Сирек кездесетін дауыс иесі
Кезінде қазақтың көрнекті ақын Жарасқан Әбдірашев марқұм: «Құлпытас қояр-қоймас басымызға, Ол жағын уақыттың өзі білер», - деп жырлаған екен.
Еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанның» 2016 жылдың 1 сәуір күнгі санында «Жат жұртта жерленген жампоздар» атты мақала жарық көрген еді.
Мақалада жат жерде жерленген, соның ішінде Ресейде сүйектері қалған Бөкей хан Нұралыұлы, Арынғазы хан Әбілғазұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Ғани Мұратбаев, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Нәзір Төреқұлов т.б. сынды Алаштың арыстарымен қатар он сегізінші болып отандасымыз, әйгілі опера әншісі, актер, аса сирек кездесетін дауыс – контральт дауыс иесі, 1992 жылы «Мадам Баттерфлей» спектакліндегі басты рөлі үшін Ресейде «Жылдың үздік актері» атанған Ерік Сәлімұлы Құрманғалиевтің есімі тұр. Алдағы уақытта да қанша қазақтың дарынды ұлдарына жат жерден топырақ бұйырарын бір Алланың өзі біледі.
Әлемде аса сирек кездесетін дауыс иесі 48 жасында 2007 жылдың 13 қараша күні көз жұмып, Москвадағы «Ваганьково» зиратында тыныс тапты. Беу дүние, оғанда биыл он жыл толды.
Театр сахнасына Ерік... Ерік Құрманғалиев... Сәлім – Мерует... Қарапайым қазақ баласы... атымен танылды.
Ол Қазақстан, Ресей, Украина, Латвия, Эстония, Литва, Нидерланд, Бельгия, Венгрия, Югославия, Франция, Греция, Канада сияқты елдердің сахналарында өнер көрсетті.
Еріктің туған нағашысы Гурьев облысы (қазіргі Атырау облысы), Бақсай ауданы (қазіргі Махамбет), 1936-1949 жылдары «Бақсай» кеңшарының, 1949-1958 жылдар аралығында аудандық мал дайындау кеңсесінің директоры, 4 мәрте Новобогат, Бақсай аудандық кеңесінің депутаты болған, елеулі еңбегімен ел есінде қалған еңбек ардагері Зейнеш Сауықов болатын.
Атамыз 1985 жылы Ақтоғай ауылында (бұрынғы Бақсай ауылы) қайтыс болды. Бүгінгі күні ол тұрған үйде ескерткіш тақта қойылған. 1919-1920 жылдары И.В.Чапаев дивизиясының бірінші эскадронында қызмет етіп, өлкеміздегі генерал Толстовтың казактарымен, атаман Серов бандыларымен болған шайқастарға қатынасқан. 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.
Ол кісі жөнінде ел ішінде аңызға бергісіз әңгімелер көп. Ол туралы уақытында бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жарық көрген болатын(Сауықов және Микоян // Жайық шұғыласы, 20 қаңтар 2001 ж.; Ерінбей еңбек еткен ер // Мұнайлы Астана, 19 қараша 2009 ж.; «Көшіп қонуға түйе беріңізші»...немесе атақты шаруагер Зейнеш Сауықов туралы бір ауыз сөз // Атырау, 7 қаңтар 2010 ж.).
Ол кісі Кіші жүздің Беріш тайпасының Бегіс-шабанқара бөлімінен. Атамыздың кіндігінен Орынғали (1923 ж.т.) көкеміз және Жұмаш (1929 ж.т.), Мерует (1932 ж.т.) апаларымыз тарайды. Орынғалидан Файзолла, Қизат, Роза есімді ұл-қыз өрбіді.
Еріктің анасы Мерует Зейнешқызы 1946 жылы Бақсай ауданындағы Таңдай орталау мектебін орыс сыныбы бойынша бітіріп, Алматыдағы В.М.Молотов атындағы медицина институтына оқуға түсіп, бұл оқу орнын 1955 жылы тәмамдады. 1955-1981 жылдары қаладағы денсаулық мекемелерінде педиатр-дәрігер болып қызмет етті. 1982 жылы ауыр науқастан өмірден өтті. Бейіті қаладағы Ноғай бейіті қауымында. Сәлім жездемізде облыстық ауруханада дәрігер болды. 1979 жылы қайтыс болды. Ол кісі Кіші жүздің Әлім тайпасынан.
Апа-жездеміздің кіндігінен Серік (1956 ж.т.), Ерік (1959 ж.т.), Берік (1966 ж.т.) атты ұлдар өрбіді. Серік 2007 жылы қайтыс болды. Берік құрдасым 2000 жылы дүниеден өтті. Артында Сәлім, Ілияс атты ұлдары қалды.
...1983 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтап, арман қуып Гурьев педагогикалық институтына (қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) оқуға түстім. Ағайындардың қалауымен қаланың қақ ортасындағы Ленин көшесі бойындағы, орталық көпірге жақын апа-жездемнің үйіне жатуым ұйғарылды. Апа-жездеміз өмірден озған соң бұл үй бос тұрған болатын-ды. Ерік Москвада оқуда, Серік Жамбыл қаласындағы апасының қолында, ал менің құрдасым Берік нағашыларының қолында Сарайшық кәсіптік-техникалық училищесінде оқитын еді. Сол жылы Орынғали көкеміздің баласы Қизат ағамыз Отан алдындағы әскери қызметін атқарып келіп, Гурьев техникумындағы оқуын жалғастырған болатын. Үйде Қизат ағам, Бақытжамал апамызбен (мәдени-ағарту училищесінде оқыды) бірге тұрдым, үшеумізде студентпіз. Үйге алғаш келгеннен байқағаным дүние-мүліктің жоқтығы мен жардағы шкафтар ішінде күйтабақтардың (пластинкалардың) өте көптігі. Менің қызыға қарағаныма назар аударған Қизат ағам «бұл күйтабақтарды жинаған Ерік қой, тыңдағың келсе тыңдап, кейін өз орнына салып қоярсың»,- деді. Сонымен бірге «Огонёк», «Советский Союз» журналдарының 1953 жылдардан бастап тігінділері сақталған болатын. Жанұялық альбомда Еріктің мектеп кезіндегі әртүрлі шараларда түскен фото суреттері және облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінде Мұнайшылар мәдениет сарайында Жаңа жылдық шыршада өнер көрсеткендігі жөніндегі мақалалар сақталған.
Бәріміз сабаққа ерте кетіп, кеш келеміз. Мен институт жақын болғандықтан олардан бұрын үйге келетінмін, себебі қалада танитын жақын-жолдастарым жоқ, әрі оқуға ерекше ден қойған болатынмын. Сабағыма дайындалып болған соң төрдегі радиолды қосып, күй табақтарды (пластинкалар) бірінен соң бірін жіберіп тыңдаймын. Еріктің П.И.Чайковский, М.В.Глинка, С.В.Рахманинов, Н.А.Римский-Корсаков, М.П. Мусогрский, А.С.Драгомыжский, Ж.Бизе, В.А.Моцарт, И.С.Бах, Д.А.Россини, А.Вивальди т.б. күйтабақтарын ұқыптылықпен қалай жинақтағаны қызықтырушы еді.
Ерікпен алғаш рет 1986 жылдың жазында таныстым. Сол жылы екі жыл әскери борышымды атқарып, армиядан оралған едім. Институттағы оқуымды жалғастыру мәселесін шешіп келіп, ауылда демалыста жүрген уақытым болатын. Шешем марқұм «Балам ертең «Бақсай» қайнағаның үйіне (қайнағаларының есімін атамайтын, Орынғали көкемізді осылай айтушы еді) сонау Мәскеуден Ерік жиен келді деп, кешке ағайын-туыс пен көрші-көлемге шәй беріп жатыр екен, соған бармастан бұрын, бүгін алыстан келген жиенге сәлем бере барып келейік» деді. Қазақта «алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы ақсақал сәлем бере барар» деген қағидаға сүйенген шешем екеуміз түс әлетінде көкеміздің үйіне бет алдық. Аулаға кіргенімде Мүгілсін шешеміздің қасында отырған сүйріктей аппақ, қою қара шашты, ботакөзді әдемі жігітке бірден көзім түсті. Армияға дейін үйдегі альбомдарда сақталған фотоларын көріп жүргендіктен бірден таныдым. Амандық-саулық сұрасып отырғанда байқағаным, сөзіне бір орысша қоспай тап-таза қазақша сөйлеп отырғаны мені сүйсіндірді. Шынында шетте жүріп, қоғадай жапырылған қалың орыстың арасында жүрсе де ана тілін ұмытпай, таза сөйлегені ерекше есімде қалғаны. Бүгінгі күндері өзінің ана тілін менсінбей мұрын шүйіре қарайтындарға нағыз үлгі етуге болатын өнеге демеске болмайды. Біз барғанда түскі аста әзір болып қалған екен. Дастархан басында ауыл-аймақтың жаңалықтарын сұрап, көрші-көлемнің аты жөнін ұмытпай жатқа айтып отырғаны да мені таңдандырды. Арасында нағашы шешесіне «бірге шәй ішетін Сәмия, Әсия, Ақсағи, Төлеш кампандарың аман-саума, ертең үйде болама?» - деп әзілдеп отырды.
Кешкісін Жайықтың жағасына барып, суға шомылып жүріп ән салғаны ауылға естіліп жататын. Кешке мал өрістен қайтқан уақытта малдың алдынан шығып қызықтап қарап тұрушы еді. Шыбын-шіркейден қашқан бота-тайлақтар күлдікте жатса, солардың ыңғайына келгеніне шөгіп жатқан жерінен мініп алып, тырағайлап шапқан тайлақтың үстінде екі етегі делдіейіп Ерік ауылдың шағын көшесін азан-қазан қылып шауып бара жатар еді.
Бақсай ауылындағы нағашысының көрші кемпірлерінің даусын айнытпай салып, нағашы шешесінің киімдерін киіп алып бірде Сәмия кемпір, бірде Әсия кемпір болып шайға шақырып қыран-топан күлкіге батырып жүргені.
Қалада оқып жүрген кезде үйдің қасындағы орталық телеграф үйінен ай сайын Қизат ағамызбен барып Москвадағы Ерікпен сөйлесіп тұрдық. Ол кезде қазіргідей байланыс атымен жоқ, алдына-ала тапсырыс беру арқылы сөйлесетін едік. Ол ағайын-туғандар мен көрші көлемдердің амандығын сұрап, сәлем айтып, қай қалаларда гастрольде болғандығынан хабардар етуші еді.
Кейінгі жылдары Берік қаладан ауылға келіп жүрген кезде Еріктің аман-саулығын сұрастырып тұратынбыз. Телефонмен сөйлесіп тұратындығын, аман-есен жүріп жатқандығын, ағайын-туғандарды, бауырлары Сәлім мен Ілиясты сұрап тұратындығын айтып жүрді.
Елге 2007 жылдың қараша айының қара суығымен Атырау өлкесіне Мәскеуден суық хабар келіп жетті. Ән әлемінде сирек кездесетін дауыс иесінің жүрегі жат жұртта тыныс тапты. Бұл хабарды маған Еріктің Махамбет ауылында тұратын нағашысы Файзолла көкеміз телефонмен естіртіп, марқұмның сүйеген елге алып келу шараларымен айналысатындығын хабардар етті. Өкінішке орай дарынды ұлға туған жерінің топырағы бұйырмады...
Әлемде сирек кездесетін дауыс иесіне туған жерінде көше атын берсе, тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылса деген тілек бар. Осындай игі іс-шаралардың нәтижесінде келешек ұрпақ халқымыздың дарынды ұлдарын еске алып жүрген болар еді.
Аққали АХМЕТ, тарих ғылымдарының докторы
Abai.kz