлай сенген. Сондықтан өздеріне зиянды болса да, мемлекеттіктің мүддесіне сәйкес келетін шешімдерін ақыл таразысына салмай, көзсіз қарсы шықпаған. Біздің халық міне осындай терең түсінігі бар, асығыстығынан ақылдылығы басым халық. Демек, қандай да деңгейдегі билік осынау қарапайым ғана қағиданы ұмытып кетпегені мақұл. Халықпен тең дәрежеде сөйлессең ғана беделің артып, абыройың асады. Тек біздің биліктегі біраз тұлғалардың осыны естерінен шығарып алатыны өкінішті. Ал халық бәрін көріп, біліп отыр. Үндемегені қорқақтық емес, қанына біткен сабырлылығы.

Мінекей, аяқ астынан өткен құпия жиыннан түйген бір ойымыз осы еді.

Айтпақшы, облыс әкімінің тағы бір қуантқаны, торғайылық бауырларымның басына түсетін зымыран қалдықтарын жоюға Жанкелдин ауданының бюджетіне жыл сайын 152 миллион теңге түсетін көрінеді. Бұл Қостанай шаһарының қақ ортасында салынатын Қызыл алаңның кірпішіне ғана кететін соманың ширегіне де жетпейді. Сонда облыс орталығының сәнін келтіреді дейтін Қызыл алаң қымбат па, әлде торғайлық жұрттың денсаулығы қымбат па? Енді оның жауабын өздеріңіз де шешіп керерсіздер. Бала емессіздер ғой.

Жәнібек Әділбеков

Abai.kz

  

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5329