Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Дидар-ғайып 7158 4 пікір 27 Қараша, 2017 сағат 14:53

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Қош бол, Қара шал!

Кеше, 26-шы қараша күні алты Алаштың абыз ақсақалы, көрнекті абайтанушы-әдебиетші Ибрагимов Төкен (Төлеужар) Смайылұлын ақын елі қайтпас сапарға қимас көңілмен шығарып салды. Марқұм отыз жылдан астам уақыт басшылық еткен Абай музейінің бас алаңында өткен қаралы митингіде де, құран бағыштаған дастархан басында да Төкен ағаны білетін және құрмет тұтатын барша қауым біртуар азаматқа деген алғыс пен ризашылық сезімдерімен шын жүректен бөлісті.

«Төкен ағамыздың дүние салуы бір отбасының ғана емес, тұтас халықтың қайғысы. Қаза баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Ағамыздың топырағы торқа, алды жарық, иманы саламат, жаны жәннатта болсын», – деп ардақ тұтады «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Құл-Мұхаммед Мұхтар Абрарұлы марқұмның отбасына жолдаған жеделхатта.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ахметов Даниял Кенжетайұлы, Қазақстанның Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, республика Жазушылар одағының төрағасы Оразалин Нұрлан Мырқасымұлы,  кемеңгер Мұхтар Әуезовтің әулеті, белгілі алаштанушы Тұрсын Жұртбай және басқа мемлекет пен мәдениет қайраткерлері  марқұмның отбасының орны толмас қайғысына ортақтаса отырып, жүрекжарды көңілайту хаттарын жолдады.

Абай шаңырағындағы қаралы митингіде танымал ғалым-абайтанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Еспенбетов Арап Сіләмұлы,  белгілі ақындар Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Төлеген Жанғалиев, республикалық «Абай» қорының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері Отантай Кәрібжанұлы, Семей қалалық мәслихатының хатшысы Ақжалов Бейсенбек Тоқтарбекұлы, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Ержан Советбекұлы, марқұмның туысы Уәлихан  Иманқұлұлы және басқалары Төкен ағаның Абай мұрасын сақтау мен насихаттау ісіне, абайтануға қосқан зор үлесін атап айтып, ақын мұрагерінің рухына тағзым жасады.

Қаралы жиынды Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің директоры Болат Жүнісбекұлы басқарды.

Абай музейінің ұжымы өзінің арқатірек ақсақалы мен жанашыр ақылшысынан айрылды. Төкен ағаның бейнесі бізбен бірге жасай береді. Ақын шаңырағында марқұмды есте сақтау мақсатында Ибрагимов Төкен (Төлеужар) Смайылұлының өмірі мен шығармашылығына арналған экспозициялық бөлім ашылатын болады.

 

Төлеужан Ибраһим рухына

Уай, Қара Шал,

Біресе, ашып тастап өлең аңқыған Түнге есік,

Біресе, көңілімізден Күн көшіп,

Біресе – пенделерге мінгесіп,

Періштелермен үндесіп, біресе,

Тірлік етіп келдік, соңыңнан құбыла ілесе,

Тұрмыз енді алтын сүйегіңді күзетіп,

Маңдайда,

Барша қызықтан,

Бір тамшы көз жасы ауыр, мың есе!

 

Өмір дегенің – көлеңкесіндей ғана жұмақтың,

Ұзағанда – бір-ақ күн.

Сол, бір-ақ күннің мыңжылдық тауқіметіне,

Сен секілді өте алады шыдап кім!

Алыста болса Алашына тілеген мұрат тым,

Абайдың жұпар жырымен Дала балбалдарын да жылаттың!..

 

Міне,

Қара Күз бізге қапалы қар-көзімен де қарайды,

Мұңайған мұз-көзімен де қарайды,

Әлі талай да талай өкінерміз, жарайды,

Сен, сірә, Құдаймен келісіп,

Іздеп кеттің-ау Ибраһим Абайды!..

 

Жамандықта болмас ымыра,

Уақыт – ғайып зымыран,

Үйренсек едік,

Өзіңдей

Көненің даналығынан!

Арттағыға сенен де сөз қалды,

Ауызыңнан көркем бұрқырап ақылыңдағы шұғылаң!

 

Иа, Қара Шал,

Жақсының көкірегіндегі қиял – бай,

Басынан жасыл ну қаулатқан бұландай!

Жанымды нұрға бөлеген едің тіріңде,

Тәніңді гүлге бөлеп қойдық, ұялмай...

Енді,

Жарқын бейнең ғана жұбаныш,

Жадымызда жазып қалдырған дұғамдай,

Қош бол, Қара Шал!

 

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы

 

 

 

Қош бол, Қара шал!

(Төкен Ибраһим рухына)

Қара жерге қимасым, Қара Шалым,

Ажалдың тырнағынан араша кім!

Өңменімнен өтті ғой, қайғы желі,

Қандай суық хабары қарашаның!

 

Күңірентіп кеттің-ау маң даланы,

Аңыздайын Абызым, асыл сүйек!

Жаным бірге ұшардай қомданады,

Тәнім тұр табытыңа басын сүйеп.

 

Шақ еді ақылыңның нәрін ұрттар,

Шарасыз жүрегіміз көндігеді.

Күрсінді түніменен кәрі бұлттар,

Қараша – Қара Шалдың соңғы демі.

 

Абай! Абай! – деп кеттің келмесіңе,

Табысарсыз Алашшыл арыстарға.

Еріп келе жатырмыз ел көшіне,

Тәніңізді мәңгіге табыстауға.

 

Тауларым-ай, тағы да аласардың,

Шек бар ма жаратқанның әміріне!

Қара да тұр, көктемде Қара Шалдың,

Өлең көктеп тұрады қабірінде!

Мерей Қарт

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006