Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 2654 0 пікір 19 Қараша, 2017 сағат 00:29

Бақытжан Сағынтаев оңтүстік өңірлердің шаруаларымен кездесіп, АӨК-ті дамытуды талқылады

Кеңес барысында саланың бәсекеге қабілеттілігі мен аграрлық өнім экспортын одан әрі арттыру, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығын цифрландыру, аграрлық ғылыми зерттеулерге инвестициялар көлемін көбейту, сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту мәселелері талқыланды.

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев өңірде АӨК дамыту туралы баяндады. 2017 жылы өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға 16 млрд-тан астам теңге бөлінді. Отандық ауыл шаруашылығы өндірушілеріне мемлекеттік қолдау көрсету арқасында 2017 жылдың 10 айында облыста өндіріс көлемі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,6%-ға өсті. 2025 жылға қарай өңірдің ЖӨӨ-де ауыл шаруашылығы үлесін 25%-ға дейін ұлғайту көзделген.

Әкімнің айтуынша, жыл басынан бері өңірдің АӨК саласына 14 млрд теңге инвестиция тартылған. Облыста 181 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған, үш мыңнан астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 10 айдың қорытындысы бойынша АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасын іске асыру туралы баяндады. Жалпы, республика бойынша ауыл шаруашылығы саласында оң қарқын байқалады — өсім 2,1%-ды құрайды.

Биыл жүргізілген ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқаптарын әртараптандыру жұмыстары сұранысқа ие дақылдардың алқабын 1 млн 348 мың га-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді. Осылайша бастырылған дәнді-дақылдар көлемі 2,7%-ға өсіп, 22,1 млн тоннаны құрады.

Қазақстанда 56 мыңнан астам жеке қосалқы және ұсақ шаруашылықтарды қамту арқылы 745 кооператив (жоспарда — 326) құрылған. 44 мың тоннадан сүт және 13 мың тоннадан астам ет дайындалған, бұл биылдыққа кәсіпорындардың сүт өңдеу бойынша жүктемесін 60-тан 65%-ға дейін, етті 55-тен 60%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, барлық оңтүстік өңірлерде мал шаруашылығы өнімі өндірісінің өсімі байқалады. Бүгінгі таңда 10,4 мың тонна ет, 34,5 мың тонна сүт және 12,3 мың тонна жеміс-көкөніс өнімдері дайындалған. 10 айда оңтүстік өңірлер бойынша негізгі азық-түлік өнімдерінің өндіріс көлемі 0,7%-дан 200%-ға дейін артқан.

Өз кезегінде аграрлық бизнес тарапынан ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру және қант қызылшасы өндірісін мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша «Кең дала» шаруа қожалығының басшысы Қалибек Алпысбаев, ет өндірісі мен экспортын ұлғайту туралы «Мерке Ет» ЖШС директоры Берік Егембердиев, ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту келешегі жайында Қазақ АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ҒЗИ бөлімшесінің меңгерушісі Ғалия Әкімбекова, ауыл шаруашылығын несиелендіруді жетілдіру және ауыл шаруашылығы дақылдарының өсіп-өнуін механикаландыруды ұлғайту мәселесі бойынша «Ақтөбе және К» ЖШС директоры Нұрлан Іздібаев сөз сөйледі.
Өңірлерде АӨК дамытудың өзекті мәселелері бойынша Алматы облысы әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сатыбалды, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов баяндады.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында АӨК экономиканың жаңа драйверіне айналуы керектігін айтты. Басты міндет — Қазақстанды әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің бірі ету. Осыған орай ауыл шаруашылығының басымдықты бағыттарын дамыту карталары әзірленді, оларды іске асыруда негізгі рөл жергілікті атқарушы органдар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жүктелген.

Ерғали Берікұлы

Жамбыл облысы 

Abai.kz

 

0 пікір