Жұма, 22 Қараша 2024
Сұхбаттар 10914 10 пікір 27 Қараша, 2017 сағат 15:00

«Балаларымыз қазақылықтан ажырап барады, соған алаңдаймыз»

Мұстафа Салықұлы Ұслужан. Ол – Қазақстанға деген іңкәрлікті, Түркияға деген ризашылықты және Францияға деген адалдықты сақтаған азамат. Ол – Парижде орналасқан Қазақ-француз-түрік мәдени қауымдастығының  (A.K.F.T –  Аssociation de culture et d’entrade Kazakh-France-Turquie) президенті. Жат жерде жүрсе де, туған елі мен жерінің тілеулесі болып, қазақтың тілі мен дәстүрін барынша сақтауға тырысып келе жатқан, мыңнан астам қандастың басын біріктіретін бұл ұйымның тарихы, бүгіні мен болашақтағы жоспарлары қандай? Осы және басқа да  сұрақтарға Мұстафа аға бізге берген сұхбатында жауап берді.

 

    –Құрметті Мұстафа аға, Франциядағы қазақ диаспорасын танытатын қоғамның бірінің жетекшісісіз.  Бұл ұйым қашан, қалай құрылған еді, негізгі міндеті не?

–Бұл қазақтар қоғамы негізі 1985-1986 жылдары құрылған. Сол кездері Түркиядан  жақсы өмір, табысты жұмыс іздеген қазақтардың легі келген болатынбыз. Қазіргі күні Парижде Түркиядан келген 250 үй қазақ бар. Соның балалы-шағалы адам басын қосқанда 2000-дай жан бармыз. Бертінге дейін АКФТ деген қоғамымыздың аты болды, өзі болды, бірақ 2014 жылға дейін жеке шаңырағы болмады, қажет кезде бір жерге кіре төлеп, бас қосып жүрдік. Негізінен, ұзақ жылдар бойы жас балаларды футболға  баулу үшін ғана бас қосып, соны ұйымдастырумен шектелетінбіз.  (Қазір командалар арасындағы достық кездесулерді Қазақстандағы Ерлан атты бауырымыз ұйымдастырып, шақырып тұрады). Осыдан үш жыл бұрын бұл қоғамның басына мен келген соң, бәріміз жиналып, ұзақ кеңестік. «Бір жер алмасақ болмайды екен, тұрақты жеріміз, жиналу орнымыз болса, сонда ғана  бұдан да жақсырақ бірігеміз, берекеміз молаяды» деп шештік. Сосын шамамыз жеткенше ыңғайлы орын іздеп, тауып, жалға алдық. Одан кейін өз балаларымыздың күшімен ішін жөндедік. Қауымдастыққа мүше әр үй басынан айына 10 евродан жарна аламыз. Сосын кішігірім той-томалақ болғанда ол жерді 300-400 евроға кірелейміз (жалға береміз).  Cолардан түскен қаражаттан ай сайын жәмиет үйіне 2500 евро төлейміз. Сол тұрақты орынды жалға ала бастағалы мұндағы қазақтар көбірек жиналуға мүмкіндік алып, өсіп келе жатқан балаларымызға домбыра шерткізіп,  би үйретіп, туған елінің мәдениетімен сусындата бастадық. Ұйымға байланысты жиындарымыз да қазір  осында өтеді.  Әйелдер мен қыз-келіншектер жеке  де жиналып жатады. Оның жетекшісі  Аслыхан Үнлі деген қарындасымыз. Дегенмен уақыт өте келе ол жердің бізге тарлық етіп жатқанын қатты сезіп жүрміз. Қазір енді сол шаңырақты  кеңейтсек және оны өз меншігіміз ететіндей етіп жақсылап салып алсақ деген мақсатпен бар мүмкіндіктерді қарастырып жатырмыз. Жоба дайын. Үлкен, киіз үй формасындағы зәулім ғимарат болмақ.

–Жақсы жоба екен, ал идея авторы кім?

–Оны жасайық деген  қоғамның басындағы азаматтардың ойы. Олар: Абай Қатыран, Тәбәрік Дол, Исақ Зафер, Мәхмет Тойтемір, Орхан Жантез және Алпаслан Атилла. Осы кісілердің барлығы кеңесіп, ойландық. Олар бірақ «Тым қымбат, шамамыз келе ме?» деп күмәнданды. Алайда мен осылай болмаса болмайды, той жасайтын шара көп, бұл жоба өзін-өзі ақтай алатын дүние, барлық жағынан пайдасы бар дедім. Өйткені қазір апта сайын үлкен той жасауға жер жалдайды, ал олар өте қымбат. Одан да сол ақы өзімізде  қалып, өз мәдени орталығымызды дамытуға, жаңа өсіп келе жатқан жастарды қызықтырар дүниеге жұмсалғаны жақсы емес пе?

–Әрине. Сонда ол үлкен шаңырақтың қызметі қандай болады деп отырсыздар? Тек той ғана өтпейтін болар?

–Бұйыртса, бұл орын сырт келбетімен, ақ күмбезімен-ақ қазақтың ұлттық дүниесі екенін білдіріп тұратын болады. Үш қабатты болады деп отырмыз. Бірінші қабатында той өтсе, екінші қабатында  конферанс салонын жасап, қазақ мәдени орталығын ашсақ, ол жерде жасөспірім балаларымыз бен немерелеріміз домбыра, қобыз, би  сынды ұлттық өнер түрлерін үйренсе, қазақ тілін тереңдеп меңгерсе дейміз. Ал үшінші қабатында қонақүй болса дейміз.  Ол жерге Қазақстаннан және басқа да алыс-жақын шетелден келген қандас бауырларымыз қымбат емес ақыға орналасып жатса, ғанибет болар еді ғой? Бұл әрекетіміз жаcтардың болашағына құйған инвестициямыз деуге тұрады. Ал бұл ғимараттың сыртқы пішіні киіз үй моделінде болсын деп Айтуған есімді Қазақстаннан келген кәсіпкер бауырымыз айтты. Сол кісі бізге осылай жасасаңыздар өте керемет  болар еді деді. Оны кім сызып береді дегенде, оны да  өз мойнына алды. Париждің ортасында осындай зәулім қарашаңырақ бой көтерсе керемет қой? Мың бес жүз адамға дейін қонақтар келеді, соған арнап 1200 шаршы метр жер тойханаға бөлінсе болады. Сонда үш қабатта жалпы 3600 шаршы метрдей жер болады. Соның бәріне –  жерін алып, осы ғимаратты салғанға 2,5  млн евро қаражат кетпекші.

–Осы қомақты жобаға қаражат көздерін қайдан алмақшысыздар, демеуші тарапты тартуға мүмкіндік болып жатыр ма?

–Алдымен Қазақстандағы кәсіпкер, дәулетті кісілерге айтқымыз келеді. Сосын Түркиядағы қазақ азаматтарына арқа сүйейміз бе дейміз. Одан бөлек, Ауропаның (Еуропаның)  түкпір-түкпірінде тұрып жатқан қазақтар бар.  Солардың бәрі де шамасы келгенше атсалысуға дайын сияқты. Осы Париждің өзінде түрік қауымдастықтары бар. Олармен де қарым-қатынасымыз  жақсы. Оларға да айттық, «қолымыздан келгенше біз де жәрдемімізді береміз» деп отыр. Өйткені бұл – өте үлкен проже (проект). Сондықтан қол ұшын созуға ықыласты. Түрік ағайындардың өздері де бір үлкен жобаны қолға алған. Оның құны біздікінен де қымбат: 4,5 млн евроны құрайды. Олар мәдени, сауықтық функциямен қоса, хамамды да қосып салмақшы. Осының бәрін  5600 шаршы метр жерге орналастырмақшы. Жерді алып қойды. Олардың Түркиядағы дәулеті арқалы, соған сеніп отыр. Бізге бұл қаражатты ең болмаса өсімсіз қарызға берсе, сосын салып бітіп, ішіне кіріп, жұмысымызды бастағанда, қарызымыздан құтылып бастар едік. Айына  15-20 мың евродан құтылып отыруға шама бар. Мұның бәрінің есебі, жобасы дайын. Қарыз беретін кәсіпкерлер қол ұшын созса деп тілейміз.

(Біздің үкіметтің бір адамы ғана жуырда Париждің қақ ортасынан  65 млн долларға 1200 шаршы метр үйді сатып алғанын білдік. Осындай адамдар «жинаған байлығының» ең болмаса оннан бірін   ұлт мерейін асқақтатар мынадай жобаға бөлсе, әлем алдында күлкі мен мазаққа емес, құрметке бөленер еді-ау!.. )

–Мұстафа аға, АКФТ «Асссасасион казак-франс-турк» қоғамының атында  неліктен «түрік» деген сөзді қосқансыздар? Бұл түрік қауымдастығына қатыстарыңыз бар екенін білдіре ме?

–Әке-шешелеріміз Алтайдан жат жерге келгенде түрік жұрты қарсы алған. Біз сол жерде туғанбыз. «Тас түскен жеріне ауыр» дейді. Түбіміз түрік қой, бір туғанбыз. Әке-шешеміз де айтып отыратын, «Қазақтың арғы атасы – түрік» деп. Сол жағы да бар, сондықтан ол атауды қазаққа қосып айтпасақ болмайтындай көрінеді, тастай алмаймыз. Қосып айту парыз секілді көрінеді. Ал негізі қоғам тек қазақтардан тұрады. Түріктер ұйым жұмысына араласпайды. Өйткені қазақ Францияда азғана. Ал Франциядағы түріктің саны – 700 мың адам. Олармен аралассақ, француз болып кетпейік деп жүргенде, сөзсіз, түрікке айналып кетерміз деп оларға қосылмаймыз.  (Күледі).  Сондықтан қазақ-француз-түрік қоғамы дегенде сол жерде туып-өскенімізге деген құрмет белгісі, Түркиядан келген қазақ екенімізді танытатын белгі деп қабылдасаңыздар болады.

–Ал, жалпы, Францияда  неше қазақ  ұйымы бар? Олармен қарым-қатынастарыңыз қалай?

–Түркиядан келген қазақтардың екі ұйымы бар.  Бірі – біздің ұйым, екіншісі – Мұстафа Шоқай қоғамы деп  аталады, оның он шақты мүшесі бар. Олардың бизнеске қатысты, мәдени салаға байланысты және тағы басқа  бірнеше жобасы бар. Ал, негізі, түркиялық дүйім қазақтың басын біз құрап отырмыз. 250 отбасыдан 180 тұрақты мүшеміз бар.  Сонымен қатар басқа да қазақстандық азаматтар құрған ұйымдармен  көрген жерде сәлеміміз түзу.

–Ал елшілікпен байланыстарыңыз қандай? Олармен жиі кездесіп тұрасыздар ма?

–Елден түрлі өнерпаздар еліп, концерттер, жиындар, ресепсиондар, түрлі іс-шаралар болған кезде бізді шақырып тұрады.

–Мұстафа аға, ата-аналарыңыз туған атамекенінен қай жылдары көшкен? Арада сонша уақыт  өтсе де, өзге елде тілі мен дәстүрін қалай сақтап қалды?

–Біздің әке-шешелеріміз қазақтың Алтай деген жерінен 1939 жылы көшкен екен.  Алдында ғана қазақтың бұл жерін орыс өкіметі  Қытайға өткізіп жібереді, әйтпесе  ол,  негізі, атам заманнан қазақтың атақонысы. Сол көш 11 жыл жүріп, 1950 жылы Түркияға келіп орнығады. «Бұл ел бізге жарайды екен. Өзімізге ұқсаған, тілі де жақын екен» деп, дәл сол жерді таңдапты. Сосын біз секілді балалар қазағын, тілін, дәстүрін ұмытпасын деп, бар білгенін үйретуге тырысты. Олар ешқашан бізбен түрікше сөйлеспейтін. Тек қана қазақша сөйлейтін. Оның үстіне қазақтар Түркияда ауыл-ауыл болып отырды: Қойня, Ақсарай, Ізмір Салихи, Алтайгөй деген жерлерде болды. Сосын біраз бөлігі Стамбулдың өзінде тұрды. Сол бес-алты ауылда оқшауланып отырған қазақ қауымы бір-бірімен тығыз араласып, туған тілі мен дәстүрін демеп отырды, соның арқасында  ұлттық қалпын сақтап қалды деп ойлаймын.

–Ал Алтайдан кезінде кетуіне не себеп болған еді?

–Әкелеріміздің кеңесіп айтқан сөздерінен түйгенім, Қытай жағынан оларға қысым жасалып, ұл балаларыңызды әкетеміз, әскер дайындаймыз деген. Алтай жерін бөліске салғанда Моңғолиямен шектескен жерін Моңғолияға, Қытаймен шектескен аумақты Қытайға,  орыс жақтағы бөлікті Ресейге бөліп бере салған ғой. Содан біздің көрші ауыл болып, кейін өзге елдің еншісінде кете барған туыстарымыз Моңғолия  тұрғындары болып шыға келген. Ал біздің әке-шешеміз Қытай жағында қалған. Сосын жаңа қожайын болып шыға келген қытайлар қысымын күшейткен соң, «бұл жер енді болмайды екен, қорлыққа шыдай алмаймыз» деп көшуге бел буған. Оның үстіне Қазақстанда да ол кезде қырғын болып жатқан. Не істер еді?  Қойшы батыр, Ыдырыс молда және  Елісхан батыр бастап, осылайша көшкен екен. Қытайлар қуғынға түсіп, біразын алып қалып жазалаған. Әуелде елден 15 мың адам  ат пен түйеге мініп, жолға шығады. Ұзақ айлар, жылдар жүріп,  Тахламақан шөлін асып, Үндістанға жетеді. Сосын ол жерден Пәкістанға келіп бір тоқтайды. Солардың жерінде бірнеше жыл болып, одан әрі Түркияға келіп орнығады. Сол 15 мың адамнан діттеген жерге  1800  ғана адам жетіпті. Қалғанының барлығы  жолда мерт болған.  Дүние-мүлкі, малдары түгелдей таусылады. Сол 1800 адамның өзі әлсіреп, көбі ауырып, зорға жеткен екен. Пәкістанның ыстығына шыдай алмай, қиналған әйел адамдардың біразы кейін бала көтере алмайтын дертке шалдығыпты. Біздің қазақ суық жерге үйір болғандықтан, ыстықтан мыңдаған адам қырылып қалыпты.

–Түркияға барған тек сол бір көш пе? Әлде бірнеше көш барған ба?

–Көшеміз дегенде бәрі бірден жолға шықпаған. Араға бірнеше күн, апта салып, бөлініп-бөлініп көшкен. Күнбатыс жаққа қарай қозғаламыз деп, күнді бағыт етіп жорамалмен жылжып отырған. Ілескені ілесіп, қалғаны қалып отырған. Сосын бәрі Үндістан жерінде табысыпты. Алтайды мекендеген  жәдік, шұбарайғыр сынды он екі ел керей қазағының барлығы бар.

–Бір байқағаным, түркиялық қазақтардың тегі түрікше. Сонда қалай болғаны? Барған қазақтар атын түрікшеге  ауыстырып жіберген бе? Сол жағы мен үшін түсініксіздеу жайт...

–Түркияға келген соң, қазақтарды бірнеше ауылға орналастырып, кейіннен құжаттарын рәсімдейді. Сол кезде қазақтардың тегін түрікше атаулармен сипаттап, құжат беріпті. Мәселен, Мехмет деген қазақтың тегі – Зеңгін, Жеңіс деген қазақтың тегі – Орыч, Мәметәлі деген қазақтың тегі – Гүлен, Жәміл деген қазақтың тегі –Түркен. Бірақ олардың бәрі қазақ. Мәселен, менің әкем біртоға, өте салмақты адам болатын. Сосын «мына кісі өзі  көп сөйлемейтін адам екен» дейді де , «Ұслужан», яғни түрікшеден аударғанда «үнсіз жан» деген текті берген. Өзтүрік деген тек те жиі кездеседі, ол «атажұрттан келген жан», «нағыз жұрттан келген адам» дегенді білдіреді. Өйткені Түркияның түсінігі бойынша, барша түркінің ата жұрты – Қазақ елі, ана жұрты – Түркия.

–Түсінікті. Мұстафа Өзтүрік ағамыздың тегі солай берілген екен ғой... Ал кейіннен сол үлкен кісілеріңіздің ішінен туған жерді көріп қайтқаны бар ма?

–Сексенінші жылдары менің әкем Алтай жаққа барып қайтты. Сол кезде «Қалай, әке, туған жер өзгеріп пе?» деп сұрағанымда, «Ештеңе өзгермепті, сол бойы тұр. Мұрты бұзылмай сақталыпты» деп таңғалып келді. Тіпті атқа мінгенде ер-азаматтар басына ақ орамалды тағып алатыны да араға елу жыл салса да,  сол бойы сақталған екен.

–Ал өзіңіздің Парижге келгеніңізге қанша болды? Сонымен қатар бұл жерге қазақтар келгенде кезігетін басты проблемалар не?

–Біз Парижге 1984 жылы келдік. Отыз жыл болды. Мен келгенде 19 жаста болатынмын.  Келуіме экономикалық жағдай себеп болды. Ол заманда Түркияның экономикасы өте төмен болатын. Жұмыс жоқ. Түркиядағы қазақтар 1960-1970  жылдары Германия жеріне барып жұмыс жасап, орныға бастайды. «Сол жақ тәуір екен, жұмыс оңай табылады екен» деп айтып барған соң, қазақтар Ауропаның (Еуропа)  Германиясына, Франциясына, Холлландиясына (Голландия) жәйімендеп келе бастайды да, солайша тарқап кеткен.  Жалпы, қазақ көшпей жүрмейді ғой, үнемі көшіп жүреді. (Күледі). Біз бұл жерге келгенде әке-шешемізден үйренген кәсіп – тері киімді тігуді қарастырдық. Жұмыстан мүлдем қиындық көрмедік. Ол кезде жұмыс орны өте көп болатын.  Жалғыз қиындық ілік замандарда бұл жақтың тілін білмедік, өйткені ол кезде жұмыс жасаған жерге тіл де керек емес, тек жұмысыңды білсең болды ғой. Ақшаның қызығына түсіп кетіп, таңғы сегізден түнгі онға дейін жұмыс жасайтынбыз. Үйлендік, балаларымыз болды. Ол заманда жаспыз, көп нәрсені түсіне бермейміз. Балаларды қалай тәрбиелеп, олармен қалай сөйлесуді аса білмеппіз. Жұмыспен айналып жүргенде балалардың қалай өскенін де аңғармай қалыппыз. Олармен не түрікше, не қазақша сөйлеспеген соң, олардың кейбірінің тілі тек французша  шықты. Таңертең сегізде апарып тастаймыз, кешкі алтыда аламыз. Оларды тек француз менталитеті тәрбиелепті, соны мүлт жіберіппіз. Балаларымыз негізі жаман емес, жақсы, жаман әдеттері жоқ, бәрі білімді, жұмысын жасап жүр, құдайға шүкір. Бірақ біздің қиындық тек осы – қазақы тәрбиеден, менталитеттен ақсаған балаларымыздың жағдайы. Содан кейін ғана ойланып, бұлай болмайды, қазақшылығымызды ұмытып барамыз, бізден кейінгі буын не болады, бірлігіміз бен салт-дәстүрімізді күшейтпесек болмайды, енді тездетіп тамырына тартпасақ, қазақы танымнан өнеге бермесек, соған сай әрекет қылмасақ қазақтықты  мүлдем жоғалтып алуы мүмкін екенін аңғардық. Сол үшін бір тұрғылықты орын тағайындап, ауызбіршілікті күшейттік, шамамыздың жеткенінше мәдени үйірмелер аштық.

–Енді нәтижесі байқала ма? Қазақылыққа мойын бұрып жатқан жастарыңыз бар ма? Әлде мұныңызды түсінбейміз дейтіндер де табыла ма?

–Иә, ондайлар да бар,  Францияның менталитетіне толық сіңіп кеткендер. Бірақ олардың ішінен де қайырылатындары бар. 25-30 жастан асып кеткендерді өзгерту қиын болар,  бірақ олардың өзінде қазақ қазаққа үйленген болса, олар айналып қайтып келеді екен.  Мысалы, ондай жұптар тойлардан қалмайды, соған қуанамыз. Одан жастауларында  көбірек үмітіміз бар.  Ол үшін бірақ біздің қолымыз күшті болуы керек. Өзіміздің ұлттық белгілері бар керемет  тартымды орнымыз  болса, жаңа өсіп келе жатқан балаларды көбірек баули алар едік. Қазақ қоғамы экономикалық тұрғыдан күшті болса, биік зәулім мәдени, сауықтық орны болса, балаларға тәрбиелі тәлім берсек, Қазақстанға, Түркияға апарып саяхаттатып, ол жақтағы тарихи жерлерді көрсетсек, сөзсіз  ынталанар еді. Сонда ұрпағымызды толықтай өзімізге қаратып аламыз деп сенемін.

–Былтыр тура осы уақытта Парижге келгенімізде қазақстандықтардың Франциядағы қауымдастығының жетекшісі Берлин Кенжетайұлынан сұхбат алған едім.  Сол кезде ол Түркиядан келген қазақтарды сол елдің басшысы бауырына көбірек тартып, «Сендер  біздің азаматсыңдар» деп айтады» деген еді. Ал, жалпы, өздеріңізді кімдікіміз деп санайсыздар?

–Енді біздің  қазақ  екеніміз рас қой. Турасы сол. Бірақ Түркияда туып-өскеніміз де рас. Сондықтан екі елге ортақ шығармыз.  (Күледі).  Не ар жаққа ауа алмай, не мына жаққа ауа алмаймыз. Жеке басыма келсем, өзімнің қазақшылығым ауыр, сол жағы басым, салмақтырақ. Түркияда болғанымызда да олардың тарапынан анда-санда шетке шығарыламыз, оны да мойындау керек. «Сендердің түрлерің бізге ұқсамайды, сендер түрік емессіңдер» деп жататындар ол жақтан  да табылады. Қазақстан жағына бүйрек бұрып тұрсақ, ол жақтағы кейбір қандастарымыз да бөлектеп, «оралмансыңдар ғой» дейді. Ол да біздің жанымызға батады, көңілімізге келеді.

–Мұстафа аға, адам ретінде,  әке ретінде, Франция азаматы, қазақ қоғамының басшысы  ретінде арманыңыз не?

–Е-е-е, Алла... (Терең күрсінді). Менің арманым... Енді менің арманым... Бұл жақтағы балалардың қазақшылығын ұмытқызбай, қазақ тілін, мәдениетін сақтау үшін күш салсақ. Сол орынды белгілеп кетсек деймін. Арманым сол. Осындағы бар қазақтың  арманы сол деп ойлаймын. Өйткені біздің әке-шешелеріміз Түркияда болған кезінде қазақ жері,  туған ел – Алтай өңірі туралы көп әңгімелейтін, сол туралы кеңесетін. «Ай, шіркін-ай! Қайран жеріміз-ай!» деп аңсап өтті өмірден. (Осы кезде Мұстафа мырзаның көзіне жас үйіріліп, үнсіз отырып қалды).  Мен соларды ойлап, есіме түсірген кезде ішім толып кетеді... Енді сол кісілер айтқан: «Біз қазақпыз! Қазақтың ұлтшылдығын ұмытпаңдар. Айналып келіп барар қазығымыз –  сол» деп айтқан өсиеті бізді алға жетелеп келеді.

–Құрметті Мұстафа Салықұлы, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін көп рақмет.  Армандарыңыз бен мақсаттарыңызға жете беріңіздер!

 

Сұхбаттасқан Алма Сайлауқызы

Астана-Париж

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5333