Абайды қайта тану хақында...
Біз Абайды қаншалық танып жүрміз? Шынымен Абайды танып болдық па? Біз білетін Абай мен біз білмейтін Абайдың арасы қаншалық? Абай Семейдегі Ахмет Риза медіреседе оқыды. Ол оқу орны Шығыстану әлемінде қомақты еңбектер жазған Шахабауддин Бахауиддинұлы Маржанидің (1818-1889) бағытын ұстанды. Жәдишілер дін ислам ілімімен қатар математика, химия, жаратылыстану, қоғамтану, жағырафия т.б дүниелік білімдерді игере отырып, дінді ғылым дәрежесіне көтерді, сөйтіп Алланың жасырып қойған шындығын ақылмен табуды ұсынды. /1.64-65б/
Абай онымен тоқтаған жоқ, ол араб, парсы, османлының ескіше түркі тілін және орыс тілін, қазақтың ескі тілін меңгеріп, сонымен бірге Құран, сүнне,усул, фиһ, ақида білімдерін жақсы білді, білім Абайдың рухына сіңген. Айтар сөзін жүректің сүзгісінен өткізіп, қағазға түсірген әлемдік ұлы ойшыл.
Лиаһи ілімдер әуелі адамның рухына сіңеді, сосын барып ол тәнде (бойында) көрініс береді. (Қазақтың исламы осылай қалыптасқан болатын, кейін өкінішке орай әлсіреді). Аузында қанша жерден ілімі болып, іс-әрекетінде имандылық, мәдениеттілік, ізеттілік, ұят, намыс, жауапкершілік т.б құндылықтар болмаса, оны кім дейміз? Демек білім адам бойында көрінуі керек, сонда ғана ол шынайы білімді болады.
Пайғамбарымыз туралы сұрағада Айша (р.а) анамыз, Алла елшісінің мінезі, іс-әрекеті Құран демеп пе еді? Абайды басқаның айтқаны емес, өзінің өлеңдері мен қара сөздеріне зер салып, шамамыз келгенше зерделсек. Абайдың №7, №17,№19, №25, №31, №32, №43-ші қара сөздерінде жас ұрпақты, жалпы қазақты ғылым-білімге шақырады, соның жолын үйретеді. Бұл Абайдың ағартушылық, ойшылдық қыры, ол өз алдына үлкен әңгіме.
Көркем шығармадағы Абайдың негізінде халықтың түсінігі қалыптасқаны шындық. “Абай жолы” романындағы Абай бір рет те намаз оқымайды, біз соған қарап Абай намаз оқымады дейтіндер бар, сөзіміздің дәлелді болуы үшін “Абай жолы” роман-эпопеясынан үзінді келтірейік:
“Абай: -Е, немене, бұл не бар молла-қожаң жиналып, мені Мекеге жібергелі жатырсыңдар ма? Әлде “басы намазға тиген жоқ еді, Құдай жолына салайық, сауап алайық” деп жүрсіңдер ме? - деді”./№4 том, 321 бет./
Ал Абайдың №12, №13, №16, №27, №28, №34,№35, №38, №45-ші қара сөзінің барлығы оның намазда терең ойға шомып, Аллаға жақын болғанының айғағы. Оны тек көкірек көзі ашылғандар сезеді. Біз тағы да романға кезек берсек: “Ал Дәрмен мен Мағаш, Кәкітайлар өздері сүйсінген ойларын аша алмаса да, Абай айтқан жайларға соншалық ынтыға қызығып тыңдайды. Абай әлі сөйлеп отыр.
-Хатта, ол философ құран ішінде адам иланғысыз ертегілер де бар, ғылым, фарасат білген сау ақылды адамдар иланбайтын “жын, сиқыр” сияқтыларға балаша илану да бар дейді. Еске алыңыздаршы? “Әлем тәракәйфа фағғала раббукә би асхабиль фил” деген аят қандай еді? Яғни, “Тәңірі иеге күфірлік келтіргендіктен филь қауымына қарсы, ғажайып құстар келіп, әр адамның баласына тәңірінің қаһар тастарын тастап өлтіргені кәні!” дейді ғой құранда. Осыған қалай лиануға болады? Яки, және де күндегі бес уақыт намазда, мына Көкбай оқып жүретін құран дұғалығы бар. “Құл ағузі бираббил фалақ минашәррима халақа, уәминшари нәффәсәти фил ғуқад” дейді. Яғни, “раббыңнан сақта” деп сұра, сиқыршы кемпірдің шүбірекке түйіп, әфсун оқып сиқырлап тастайтын пәлекетінен сақта деп тіле!” дейді. Бұл философ айтқандай, өзіміз осы күнде иланбайтын, бақсы-құшнаштың сандырағына иланғандықты көрсетеді емес пе? Міне,“хақикат” деп жүргеніміздің кейбірі бара-бара осылай ойлай берсек, сиырқұйымшақтап барып, әлдене боп кететіні де бар!-деп күліп тоқтады.
Жас достарының көбі Абаймен қоса күлді, Көкбай бұдан арыға шыдай алмай, тысқа қарай тартты. /№3 том.30-31беттер./
Әрине, біз қазақтың дара талантты жазушысын жамандаудан аулақпыз, оған заман кінәлі, ол заманда “саптаяқпен ас ішіп, сабына қарауыл қойған” кер замандағы туынды екені баршаға аян. Біздің ойымыз Абайдың әкесі Құнанбайды қайта танығанымыз сияқты Абайды қайта танысақ.
Біз Абайды тану үшін алысқа бармай-ақ, Абай атамыздың №38 қара сөзін бірге талдап көрсек:
“Ей, жүрегімнің қуаты, перзенттерім!” -, деп Абай атамыз сөзін сабақтайды: “Әуелі адам бір нәрсені жақсы көруі керек, жақсы көру үшін адамда адамгершілік, ақыл, ғылым болуы шарт. Ал бұларға жету үшін адам бойында жақсы қасиеттермен бірге дені сау болу. Бұған тағы ортаның(от басы, қоғам, дос) әсерін қосады. Адамның ғылым-білімге махаббаты оянса, сол адам болады, содан соң Алланы таниды, өзін таниды, айналасын таниды, жақсы мен жаманды ажыратады. Әуелі баланы бастан дұрыс тәрбиелеу керек, болмаса ол бала жарым адамға, жарым мұсылманға айналады. Ондай баладан кемел адам шықпайды. Алла Хақиқат, оған тек адам шынайлықпен жақындайды. Адам ғылымы-білімі арқылы әр нәрсенің ішкі сырын білуге, хақиқатқа, шындыққа ұмтылуы керек. Ғылым Алланың бір сипаты әйтсе ғалым адам Аллаға ғашық болуы керек, шынайы ғылымды іздеген адам дүние-мүлік, мансаптан, ақшадан бойын аулақ ұстай алады, сонда ғана ол шын ғалымға айналады. Егер ғалым атақ-абырой, мал таппақ болса, оның ғылымы шала, адамгершілігі де жоқ болады. Адамды атақ пен абырой, мал өзі іздеп тапса, онда ол адамдығына зиян емес. “Алланы сүйіп, шындықты білмек болсаң жақсылап тыңда”,- деп Абай атамыз сөзін жаңарта жалғайды. “Иман - дегеніміз тек сенім ғана емес деп иманның алғашқы үш шартын еске салады, сен иман келтірсең өзің үшін келтіресің, иман келтірмесең де Алла тағалада ешбір кемшілік жоқ. Алла бізге мұқтаж емес, біз Аллаға мұқтажбыз. Өзіңді Алланың құлы деп біліп, сол жолда жүр.
Сіз Алланың ұлы есімдері мен сипаттарына иман келтіресіз, Оның “Тірі, Ғылым, Құдірет, Көруші, Білуші, Қалаушы, Сөйлеуші, Болдырушы” /2./ сипаттары бар, Алла бізді өзінің осы сегіз сипатымен жаратқан, онда біз Алладан бет бұрып басқа қандай жолды таңдаймыз, қандай мұсылман боламыз? Жаратушының көркем есімдерін жақсылап мағынасын білмесек, Алланы дұрыс тани алмаймыз. Әрине, Алланы біз аздап білсек те жетіп жатыр, Алланы толық тану, түгелімен білу еш мүмкін емес, Алланың заты тұрмақ, хикіметіне ешбір ғалым-ғұламаның ақылы жетпейді. Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі, әйтсе өлшеулі мен өлшеусізді қайтіп өлшейміз? Кітаптарда Алла тағаланың біз білетін сегіз сипаты мен тоқсан тоғыз түрлі көркем есімдері айтылады, ал біз білмейтін Алла тағаланың сансыз есімдері бар, ғаламның ішінде ғаламдар бар шығар. Ісін көрде істеушіні таны.“Алланың “Көруші, Білуші, Қалаушы, Сөйлеуші, Болдырушы” сипаттары Өзінің “Ғылым мен Құдірет” сипатын бізге ашықтап түсіндіреді, сен аспанға қара, жерге қара, ортасындағыларға қара, Оның жаратқан әрбір заты хикметпен, шебер орналастырлыған, оған сіз бен біздің ақылымыз жетпейді. Адамға Алла тағала ақыл, қайрат, күш беріп, өзіне бойсұнуды бұйырды. Болмаса адасады. Алланың Рақыман(Рақымды), Рахим(Қайырымды),Ғафур(Кешірімді),Уадуд(Ақпейіл), Хафиз(Сақтаушы),
Саттар(Айыпты жабушы), Раззақ(Рыздық беруші), Нафиғ(Напақа беруші), Уакил(Қорғашы), Латиф(Ілтипатты) /2./ есімдерін ұлықтап Алла тағалның бұл ғаламды ақыл жетпейтін етіп жаратқан. Мысалға: жансыз заттардан(судан, шөптен) пайда алатын тіршілік иесі етіп хайуанды жаратты, ал адамға сол хайуанды бақтырып, одан алған пайдасын (оны жеуді, мінуді) хияметте сұралмайтын етіп жаратты. Адам баласы басқа үлкенді-кішлі істері үшін мақшарда жауап береді, оның өзі Алланың бізді жақсы көргендігі, әділдігі. Алла тағаланың адамды ерекше ілімімен жаратқан, адам дене бітіміне бір-бірлеп зер сала қарайды, дене мүшелеріміздің соншама үйлесіммен, кемел жаратылғанына таңғалады. Жартушының адамға берген нығметтерін санап тауса алмайсың, жер бетіне Алла тағала адам үшін қисапсыз дастархан жайып қойған, олар еш таусылмайды, жердің бетінде адамның менікі дейтін ештеңесі жоқ бәрі Алланікі. Ал ғылымды меңгеріп, өнер тапсаң, жаңалық ашсаң тағы сол Алланың берген ақылымен, денсаулығымен, күшімен таптың. “Алла бізді жақсы көрген соң осының бәрін берді, біз де Алланы жақсы көруіміз, құлшылық жасаумыз парыз”,- дейді хакім Абай. Тағы бір тың тақырыпты Абай атамыз былай бастайды: “Алла тағаланың пенделеріне салған жолы қандай? Оны көбі білмейді. Алла тағала адамға терең ойлан дейді. “Егер сен Алланы сүйсең, Ол да сені сүйеді. Адамдарға жақсылық жаса, өйткені Алла жақсылық жасаушыны жақсы көреді. Аллаға иман келтіріп, жақсы істер істейтін адам жәнатқа барады. Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы жоқ. Кім әділетсіз болса, сол имансыз”- деген аят-хадистермен бастап, Құранның іші толған ізгілік, адамды тек жалаң иман құтқармайды, сол иманың өн бойыңнан көрінсін,- дейді ғұлама. Адам әр кез Аллаға шүкірін, рақметін айтса, онда ол жақсы адам, содан оның иман күшейеді. Сен әу баста талаптанып мұсылман боласың, содан соң адам боласың, солай шыншыл, ізігілік жолындағы даналықа талпынасың.
Алла о бастан адамды ғылымға құштар, рақымды, әділетті етіп жаратқан, ал енді осы қасиеттерді ары қарай дамыту не сөндіру әр адамның өз ісі. Осы қасиеттерді кемеліне жеткізгеннің ең мықтысы пайғамбар, содан соң әулие, одан соң хакім, ең соңғысы толық мұсылман”,- деп топшылайды дана Абай. “Пайғамбар мен Әулиелернің жүрек көзі ашылған Алланың шынайы құлдары, олар Аллаға шын ғашық болғандар-дүниеде тек ақретін ойлағандар. Ал Хакімдер болса, дүниелік істерді ақреттік іске айналдырғандар, бәрі бір Алланы ұлықтайды. Оларда нәпсі деген болмайды. Адам пендесінің ең соңғы рухани биік дәрежесі әулиелік деп бағамдасақ, әулиенің бәрі дүниені тәркі етті десек, сонда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім жинайды?”- деп шектен шықпауды айтады. “Әрине, күнәдан тиылған түрде харам, макруһ жемей, таза дүние тап, Аллаға шүкір ет”-, деп сөзін түйеді Абай. “Аллаға байлан да хәрекет ет, себебін жаса, сонда елге жем болмайсың”. “Енді не мұсылман емес, не кәпір емес орта жолда жүрсең, сол жаман”,- деп жиіркенеді. “Әулиелердің барлығын дүниеден безген деп айта алмаймыз, нағыз әулие, ол дүниені қолында ұстап тұрса да, жүрегі тек Алла деп соғады”. Сырты халықпен, іші Хақпен болғандар нағыз кемел адамдар. Адамды бұзатын нәрсе, ол - адасушылық, білімсіздік, надандық, жат топтың артынан кету солай тарихқа кіру. Білім сыртқы және ішкі білім болып бөлінеді. Сыртқы білімді ұстанғандар тек ақылымен жұмыс жасайды, олар ғалым атанады, әрбір ғалым хакім емес, ал әрбір хакім ол ғалым. Хакімдер тек өз рухын, жүрегін тыңдайды, олардың ақылы соған бағынады, олар адаспайды.
Иман екі түрлі болады, бірі біреуге еріп, уағыз тыңдап, кітап оқып жеткен нақыли иман болса, енді бірі, ол хакімдердің иманы, ол (Яқин), шынайы терең оймен, жүректің көзімен өзі Хақты таныған ғақли иман. Адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам” деп Пайғамбарымыздың хадисімен сөзін тұздықтаған Абай, “ Заман өзгереді, бірақ қағидалар өзгеремейді. Менің заманымның молдалары хакімдерге дұшпан”,“ молдалар білімсіз, олар араб, парсыдан аздап тіл сындырса, сосын бірлі жарым, болымсыз сөз жаттап, шала білгеніне мәз болып, елге пайдасы тимек тұрмақ, елді шатастырып бітіреді”,- деп ашынады. “Олардың білімі тек бірді-екілі, аузында ғана, рухына білім сіңбеген, нағыз бұзықтар сол. Олар шын сөзге ор қазады, ал шын сөз ол Алланкі, олар сонда кімдер?”,- деп сөзін сабақтайды. “Түркияда ескі форматтағы медреселер заманға қарай жаңартылып, әскери мектеп, түрлі дүниелік білімдер қоса оқылатын мекетеп болған. Ал мына молдалар сол баяғы ескі медреседе оқыған, олар ғылымды пайдасыз көреді, бүгінгі тіршілік дүниесінде надан, ессізге айналады, не олардың тірлікке бейімі жоқ, солай олар ел алдаудан басқаға жарамайды, олардың білімі шынайы болмағасын, жүректен шықпайды, ондай білімнің адамға еш пайдасы болмайды. Олардың ақылын жөнге салатын Алланың нұры жүрегінде жоқ, енді тіршілікке бейімі болмағасын, кедей болады, солай жоқшылық адамды хайуандандырып жібереді”,- деп сөзін түйіндейді ойшыл Абай. Дүние ғылымын білмеу ол зиянды, ол Құранда сөгілген. “Біз әрине ғылымды малға сат демейміз, ғылым арқылы өнер тауып, кәсіптен, сонда мал өзі іздейді”,- дейді. Бірақ біздің өнеріміз шариғаттың заңына сәйкес болсын, әр кез Алланың көріп тұрғанын сезіне білу керек. Сонымен бірге өз заманының ишандарын сынайды, олардың білімсіздігін алға тартады, солай өздерінше тарихат қалыптастырғанына жаны ашиды. Олардың тек ел алдап жүргеніне өкінеді. Алла жолы шексіз, оның ешкім түбіне жетпейді, кімде-кім сол жолға жүруді өзіне шарт етсе, ол таза мұсылман, толық адам делінеді. Дүние қусаң өз пайдаңа, егер сол дүниеңмен, ақылыңмен адамға көмек берсең, пендеге жақсылық жасау мақсатында болсаң ол Құдай жолы. Өкініше орай, көп адамның мақсаты басқа, тек өзін ойлайды, олар сәндене киініп, құр мақтанады, одан не шықты? Мақтаншақ адам ол ішітар, күншіл болады. Алла тағала сенің сыртыңа қарамайды, жүрегіңе қарайды, егер адам жаманшылықтың арасына жүріп өзін таза ұстай алса ол адам, ал егер өзін басқалардан артық санаса онда оның құрығаны, ал енді елге қастық жасау, басқаларды қорлау ол нағыз хайуандық. Барлық адам баласын қор қылатын үш нәрсе: надандық(хайуандық), еріншектік(жігерсіздік, ұятсыздық, кедейлік), залымдық(жыртқыш хайуандық). Құдай тағала барлық нәрсені себепсіз жаратпады, әрі оның бәрін бір хикметпен жаратты, демек, надандықтан құтылуға талаптануды, талаптануға ниет етуді себеп етті. Адам білімі арқылы тура жолға түседі, міне осылай бәрін Алла бір-біріне байлаған, біз соны түсінсек. Ал сіз намаз оқуға ниет еттіңіз, бұл сіздің ішкі иманыңыздан, оның сыртқы көрінісі толық дәрет алу, намазға тұру, ал енді сіз намазда Алланы көріп тұрмын, не Алла мені көріп тұр деп сезіне алсаң ол сенің ішкі иманыңнан. “Егер күзетші тек ояу тұрмын деп күзетіп тұрған нәрсесін білмесе, оның несі күзет?”,- деп мысал береді. Сөз соңында Абай атамыз дәреттен бастап, намыздың іші мен сыртына өте жіңішкелікпен тоқталады. Намаздағы бірінші сәжде ол сенің жерден жаралғанңды растауың, екінші сәжде сол қара жерге қайтатыныңа мақұлдық танытқаның, ал ортадағы бас көтергенің сенің қайта тіріліп сұраққа жауап беретініңді қостағаның. “Осы сөздерден ғибарат алдыңыз ба?”,- деп сұрақ бере сөзін тамамдайды./3./
Ал Абай атамыздың Қалған 30 сөзі дерлік, Қазақ психологиясы мен қоғамындағы кемшіліктерді саралай талдайды және оны шешудің жолын исламдық құндылықтарды “тез” етіп соған салып түзеуге шақырады.
Пайдаланған әдебиеттер:
- Қыдырбек Әлқожаев “Абай эстетикасы және ислам” Ан-Арыс баспасы, Алматы 2007жыл
- Сәдуақас Ерматұлы Ерматов (орыс тілінен аударған) “Алланың 99 ғажайы есімі” мерей баспасы, Алматы, 2006 жыл
- Акбар мажит, Су жоу шоиң “Абай ақылиялары” ҚХР ұлттар баспасы, Бейжің.1995 жыл
- Мұхтар Әуезов “Абай жолы” №3,4 том, Жазушы баспасы, Алматы 2013жыл
Нұрхалық Әбдірақын
Abai.kz