Астана жастардың көзімен
Мен үшін Астана — ең алдымен, шексіз мүмкіндіктер мекені және асқақ армандар мен биік мақсаттардың алтын кілті дер едім. Болашағын елордамыз Астанамен байланыстарған адамның алдынан екі бірдей есік ашылады: бірі — ғылым-білімге деген, келесісі — жаңа орта, жаңа мүмкіндіктер мен жаңа идеяларға толы жарқын болашаққа деген бастау. Бұл үлкен қалада үнемі қайнаған тіршілік, айналаңда жанталасып-жағаласып жүрген бір адам, яғни бәсекелестік өте жоғары, ал бәсекелестік бар жерде ғана алға жылжуға, дамуға мүмкіндік бар.
Біз сияқты жастар үшін махаббаттың, жасампаздықтың, достықтың, сұлулықтың символы іспетті Астанада сәулет өнерінің теңдессіз үлгілері саналатын кешендер бой көтеруде. Он тоғыз жылда сүйікті елордамыз ғажайып шаһарға айналды, әлем алдында беделі күн санап артып келеді.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, Астана — бүгінгі күні үш тілділіктің де дамыған ортасы, ондағы жастардың көбі үш тілдің де қажеттілігін, маңыздылығын жете түсінеді.
Мен — Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 2-курс студентімін. Тек бір университетімнің өзі маған бүгінге дейін көп нәрсе берді және мұндағы түрлі ғылым-білімнің асқар шыңын бағындырған ұстаздарымыздан тәлім алу — кез келген студенттің өзіне деген сенімін күшейтіп, биіктерді бағындыруға ұмтылдырады.
«Астанада не бар? Астананың өзге қалалардан қай жері артық?» деген сауалға мен былай деп жауап берген болар едім: «Астанада жаныңа не керектің бәрі бар және оның артықшылықтарын көре білу және оны мүмкіндік ретінде пайдалана білу — әр адамның өз қолында». Себебі, Астана — ызғары мен жылылығы, суығы мен сұлулығы қатар жүретін жұмбақ қала болғанмен, шешуін таба білген жанның басына қонған бақ шығар.
Өз басым Отанымның астанасы Астананы ештеңеге теңгермеймін, думаны мол студенттік шақтың, жалынды жастықтың ордасы әрдайым жүрегімнің түкпірінде. Астанам! Өзіңе бәрі үшін шексіз алғыс жаудырамын! Туған күнің құтты болсын! Қазаққа құтты мекен бол!
Қарлығаш ҚҰРАМЫСОВА,
Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық
университетінің 2-курс студенті.
КӨҢІЛГЕ ШАТТЫҚ СЫЙЛАЙДЫ
Ақтөбеден Елордаға арман қуып 2012 жылы келдім. Республикалық «Хабар» телеарнасына белгілі журналист Зейін Әліпбек шақырған болатын. «Хабардың» Сарыарқа көшесінде орналасқан ескі ғимаратында өткізілген кастингке демімді ішіме тартып, кішкене жүрексініп барғаным әлі есімде. Көп ұзамай «Таңғы жаңалықтарға» жүргізуші етіп жұмысқа қабылдады. Ал журналистік жолым «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасынан басталды. Өңірлік арна үлкен мектеп, ұстахана болды. Ондағы жинақтаған тәжірибемнің, білген-түйгенімнің кейін Астанадағы жұмысымда өзімді кәсіби маман ретінде көрсетуіме септігі тиді. Міне, содан бері бес жылға жуықтады. «Хабар» арнасында әуелі «Таңғы жаңалықтарды» жүргіздім, одан күндізгісіне ауыстық. Уақыт өте келе кешкі «Қорытынды жаңалықтарды» жүргізуді сеніп тапсырды. Авторлық бағдарламаларды жүргіздім. Продюсерлік қызметті де қатар алып жүрдім. Бір жарым жылдан бері «Қорытынды жаңалықтардың» авторы әрі жүргізушісімін. Кәсібім өзіме ұнайды. Астана осылай менің жолымды ашты.
Біз көргелі Астана да жыл сайын құлпырып келе жатыр. Әсіресе кешкілік жұмыстан қайтқанда түнгі шамдары самаладай жарқыраған шаһардың келбеті адам танымастай өзгереді. Есілдің сол жағалауының көркіне көз тоймайды, кешкісін осындай уақытта отбасыммен серуендегенді ұнатамын. Жақында ЭКСПО қалашығына барып, біраз тамашаны көріп қайттық. Әлемдік деңгейдегі ауқымды шараның бас қаламызда өтіп жатқаны, әрине, қуантады. 120 елдің павильонын түгел көріп шығу үшін бір күн аздық етеді екен. Бәрін қалдырмай аралап шығуға кемінде екі күн кетеді. Өзімізге де ұнады, балаларым бір қуанып қалды. Көрмедегі көп дүние балаларға арналған сияқты.
Ал туып-өскен жерім Ақтөбеге жыл сайын барып тұрамын. Түлеп ұшқан жеріңді сағынып-ақ тұрасың…. Оның үстіне туған бауырларым да сонда. Бұл жылы да сәтін салса, барып-қайту ойда бар.
Ғани ӨТЕПБАЙҰЛЫ, республикалық
«Хабар» телеарнасының тележүргізушісі.
Менің сүйікті қалам
Астана қаласында тұрып жатқаныма 8 жыл болыпты. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің халықаралық қатынастар факультетін бітіргенмін. Астанада жоғары білімді маман болсын, тіпті мамандығы жоқ адам болсын өзінің ойынан шығатындай жұмыс тауып алуына мол мүмкіндік бар. Мен де әртүрлі мекеме-компанияларда қызмет еттім. Қазір «Бюро Веритас Казахстан» ЖШС-ында (Bureau Veritas Kazakhstan —халықаралық шетелдік компания, бас кеңсесі Париж қаласында) сатып алу мен логистика бойынша маман болып қызмет істеймін.
Астана, әсіресе, жастарға қатты ұнайды. Астананың туған күнінде жыл сайын «Астана Опера», Ұлттық музей, «Барыс» хоккей клубы, «Хан Шатыр», Тәуелсіздік Сарайы сияқты небір жаңа ғимараттар бой көтеріп, шаһардың сән-салтанатын асырып келеді. Биылғы жағдай мүлде бөлек, халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесі өтуде. Жүздеген мемлекет өздерінің көрмелерін халық назарына ұсынуда. ЭКСПО кешеніндегі түрлі елдердің көрмелерін бір күнде аралап шығу мүмкін емес. Көрме тек қана «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналмаған, өзге жұрттардың ұлттық ерекшеліктерімен, мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік береді. Әр ел — бір әлем, бейнебір Африка, Үнді, тағы да басқа елдерге құдды барып келгендей әсер аласың.
Әрине, ЭКСПО-ның елімізде өткізілуіне қатысты кейбіреулер жағымсыз пікірлер айтты, біз іс жүзінде мұндай өте ауқымды шараның жақсы ұйымдастырылғанына, оның сәтті өтіп жатқанына куә болып жүрміз, сол үшін қуанамыз.
Астананың қоғамдық-саяси, мәдени өмірі қыз-қыз қайнап жатады. Елорда болған соң мемлекеттік ауқымдағы шаралар таусылмайды. Қайда барам деп ойланып жатпайсың. «Астана Опера», Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ драма театры, М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театры, Жастар театры, қалалық қуыршақ театры, түрлі концерттер, киноапталықтар күнде болып жатады.
Спорттық шаралар да солай.
Ал Астананың қатал табиғаты да жұмсарып, ауа райы да жылдан-жылға жылынып келе жатқан сияқты. Ақырған аязы мен өкпек желі қазір бұрынғыдай әсер етпейді, мүмкін, біз үйреніскен шығармыз.
Астанада өмір сүру өзіме ұнайды, болашағы бар қала, жастардың талабын ұштайды, олардың армандарын жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Бізге сонысымен ыстық, сонысымен қымбат.
Малика ҚҰРМАНАЛИНА.
Астана.
Заманауи әрі жас қала
Назарбаев Университетінің Ғылым және технология мектебі, биология ғылымдары факультетінде оқып жатқаныма 4 жылдан асты.
Алғашқы жылдары Астана қаласы өзімнің туған қалам Ақтөбеге мүлде ұқсамайтын сияқты көрінетін, жылдар өте келе олардың өзара ұқсастықтарын аңғара бастадым. Оқуға келерде маған таныстарым Астананың қысының қатты болатынын, ол кезде көшеде қыдыру мүмкін еместігін айтқан еді. Кейін қарасам, климатының жанға жайлы әрі Ақтөбеден айырмашылығы шамалы болып шыққанына таңғалдым. Астананың ауа райының мені тағы бір қайран қалдырғаны — аспанының кеңдігі болды. Оған қаланың жазықтықта орналасуы себеп болса керек. Назарбаев Университеті қаланың шет жағында болғандықтан, күнде кешкісін жатақхана терезесінен күннің ұясына батып бара жатқандағы керемет көрініске қызыға қараймыз.
Маған Астананың жаңа қаласының архитектурасы ерекше ұнайды. Мұндағы ғимараттар ешкімге ұқсамайтын өзгеше түрімен қалаға көрік беріп тұр әрі оның үздіксіз даму мен өзгеру үстінде екенін айғақтап тұрғандай. Ұдайы қозғалыстағы, өсу үстіндегі қалаға келгелі менің көз алдымда көп нәрсе күнбе-күн өзгеріп жатыр. Мұнда студенттердің зерігетін уақыты жоқ, түрлі шараларға қатысып, университетке келген сяасаткерлермен, Нобель сыйлығының лауреаттары сияқты небір тұлғалармен кездесіп, көп нәрсені көкейге түйіп жатырмыз. Біздің университеттің көптеген студенттері ЭКСПО-да еріктілер болып жұмыс жасауда. Өз басым университетте ғылыми жұмыспен айналысып жүрмін.
Ғалым ИСМАҒҰЛОВ,
Назарбаев Университетінің 4-курс студенті
Abai.kz