Сенбі, 23 Қараша 2024
Бетбұрыс 6626 20 пікір 8 Қараша, 2017 сағат 11:03

Күнгейден Қостанайға көш келе жатыр!

 

Осы бір мәселе көптен бері көкейімізден кетпей қойған еді. Ол -- оңтүстіктегі қалың орналасқан ағайынның бір бөлігін осындағы босап қалған ауылдар мен жұмыс орындарының орнын толтырып, терістектегі жеріміздің іргесін бекіту. Мұндағы бөтен ұлттың өкілдері Қазақстанды Отаным деп санамайтындықтан көрші елге қарай көш басын түзегелі қашан. Олар бір кездері, тіпті, үдере көшіп, талай ауылдар қаңырап қалды. Ол үрдіс қазір де жүруде. Енді мұнда олардың тек таяққа сүйенген кәрі-құртаңдары мен бизнесін ойдағыдай жүргізіп отырғандары ғана қалды. Олардың да түпкі ойы түсінікті. Сәл қысым көрдім деп есептесе болғаны мына таяқ тастам жерде тұрған шекарадан асып жүре береді. Және де бос кетпейді. Әртүрлі қулық-сұмдықпен жинаған мол дүниесін өзімен бірге ала кетеді. Шекара дегеннің ең алысы 200 шақырымнан аспайды. Ал қалтасында қос азаматтықтың құжаты жүргендерді санап жатқан да ешкім жоқ. Ондайлардың кейде тек кездейсоқ жағдайда бет-бейнесі ашылғанда ғана санымызды соғып қаламыз. Бір ғана факті. Өткенде осы Қостанайдағы қаламызды сумен жабдықтайтын аса ірі мекеме, қаржы айналымы миллиардарттарды құрайтын «Тазалық-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі осындай қос азаматтығын жасырған бір қудың қолына кетіп қала жаздады. Оның өзі де екінші сатып алушының тендердің тәртібі бұзылғандығы жайлы қайта-қайта арыз жазып, ақыры Жоғарғы сотқа жеткенде ғана анықталған. Ал олар да байқамаса ше? Сонда дейміз-ау, жергілікті көші-қон полициясы мен КНБ секілді ұйым қайда қараған деген сауал туады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, мәселенің түп қазығы Қазақстан мен Ресей арасында азаматтықты анықтау жөніндегі шартқа көршіміздің қол қоймағандығында екен. Енді олар бізге Қазақстаннның қанша азаматының төс қалтасында Ресейдің төлқұжаты бар екендігін құпия ұстап, айтпайды.Олардың жымысқы ойы түсінікті. «Біз ақырындап ешкімге білдірмей азаматтығымызды бере берейік. Көрші елдердегі қалталыларымыз ондағы стратегиялық мәні бар обьектілерді сатып алып, бізге қарай бағыттай берсін» деген алысты  қамтыған қауіпті идеология. Оның жемісін көріп те отыр. Ресей азаматтығының кезінде Солтүстік Осетия мен Қырым жұртына жаппай таратылғандығын, кейін осыны сылтау етіп солтүстіктегі көршіміз оларды өздеріне қосып алғандығын көпшілік ұмытпаған болар.

Міне осындай қауіптің алдын алудың бірден бір жолы – оңтүстіктегі бауырларымызды осында жаппай қоныстандыру. Бұл бағытта көш қозғалған сыңайлы. Алдағы 5 жылдың ішінде Қостанай облысына 10 мың отбасы біржолата көшіп келмек. Ал биылдың өзінде 30-ға тарта отбасы өңірімізге ат басын тірейтін көрінеді.

--Қазақстанда 2017-2021 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы қабылданды, - дейді Қостанай облыстық ішкі істер басқармасы көші-қон қызметі басқармасының бастығы  Қайрат Дүтбаев. — Мұнда ішкі көші-қон үрдісіне ерекше назар аударылған. Жасыратын несі бар, бұрын біз сыртқы көші-қон мәселесіне көбірек көңіл бөлетінбіз.

Аталған тұжырымдамаға сәйкес Қостанай облысы енді еліміздің оңтүстік облыстарындағы басы артық жұмыс күштері ораналастырылатын аймақ болып бекітілді. Бүгіндері облысымыздың барлық қалалары мен аудандарына ішкі мигранттарды қабылдау жөніндегі квота белгіленген. Бұл жұмыстың оңай болмайтындығы осы бастан-ақ түсінікті. Мәселен, Меңдіқара ауданының әкімі  Ерлан Теменовтың айтуына қарағанда, жуырдағы бес жыл ішінде 597 оралман отбасын қабылдап, ораналастырып, жұмыспен қамтамасыз етуге міндетті. Қазірдің өзінде ауданда арнайы жұмыс тобы жасақталған. Олар осындағы ұйымдарда, мекемелер мен кәсіпорындарда қанша жұмыс орны болатындығын анықтап, тізбесін жасайды.

  • Осы жылдың 1 қыркүйегінде 111 бос жұмыс орны болды,--дейді Ерлан Теменов мырза. – Алда ауданның экономикалық даму жоспарын жасағанда онда оралмандарға да орын бөлінуі керектігін ерекше ескеріп отыру қажет екендігі нақты белгіленеді.

Қашанда ауылы аралас, қойы қоралас қазекемнің бұл жерге де түбі судай сіңіп, тастай батып кетері сөзсіз. Өйткені бәріміз де бір елдің азаматтарымыз. Бөліспейтін ештеңе жоқ. Күні ертең құда-құдандалы болдып, той тойлап дүркіреп жататын боламыз әлі. Құдай соған жеткізсін делік. Көшіміздің жолы оңғарылсын.

Жайберген Болатов

Қостанай

Abai.kz

20 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371