Тарихтың зерделі зергері
Cурет Азаттық радиосының сайтынан алынды
Бүгінгі күнде қазақ тарихын жаңаша зерделеп, оның сан қырлы тұстарын қалың оқырман қауымға жеткізіп, соның жолында аянбай тер төккен ғалымдар қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор Көшім Лекерұлы Есмағамбетовтың орны ерекше құрметке ие болған еді. Оның өнегеге толы өмірі, алған асулары кім-кімге де үлгі боларлықтай. Жастайынан білім сүйген, ғылымға құштар, ізденімпаз қазақтың қара баласы туған халқының жүріп өткен жолын тануға ерекше құштарлық танытты. Шежірешіл қарттардың нешебір әңгімелерін құлаққа құйып өскен жас ата-бабасының тарихын ғылыми тұрғыдан тануға, оның тамырының тереңде жатқандығын тануға құштар болды.
К.Л.Есмағамбетов (2016 жылдың 21 қараша күні қайтыс болды) бұрынғы Гурьев облысының Нарын құмындағы Қаңбақты ауылында 1938 жылы 29 қазанда дүниеге келген. 1957 жылы Есбол атындағы Жамбыл орта мектебін үздік бітіріп, үш жыл бойы Кеңес армиясы қатарында, әуе қорғанысы бөлімінде (Москва облысы) болады. Мұнда да ол әскери және саяси дайындықтың үздігі атанады.
Москвадағы П.Лумумба атындағы Халықтар достығы университетін 1965 жылы «тарихшы» және «ағылшын тілінің аудармашысы» мамандықтары бойынша бітіріп шығады. Бір қызығы Көшім Лекерұлы бес жылдың ішінде бірде-бір пәнен «жақсы» деген баға алмапты, ылғи да семестр емтихандарын мерзімінен бұрын «өте жақсы» деген бағаға тапсырып отырыпты. Бос уақытын француз, суахили тілдерін үйренуге, кітапханаларда саяси және халықарарлық қатынсатар жөніндегі әдебиеті оқуға жұмсады.
Оқуын бітірер-бітірместен СОКП Орталық Комитеті К.Л.Есмағамбетовке Африкадағы Сомали еліне жұмысқа баруды ұсынады. Бірақ, биік мансапқа апарар тура жолдан бас тартып, жас маман Қазақстанға оралады. Әрине, шетелге барып еңбек еткен адамға сол заманда ертеңгі биік мансаптың бастамасы болатын, оның бұл қадамын «ақымақтық» деп санағандар аз болмады. Кім біледі, мүмкін, өз халқына қызмет етуді қандай мансаптан да жоғары қойған шығар...
Кейін ғалым бұл жағдайды былайша еске алған еді: «1965 жылдың маусым айында СОКП ОК-нің лауазымды қызметкері Сафонов шақырып алып, Сомалидегі Кеңес Одағының елшілігіндегі жұмысқа жіберілетіндігімді айтты. «Шетелде жүргенде Кеңес Одағының әлеуметтік, экономикалық, саяси және әскери мүдделерін қорғауға міндетіме аламын» деген алдын-ала дайындалып, тасқа басылған қағазына қол қойып, Африка жағдайында жұмыс істеуге денсаулығы жарайды деген медициналық қорытынды алу үшін дәрігерлік бақылаудан да өткенмін. Бірақ сол «ит өлген жерге баратындай» мені не нәрселер мәжүрлейді, ол қазақ халқына не береді деген ой жанымды жегідей жеп, ақыры Сафоновқа қайта барып, ұсынысынан бас тарттым да, Қазақстанға сұрандым. Сол кезде, ондайды көрмеген болуы керек, бұл кісінің таңқалысы мен ашуға булыққан күйін әлі күнге дейін суреттеп бере алмаймын, тек менің жадымда кеше ғана естігенімдей болып мына сөздер сақталып қалыпты: «Мы хотели вырастить из вас своего кадра, но вы не оказались достойными нашего доверия. У нас хватает желающих ехать на загранработу. Поезжайте в своей Казахстан, если что там не видели». Осыдан кейін сәл іркіліп, «ақымақ қазақты» аяды ма білмеймін, Жоғары және арнаулы оқу орындарының министріне мені Қазақстанға жіберу жөнінде қоңырау шалды.
Содан 1965 жылдың қыркүйегінен ол С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне (бүгінгі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті – А.А.) аға оқытушы болып орналасады. Бұл жерде ол бірден көзге түсіп, Сыртқы істер министрлігіне лауазымды жұмысқа ауыстырылады. Мұнда шетел делегацияларын қабылдауға байланысты істермен, республика үкіметіне қажетті құжат дайындаумен, анықтамалар жазумен шұғылданады. 1967 жылы КСРО Сырты істер министрлігінің сынақ ісінен өтіп, А.А. Громыконың сәуір айында Ирактың Сыртқы істер министрі Аднан әл-Пачачидің құрметіне ұйымдастырған қабылдауына да қатысады. Алайда Қазақ Республикасы Сыртқы істер министрлігінің «аты бар да, заты жоқ» функциялары мен құқы шектелген құрылым екендігіне жас маманның көзі бірден жетеді. Жұмыс жасап отырған күн сайын сағат 9-дан 6-ға дейін уақыт өткізу оған мүлдем ұнамайды. Сол себепті ол енді ғылым, білім жолына түскенді жөн көріп, 1968 жылы Қазақ мемлекеттік университеті жанындағы аспирантураға құжат тапсырып, 1971 жылы оны сәтті бітіреді.
Нәтижесінде 1972 жылы «XIX және XX ғасырдын бас кезіндегі Қазақстан тарихының Батыс Еуропа мен Америка Құрама Штаттарында зерттелуі» деген тақырыпта диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алады.
Бұл тақырып жөнінде бұрын бірен-саран мақала болмаса, Қазақстанның шетелдік тарихнамасы мүлдем зерттелмеген еді. Ағылшын, француз, неміс тілдерінде жазылған Қазақстан туралы жүздеген зерттеулерді тауып, жүйелеп шығу, оларды ой елегінен өткізу жас ғалымның қарым-қабілетін бірден танытады. Қазақстан Ғылым Академиясының академигі А.Нүсіпбеков, корреспондент мүшесі Г.Ф. Дахшлейгер, тарих ғылымдарының докторы П.Г. Галузо диссертациялық жұмысты жоғары бағалайды. Бұл кезде Көшім Лекерұлы Қазақ Республикасының Жоғары және арнайы орта білім министрінің көмекшісі болып жұмыс істеп жүргенді. Тағы да ол болашағы бар бұл қызметтен өз өтінішімен педагогтық жұмысқа ауысады. Жоқ, оның ішкі арманы мемлекеттік қызметті істей алмағандықтан емес, өзінің бір рет сырын ақтарғанынан білгеніміздей, батыс авторларының Қазақстанның «отарлық жағдайда өмір сүріп жатқанын» жастарға жеткізу болатын. Тіпті, «буржуазиялық бұрмаушылыққа қарсы күрес» ретінде алынған зерттеу тақырыбының өзі де осы мақсатты көздейтін. 1976 жылы жарық көрген оның «Действительность и фальсификация: Англо-американская историография о Казахстане» деген монографиясы, бүркемеленген күйде болса да, жұртшылықты батыс авторларының Кеңес өкіметінің ұлттық саясаты жөніндегі тұжырымдарымен кеңінен таныстырды. Кеңес идеологтары кітапты өзінше ұғынған болар, ал халық оны өзінше қабылдады, өзгеше ой түйді.
«Көне Қазақстанды көргендер» деген шағын кітабы да – автор ұстанымының жалғасы іспеттес. Кітаптың кіріспесінде автор бірден «әр халық өз тарихын басқалардан жақсы білетіндігіне, оған өз көзімен қарау қажеттіне күмән болмаса керек» деп мәлімдейді. Бұл не? Қазақтар туралы орыстардың да жазғандарын «дұрыстыққа» саймаушылық емес пе?! Бұнымен қоймай ол Қадыр Мырза Әлидің «Көш» (1973) деген өлеңдер жинағынан:
Менің бабам қаптаған қыр аптабы,
Көшіп-қонып ұрпағы тұрақтады.
Біздің тарих бұлда бір қалың тарих,
Оқулығы жұп-жұқа бірақ тағы,-деп, қазақ халқы тарихының оқытылуы жөнінде ерекше ой түйіндейді. Осы кітаптағы XVI ғасырдың орта кезінде қазақ даласы арқылы Парсы еліне саяхат жасаған ағылшын көпесі А.Дженкинсон салған картаның берілуі, онда қазақ жерінің «Қазақия» (Cassacia) деп көрсетілуі, ағылшын суретшісі Джон Кэстльдің Әбілқайыр ханға барып қайтқан сапары жөніндегі күнделігі, ондағы Әбілқайырдың әйелі Бопайдың, Орынборда аманатта отырған Ералы сұлтанның суреттері, олардан басқа да толып жатқан мағлұматтар 1979 жылдары студент жастар арасында ерекше әсер туғызғаны белгілі.
Бұл жағдайда, осы кезде Көшім Лекерұлының Түркияда екі айлық іссапарда болып, «Азаттық» радиосында қызмет істеп жүрген Хасен Оралтаймен, Измирдің төңірегінде орналасқан Салихлы кентінде Қазақ диаспорасының жетекшілерімен кездесуі, ол жақтан А.З.Валидидің түрік тіліндегі «Естеліктерін» (1970), Х.Оралтайдың «Алаш» – Түркістан түріктерінің ұлт-азаттық ұраны» (1973), Иса Алптекиннің «Шығыс Түркістан тарихы» деген кітаптарын, «Түрік елі» (Turkeli) деген журналда Қазақстан туралы жарияланған материалдарды алып қайтуы іссіз қалмады. Көп ұзамай олардың барлығы да тәркіленіп, ғалым «қызыл белсенділердің» қырына ілігеді...
Сол кезеңде «Сіз ағылшын тілін білесіз ғой, ағылшын елшілігіне хат жазыңыз, біз жеткізіп берейік» деген араңдатушыларда табыла кетті. Бірақ желдің қай жақтан соғып тұрғанын сезген Көшім Лекерұлы ондай қадамға бармады. Көпе-кернеу жасалып отырған қиянат болғандықтан, «істің» мән-жайы Мәскеу құзырлы орындарының араласуымен анықталғандай болғанымен, мәселе түпкілікті шешілмеді.
Дегенмен, Көшім Лекерұлының жігері мұқалмады, аса қиын жағдайдың өзінде де ол ешбір жанға «қол жаймады», еңсесін түсірмеді. «Қарағайға қарсы біткен бұтақпын» деп Махамбет бабасы айтқандай, ол қашан да біреуден көмек сұрауды намыс санайтын, тек өзі күшіне, өз біліміне сенетін. Ал, енді Көшім Лекерұлының бойына жинақтаған білімі сенсе сенгендей еді. Ол жөнінде «Лениншіл жас» газетінің 1988 жылғы бір санында М.Ізімұлы да жазған болатын.
К.Л.Есмағамбетовтың осыдан кейін «Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясына келіп жұмысқа орналасуы заңды еді. Ол республикада энциклопедиялық әдебиет шығарудың бастауында тұрып, 1968-1980 жылдар аралығында 13 томдық «Қазақ Совет Энциклопедиясының», «Батыс Қазақстан облысы энциклопедиясы» «Ақмола», «Маңғыстау облысы энциклопедиясы», «Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясы», «Индер ауданы энциклопедиясының» жарық көруіне өз үлесін қосты. «Қазақ энциклопеядиясы» Бас редакциясының Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар орталығының басшысы ретінде «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының сөзтізбесін жасап, концепциялық негізін қалайды. 1990 жылдардың бас кезінен оның ғылыми басшылығымен және құрастыруымен «Кто есть в Казахстанской науке» (1999), «Сакский воин – символ духа предков» (1998), «Құрманғазы», «Қорқыт ата» (1999), «1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапар туралы» Джон Кэстльдің күнделігі, «Казахская диаспора» (1997), «Әбілхайыр хан» (2004) т.б. кітаптар әзірленіп, оқырмандарға ұсынылды.
К.Л.Есмағамбетов баспасөз беттерінде «Қазанғап неге қапалы?», «Мақаланың мақсаты ойтүрткі болатын», «Салиқалы басылымдардағы салғырттар», «Сынды дұрыс қабылдай білген жөн», «Дәме бар да, дәрмен жоқ» т.б. мақалалар жариялап, республикадағы энциклопедиялық әдебиеттің сапасы жөнінде өзекті мәселелер көтерді. Оның «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Қазақ әдебиеті» газеттеріндегі АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Түркия және басқа да елдердің кітапханалары мен мұрағат қорларындағы Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде құнды мағлұматтары бар кітаптар мен қолжазбалар туралы мақалалары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға көмегін тигізді.
«Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясынан кейін К.Л.Есмағамбетов ҚР Қаржы министрлігінің шақыртуымен осы ведомствода «Сыртқы қатынастар бөліміне» қызметке алынып, оған басшылық жасады, оның қызметінің бағыттары мен функцияларын анықтады. Қаржы министрінің қабылдауында бірге болып, АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания т.б. елдердің елшілерімен өткен келіссөздер мен сұхбаттардың табысты өтуіне шама-шарқынша үлесін қосты.
Көшім Лекерұлы – аудармашы, мұрағатшы да. Ол Индианна университетінің профессоры Джордж Демконың «Орыстардың Қазақстанды отарлауы», Пейс университетінің профессоры С.П.Синханың «Құқық философиясы» деген кітаптарын ағылшын тілінен тікелей аударды. Отандық тарих ғылымының деректік негізінің кеңеюіне бағытталған сан-алуан іс-шаралардың басы-қасында болып, ҚР Мұрағат ісі және құжаттану жөніндегі ғылыми-техникалық орталықтың директоры болып істеді. Өзінің ғылыми жұмыстарымен бірге ҚР Ұлттық мұрағаты бас директорының кеңесшісі, «Қазақстан мұрағаттары» журналының бас редакторы қызметтерін қоса атқарды. Бұл жөнінде белгілі ғалым Х.Әбжанов: «Басылымның қалыптасып, қапысыз дәйектеуіне 2005-2008 жылдары бас редактор қызметін атқарған тарих ғылымдарының, докторы К.Есмағамбетовтің сүбелі үлес қосқанын айтуымыз жөн», - дегенді.
Ең алдымен Көшім Лекерұлы – көрнекті ғалым, Қазақстан тарихы шетелдік тарихнамасының негізін қалаушы. 2003 жылдың қаңтар айынан ол ҚР Білім және ғылым министрлігі Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының Бас ғылыми қызметкері ретінде өмірінің соңына дейін еңбек етті. Ғалым тарихи оқиғаларға жалаң, не бір дерек көзі емес, бірнеше тілдердегі дереккөздерін салыстырмалы талдау арқылы баға беруге ұмтылды. Бірнеше шет тілдерін білуі оған әлемдік тарих ғылымындағы ғылыми бағыттар мен мектептердегі заманауи қоғамдық ой-пікірлерді қадағалап отыруға мол мүмкіндік берді.
К.Л.Есмағамбетов – Қазақстан тарихын әлемдік тарихнаманың құрамды бөлігі екендігі туралы түсінікті орнықтырған ғалымдардың бірі болды.
Ғылыми ізденістердің дәстүрлі бағыты бойынша «Что писали о нас на Западе», «Қазақтар шетел әдебиетінде», «Азат рухтың күрескері», «Әлем таныған тұлға» деген сүбелі еңбектерді, бірнеше ғылыми мақалаларды жариялады. Соңғы жылдары Көшім Лекерұлы қазақ тарихындағы тағдыры күрделі, рухы биік тұлғаларларға назар аудара бастады. Бала жасынан өлеңдерін жаттап өскен Махамбет Өтемісұлының өмірі мен күрес жолын мұрағат деректері негізінде зерделеді. 20 томдық «Махамбет әлемі» жинағының алғашқы бес кітабына алғы сөз бен түсініктемелер жазды. Мемлекет және қоғам қайраткері З.Баймырзаев туралы «Қайсар қайраткер» деген кітабына Ә.Кекілбаев «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінде оң пікір білдірді. «Әлем таныған тұлға» атты еңбегі отандық және шетелдік ғалымдар тарапынан жоғары бағаланды: Астана, Алматы, Павлодар, Семей, Орал, Атырау, Көкшетау т.б. қалалардағы баспасөз беттерінде оң пікірлер жарияланды. Оны тарих ғылымдарының докторы, профессор Е.Б.Сыдықов пен тарих ғылымдарының докторы Б.Ж.Атантаеваның: «Профессор К.Л.Есмағамбетовтың бұл монографиясы –өте өзекті, дер кезіндегі және өзіндік ерекшелігі бар зерттеу еңбек. Қазақстандық тарихнамада алғаш рет қазақ зиялыларының, оның ішінде Мұстафа Шоқайдың қайраткерлік болмысы мен шығармашылық мұрасын жан-жақты талдап ашқан», экономика ғылымдарының докторы, профессор Е.Арын мен тарих ғылымдарының докторы Р.Таштемханованың: «Бұл еңбек Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ұсынуға лайық деп білеміз» деген қорытулары айғақтайды.
Францияның Шығыс тілдері мен өркениеттері институтының (Париж) ғылыми қызметкері Мария Бретон: «Автор книги не только переработал огромный пласт документов, находящихся в архивах Казахстана, Узбекистана, Российкой Федерации, Башкортстана, Турции, но и детально изучил материалы личного архивного фонда Мустафы Чокая в библиотеке Института восточных языков и цивилизаций в Париже (INALCO), труды самого М.Чокая, написанные им в разные годы на казахском, русском, французком, чагатайском и других языках, воспоминания как соратников, друзей, так и противников и, конечно же, прессу различного направления»,- деген пікір білдірді. Тарихшы А.Ахмет: «Мұстафа Шоқайдың еңбектерін бірімен-бірін салыстыру, зерттеу жолдары арқылы жүргізуге де білік пен білім, бірнеше шет тілін біліп, еркін игеру керек екендігі сөзсіз. Бұл жолда Көшім Лекерұлы ғылыми қағиданы берік ұстанған ғалым. Ғалымның М.Шоқайдың қайытпас қайраткерлік болмысы, артында қалған өлмес мұрасын, ой-тұжырымдарын саралап, зерттеп жеткізуі бүгінгі және келешек ұрпақтар үшін тарихи танымдық, тағылымдық бағыттағы құнды еңбегі деп білеміз».
Ғалымның сүбелі еңбегі еленіп, 2009 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықпен марапатталады. Осы аталған іргелі зерттеудің негізінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті, Еуразия гуманитарлық университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті, Шет тілдері және іскерлік карьера университеті (Алматы) жоғары оқу орындарының оқу үдерісіне арнайы енгізіліп, оқытылды.
Ғалым монографиядан кейін М.Шоқайды зерттеуді жалғастырады. Ол М.Шоқайдың Франциядағы жеке мұрағаттық қорының, Германия, Ресей, Грузия, Түркия, Ұлыбритания т.б. елдердің мұрағаттары мағлұматтарына ағылшын, француз, неміс, түрік, орыс, қазақ, өзбек т.б. тілдеріндегі ізденістерге негізделген «Мұстафа Шоқай шығармаларының толық жинағының» 12 томдығын құрастырып (жалпы көлемі 430 б.т.) орасан зор ғылыми еңбекті аяқтап, баспадан шығаарды. Аталған құнды еңбек туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Хазретәлі Тұрсұн: «Бұл еңбекті осы кезге дейін Шоқайтану бойынша жарық көрген ғылыми еңбектердің ең объективтісі әрі толымдысы деп бағалаймыз. Өйткені қолында Шоқайдың барлық шығармаларының болуы авторға қайраткердің қызметіне барынша дәлелді және шынайы ғылыми талдаулар жасауға мүмкіндік берген», - баға береді.
Көшім Лекерұлы тарихымызды жаңаша жазатын ғалымдар легін қалыптастыруға айтарлықтай үлесін қосты. Ғалым үнемі бұрын зерттелмеген тың тақырыптар төңірегінде ізденістер ұйымдастырып, шәкірттеріне оны зерттеудің бағыт-бағдарын айқындауда еш талған емес. Сондықтан да болар оның қаламынан туған әрбір ғылыми дүниелер оқырманның іздеп жүріп оқитын рухани байлығына айналды. Ғалым 2001-2010 жылдары докторлық диссертацияларды қорғау кеңесінің мүшесі, төрағасы болды. Оның ғылыми жетекшілігімен 9 ғылым докторы, 13 ғылым кандидаты даярланды. Олар тарих ғылымдарының докторлары С.О.Сұмағұлова, Г.С.Жүгенбаева, Ұ.Т.Ахметова, А.Ш.Махаева, Р.М.Таштемханова, Д.С.Байгунаков, Б.К.Бабытов, А.Қ.Ахмет, З.Д.Шаймерденова т.б. Бүгінгі күндері аталған тарихшылар республикамыздың жоғары оқу орындарында жемісті жұмыс жасап келеді.
Осындай ұланғайыр еңбегі ескеріліп, К.Л.Есмағамбетов ҚР Президенттінің жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» (2007), «Астанаға-10 жыл» (2010) медальдарымен және «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен, ҚР Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Құрмет Грамотасымен (1998), Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен (2008) марапатталды.
«Тіршілік үшін төгудей терді төгесің,
Табаның тілініп,
Қабырғаңды сөгесің» - деген ақын (Қадыр Мырза Әли) сөздері тап осы Көшім ағаның өмір сүрудегі табандылығымен мен қайсарлығына арналған секілді.
Тура сөйлеп, өз қөзқарасы бойынша өмір сүре білу оңайға түспейтіні белгілі. Бірақ ол осы қасиеттерімен дараланды. Ол керенау-кердеңдікті де, екіжүзділік пен жағымпаздықты да бірдей жек көреді. Бір жолы Қалтай ағамыз (Мұхамеджанов) Көшағаңа «Інім осы мінезіңмен өспей қалғанға ұқсайсың-ау» деген көрінеді. Дегенмен Көшім Лекерұлы басқаша өмір сүре алмады, себебі ол жағымпаздықты өзін-өзі қорлаушылық деп білді. Ешкімді бөле жармай, үлкенмен де, кішімен де тең сөйлесіп, қай уақытта да адамгершілік пен парасаттылықты, өзіне деген қатаң талап пен ізденімпаздықты биік мақсат тұтқан, қазағының ертеңі үшін аянбаған ғалыымдарым-ұстаз ағамыздың өмір жолы осындай еді.
Аққали Ахмет, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы
Abai.kz