Ғаламдық терроризммен күрестегі Қазақстанның жолы
Қазіргі әлемде халықаралық қатынастардың көпполярлық жүйеде қалыптасуы, өзара іс-әрекеттердің ғаламдық және аймақтық деңгейде дамуы белсенді түрде жүргізілуде. XX-XXI ғасырлардағы ғаламдық проблемалардың бірі терроризммен күрес қазіргі әлемдік қауымдастықтың даму жолының жаңа бағытына айналды. Сондай-ақ XIX-XX мен XX-XXI ғасырлар аралығында болған террорлық әрекетке назар салғанда екеуінің арасында айырмашылықтың бар екенін байқауға болады. Атап айтқанда, XIX-XX ғасырлардағы террорлық әрекеттерде қылмыскер мен жәбір көруші арасында белгілі бір байланыс бар болса, соңғы кездегі террорлықтан жазықсыз жапа шеккендердің саны өсуде.
Ел ішінде үрей және дүрбелең тудыру мақсатында бір немесе бірнеше адамдар тарапынан жеке адам және қоғам тәртібін, тыныштығы мен қауіпсіздігін бұзатын іс-әрекеттер мен іс-шараларды ұйымдастыру «терроризм» деп аталады. Терроризмнің мақсаты - мемлекеттердің, халықтардың рационалды түрде ойлауларына, бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүрулеріне кедергі жасау. Сонымен бірге қоғамда дүрбелең тудырып, көшеде, жұмыс және дем алатын жерлерде, халықтың көп шоғырланған орталарында, сауда саттық орталықтарында оқу және мәдениет ошақтарында кез-келген уақытта бүлік шығарып, үрей тудыру.
Халықаралық терроризм мәселерін зертеуге көптеген тарихшы-зерттеушілер өз үлестерін қосқан. Швейцариялық Т.Денкердің «Стратегия антитеррора», француздық Робера Саленің «Террористический вызов», батысгермандық И.Беккердің «Дети Гитлера», поляк А. Бернградтың «Стратегия терроризма», венгерлік Е. Ангелдің «Мифы потрясенного создания» деген зертеулерді атап кетуге болады. Зерттеулерде жүзеге асырылған терактілердің болу себептерін, мотивтерін, механизмін, психологиясын ашып көрсетуге ұмтылыс жасалған.
Кейбір зерттеулерге қарағанда, террористік іс-шаралардың басталуы біздің эраға дейін 44 жылы Цезарьды өлтірген жылға негізделеді. Террористік іс-әрекеттерді жүзеге асыратын адам немесе топтасқан қауым «террорист» деп аталады. Террорист жеке адам және қоғам тыныштығын бұзатын, мемлекет тәртібі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін немесе қатерге ұшырататын іс-шараларды, заңға қайшы жұмыстарды іске асыратын жеке және заңды тұлғалар болып табылады.
Күн өткен сайын терроризм мен діни экстремизмнің қаупі жаһандық ауқымға жайылып бара жатқаны рас. Қазіргі кездегі әлемді алаңдатып отырған маңызды діни түйткілдердің бірі, тіпті ғаламдық мәселелердің қатарына жатқызуға да болатын құбылыс – діни экстремизм мен терроризм деп айтуға болады. Ол бастапқы идеялары бойынша дәстүрлі діндерге сүйеніп, олардың өңін айналдырып, бұрмаланған күйде танитын және өзінің сол позициясын ақиқат ретінде дәйектеуге тырысатын бүлікшіл пиғыл тек Қазақстанға емес, дүниежүзіне айтарлықтай қауіп төндіріп отыр. Соңғы жылдары әлемде террористік әрекеттердің жүздегені болып, оның салдарынан мыңдағаны қаза тауып, тағы мыңдағаны ауыр жарақаттар алуда. Террористік актілер тек шиеленіс аймақтарында ғана емес, сонымен қатар дамыған елдерде де орын алуда. Терроризмнің басқа жаһандық проблемалармен байланысы ашық түрде болуда. Сондай проблемалардың қатарында мемлекеттер аралық қатынастардың шиеленесуін, ұлтаралық және діндер арасындағы қатынастардың өткірленуін, халықаралық қылмыстың артуын, заңсыз есірткі айналымын және т.б. айтуға болады.
Терроризм заң шеңберінен тыс жолмен, қорқыныш ұялату үшін зорлық көрсету актілерін жасау арқылы қазіргі кезде территориялық және ұлтаралық қайшылықтарды шешу тәсіліне айналып барады. Халықаралық терроризмнің барлық түрі, ұстанған жалауы мен ұраны қандай болғанына қарамастан, бүгінгі күннің өте ауыр мәселенің бірі. Бүгінгі таңда халықаралық терроризм дінге залалын тигізуде. Дін атын жамылған қылмыскерлер дінге кір келтіруді көздейді. Зорлық-зомбылықтың барлық түрі діндердің ортақ нанымына қайшы келеді. Дүниежүзі бойынша террористік әрекеттің қарқынды дамуы, осы қылмыстар шеңберінің кеңеюіне әкеліп соқты. Біріккен Ұлттар Ұйымы органдарының есебінің бірінде болашақ ғасырда адамзатқа екі үлкен қатер төнетін болады делінген. Сол қатердің бірі – экологиялық апаттар болса, екіншісі – терроризм. Өздерінің қылмыстық мақсаттарын іске асыру үшін террористер барлық зұлымдық әрекеттерді жасауға дайын екені байқалуда. Қазақстан да Орталық Азия аймағының құрамдас бөлігі ретінде халықаралық лаңкестік және діни-экстремистік ұйымдардың назарында тұрғаны рас.
Бүгінде халықаралық террористік ұйымдар өзіндік жеткілікті материалды-қаржылық және адами ресурстарға ие, құрылымы тұрақты, әрі кең таралған жүйеге айналды. Заманауи қарулар мен технологияларды иемденген терроризм қазіргі жаһандану кезеңінде әлемнің кез-келген аймағында тұрақтылықтың бұзылуына ықпал етуде. Қару-жарақ пен түрлі жарылғыш заттар қолдану, әрі адам ұрлап, кепілге алу арқылы жүйелі түрде зорлық-зомбылық көрсету әрекеттері экстремизм мен терроризмді жеке тұлға өміріне, қоғам мен мемлекет мүдделеріне қауіп төндіретін кең масштабты құбылыс екендігін айқындайды.
Діни экстремизм мен ғаламдық терроризм дәстүрлі емес идеялық қаруға айналып отырған экстремисстік көзқарастың барынша жаңаша жүйесінен күш алуда. 2001 жылы 11 қыркүйекте әлемде қатаңдығы бойынша жан түршіктірерлік қайғылы оқиға орын алды. АҚШ-та болған террористік актілер зорлық пен террорды насихаттайтын ыдыратушы күштердің қаншалықты қауіпті бола алатындығын көрсетті. Нәтижесінде бүкіл әлем ғаламдық қауіп алдында терроризмге қарсы бірікті.
Қазіргі гүлденген Қазақстан – тұрақты экономикалық өсімі бар, қоғамдық келісім мен орнықты саяси жағдайы қалыптасқан көп ұлтты және көп конфессиялы ел болып табылады. Ертеңгі күнгі өзінің алдына қойған мақсатына жету үшін дүние жүзіндегі дамушы мемлекеттер қатарына қосылуға нық қадам басуда. Қазақстан Республикасы қоғам ретінде өзіне тән саяси-әлеуметтік, экономикалық және рухани жүйелерден тұрады. Әлемдегі діни ахуалдың күрделі сипатқа ие болғаны соңғы уақыттағы зерттеулерден белгілі болып отыр. Бұл үдеріс өз алдына Қазақстанға да әсер етіп отырғаны мәлім. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары адамдардың ойы мен санасында әлеуметтік-экономикалық мәселелер бірінші орынға шығып, рухани құндылықтардың кешеуілдегені орын алды. Қоғамда пайда болған осы рухани бостықтың орнын басқа елдерден келген әр түрлі діни идеялар толтыруға тырысып белсенді әрекет етті. Соның салдарынан Қазақстан азаматтарының арасында кереғар ағымдардың шырмауығына түсіп, радикалданып, экстремистік көзқарасқа шалдыққандар болды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы әлемдік деңгейде жүргізіліп отырған экстремизм және терроризмге қарсы күресте өз деңгейінде белсенді түрде қатысып келеді. Оның айғағы ретінде, қазіргі таңда бес жылға жоспарланған «Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған бағдарлама» жасалып, қазір іс жүзінде орындалуда. Сондай-ақ, 2015 жылғы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының салтанатты 70-ші сессиясында сөйлеген сөздерінде жалпы әлемдік қоғамдастыққа ортақ мәселелерді көтерді, келелі ұсыныстарды ортаға салды.
Аталмыш сессияда Елбасы осы ғасырда адамзаттың ең басты міндеті әлемді соғыс қатерінен арылтатын және оның себептерін жоятын стратегия – Жаһандық Стартегиялық бастама – 2045 жоспарын әзірлеуді ұсынды. Оның басты мәні – адамзаттың дамуы үшін жалпыға ортақ жауапкершілікті орнықтыру болып табылады. Елбасының ұсынысымен Ұйымның қолдау көрсетуімен халықаралық терроризм мен экстремизмге қарсы тұра алатын бірыңғай әлемдік желі құру мәселесін көтерді. Елбасының ұсыныстарының барлығы әлемдік маңызға ие, өткір әрі өзекті мәселелер екендігін танымал саясаткерлер мен сарапшылар атап өтуде.
Қазақстанда барлық халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне тыйым салынған. Қазіргі таңда Қазақстан ТМД Терроризмге қарсы күрес орталығы, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы Терроризмге қарсы аймақтық құрылымы сияқты ұйымдардың мүшесі, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес желісінде халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытқан және әлі де дамытуын жалғастыруда.
Елбасы дәстүрлі дін туралы айта келе, бүгінде біздің халқымыз үшін терроризм, радикализм, экстремизм сынды мәселелер мен жалған діни ағымдардың қоғамымызда кері ықпал ететініне назар аударды. «Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» екендігін айтты. Осыған орай, Қазақстан жастары арасында әртүрлі ақпараттық шаралар өткізілуде. Терроризм мен діни экстремизмнің қауіпі туралы түсіндіріп, таза діннен алдамыш бағыттарды айыра білуге, жастардың дін туралы сауаттылықтарын жоғарлатуға бағытталған жастарға арналған әртүрлі пайдалы шаралар өткізу қолға алынуда.
Қоғамдағы келісім, ішкі татулық пен береке-бірлік әр мемлекеттің террорға қарсы мықты бекінісі әрі қорғаны. Ең маңыздысы, адамдарды зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатыгездікке итеретін факторларды анықтап, оларды еңсеру үшін нақты шараларды қолдану керек. Әр адам өзге адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлап, құқықтың үстемдігі іс жүзінде жүзеге асатын болса, заңсыздық пен әділетсіздік орын алмаса, қоғамның басын біріктіретін құндылықтар дәріптелсе, сонда ғана потенциалды террордан сақтануға болады. Халықаралық терроризммен күрес ары қарай жалғаса береді. Бұл бағытта діни ағартушылық жұмыстар мен қатар заң талаптарын күшейту жұмыстары да өз жалғасын табатын болады.
Берікбол ЖАНАҚ
Abai.kz