Сейсенбі, 26 Қараша 2024
3842 0 пікір 17 Қараша, 2017 сағат 18:33

Есірткі таратуға қатысты қылмыс­тарды көпшілігі заңды білмегендіктен жасайды

Қазақстан ІІМ Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті жыл сайын оңтүстік өңірлерде «Көкнәр – 2017» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіп келеді. Республика бойынша ұйымдастырылатын бұл шара барысында ауыр есірткілердің де транзиттік жолдары кесіледі.

Сарапшылардың мәлімдеуінше, Ауған­стан жерінде жылына 6400 тонна есірткінің ауыр түрі саналатын героин дайындалады екен. Апиыннан жасалатын героиннің әлем­де таралмаған жері жоқ. Оны дүниенің төрт бұрышынан табуға болады. Тіпті дамыған Еуропа елдерінің өзіне жылына 150 тонна ауған апиынынан жасалған есірткі өтетін көрінеді. БҰҰ-ның есірткі және қыл­мыс жөніндегі басқармасының мә­лім­деуінше, ауған героинінің ең ірі базары – Еуропа елдері. Одан кейінгі орын­да жылына 120 тоннаға сұраныс жасайтын Азия мемлекеттері тұр. Африкаға Ауғанстаннан жылына 45 тон­на героин жеткізіледі. Сөйтіп, ауған­дықтар дүние­жүзін умен қамтамасыз етіп жатыр.

Ауғанстан алыс жатқан ел емес, сон­дықтан наркотрафиктердің өту маршруты көбінесе, біздің ел арқылы жоспарланады. Тәжікстан, Өзбекстан арқылы Қазақ­станға, одан әрі Ресей, Еуропаға тасы­малданады. Героиннің бір бөлігі біздің елде қалады. Оны сатамыз дегендер ұста­лып жатыр. Алдыңғы жылы Астана қала­лық ІІД-нің есірткі биз­несіне қарсы күрес бас­қармасының қызмет­керлері елорда аума­ғында есірткі сатумен айналысып жүрген Ақмола облысының тұрғынын ұстады. Оның тұрып жатқан үйін тексеру кезінде жалпы салмағы 11 келіден асатын (55 мың доза) героин табылды. Тәркі­ленген есірт­кінің астыртын саудадағы бағасы жарты миллионнан астам АҚШ долларын құраған. Бұл – аса ірі көлемдегі есірткі тарату. Мұн­дай есірткімен ұстал­ғандар Қыл­мыстық кодекстің 297-ба­бымен ұзақ мерзімге кесі­леді.

Есірткі таратуға қатысты қылмыс­тарды көпшілігі заңды білмегендіктен жасайды. Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің «Есірт­кі, психотроптық зат­тарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу» деп аталатын 297-бабы бойынша:

1. Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз да­йын­дау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасы­малдау, оларды жөнелту не өткізу – мүлкi тәр­кiленiп, бес жылдан он жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан айыруға жаза­ланады.

2. Ірі мөлшердегі есірткі, психот­роптық заттарға, сол тектестерге қатысты жасалған дәл сол іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, алты жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бірінші бөлігінде көз­делген: адамдар тобының алдын ала сөз бай­ла­суымен; бірнеше рет; аса iрi мөлшер­дегі есірткі, психотроптық заттар­ға, сол тек­тес­­тер­ге қатысты; лауазымды адам қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер – мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостанды­ғынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, қыл­мыс­тық топ жасаған іс-әрекеттер, сол сияқты есірт­кі, психотроптық заттарды, сол тек­тестерді бiлiм беру ұйымдарында не көрiнеу кәме­лет­ке толмаған адамға өткізу – мүлкi тәркiле­нiп, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мер­зiмге бас бостандығынан айы­руға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Көптеген елдің заңы бойынша есірткі сатушыларды бұдан да қатал жазалайды. 2005 жылғы қаңтар айында әлемдегі есірткі саудасы үшін ең қиын, ең қауіпті жер саналатын, «Алтын үшбұрыш» деп аталған Оңтүстік-шығыс Азиядағы Таиланд пен Бирма шекарасында Қазақстанның төрт азаматы Сергей Бобт, Даниел Тихонов, Дмитрий Карабин және Александр Цой 3 келіден астам героинмен ұсталды. Бұлар есірткіні асқазандарына жасырып өтпек болған. Таиландтың Шиан­гай провинция­сының соты бұларды өлім жазасына кесуге үкім шығарған. Есірткі тасымалдаған төр­те­­уіне шығарыл­ған өлім жазасы кейін­нен өмір бойы түрмеде қалдыруға алмас­ты­рыл­ды. Қазір олар Бангкок түрмесінде отыр.
Есірткінің заңсыз айналымына қарсы жазаның күшейтілгеніне қарамастан, жаз айларында оңтүстік өңірлерде есірткі дайын­дайтындардың қарасы көбейеді. Бірақ қылмыстық жолмен ақша табу оңай емес, қаншама адам осыдан күйіп кетеді. Тек қана Жамбыл облысында биылғы жылдың 8 айында аса ірі көлемдегі есірткі затын тәркілеу бойынша жалпы салмағы 12 тоннаны құрайтын 14 дерек тіркелген.

Жақында Есірткі бизнесіне қарсы күрес департаменті, Жамбыл облысы және Байзақ ауданы ауданаралық есірткі бизне­сіне қарсы күрес бөлімі қызмет­керлері бірлесіп жүр­гізілген «Көкнәр – 2017» жедел алдын алу іс-шарасы бары­сында 2 тоннаға жуық есірткі заты анық­талып, тәркіленді. Тексеру бары­сында «Жусанды» аумағында заңсыз есірткі саудасымен айналысатын Тараз қаласының 56 жастағы тұрғынынан 730 келі «кептірілмеген марихуана» және 3 келі­ден астам «кептірілген марихуана» та­былса, «Есқара» аумағында осындай қыл­мыстық іспен бұрын сотты болған Жамбыл ауданының 36 жастағы тұрғы­нынан салмағы 1 тонна 220 келі «кепті­рілмеген марихуана» және 20 келіден астам «кепті­рілген мари­хуана» тәркілен­ген. Аталған екі дерек те Қылмыстық кодексінің 296-бабы, 4-бөлігімен аса ірі көлемдегі есірткі зат­тарын сақтау ретінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. Бұл бап бойын­ша үш жылдан жеті жылға дейін бас бос­тан­дығынан айыру жазасы қарасты­рылады. «Көкнәр – 2017» жедел алдын алу іс-шарасы бары­сында Мерке және Т.Рыс­құлов аудандары бойынша бірлескен есірткіге қарсы күрес бөлімінің қызметкер­лері «Үмбет» жайла­уында бұрын есірткі сатып істі болған 50 жастағы шопанды ұста­ды.. Ол қарасораны кептіріп, есірткі да­йындау үшін бұта­лардың арасына жасы­рып, жайып қойған 1 тонна 341келі мари­хуана табылды деп хабарлады Жамбыл облыстық ІІД. ОҚО Мақтаарал ауданының полицейлері де «гашиш», «мари­хуана» есірткі өнімдерін бірнеше орама жасап қысқы мал азығы ретінде ау­ла­сына жиналған шөптің арасында жа­сыр­ған 57 жастағы тұрғынды ұстадық деп мәлімдеді. Ол 1,5 келі есірткіні кепті­ріп, сатуға дайын­дап қойған екен. Биылғы жылдың басынан бері Оңтүстік Қазақстан облысының ІІД бөлімдері 80-нен астам есірткі егістіктерін жойған. Айғақ зат ретінде 4,5 тонна есірткі заттары тәркі­леніп, құрамында есірткі бар өсімдік­терді заңсыз сақтағаны үшін 80 адам жауапқа тартылыпты.
«ОҚО ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқарма­сының қызметкерлері жедел-іздестіру шарасын жүргізу барысында Шымкент қаласы көшелерінің бірінен есірткі затын сақтаумен және сатумен айналысады деген күдікпен 1976 жылы туған жергілікті тұр­ғын­ды ұстады. Күдіктінің үйін тінту бары­сында полицейлер орамада марихуа­на есірткі затын тапты. Сот-криминалды са­рап­т­ама­сына сай, тәркіленген зат салмағы 1 келіден асатын марихуана есірткілік заты екені белгілі болды. Осы дерек бойынша Қыл­мыстық кодекстің 296-бабымен «Есірт­кі, психотроптық заттармен, сол тек­тестермен, прекур­сор­лармен өткізу мақ­сатынсыз заңсыз жұмыс істеу» қыл­мыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде» деп хабарлады ОҚО ІІД қызметкері С.Қара­көзова.

Қайыржан ТӨРЕЖАН

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3335
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6105