Рафаэль Ниязбек. Көкірегі қазына қария туған халқының тағдырын көп ойлайтын еді
Қазақстанның Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» деп аталатын сыр-сұхбат түрінде жарық көрген кітабын ден қойып, саралап оқып шыққанда көзім жеткен анық нәрсе: ол -
Жамбыл көшесі мен Жароков көшесінің қиылысындағы саябаққа кешке қарай келіп, үнді халқының ұлы көсемі Махатма Гандидің ескерткішінің жанына жағалай орнатылған орындықтардың біріне жайғасып, сонда жиналған қариялармен әңгіме-дүкен құрып, қараңғы түсе үйіне ақырын аяңдап қайтатын Жағда Бабалықұлының көп шалдардың бірі емес, көңілі көсем нағыз абыз ақсақал екендігі болды.
Қазақстанның Жастар одағы және Халықаралық «Алаш» сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ақын Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» деп аталатын сыр-сұхбат түрінде жарық көрген кітабын ден қойып, саралап оқып шыққанда көзім жеткен анық нәрсе: ол -
Жамбыл көшесі мен Жароков көшесінің қиылысындағы саябаққа кешке қарай келіп, үнді халқының ұлы көсемі Махатма Гандидің ескерткішінің жанына жағалай орнатылған орындықтардың біріне жайғасып, сонда жиналған қариялармен әңгіме-дүкен құрып, қараңғы түсе үйіне ақырын аяңдап қайтатын Жағда Бабалықұлының көп шалдардың бірі емес, көңілі көсем нағыз абыз ақсақал екендігі болды.
Батыр Бауыржан (Момышұлы) жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Ол кісі от басы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты «шал» деп, өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген кәнігі қартты «қария» деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдын асырып отыратын қартты «ақсақал» деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңіре білген қартты «абыз» деп атаған.
Рас, Жағда ақсақал ақын емес. Бірақ солай десек те, халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, арғы-бергі тарихын, көне мәдениетін, ескі сөздерін зерттеп, ғылымға қыруар еңбек сіңірсе де Жағда ақсақалдың өмір жолының ауыр болғаны қалай?! Сонда, сонда деймін-ау, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының «ұлым дейтін халық болмаса, халқым дейтін ұл қайдан болсын» деген аталы сөзін ұмытқаны ма, бұл елдің?!
Ертеде біреу: «Өмір дегенің өксік екен ғой» депті. Шынында солай шығар, кім білген. Әйтпесе Мағжан ақын «Өмір деген абақты саналыға» деп шырқырып мұң шағар ма еді... Бірақ қалай десек те, Жағда ақсақал қилы-қилы тағдырды бастан өткеріп, көкірегіне қордаланып жиылған қазынаны елге бере алмай қанша булығып, пұшайман хал кешсе де, қайғының өзінен қайрат тауып, соңғы демі бітер алдында кеудесінде тулаған дарияның бір бұлақ көзін ашып үлгерген еді. Бұған қаламы жүйрік Қасымхан себеп болғанға ұқсайды.
Күннің сәулесі түспейтін адам болмайды. Бірақ адамға адамның сәулесі оңайлықпен түсе бермейді. Мүмкін адам бойында тас дәуірден қалған бір қатыгездік бар шығар, кім біледі? Әйтпесе Томас Гоббе: «Адам - адамға қасқыр» деп айтпас еді.
Қ.Бегмановтың өзге қаламгерлерге қарағанда озық бір қасиеті - уақыт құмының астына көміліп ұмыт қалған жәдігерлер мен құндылықтарды аршып, жарыққа шығаруға, жығылғанды сүйеп тұрғызуға, заманында қуғын-сүргін көріп, тағдыр тауқыметін тартып, азап шегіп көз жұмған марқұмдардың рухын тірілтіп, жүрек отын жағуға құлшынып, білек сыбанып кірісіп кететіндігі.
Қ.Бегмановтың сондай еңбегі халқымыздың ұмыт бола бастаған салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, арғы-бергі тарихын, көне мәдениетін, шерлі шежіресін жетік зерттеп білген этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлы жайында көз майын тауысып жазған көлемді еңбегінде айқын көрінді.
Ендеше, қалың елдің ішінде елеусіз ғұмыр кешкен Жағда Бабалықұлы кім? Қасымханды қызықтырып, қолына қалам алып, кітап жазуына түрткі болған ол кісінің қай қасиеті? Сырт қарағанда жағына жалғыз тал қылтанақ өспеген көп көсе шалдың бірі сияқты. Бірақ сөйлесіп, тілдесе келгенде оның бойын жасырған тұлпар секілді көңілі көсем кісі екендігіне көзің жете түседі.
Жағда ақсақалдың көзінде арылмай тұрған мұңның ар жағында тұңғиық сыр жатқанын кездескен бойда жіті аңғарған Қасымхан жан дүниесі бай, көргені мен түйгені мол, көкірегі қазына қартты сөйлетіп, ел, жер, тіл, діл туралы пайымдарын, қазақтың аңшылық қасиетін, төрт түлік малдың түр-түсіне қарай қалай аталатынын, Алаш жұртының өткені, бүгіні, болашағы жайлы ойларын қағазға түсіріп алып қалмақ болды. Алғашында қарағайға қарсы біткен қайсар бұтақ секілді тағдырмен ұстасып, жағаласып өскен асау шалдың көңілін тауып, сөйлесу оңай болған жоқ, әрине. Өйткені Жағда ақсақал да шығарған күйін жұрттан жасырып тартатын кірпияз күйші секілді көңілінің көмбесін анау-мынау кісіге ашып көрсете бермейтін.
Бұл кітап, сайып келгенде, көпті көрген, көп тауқыметті бастан өткерген Жағда Бабалықұлының тереңнен қайнап шыққан жан сыры, қара бұлттың қоршауында тұншығып бұлқынған бұла арманы, өмір бойы көзінен арылмаған мұңы. Мұқағали ақын кезінде «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» деп семсер сөзін сертке ұстап сөйлеп еді. Сол секілді Жағда ақсақал да жер үстінің тіршілігіне ойлы көз жүгіртіп, уақыттың суырған құмы көміп, ұмыт қалған асыл мұраны жүрек қалауымен жиып-теріп, қағазға түсіріп, хаттап, туған халқына қайыра ұсынбақ болған. Алайда ақсақалдың айдынға салған қайығын уақыт құйыны олай қуып, былай қуып, көтерген желкенін жел жыртып, оған мүмкіндік бермеді. Арғы бетте: «Сен Кеңес өкіметімен байланыс жасайсың, олардан қару алмақшы болғансың» деп жала жауып, төрт дүркін түрмеге қамап, қиын сұрақтың астына алып, талай естен тандырған.
Бергі бетте де оның туы желбірей қоймады. «Қытайдың жансызы» деп аңдытып қойды. Жағда қайда барса да ту сыртынан қадалған суық көзден құтыла алмады. Алайда елім деп еңіреген, халқым деп қабырғасы қайысқан, ұлтым деп ұран көтерген азамат ердің қай кезде жолы жеңіл болып еді. Алла Тағала рухы биік жандарды осылай қиынға салып сынайтын шығар, кім біледі?!
Бірақ қалай десек те, Жағда ақсақал - арғы бетте де, бергі бетте де ұлтын жан-тәнімен сүйген зиялы қауымның қатарынан табылып, этнографиялық жайларды қаузап, туған халқының асыл мұрасын жинап, рухани байлығын арттыруға талпынып, көп күш жұмсаған ғұлама ғалым. Рас, оның ғылыми атағы жоқ. Ел ішінде елеусіз өмір кешкен есіл ердің қасиетін танып, еңбегін бағалайтын жұмырбасты пенде бар ма бүгінде. Әйтсе де Жағданың ақиқаттың көзімен үңілген кісіге осы күнгі атағы бар көп ғалымдардан бізге биік көрінетіні жалған емес. Жер бетінде көзге көрінген тіршілік атаулының жаратылыс-болмысын жетік білетін және оның табиғатын жіті танып, түсін түстеп, қасиет ерекшелігін дөп басып, айтып бере алатын Жағда сияқты көңілі көсем кісіні өз басым әлі кезіктірген емеспін. Ол, бір сөзбен айтқанда, қандай қиын тақырыпқа салсаң да жарға соғылған ақжал толқындай іркіліп қалмай, бірден суырылып ала жөнелетін көненің көзі, абыздың нақ өзі.
Расы солай. Жағда ақсақал көңілі көсем кісі болмаса уағында тарихи деректерді көп жинаса да, кейін оны былай ысырып қойып, қазақ тілі туралы еңбек жазуға қызу кіріспес еді. Сөйтіп, ұзақ жылдар бойы ескі сөздерді тірнектеп жиып, қағазға түсіріп, жиырма том етіп хаттап қойған болатын. Бірақ одан не пайда? Жарыққа шығаратын жанашыр кісі табылмай, әлі күнге дейін үйінде шаң басып жатыр.
Жағда ақсақалдың қомақты бұл еңбегі еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдарында жарық көргенде, несін айтасың, қазақ тілінің сөздік қоры мол екендігіне көзі жетіп, «от басы, ошақ қасының» тілі деп кемітіп келгендердің ауыздарына құм құйылар еді. Темірді қызған кезде соқпай дүниенің бәрінен кеш қалып, опынып жүретін қазақтың бейқамдығы, салғырттығы бұған тағы да қолбайлау болған секілді.
Заманында айдын асырып, бетін дауыл сапырғанда көкжал толқындарын аспанға атып, бұрқанып, тулап жататын ұлы теңіздің күні біткенде жер астына сіңіп, ізім-ғайым жоғалатыны секілді қазақ сөзі де жаһанданудың қысымына шыдамай уақыт өте келе қолданыстан қалып, бірте-бірте құрып кетпесіне кім кепіл. Ендеше, ұлттық рухты ту етіп көтеріп, найзаны қалай ұштаса тілді де солай ұштап, дамытып отыру қажет. Тіл жоғалса, халық бірге жоғалады.
Егеулі найза еттен өтеді, ал өткір сөз мірдің оғы секілді, сүйектен өтеді. Сөзің өткір болмай - найзаң өткір болмайды, найзаң өткір болмай - жауың сескенбейді. Қытай халқының өсіп, өркендеп, бүкіл әлемге айбарлы көрініп, сес танытып отырған себебі: екі мың жылдан астам уақыт бойы тілдік қорын жинап, зерттеп, дамытып келе жатқандығынан.
Кеңес өкіметі тұсында мінген атынан айырылып, қара жаяу қалып, шарасыз кейіпте басын ноқтаға сұғып, рухы жасып, құлдың күйін кешкен ата қазақтың ай, күннің аманында тілінен, ділінен, дінінен алыстап, боркемікке айналғанын көргенде жат жерде өктем күштің талай құқайын бастан өткеріп, қыл шылбырдай шымыр есіліп, ширығып өскен Жағда Бабалықұлы бұған төзбеді. Ұлы Даланы жайлаған Алаш жұртын аралап, намысын жанып, есте қалған есті сөздерді жинап, қазақ тілінің қорын молайтып, тілі бай елдің рухы күшті болатынын ұғындырып, сол арқылы халықты құлдық санадан арылтып, ұлт деңгейіне көтермек болды. Қабырғалы қазақ ұлт деңгейіне көтерілгенде ғана жері мен суына, қазына мен асыл мұрасына, тілі мен дініне... қысқасы, барлық құндылығына өзі ие болып, кеудесін жатқа бастырмайтын іргелі елге айналады деп ойлаған.
Оның үстіне Жағда ақсақал өзін қоршаған ортамен тіл табысып, өз идея-мақсатын жүзеге асырудың тиімді жолдарын қарастыра білмеді. Дей тұрсақ та, ғалымның өз жүрек әмірімен бүкіл жиып-тергенін хатқа түсіріп, бір бөлігін там-тұмдап баспасөз беттерінде жариялағаны болмаса, солардың көбісі әлі күнге дейін назарға ілінбей, Академияның мұрағатында және өз үйінің бір бұрышында шаң басып жатқаны қалай?!
Ол жинаған ескі сөздерді кітаптан оқып отырғанда қазақ халқының сөздік қоры өте бай екендігіне көзің жетіп, өз-өзіңнен қуаныш сезімге бөленіп, көкірегің күмбірлеген күйге толып жүре береді. Мысалы, адамның тек мойнынан жоғары шашына дейінгі аралықта бес жүзден астам атау барын, қазақы қойдың бір сирағында жүз жиырма атау сөз барын, қазақы жылқының бойында үш жүз елуден астам бояу түрлері бар екенін Жағда ақсақалдан бұрын қай ғалым қағазға түсіріп, хаттап, халыққа ұсынып еді. Ол аз десең, адамның басы жөнінде жинаған атаулардың өзі қанша. Санап, атап шығудың өзіне едәуір уақыт кетеді. Сенбесеңіз, санап көріңіз: ақ бас, астау бас, ала бас, ақшеке бас, аламыш бас, ақылды бас, ақымақ бас, айна бас, айдарлы бас, бақа бас, мау бас болып тізіліп кете береді.
Ал адамның көз атаулары жөнінде де осыны айтуға болады: ала көз, алағай көз, албасты көз, ақ көз, абай көз, айнам көз, боз көз, бақа көз, бота көз, бадырақ көз, балық көз, бұқа көз, көген көз боп жалғасып, ұзын-сонар тізім құрайды.
Жағда ақсақалдың осының бәрін ерінбей, жалықпай тірнектеп жинап, бір ізге түсіріп, тізіп, жазып шыққанына таңданбасқа шара қайсы. Бірақ оның елге сіңірген басқа еңбегін айтпағанда, бір ғана бас пен көзге байланысты атауларды ұлан-ғайыр байтақ даладан бытырадай шашылған тарыны шымшып тергендей боп жинап, сарылып, азап шеккенін былайғы жұрт қайдан білсін.
Ол жалғыз қазақтың ел аузында жүрген ескі сөздерді жинаумен шектеліп қалмаған. Жұмыр жерді жайлаған өзге халықтардың ұлылары тудырған шығармаларының сөздік қорына да жіті үңілген. Атақты Шекспирдің сөздік қоры он бес мың сөзден тұратынын, Байрон мен Маяковскийдің де сөздік қоры осы шамада екенін, ал Пушкиннің шығармасындағы сөздік қоры бір мың жүз тоқсан жеті сөзге жеткенін, Әлішер Науаидың сөздік қоры жиырма алты мыңды құрағанын, Мұхтар Әуезов «Абай жолы»эпопеясында он алты мың тоғыз жүз сексен үш сөз қолданғанын зерттеп білген. Бұның өзі де, түптеп келгенде, аз еңбек емес.
Ғалымның ғұмыр бойы ізденіп, көз майын тауысып, табанынан тозып жүріп, ел аузынан жиған бұл елеулі еңбегін қазақтың тіліне жаны ашыған, ұлтын сүйген қай кісі де жоғары бағалап, оған жүрек төрін ұсынары даусыз. Бірақ мәселе бұнымен бітпейді. Бір кісінің табысына алданбай тілдік қорымызды одан әрі зерттеп, дамыта бергеніміз ләзім. Тіл - ұлт тағдыры, тіл - тәуелсіздік тағдыры. Озық ойлы елдің қай-қайсысы да өз ұлтын жоғалтып алмаудың қамын жасап, уақытша табысқа алданбай, өліп-тіріліп тілдік қорын жинаған. Жағда ақсақалдың сөзімен айтқанда, «Тіл қорын жинау - бүкіләлемдік ғылыми жұмыс» екенін әркезде есте ұстаған жөн.
Кітапты оқу барысында Жағда ақсақалдың өзінің саналы ғұмыры жайында көп нәрсенің бетін ашқанына көзің жетіп, оған деген құрметің арта түседі. Өйткені ол оң-солын танып, санасына сәуле кіріп, төңірегін жіті шолып, дүниенің қабағын бағып, ойланған күннен бастап, ұлттық рухты бойына сіңіре білген абыз болатын. Оның бойынан ұлтымыздың бүкіл болмысы жұпар атқан жусан иісі секілді бұрқырап, аңқып тұратыны, міне, содан.
Өзінен гөрі туған халқының тағдырын көбірек ойлап, болашағына алаңдап, дүниенің қабағын баққан көкірегі қазына қария өткенге өткел салып, кәрі тарихқа жіті үңіліп, тіпті сонау түркі әлеміне де барлау жасап, көңілге түйгенін тарқатып, сенімді баяндағанда құдды ерлік жырын тыңдап отырғандай керемет әсерге бөленесің. Кенет бабалар рухы қаныңда ойнап, алабұртып, бүркітаруақтанып, атқа ақырып қонып, атойлап шаба жөнелгің келеді. Қол бастап, әрине. Өйткені абыз қарт аттың жалы, түйенің қомында ойнақтап, біресе оң жағына ауып, біресе сол жағына ауып, мың құбылған мына қилы кезеңде туған елдің болашағына алаңдап қамығып сөйлесе де, қыл үстінде тұрған ұлт тағдырын ойлап қабарып сөйлесе де, өткен күннің өкініштері өзегін өртеп опынып сөйлесе де, шынын айту қажет, оның әр сөзінен өршіл рухтың ақ жалыны жүзіңді шарпып, екі бетің бірдей алаулап, көкірегің ағындаған қыжылға толып жүре береді. Неге? Өйткені ол тек рухтың тілінде сөйлейтін абыз болатын.
Сонымен тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтар болсақ, кітапты оқу үстінде әдет-ғұрып, салт-дәстүр, күллі этнографиялық құндылықтар ғана емес, ғасырлар бойы тағдыр тауқыметін көп тартып, зорлық-зомбылық көріп, азапты өмір кешкен ата қазақтың қайғы-қасіреті, арман-мұңы, мақсат-мүддесі - бәрі-бәрі Жағда ақсақалдың көкірегінде бұрқ-сарқ қайнап, буырқанып тулап жатқандай көрінді. Аузын ашқанда ар жағынан ақ жалын атылатыны, міне, содан ба деп ойлаймын.
Ғұмыр бойы алып екі империяның қуғын-сүргінін қанша көрсе де, алған бетінен қайтпай, өз ұлтының намысын жыртып, жоғын жоқтап, мұрат-мақсатын көздеп, ымырасыз күресіп өткен Жағда ақсақал қазақтың маңдайына да сыймай, ана жаққа суыт аттанып кеткендей көрінеді кейде.
Бірақ қалай десек те, Қасымхан ақын екеуі өзара сұхбаттасып, бірі - айтып, бірі - жазып, бірігіп шығарған бұл кітап оның туған халқына ағынан жарылып ақтарылып айтқан соңғы арман-мұңы, жан сыры болатын. Сөйтіп, тағдырлы тұлға, ғұлама шежіреші, энциклопедист үлкен ғалым, көкірегі қазына қария Жағда Бабалықұлымен бірге тұтас бір дәуір кеткендей сезілді. Қ.Бегманов Жағда Бабалықұлымен соңғы кездескенде берген сөзінде тұрып, екеуара сыр-сұхбаттан тұратын «Этнографпен әңгіме», «Салты мықтының - халқы мықты» деген атпен қос кітап шығаруы үлкен азаматтық болды.
Өйткені ол: «Тәуелсіздікті көрдім. Мәңгілік тілеймін!» - деп, туған халқына баянды бақыт тілеп жатып көз жұмған еді. Аманатқа адалдық деген осындай-ақ болар.
«Ана тілі» газеті