Бейсенбі, 31 Қазан 2024
Жаңалықтар 3841 0 пікір 15 Қараша, 2017 сағат 21:12

Елімізде қылмыс көрсеткіші азайды

Бұл туралы бүгін Мəжіліс құқық қорғау қызметінің процессуалдық негіздерін жаңғырту мəселелері жөніндегі заң жобасын қарау барысында Бас прокурор Жақып Асанов айтты, деп хабарлайды Абай ақпарат.

Жақып Асанов тергеу органдары қылмысты тез ашамыз деп артық кетуі мүмкін екендігін жеткізді.

«Тергеу барысында құқыққорғау органдарының билігі, құзіреті көп. Ол адамның жәңгімесін жасырын тыңдай алады, жүріс-тұрысын шектейді, қамай алады, аңдиды, мүлкіне тыйым салады. Мұндай билік кез келген мемлекетте бар. Бірақ құқыққорғау органдары қылмысты ашамыз деп артық кетіп қалуы мүмкін. Сондықтан заңның басты міндеті – осындай заңсыздыққа тосқауыл болу. Адамның құқығын және қылмыспен күресу арасындағы балансты ұстап тұру керек. Сол себепті елдегі ахуалға байланысты қылмыстық заңға әр мемлекет өзгеріс енгізіп тұрады. Мысалы, АҚШ-та терроризм көбейді. Сол үшін Патриотизм актісі деген арнайы заң қабылдады. Ол арқылы құқыққорғау органдарының құзіретін күшейтті, ФБР-ға, ЦРУ-ға бірақ өкілеттік берді. Еуропа елдері де тиісті шара қолданады», - деді ол.

Сондай-ақ, Бас прокурор 20 жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда, елімізде аса ауыр қылмыс көрсеткіші азайғанын мәлімдеді.

«90 жылдары қылмыс өршіп тұрды. Сонда біз құқыққорғау органдарын күшейттік. Елбасы қылмыспен күресуді өз қолына алды. Соның нәтижесінде 96 жылдан бастап адамға қарсы жасалатын аса ауыр қылмыстар жыл сайын азайып келеді. Мысалы, 80 жылдарды Кеңес кезеңіндегі ең керемет кезі деп есептейміз. Қазір сол көрсеткішпен салыстырғанда, кісі өлтіру екі есе азайды. 90 жылдары КСРО колонияларында 105 мың адам отырса, қазір үш есе қысқарып, 35 мың адам отыр. Сол жылдары әлемде жүз мың адамға шаққанда үшінші орында болдық. Қазір 70-орында тұрмыз», - деді Жақып Асанов.

Бас прокурор бұрын ақпарат жабық болғандықтан, қылмыс аз болып көрінген. Қазір ешкім жасырмайды, сол себепті қылмыс та көп болып көрінеді.

«Еліміздің құқыққорғау саласында жақсы өзгерістер болып келеді. Бірақ барлығы қазір қылмыс көп, бұрын аз еді деп есептейді. Себебі, қазір қылмыс туралы ақпарат тез тарайды. Өйткені қазір бәрі – ашық, бұрын жабық еді. Халық көп нәрсені білмейтін. Бір қылмыс болса, интернетте жылдам тарап, ел болып талқылаймыз.

Ал, енді екінші жағынан. Статистика баяғыдай өтірік емес. Бұрын аса ауыр қылмысты жасырса, әрі кетсе, сөгіс беретін. Қазір ол үшін соттайды. Талай әріптесіміз сотталды. Сондықтан қазір оған көп бара бермейді. Менің айтайын дегенім, қазақстандықтардың өмірі қауіпсіздік жағынан жылдан жылға жақсаруда. Кісі өлтіру, денсаулыққа ауыр зиян келтіру сияқты ауыр қылмыстар азайып жатыр», - деп түйіндеді ол.

Abai.kz

0 пікір