Сенбі, 23 Қараша 2024
Сүйінші! 7518 23 пікір 12 Желтоқсан, 2017 сағат 13:00

Дәурен Қуат - Бас жүлдегер!

«Ауыл» партиясы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» ұйымдастыруымен өткен ауыл тақырыбына арналған қаламгерлер арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн конкурсы мәреге жетті. Проза аталымы бойынша бас жүлде мен  "Алтын тұғыр" Гран-Приі Abai.kz ақпараттық порталының бас редакторы, жазушы Дәурен Қуаттың "Пермедегі "пигмалион"  атты әңгімесіне бұйырды. 

Біз Abai.kz ақпараттық портал атынан Дәурен Қуат мырзаны шын жүректен құттықтаймыз!

Дәурен Қуат - сонау тоқсаныншы жылдарда қазақтың мұңын, қайғысын, қуанышын жеріне жеткізе жазуда алдына жан салмаған ақтаңгер-тілші.

Дәурен Қуат -  қазақ журналистикасының қара нары Сейдіахмет Бердіқұлов, Шерхан Мұртазалардың редакторлық мектебін жалғап, жүздеген ақмылтық журналистерді тәрбиелеген ұстаз-редактор.

Дәурен Қуат - "Алтын-Орда", "Жас қазақ" секілді қазақ басылымдарын басқарып, Ахмет Байтұрсыновтар шығарған "Қазақ" газетінің бүгінгі үлгісі қандай болуы керектігін бұқараға көрсеткен алашшыл-редактор.

Дәурен Қуат - ең алғаш интернет әлемінде қазақтың сөзін сөйлейтін Abai.kz ақпараттық порталын ашып, заманауи журналистиканың көшін жолға салып берген азамат.

Айта берсе, атқарған ісі шаш етектен. Қазақ көшінің жайынан бастап, бүкіл қазақ руханияты үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етіп келеді.

Соңғы он жыл бедерінде Дәурен қаламгерлік, жазушылық қырымен де оқырманын баурап алды. Қазақтың құнарлы тілін бойына сіңіре білген Дәуреннің әр әңгімесін оқығанда қазіргі қазақ прозасының бағыт-бағдары қалай болуы керектігін аңғарасыз. Іштей "жаза түссе екен, қаламын суытпаса екен" деген тілек тілейсіз!

Қош! Abai.kz ақпараттық порталының қызметкері тағы да Гран-Приі жеңіп алды. Тағы да деуіміздің себебі, өткен айда порталдың шеф-редакторы Қанат Әбілқайырға халықаралық "Шабыт" фестивальінің Гран-Приі бұйырған еді.

Бұл жеңістің бәрін - біздің ұжымның жеңісі деп білеміз!

Abai.kz, алға бас! Оз! Оза бер!

Abai.kz ақпараттық порталының ұжымы

Дәурен Қуаттың жүлде алған шығармасын мына сілтемеден оқуларыңызға болады. Ал, біз осы жеңістің құрметіне бұрын еш жерде жарияланбаған "Кәрі солдат" атты сиясы кеппеген хикаятты оқырман назарына ұсынып отырмыз. 

Кәрі солдат

Хикаят

Кәрі солдат қатты қорланды. Керзі етігін сүйретіп кешкен ғұмырында тап осындай кепке ұшырап күйреген, кетілген кезі болмаған шығар...

Немересін күндегідей балабақшадан әкеле жатқан. Белі ұзын автобустың ішінен бұл екеуі белгілеп алған орын: алдыңғы қатардан санағанда – он екінші орындық. Орындықтың терезе тұсына немересі, қапталына өзі қонжияды. Жолаушы біткенді жолда қалдыруға қимайтын жомарт көліктің аузы-мұрнынан шыққан адамын ортасынан киіп-жарып, қарт пен сәби қашанда меншікті орындарынан табылатын. Иығына полковник шенінің үш жұлдызын қондырған көнетоз шинельдің сұлбасы көрінгенде-ақ жұрт ығысып, аяқ тартып, еңсе түзеп, өкпесіне жұтарға ауа жетпей тұрған кісі кептелістен жіңішке дәліз жасайтын да, жетектескен екеуді өткізіп жіберуге асығатын. Бұл тәртіпке бәрі үйренген. Бүгінге дейін бір пенде бетке ұрып: «Шал болсаң, немере ертсең қайтейік, енді бес-алты аялдамадан соң көліктің жүргіншілерден жүгі жеңілдей бастайды, сол кезде барып тізе бүгерсің меншікті мекеніңе» дегенді айтпапты. Немесе, «Жолдас полковник-ау, жағдайды көріп тұрсыз ғой, ортамыз ит тұмсығы өтпейтін ну орман сияқты, он екінші орындық, тап осы, тағыңыз емес шығар, мына бір жақын жерге жайғаса салыңызшы» демепті. Өйткені, он екінші орындық қаршадай бала мен қартты күтіп қай кезде де бос тұратын. Ілкіде, оның өзінде білмегендіктен бе, әлде бойына біткен шарананы байқаған көптің жаны ашып, жағдайымды түсінер деді ме екен, әлгі орынға іші шеңбірек атқан жүкті әйелдің сылқ етіп отыра кеткені бар емес пе? Нақ сол кезде кәрі солдат та немересін жетелеп, нән қаланың басы мен аяғына 32-ші бағыт бойынша қатынайтын сарыала автобусқа сарт-сұрт басып кіріп келген-ді. Бір таңқаларлығы, жұрт әдеттегідей қозғалып, жол аша қоймаған. Сонда олар «бәлкім, полковник бүгін болашақ анаға құрмет көрсетіп, джентльмендік мезірет жасайтын болар» деп ойлады ма екен... Әйтеуір, бір-біріне жалт-жалт қарасқан да, сыздай қалған. Әншейінде қатулы қабағынан ығып тұратын жолаушылардың мінезінен күтпеген мерездік аңғарған ол бұйрық беріп үйренген әмірлі үнімен: «Встать!» деп ақырып жіберді. Шалдың шаңқ еткен ащы дауысы кәрі сүйек автобустың қалың әйнектеріне соғылып, кенеттен ауа шыңылтырланып тұтылды да, жарғақ құлақтардың саңлауын жарып өткен. «Встать!» Жүкті әйелдің құрсағындағы құлыны да мына бұйрықтан зәре-құты қашып қорықса керек; шошына үріккенін байқатқандай анасының кіндік тұсына келіп, түйіліп қалды. Байқұс әйелдің енді болмағанда жұқа пальтосының түймелері бырт-бырт үзіліп түсерін маңайындағылардың бәрі көрді. Бәрі аяды, бәрі үнсіз төмен қарады. Бірақ, амал кем, солдат – құрметті адам. Әсіресе, А. қаласының тұрғындары әскери адамға бек құрметпен, жасыратыны жоқ, қорқыныш пен үрейден туған құрметпен қарайтын. Ал, кәрі солдат сол шексіз құрметке бөгеусіз бөленген есіл ердің өзі еді. Көрмейсіз бе, сондай қадірлі кісіні  иттің ғана баласының қорлап кеткенін.

Қарттың отбасында тілдесетін жалғыз адамы – немересі мен әулеттің бір мүшесі дерлік орны бар  жан иесі – тік құлақ төрт көз овчаркасы еді. Немересінің тілі шыққан, сөйлей біледі.  Атасының, әкесінің, анасының тілінде сөйлейді.

– Сен бүгін не жедің? – дейді атасы күнделікті сұрағын қайталап.

– Ботқа, – дейді немересі күнделікті жауабын қайталап.

– Атаң да ботқа жеп өскен, – дейді атасы, – солдат ботқасын.

– Содан кейін сен солдат болдың ба? – дейді немересі.

– Сен де солдат боласың, – дейді атасы.

– Мен солдат емес, банкир боламын.

– Мен сенің әскери шенді адам болғаныңды қалаймын.

– Мама айтқан, «шинель сасық» деп, менің шинель киіп жүргім келмейді.

– Ха-ха-ха-ха!

Қарт қарқылдай күлген жастың жүзіне кәрін төгіп, адамның өңменінен өтетін суық көздерін қадаған. Бұндай қарастан кім-кімнің де жалыны қайтып, жасып сала беретін. Тіпті бүгежектеп кірерге тесік таппай кетуші еді. Мынау нағыз бетсіз, бейбақтың өзі екен. Қымсынған жоқ. Қымсынғаның не, күлкісін тия алмай шашалып: «Сасық шинель, сасық-сасық, ха-ха-ха-ха, сасық шинель», – дей берді.

– Ей, найсап! – деді бұл қалшылдап, – осы сасық шинельмен мен сенің бейбіт өміріңді қорғап, тыныштығыңды күзетіп келгенмін.

– Берекеңді қашырып, бейбіт өміріңді бесігінде тұншықтырып келгенмін де!

Автобустың іші гу ете түсті. Шалмен шарпысқан бозбаланың бозбастығын базбіреулер жақтырмай жазғырып, күстаналай жөнелген.

– Заман не боп барады өзі?

– Айтпаңыз, бұзылды, бұзылды ғой заман!

– Мына сайрап тұрған сармаңқа үшін қайран полковник саналы ғұмырын сарп етті емес пе?

– Желкесін үзер ме еді өзінің?

– Осындай бұзақылар қазір қаламызда қаптап барады.

– Бұлар – вандалдар! Қаламыздағы әскери қолбасшылардың тас мүсіндеріне тас атып, қиратқалы жүр. Құрту керек көздерін.

– Шіркін, солар, сайыпқыран қолбасшыларды айтамын, бір сәтке тіріліп келсе бар ма, осындай әумесерлердің көзіне көк шыбын үймелетіп, ит жеккенге айдар еді.

– Мен бұйырамын, – деді осы кезде полковник ышқынып, – вандалды, ұлы көсемдерімізді тұғырынан тайдырмаққа әрекет етіп жүрген күшікті, ұстаңдар, қайырыңдар қолын! Өзім-ақ бұны әскери трибуна жасап, соттаймын да, сүйегін түрмеде шірітемін. Ұстаңдар, қане, жабылыңдар!

Кәрі солдаттың кәрі жыны қозып, еліре айқайлаған. Бірақ «вандалды» бас салуға ыңғайланған бірлі-жарым белсендінің әрекетін қайдан тап болғаны белгісіз бір дүлей күш тыйып тастады. Полковник сонда білді: бұның намысын жыртып әлгінде бұрқ-бұрқ сөйлегендер аз, тым аз екен. Олардың бұлқынып, бұлқан-талқан болғанын автобус толы көп бұтына да қыстырмай бұған төне қапты. Шал ішінен қатты тіксінді: мыналар қайтеді-ей! Тапап, төпеп өте ме, не істейді? Бұны бит сыққан құрлы көрмей сарыала автобустың қабырғасына жапсыра салатын сыңайда ғой... Қой, құрсын, аялдамаға да жетіпті, енді дымыңды шығармай түсіп қалған жөн. Әттең, наган... наганды ала шықанда қайтер еді үйден? Наганды көргенде кеудесіне нан піскеннің талайы талып жығылушы еді. Мыналарды да сөйтіп бір қорқытып қою керек-ау...

Кәрі солдат автобус толы жүргіншіге сұр шинелінің сыртын беріп, немересін қолынан қыса жетектеген қалпы үйреншікті аялдамдан түскен бетте көрді: әлгі неме жыртақтап бір топ үрпекбастың арасында кетіп барады екен.

– Әй, малғұн! – деді полковник әскери адамдарда қалыптасқан бұйрық райлы үнімен зілдене жекіп. – Мұнда кел!

Бозбала екі айтқызбады, көзі жайнап жетіп келді.

– Бері жақында!

Бозбала тағы да екі айтқызбады. Осы кезде кәрі солдаттың сабаудай саусақтары жас жігіттің жағасын сығымдай саумалап,  қауып түскен. Бойындағы бар қайраты жиылып кеп кәрі шеңгелге шапса керек, шал қалш-қалш етіп бозөкпе жасты бағана өзі кекетіп күлген «сасық шинельдің» омырауына басып, тұншықтыруға ыңғайланған. Міне, осылай, енді және 5-10 минут сығымдай қысса, үйреншікті қолға іліккен пенденің тынысы тарылып тыпырылаған күйі есінен танып қалуы, тіпті, тіл тартпай кетуі мүмкін. Мойынды бойлап ағатын тамырлардан қан тасқаны бір сәтке тыйылып, алқымның тынысы өшкен кезде адам адамның қолында тұрып-ақ буынып өлгендей болады. Бұндай тәсілге төселген кәрі солдаттың құмардан шығуға құлқыны біржола ауса керек, шеңгеліне іліккен сорлының өкпе тұсынан аямай екі-үш соққыны сіңіріп те үлгерген. Қырым ет бітпеген тас сүйек шекесін қайқайта тастап, бозбаланың қабағына көміп-көміп те жіберді. Терісі қара қайыстай қатқан тас шеке тастың өзін тас-талқан етердей еді: бозбаланың қабағынан сыртқа лып етіп қан тепті. Қан, о, пәле, қан! Шіркін, қан! Кәрі солдат қан көрмегелі қашан?..

Осы кезде бұның саусақтарына ғана ілініп тұрған сілімтіктің: «Болған шығарсың?..» деп сыбырлағаны. Солдат солдат басымен бұрын-соңды бұндайды естімепті. «Не дейсің?» деп құлағын оның аузына тосуға шақ қалған. «Болған шығарсың?..» Сыбыр қайта естілді. Сыбыр қайта естілді де, полковниктің жағаға жармасқан қолын сыртынан бұрап әкеткен әлеуетті күш кәрі төбеттің белін үзген арланның екпінімен сақ еткізіп жерге алып ұрды. «Жарты жамбас әдісімен үйіріп әкеліп жерге соғуды мына пәле қайдан үйренген?» Полковник қас-қағым сәтте осыны ойлап үлгерді ме, жоқ па, бірақ «Тұр орныңнан!» деген қаһарлы дауыстан қалтырай түрегелді. Тәлтіректеп тұрған беті сол еді, бұтының ашасынан оңбағанның дәлдеп тұрып тепкені-ай! Ашадан ала тепкенде адамның қуығы жарылып, бүйрегі түсіп кете жаздайтынын полковник сонда ғана білген. Сонда ғана алғаш рет сұмдық қорланған...

***

Айбарлы Алатаудың бөктеріндегі сай-саладан сылқып есетін саумал желді нән қалаға жеткізбей сарқып алып, сап түзеген салтанатты сарайлар тұр. Салтанатты сарайлар мекенін қаланың қара жатақ тұрғындары «Ғажайыптар алаңы» атап кеткен. «Ғажайыптар алаңындағы» сарайлар сән мен сымбат жарыстырып қана емес, екі аяқты пенде баласын менсінбеудің мәресіне мойын созғандай бір-бірінен асып түсіп, Алатаумен бой теңестіруге бет алған. Сол «Ғажайыптар алаңындағы» ғажайып сарайдың бірі жас мырза Марат Баратовичтікі деседі білетіндер. Марат Баратовичтің қандай кәсіппен шұғылданатыны беймәлім. Оның үстіне «Ғажайыптар алаңындағы» жұрт қоңсы-қолаң ретінде араласуға құлықсыз болғандықтан да ешкім ешкімнің есігін ашып, табалдырығынан аттауға талап қылып көрмепті. Сыртынан нұсқап, құпия қызмет орындарына  ұстатып жіберетін жансыздар секілді бірінен бірі қашып жүрген бір қызық қауым «Ғажайыптар алаңында» өмір сүруде. Әйтсе де, олар полковникті жақсы білетін. Полковниктің зейнет жасына шыққанын да, Марат мырзаның әкесі екенін де, қарттың осы күндегі бар қызметі немересін балабақшаға апарып, әкелумен шектелетінін де, оны айтасыз, ауданы ат шаптырым сарайдың елеусіздеу бір бөлмесінде төрт көз овчаркасымен бірге тұратынын да әбден біліп алған. Кешқұрым, «Ғажайыптар алаңындағы» гүлзар бақты қыдырыстап, хауыздардан атқалақтаған су бұрқақтарға қарап отырып жұлын-жүйкелерін тарқатып тыныс табатын жеңгейлер кәрі солдаттың ұлы мен келінінен әлгі бір қызметті – немересін бақшаға апарып, әкелуді жалынып жүріп сұрап алғанын да әредік сөз етісіп қоятын. «Ах, полковник кезінде қандай болды екен, – десетін жеңгейлер тоқ мықындарына қолдарын таянып тұрып, – қартайғанда сымбаты мынандай: иықтары тіп-тік, түп-түзу, жауырыны жарты көш, жас кезінде, сайтан алғыр, қыз-қырқынға қырғидай тиген шығар? Жазғанның, бірақ, қазіргі халі кісі аярлық. Кәріп қой, нағыз кәріп жан». Аяқтарын сәнмен тастап, бөкселерін бұлтың ойнатып, бұрала басқансып тәлімсіген қатын-қалаштың ортасын қақ жарып немересін жетелеп бара жататын полковник болса өзін ешқашан қор санап, кәріптік күй кештім деп ойламайды. Ол – солдат. Ал, солдат қандай жағдайға болсын төзімділік танытуы керек. Былайынша, төзе алмастай шетін жайт полковниктің бүгінгі тұрмысында жоққа тән. Иә, төрт көз овчаркамен терезесі тұмшаланған алакөлеңке бөлмеде бірге тұрады. Бөлмеге иттің, сосын бұның керзі етігінің, кенеп шұлғауының, қайыс белбеуінің иісі сіңіп-ақ қалған. Соның өзі ғажап. «Ғажайыптар алаңындағы» полковник үшін ең ғажап дүние – осы. Тәйір-ай, өмірін казармада өткізген адамға солдат етігінің қонышынан қолқаны қауып шығатын қолаңсаны жұтпай жатып ұйықтау, қолаңсаны жұтпай жатып ояну – азаптың азабы емес пе? Міне, сол нағыз қорлық. Ал, хауыз жағалаған қатындар не білсін? Оларға сүйреңдесуге сөз табылса, жетеді.

– Марат Баратович, – десетін олар, – үйіне жақсы-жайсаңдарды шақырып, мейман қылғанда байқұс полковникті желкелеп сыртқа шығарып жібереді екен.

– О, несі-ай? – дейді сонда бір қатын жанынан үркіп шошынғандай қалтырап.

– Несі дерің бар ма? Әскери тәртіп пен әскер өмірінен басқа айтары кем шалды әкем деп бек құрметті меймандарына таныстыруға намыстанатын болса керек мырзамыз!

– Марат Баратовичтің айналасы мәлім ғой: тәртіпсіздер өңкей. Тәртіпсіздер тәртіп турасындағы әңгімені не қылсын?

Қатындардың қайқы еріндерін түріп сөйлеген сөздерін қаға берісте құлағы шалып қалатын полковник сонда оларға іштей жауап қайырып күңкілдейтін: «Кісі аяғы басылғанша сыртта серуен құрып жүре тұру полковникті құр аттай қылмай ма? Әсіресе, қыстың күні, сақылдаған сары аязда солдат солдат шинелінің буына көміліп далада тұруы керек!»

– Марат Баратович үйінде үйелменімен бірге асқа қол жайғанда әкесін дастархан басына келтірмейтін көрінеді.

Ондай сыпсың сөзге де полковниктің жауабы әзір: «Әскери адамның азаматтық қоғам мүшелерімен бейбіт қатар тізе бүгіп, тамақтануға уақыты сәйкеспейді. Солдат таң қылаң бере солдат ботқасына қасық батырса, жетіп жатыр. Одан кейінгісі әскери нұсқаулықтың қатаң тәртібіне бағынуы тиіс».

Полковник немересін жетелеп, босағадан аттаған бетте еңкейетін де, еппен етігін шешетін. Бұл жолы да әдеттегідей қонышына қолын сұға бергенде көзінің сүрініп кеткені: соноу төр бөлмеде келіні ақ балтырларын жарқырата қайшылап, ойнақтап тұр екен, тайқарадай төрт көз ит жатақжайынан сумаң етіп шықты да, тіміскіленіп барып иіскелеп, сілемейлей бастады: ақ балтырларды. Сосын ынсапсыз неме тұмсығын шалт көтеріп, мақпал мықынды әнтек қана жауып,үлбірген жұқа шыт көйлекті емін-еркін түрді де, ең бір ұятты тұсқа, ең бір нәзік нүктеге жайындай тілін жапсырып жалап-жалап жіберді.

– Дозор, ко мне!

Иттің атын атап шақыруын шақырғанымен, шал қатты қысылды: әскери адамға қырағылық қажет-ақ, алайда, ол көргенін көрмегенге балап, көзжұмбайлықтан танбауы керек қой.

***

«Ай, итім-ай, итім-ай, «ит» десе «итсің» ғой!». Кәрі солдат итіне иесі болып тұңғыш рет «итсің» деді. Содан соң «Ай, ит-ай, иттің ғана баласы-ай!» деп күңіренген. Бағанағы оқиға ойына оралған-ды. Ашасынан алып, қуығын дәл көздеп тепкенімен қоймай, полковникке «Тұр!» деп бұйырды ғой. Тұрғызып қойып: «Немереңмен қазақша сөйлесе алмасаң, несіне атасың?» деп кетті. Енді бақса, сүйегіне таяқ, жанына сөз батыпты. Таяқ пен сөзді полковник өзгеге ғана жұмсап үйренген кісі еді. Сол таяқ, сол сөз күндердің бір күні өз қасынан табылар деп, табылып қана қоймай, бұрынғы бұлдыр күндерді есіне салып, табалар деп ойлады ма екен десеңізші...

Кенет шалдың көзіне қабырғадағы кілемшеге қадалған сөлкебайлар ілінген. Ордендер, медальдар, значоктар. Әрқайсысы менмұндалап жымың-жымың еткендей болды да, кәрі солдат есін жиып, еңсесін тіктеді. «Мен, – деді содан соң ол іштей күбірлеп, – Отаныма адал қызмет еттім. Әскери бұйрықты қалтқысыз орындадым. Жаулардың жанын жаһанамға аттандырдым. Мен – аңыз адаммын! Мен жайында заманында анау сарғайған газет беттерінде не айтылмады, не жазылмады?!».

Осыларды айтып жалқы сәтте-ақ жадырап сала берген жетім шал айқара беті қанкүрең тартқан газеттің бірін қолына алды. «Бұнда не бар екен? Ә-ә, Ауған соғысынан оралған аға лейтенант». Полковник қолына тиген газеттің бетіндегі очерктің әр әрпін үтір, нүктесіне дейін жатқа соғатын. Өйткені, очерктегі оқиғаны жалбақ шаш журналистке баяндап берген өзі емес пе еді. Әуелде әскери адамдар ұстанатын құпиялылық пен қатаңдықты сақтағансып, жалбақ шашты жалбаңдатып ізіне ерткен де қойған. Анау да бір қияли нақұрыс екен, бұл уақытының жоқтығын, ауыз екі тараған ерлігін ешкімге жария еткісі келмейтіндігін, жасағаны ерен ерлік емес, Отан тапсырмасын орындау барысындағы жауынгердің жай әншейінгі әрекетіне жататындығын аңғартып, сұхбаттан басын ала қашқан сайын тақымдап қоймады. Тақымдап қоймаған соң амалсыз келіскен сыңай байқатқан да, Қандағардағы қанды оқиғаны баяндап берген.

Полковник очерктің ортан беліне көз жүгіртті. Азат жол «Аға лейтенант ауыр жараланып түпсіз терең шатқалда қалды» деп басталатын.

«Аға лейтенат ауыр жараланып түпсіз терең шатқалда қалды. Жолдастары жауған оқтың астында шегініп кете барған. Алыстан пулеметтердің сақылдаған дауысы мен зеңбіректердің ыңырана доп атқан үні естіледі. Жауынгер ішінен жалын ата күрсінді: қайдағы бір құрдым сайда сүйегім ит пен құсқа жем болғанша, майдан даласында арапалысып өлсемші. Солай көз жұмсамшы. Әттең, дүние-ай! «Өмір түгесілерінде өлімнің алдында есеп береді» деуші еді көпті көрген сақа жауынгерлер. Сол рас секілді. Бараттың бар ғұмыры көз алдынан тізбектеліп өте шықты: міне, ол қолды-аяққа тұрмайтын қара бала, белгісіз бір жаққа қарай құстай ұшып зытып барады. Қайда? Білмейді. Міне, есейіп ер жетіпті. Тағы да белгісіз бір жақты бетке ұстап, аршындай басып кетіп барады. Қайда? Білмейді. Сонда бұның бүгінге дейінгі әрекет-тірлігі беймәлім тарапқа тартып отыру ғана болғаны ма? Жо-жоқ, жауынгер енді түсінді: оны Отан-Анасы әркез өзіне қол бұлғап шақырып тұрған екен ғой. Отанымыздың астанасы – Москва, жүрегі – Кремль! Бала Баратты жетелей жөнеліп, жігіттікке жеткізген, буынын бекітіп, қабырғасын қатайтып, қайда салса да жарып шығатын қайыңқаптал, апайтөс азамат етіп шығарған – Отан рухы, ендеше ол өлмеуі керек! Өліммен күресуі керек.

Жауынгер талықсып кеткен. Қанша уақыт талқысып жатқанын білмейді, көзін ашқанда, барқыт шұғыла жапқан аспан зеңгірінен жұлдыздар жамырап қоя берген-ді. Дүние уыз қалпын қайта тапқандай тамылжып тұр. Жауынгер бойына сарқылмас қуат құйылғанын сезініп, сергек ойланды: қайткенде ротаға қосылып, қанқұмар душмандардың сазайын тарттыру қажет. Осы ойымен ол жанын көзіне көрсетіп солқылдаған иығына қолын апарды. Оқ бұғанаға тимей қалың етті тесіп өткенге ұқсайды. «Тфу, шайтан, ештеңе етпейді». Алдымен қалтасын сипаланып, оттығын тауып алды. Сөйтті де, маңайындағы сынған бұталардың кепкен қабығын сыпырып, үйді. Жылт еткізіп от тұтатты. Отты солдат бешпетімен көлегейлеп қойып, жанған қабықтардың үстіне бірер ірі бұта мен қол басындай тасты да тастап жіберді. От төңірегіне қызуын шашып, маздай жанған. Солдат белуарына дейін шешінді де, оң қолымен оқ тиген иығының айналасын байқастырды. Оқ шыққан жеріндегі етті сыртқа ақтарып, терісін жалбырата жыртып жіберіпті. Міне, сол тұсқа, жараның қанды ауызына, қызып жатқан тасты аямай басу керек. Солдат жалаңаш қолын от ішіне жүгіртті де, уысын қарып түскен тасты жотасы мен жаралы иығының үстіне аямай басып-басып қалғанда мұрнына күйген еттің иісі келген еді.

Бұдан әрі бұл жерде жата беруге болмайды. Душмандар иісшіл иттерден бетер, қазір-ақ жыланбауырлап жетіп келуі мүмкін. Солдат оттың жарығын айналасына жаймай, жалп еткізіп өшірген соң иығын тістене отырып таңып тастады».

Күні бүгінге дейін сан қайтара оқылған очерк дәл осы тұсқа келгенде полковниктің ойына қайдағы-жайдағыны салып, есіне алғысы келмейтін құпия бір сұмдықты жадында жаңғыртқан-ды... Әрине, очерк мінсіз жазылған. Бұл жазбадан қандай да бір қисынсыз әңгімені аңғару ақылға сыймайды. Міне, қараңыз: жарасын таңып, есін жиған жауынгер бас бағып жүріп, не бір қиын асулардан өтіп, ротаны іздеп табады. Қиян-кескі соғысқа қайта кіріседі. Душмандардан есе қайырады. Сондай сұрапыл күндердің бірінде қасындағы қарулас достарының бәрінен  айрылып, ротада жалғыз өзі тірі қалады. Тірі қалған ол табандаса атысқан моджахедтерді тегіс жусатып салады да, қаһармандық ерлік жасап, Отанына оралады. Иә, очерк осылай аяқталатын. Ескі таныс, жалбыр шаш журналистің жазғанын соңына дейін мәнсіз шолып шыққан кәрі солдат одан да зор мәнсіздіктің шетсіз-шексіз шегінде ұшып өлгендей кепке ұшырағанын сезініп, кенет түршігіп кеткен. Апыр-ау, бұ қайткені?.. Ел көзіндегі бейнесі кісі қызығарлықтай емес пе еді? Қылшылдаған жап-жас аға лейтенанттың Ауған соғысындағы ерлігін орталықтағы газеттерден бастап бәрі жарыса жазды. Ел аузында аңыз тарады. Ақындар жыр арнады. Бұның қабағын сәл түйіп түскен суреті мәртебелі жиындардың төрінде тұрды. Аспан астын толтырып уралаған ұранды салтанаттарда бұл сымдай тартылып шеру бастап жүрді. Әскери шені де өсіп, жаралы иығына қонған жұлдыздардың шоғыры көбейіп, ірілене түсті. Полковник дәрежесіне көтерілді. Дегенде...ендігісі не хал? Кәрі жадынан өшпей қалған жайттың қайта жаңғырғаны қайткені?

Шалдың ішінде біреу «шыныңды айт!» деп шыңғырғандай болды. «Берекеңді қашырып, бейбіт өміріңді бесігінде тұншықтырып келгенмін де!».

Полковник шөкелеп отырған орнынан қалт-құлт етіп тұрды да, кереуетіне жантайған. Көздері тарс жұмулы. Жұмулы көздердің ұяшығында қап-қара түнек пайда болды да, қартты үйіріп ала жөнелді.

***

...Көзін ашқанда, барқыт шұғыла жапқан аспан зеңгірінен жұлдыздар жамырап қоя берген-ді. Сонда оның өзіне өзі шошына қойған алғашқы сауалы: «қайда жатырмын» болды. «Қайда жатырмын?», «Достарым қайда?». Ептеп қимылдауға әрекет етпекке талпынған еді, жүрегі суылдап табанынан бір-ақ шықты. Қол-аяғы құндақтала байланыпты. Қыл арқан өне бойын әбжыландай орап, буып барады. Жауынгер жау қолына түскенін қапсыз ұқты. Жау қолында жатқанын білдіріп жақыннан түсініксіз дауыстар да естілген. Душмандар! Қайсыбір сөздері таныс та сияқты. Бірақ дабырласа жөнелгенде тілдерін айырып ұғу мүмкін емес. «Аллаху акбар!» деп алқымнан жалаңдаған өткір селебемен есіп жібереді дегенді еститін. Бұны да сөйтетін шығар. Лақша бауыздай салатын болды жауыздар. Қалай ғана қапыда қалды екен. Сол жақ иығын ып-ыстық от шым еткізген секундта қара жер тік көтеріліп кеп маңдайына сарт ете қалған сияқты еді, содан кейінгісі бұлыңғыр. Сірә, естен тана құласа керек. Жауынгер тағы да талықсып кеткен. Оянғанда қасында қаба сақал бір қарт отырды. «Мұсылмансың ба?» деді ол. «Не дейді? Не деді мынау?», «Қазақша сұрап отыр ғой?».

– Қазақпын, – деді бұл әбден ісіп-кеуіп аузынан ақтарыла жаздаған тілін әрең икемге келтіріп.

– Өзім де білгем, қарағым.

– Мен қайда жатырмын?

– Тозақта. Жер бетіндегі тозақта жатырсың, жарығым.

Бұл енді байқады, қарттың күн ыстаған нұрлы жүзін жас жуып, сақалына саулай құйылып тұр екен.

– Ныспың кім?

– Не дейсіз?

– Атың кім деймін сенің?

– Барат.

– Барат емес, Барақ шығар. Барақ деген батыр сұлтан болған қазақта.

– Жоқ, Барат.

– Ә-ә, мейлі. Ал, Барақ батыр, есіңді жый. Мен сенің мұсылман баласы екеніңді біліп, әскер басыдан жаныңа сауға сұрап алғанмын. Енді сен менің мырзақамақ тұтқынымсың. Қасыңдағы кәпірлерді кеше түнде-ақ ана дүниеге аттандырып қоя бергенбіз.

– Мені қайтпексіңдер?

– Оны тәлейіңнен көресің. Әзірге жаның – олжа, қане, түрегел.

Ұлы денесін әбжыландай буған қыл шылбырдың қиылып, қолы ғана артқа қайрылып байланғанын ол жаңа білді. Белгісіз жарылқаушысы «Барақ батыр», «Барақ батыр» деп жүріп бұның жаралы иығына киіз күйдіріп басты, жарасын таңды. «Ештеңе етпейді, оқ бұғанаңа тимей, қалың еттен өтіп кетіпті, көретін жарығың бар екен» деп өбектей жүріп жетелей жөнелді.

Бірі артта, бірі алда, елбесіп-селбесіп, кеш қарая бұлар бір таудың қуысына келіп кірген. Таудың ауыз қуысы тар көрінгенімен ар жағы алақандай жазық екен. Сол жазыққа жаппа қостар мен кәдімгі қоңырқай киіз үйлер тігіле қалыпты. Әр-әр жерде қазан асылып, жер ошақтардың маңында жаулықтары ағараңдап әйелдер жүр. Желілерде құлындар кісінеп, биешілер соңғы сауынға аяқтарын жебей басып барады. Сонау беткейден шоқтай үйіріліп, қой-ешкісі аралас ақтылы отар түсіп келеді. Шыбықтарды ат қып мініп шұрқыраған бала дауыстары көгеннен босап, жамырай өрген қозы-лақтың у-шуына қосылып, өзінше мәре-сәре. «Мен өзі қайда келдім? – деп күбірледі совет солдаты. – Мынау менің туған ауылымнан аумайды ғой?».

– Кәпірлердің оғы төбемізде найзағайдай ойнап тұрса да, сән-салтанатымызды бұза алмаймыз, – деді тұтқынды шеткері үйге әкеліп кіргізген қарт жүзіне зорлана шырай шақырып. – Аз-кем шаққа Алла тыныштығын берсе болды, осылай ата қонысымыздағы бәз-баяғы тірлігімізбен қайта табысамыз. Кәне, Барақ батыр, төрлет.

– Қазақ байлап-матап ауылына қонақ әкелмейтін еді, – деді содан соң. –  Салттан жаңылдық, айып етпе.

Қарт иек қағып еді, киіз үйден суырылып бір жігіт шыға келді де, шиелеп байланған қыл шылбырдан Бараттың қолын босатты.

– Ал, төрле, батыр!

Күн батып, көз байлана тұтқын түскен үй қапсағай бойлы, балуан жоталы, жанарларынан жасын атқан жас жігіттер мен егде кісілерге толып кетті. Бәрі бұған ішіп-жеп қарайды. Бәрі – қазақ, айдаладағы Ауған жеріндегі қазақтар. Бұлар қандай қазақтар? Қазақ деген осылай көшіп-қонып, қиыр жайлап, шет қонып жүре бере ме? Әлде ғайыптан тайып, құс қанатын талдырар дүниенің алыс түкпірінен осында салып ұрып жетіп келген бе? Бәлкім, бұл елес шығар? Қиял-ғажайыпқа бергісіз түс пе екен көріп отырғаны?.. Жүздері қандай таныс... Анау шоқша сақалдар мен қылыш мұрттарды шимай-шатпақ шекаралардың ар жағында қалған ауылынан көріп өскен еді ғой. Солдаттың жан жүйесі босап, үнсіз егілді. Жақынына сүйенген, жақынын жан тартқан, жақынынан мейірім күткен пенденің басындағы хал Баратты да бауырына басып Қандағардан Қарағашқа алып ұшқан. Қарағаш – солдаттың кіндік кескен жері. Енді қайтып ол жерді көре ме, жоқ па? Бәлкім, Барат батырдың қалған өмірі мынау түр-түсі таныс болғанымен, тірлігі бөтен ортада өтер ме екен? Кім білсін, жан алқымға тірелгенде бұл да Аллаға салауат айтып, сәждеге бас қойып, бұрынғысының бәріне қол бұлғап кете барар?.. Иә, естіген, душмандар тұтқындарын сүндетке отырғызып, дінсізден ақкөз діндар жасап алады деп. Бараттың да барар жері сол болмасын...

– Кәмөнессің бе?

– Иә, коммунистпін!

– Пәруардигер, қайда қашсақ та алдымыздан көктеп кәмөнестер шыға берді-ау?..

Бағанадан үнсіз жиынның көбесі сөгіліп, әр-әр тұстан мырс-мырс күлкі естілді.

– Біз, – деді совет солдатының жанына сауға сұрап алған қарт көмейінен күмбір-күмбір үн төгіп, – кәмөнестерден қашып, жұмыр жердің бетінде тентіреп жүрген жұртпыз. Құлақ сап тыңдағын, жайымызды айтайық. Жер жәннәты Жетісудың төрі Шұбарағаш, Ойжайлау, төмені Қарағаш пен Қарғалы дейтін өлкені ен жайлаған ел едік. Жайымызға, тыныш жатқан момын ғана қауым ек. Замананың қара дауылы тұрды да, мүкәммал-мүлкімізді қызыл шұнақ кедейлерді құтыртқан қызылдар тартып алды. Тартып алып, табанына салып құл қылса да құлдық дер едік, итжеккенге айдаймыз деп есірді. Өткенде – сонысы өтті. Ау, Құдайға қылғанымыз болмаса, адамға қылған қиянаты кем әулет едік қой. Сөйткенде аузын арандай ашқан аштықтың әбілеттей басып, әлекедей жаланып жетіп келмесі бар ма? Алтай қыстан ақ сөңке болып шықтық. Ағайын-туманың жартысын аштық жалмады. Көк өзек шаққа тұяқ іліне жарықтық Хакім, әкемді айтамын, «арғы бетке ауайық» деп кеңес қылды. Хакімнің аузына қараған жамағатта басқа сөз болсын ба, «аусақ ауалық, көшсек көшелік» десті. Көштік. Сәбет кәмөнестерімен қаша соғысып шекара бұздық та, Іленің бойында емінген елімізді таптық. Аз ғана уақыт дәурен сүрдік. Аузымыз аққа, тақымымыз атқа толып, ес жия бергенімізде Үш аймақ бүлінді. Қытайдың Жанқайшы дейтін қоңтайшысымен соғыстық. Артынан жылмиып қытай кәмөнестері жетті. Кәмөнестердің қасында Жанқайшы жат ішіндегі жақынымдай екен, көресіні кәмөнестерден көрдік. Бірімізді бірімізге айдап салды, асты, атты, шапты. Көзімізден тізіп, көгендеген қойдай қылып темір торға тоғытты. Небір арда туған асыл азамат абақтыда шіріді. «Сәбетте де кәмөнес, қытайда да кәмөнес, кәмөнессіз жер бар шығар мынау жұмыр жердің бетінде? Кетелік, бұл қарғыс атқыр кәмөнестердің көзінен таса мекен тауып, қарамызды батырайық» деп бір күні Хакім тағы да кеңес қылды. Хакімнің сөзіне қарсылық танытқандар қалды, қоштағандар біздің көшке ілесті. Тағы да түн жамылып түлей түзге тарта жөнелдік. Соңымыздан қытай шеріктері түсіп берген. Олармен де сәбет кәмөнестерімен қаша соғысқандай соғысып, Такламакан шөлін кесіп, Кәшімірге ат басын тіредік. Кәшімір кәмөнессіз көрінгенімен оған тұяқ іліндірер тұстағы Гималай асулары өлім себілген өңір екен, ыс тиіп шиеттей бала-шағамыз, кәрі-құртаңымыз баудай түсті. «Ыс» деген – сен ойлағандай түтін, иа, шала, күйік емес, бойы бұлттан биік таулардың басындағы қысымы күшті ауа. Ажалды ауа. Хакімнің ажалы ыстан болды. Көштің бұйдасы менің қолыма тиген. Он екі ата байұлы, алты ата әлім мен жеті рудың бағылан ұлдары Ауған, Иран, Ғирақ жұртын, кең пұшпақ керей туысым Пәкстан, Түркиені игеріп, қоныс тауыпты дегенді құлағым шалатын. Құлағым шалған сөзге құрық тастай жүріп ел-елден хабар алдым. Ауғанда, өзбек, тат бауырлардың көптігін және біліп, әрі тағдыр айдап келген соң осында көшті тоқтатып едім, міне, көрмейсің бе, топ етіп тозақтың үстінен түсіппін. Әуелде бұл ел бұлғақсыз ел еді. Хан әулеті бізді жаман қарсы алған жоқ. Қызымызды алып, қыз беріп құдандаласып, құт қойнауына енгендей болғанбыз. Соның өзін көп көріп, кәмөнесім, сен келдің де лаң салдың. Барар жер, басар тау қалдырмадыңдар ғой, Құдай қарғағырлар! Ізімізге өкшелей түсіп, індете іздеп, індет боп тиердей не қылдық біз сендерге со құрлы?.. Ал, сөйле? Кімсің? Кімсің сен? Не қылып жүрсің бұнда? Әлде сен де біздей сорлы, бейбақсың ба? Кім жұмсады сені? Жұмсалдың ғой сен?!. Басыңда еркің жоқ, ерге берер сертің жоқ міскіннің бірі боларсың кім болсаң да? Сөйле!

Қарт қоңыр үйдегі қоңырқай жұрттың қилы тағдырын қисыны қиын замананың ішінен ақтарып алып шықты да, сөзінің соңын сұрақпен бітіріп, бұның жүзіне тіке қараған. Көзінің қарашығында қасыреттің көлеңкесі мен қайраттың оты кезек алмасқан қартты сол кезде тұтқын да тани кетті. «Иә, бұл сол. Солар!», «Қарағаштағы алғашқы большевик Есерді, Бараттың атасы Есер коммунисті оққа байлап, тайып тұрған жендеттер осылар». «Шалдың «Хакім» дегені кәдімгі «Хакім банды» ғой», «Мынау соның ұлы екен ғой!», «Кездескен жерімізді қарашы?».

– Сыр бойының тумасымын, – дей салды Барат, – совет солдатымын. Ал, солдат тек бұйрықты орындайды. Мен – бұйрықтың тұтқынымын.

– Тура айтасың. Сен – тұтқынсың. Бұйдасыз тұтқынсың, бұйрықтың құлысың. Біз – босқынбыз. Азаттық аңсаған босқынбыз. Сыр бойының тумасымын дейсің-ау. Бірақ сенің түріңді осы отырған бәріміз әлдекімге ұқсатқандаймыз. Көргендейміз бір жерден. Әй, әйтсе де, қарға тамырлы қазақ қанына тартып туа береді ғой. Иегіңе сақал жапсырып, танауыңның астынан таңқитып мұрт қойсаң бірер күнде сен шырақ мына бізден айырғысыз жанға айналарсың. – Қарт езу тартты. – Мен Салқара деген ағаң боламын. Бір заманда Салқара мырза едім, енді Салық жүзбасы атанып, кәпірлерге қарсы жіхадта жүрмін. Қазақ қонағын тергемейді, жөн сұрайды. Жөн сұраған түріміз осы болды, айыпқа бұйырма. Қазір ас келеді, қолыңды шай, тізеңді бүгіп шошаймай, малдасыңды құрып, кең отыр. – Салық жүзбасы алақанын жайып еді, үйге буы бұрқыраған астаулар кіре бастады.

Ертеңінде Барат даурыққан дауыстардан оянып кетті. Кешегі мамыражай ауыл іші ала топаң шаңға бөгіп, ат тұяғының дүбіріне көміліпті. Тұтқын түрілген жабудан анық көрді: душмандар! Ойнақтаған ақалтеке аттардың белінен түспей қамшы үйіріп, мылтық кезеп, жалаң-жалаң етеді. Үйірілген топтың ортасында Салық жүзбасы әлдебір түсі суық душманмен қолын сермей сөйлеп, дауласып тұр. Анау өңмеңдей кеп төніп, әлденені айтқанда, жүзбасы да жауаптан қайтпай жандасып бағуда. Барат өз басына қарттың тағы да сауға сұрап тұрғанын түсінді. Сөйткенше болған жоқ, бұны үйден екі душман жендеті сүйреп шықты да, мойнына қыл шылбырды тастай салып, тақымдап тарта жөнелді. Құлағынан үріккен ақалтекелер ытырылып бергенде көзі шалып қалды: кеше кешқұрым қолын байлаудан босатқан жігіт қынынан суырған қылышын жалғыз сермеп, қыл шылбырды қиып түскен. Ақалтеке ат мінгендер қиқулап кете барды. Бұл бүктетіліп, жазылып жер қауып жатқанда шулап-шұрқырап кеп әйелдер басты. Аңырап, зарлап, жылап жүр бейшаралар. Дауыс сала боздап жүр бейбақтар. Бұны айналып, толғанып, бауырына баса солықтайды сорлы жазғандар. Бір кәрі шеше басын сүйеп: «Балам-ау, бауыр етім-ау, ұлым-оу, құлыным-оу», – деп ұзақ толғанды. «Көретін жарығым әлі алда екен, – деді тұтқын міңгірлеп, – көретін жарығым әлі алда екен».

***

Барат босқын ауылдың бозтайлағы болуға амалсыз көнген. Күндіз бос, еркінше жүріп тұрады. Кешке дәрет сындырып, ішін босатқан соң әкеледі де, қолын артқа қайырып байлап  тастайды. Болды. Тұтқын осы күндері тұтқында емес, мырзақамақта екенін әбден түсініп қалды. Мырзақамақтағы пенде ауылдан ұзап шықпауы керек, қолына қару ұстамауы керек. Басқасының бәрі – еркінде. Қатар құрбыларымен тең сөйлесіп, кей ортада әзіл қашырып отыратын жағдайға жеткен.

– Орыстың маржалары қандай болады? – деп сұрайды босқын ауылдың жігіттері қылжақтап.

– Балдай болады.

– Несі бал?

– Сілекейі.

– Өй, құрдас-ау, сонда сен орыс маржасының сілекейін жұтып көрдің бе?

– Е-е, көрмегенде ше?

– О, міне, жігіт!

Бірер күннің ішінде балалар да бұған үйірсек боп алған. Қарт аналар дәм-тұзын алдына тосып, қайсыбір өжет жеңгелер жеңіл-желпі шаруаға жұмсайтын да әдет тапты. Бараттың ауыл жұртымен емен-жарқын араласып, жатсынбай табысқанына сенгені ме, әлде сыр тартқаны ма, бірде Салық жүзбасы шақырған.

– Сені осы ауылдан қашырып жіберсем қайтесің? – деді ол.

– Майдандас, қарулас достарымды табамын.

– Табасың да, бізге қарсы тап бересің. Солай ма?

– Мен сіздің жақсылығыңызды ұмытпаймын.

– Ендеше, сен бізге сәбет әскерлерінің құпия бекінісін көрсетесің.

– Мейліңіз.

– Бүгін түнде аттанамыз.

–  Сіз екеуміз бе?

– Жоқ, қасымызға сайлаулы үш жігіт ертеміз.

– Келістік.

Екеуі осыған уағдаласып, қол алысқан.

***

Түн төңіректі қымтап, айналаны меңіреу қараңғылық басқанда, бес адам жолға шықты. Барат, жүзбасы Салық және үш жігіт. Үш жігіттің бірі Баратты сүйретпеден құтқарып қалған Мүсәпір батыр.

– Ал, жақсы, бекіністің үстінен түсірейін, содан соң мені қайтесіңдер? Шекеме жалғыз оқты қадап, шейіт қыла саласыңдар ма? – деп сұрады Барат жолға аттанардың алдында жүзбасыдан.

– Бекіністі көрсетсең болды, – деді Салық уәдесінен таймайтын адамдардың сабырлы пішінімен. – Әскербасыға хабар жеткіземіз. Оған дейін сен бізге тұтқын боласың. Дін қарындас бауырлар бекіністі тас-талқан еткен соң, өз еркің – өзіңде. Қаласаң – қасыңдамыз, қаламасаң амалын тап та, Сәбетіңе қайтып бар. Бізден мұрсат саған.

«Олай бола қоймас». Бараттың ойы осы «олай бола қоймасқа» бекіген. Сол оймен ол ұрымтал сәтті күтіп, ілгері баса берген.

Жүзбасы қарт кісі сияқты көрінгенімен, қаржасқанда қайраты қабындап шыға келетін қайтпас қайсардың сойына ұқсайды. Мүсәпірдің қылша мойынды талша қиятын қылышы қынынан суырылмасын де. Ана екеуінің душмандардан алған жалғыз оғы зая кетпейтін зар еңіреген мергендер екені бесенеден белгілі. Қайтпек керек? Қайткенде сенімнен шықпау керек. Сәл күдік сездірді ме, бітті, басы домалап бір сайда қалады. Бірақ совет солдатын бұл қашқындардың соншалықты жан тартқандары несі? Моджахедтердің әскербасынан жанына сауға сұрап, жалынғандары қайткені? Әлде бұны осындай бір іске пайдалануды діттегендері ме? Ал, бекіністің басына бұларды бұлаң құйрыққа салып ертіп барсын. Бекіністің күлін душмандар көкке ұшырсын. Содан кейін не болады? «Жарайсың, азамат екенсің» деп арқаға қағып шығарып сала ма? Мейлі, шығарып-ақ салсын. Бұл қайда барады? Барғанда «осылай да, осылай, моджахедтердің тұтқынынан босап, қашып шықтым» дей ме? Оған, сірә, кім сенеді? Сенбейді. Сенгенің не, тергеліп, тексеріліп, әскери жазаға тартылады. Сотталады. Әуел десең «әу» деуге келтірмей, әскери трибуна жасап, атып тастауы да мүмкін. Жо-жоқ, қайткенде мыналардан құтылудың айласын тапқаны абзал.

Баратты алдына сап жүзбасыға ілескен суық жүрісті топ таң қылаң бере бейтаныс биік таудың ұшпа шыңына аяқ іліктірген. Жан-жағына жіті көз тастап алып, аялдаған Салық қойнынан жайнамазын шығарды. Өзгелері де намазға ыңғайланыпты. Босқын ауылдың кәрі-жасы намазға тұрғанда ажал оғын атып, аласұрған дүниені мүлде ұмытып, мүлгіп, ұйып қалатынын талай көрген тұтқын қашуға ыңғайлы сәт қайткенде осы сәт болар деп көңіліне көптен түйіп жүретін. Соның орайы қазір келгендей. Бірақ: «Болмайды, – деді бір дауыс. – Барат батыр, асықпа, босқындар лагерінен алыстай түс». Қашудың қамына құлаған ойын жаңағы дауыс тиып тастаған соң тінте қараған: жүзбасы бір қадам ілгері, үшеуі соңында Құдайға құлшылық етуге кірісіпті. Жұлдыздары әлі сирей қоймаған көк жүзінде дөңгелене жүзіп Ай барады. Ай астында желбегейлерінің етек-жеңін еспе жел тербеген төрт мүмін сәждеге бас ұрып, Жаратқан Хаққа жалбарынуда. Мүміндер мүлгіген күйінде мынау отқа үйітілген қара қожыр таулар мен түтін жұтып тұншыққан даланы тәрк етіп, жұлдыздар шоғырына сіңіп кететін секілді, тұтқынның бар-жоғын да қаперсіз қалдырған. Бойларындағы бес қаруын да шешіп, сонадай жерге тастапты.

Барлаушылар түс ауа тағы да намазға аял жасаған. Намаз алдында Мүсәпір Баратты байлап тастамақ болып еді, жүзбасы қабағымен қажет емес дегенді аңғартты. Жүзбасының қабағын таныған мүсәпір тұтқын да мүләйім халге еніп, Құдайға құлшылық қылғандар қозғалып жүріп кеткенше, басын жерден көтермей жабысып жатып алған. Осылайша бір күннің сүргіні мен бес уақыт оқылатын намаздың бірі де қаза болмай аяқталды. Түнде совет солдаты әдеттегідей байлаулы жатады. Күндіз бос. Бейбіт заман болса, бұл бесеуді көргендер бой жазып серуендеп немесе аң қағып, саят құрып жүрген жайбырақат жандарға ұқсатар еді. Сөйтіп, арада үш күн өткен. Төртінші тәуліктің таңы сібірлеп атқанда төрт тақуа жайнамаздарын жазып, «құлқуаллалап» құбылаға бет түзеген. Ал, тұтқын қыры пышақтың жүзіндей тасқа егеп жатып білегіндегі қыл шылбырды түнімен түтелеп, үзіп тастаған-ды. Міне, жылан құрттай жылжып жүзбасы мен жүзбасының жігіттері итарқа сияқты етіп бастарын түйістіріп қоя салған автоматтың бірін сыбдырсыз қолына алды ол. Оғын тексерді, асықпай құлағын қайырды. Сосын жүрегінің дүрсілін тоқтатып, сәл тежелді де, шімірікпестен шүрппені көздемей-ақ басып-басып салды. Енді төртеуі төрт жаққа тырапай асуы керек. Жоқ, о, ғажап, олар алақандарын көкке жая теңселіп, жайнамаздың үстінде әлі отыр! Себелеп өткен оқ біреуіне дарымаған сияқты. Шынында дарымады ма екен? Бұ пәлекеттердің оқтың бетін қайтарып, оқ қағатын сиқырлары бар шығар? Онда біттің, Барат! Құрыдың Ауған соғысының жаннан кешкен жауынгері! Мүсәпірдің қылышы тәніңді қидалап қана қоймай, теріңнен таспа тіледі енді. Дегенше болмады, үш жігіт сәждеге бас ұрғандай бүгіліп барып бүк түскен. Тек Салық жүзбасы ғана құламады. Бұл асықпай адымдап барып, жүзбасының жайнамазын таптап өтті де, талтайып тұра қалды. Жүзін қан жуған қарт күбірлеп әлі мінәжат айтып отыр екен. Мінәжатын үзбеді. Ең соңғы демін аларда Баратқа қарап баяу тіл қатқан: «Мен сені көргенде-ақ танып едім, Есер!».

***

...Төрт душманның басын кесіп алып, бекініске әкелген аға лейтенанттың ерлігі жауынгерлердің арасында ауыздан ауызға тарап, күшейіп, күшеніп көше берген. Майдан даласы аңыздарды ақиқатқа айналдыратын академияның өзі емес пе: екі-үш күнде моджахедтердің қалың қолымен алысқан ротаның ерлігі, ротадағы он екі жауынгерден аға лейтенанттың ғана тірі қалғаны қатталып, рәсімделіп те үлгерді. «Аға лейтенант ауыр жаралы, сонда да ол қайтпас қайсарлықтың үлгісін көрсетіп, өзі өлтірген душмандардың басын кесіп әкелді. Аға лейтенант Барат Есеров Ауған соғысының батыры атағына ұсынылсын».

Ауған соғысының батыры атағына ұсынылған Барат бұл кезде әскери лазареттің оқшау бөліміне алынып, аса құпия қызмет орнының өкілдеріне жауап беріп жатқан еді. «Көргеніңнің бәрін айт» деген құпия адамдар оған тесірейген көздерінің сұғын қадап. Бұл бәрін айтқан. «Басты әкеліңдер!» деді құпия адамдардың бастығы.

– Бұл сол ма? Салық па?

– Тап соның өзі!

– Шын аты кім?

– Салқара.

– Сен кімнің қолында тұтқында болдың?

– Ауғанда босып жүрген қазақ жасақтарының жүзбасы Салықтың қолында.

– Қателесесің! Ауғанда босып жүрген қазақ жоқ, душмандар ғана бар! Есіңнен шығарма, әскери адамға қырағылық қажет-ақ, алайда, ол көргенін көрмегенге балап, көзжұмбайлықтан танбауы керек.

– Ұқтым.

– Ұқсаң, әлгіндей сөзді басыңның амандығы мен жарқын болашағың үшін тісіңнен шығарма!

Құпия адам бас сүйекті сартылдатып суретке тартты. Ұзақ-ұзақ қарады. Соңынан қасындағыларға былай деді:

– Мына жігітті елге қайтару керек, бұл – Отанына пайдалы қызмет ететін азамат!

***

Газеттің айқара бетінде айтылмаған сөз, жазылмаған сөйлем жадында қайта жаңғырып, жанына тыныштық бермеген түнді көзімен атырған кәрі солдат ертеңінде овчаркасын жетелеп, «Ғажайыптар алаңынан» қалаға бет алды. Аппақ зәулім сарайдың қақпасынан шыға бергенде ұлымен ұшырасып қалған.

– Папа, қайда жиналдың? – деп сұрады ұлы.

– Майданға.

– Қандай майданға? – Ұлының сұп-суық, сұп-сұр жүзінде таңданыс нышаны байқалды.

– Майданға, кәдімгі майданға. Соғысқа!

– Соғыс біткен, пап!

– Менің соғысым біткен жоқ.

– Кіммен соғыспақсың? Қайда барып соғыспақсың?

– Менімен соғысатын біреу қалада пайда болыпты. Соның көзін құртып, түбіне жетуім керек. Бұл менің ең соңғы соғысым, ең соңғы жорығым, бөгеме жолымды.

– Сен осыдан он жыл бұрын алжып едің, енді жынданған екенсің! – деді ұлы.

Кәрі солдат тұмылдырықсыз овчаркасынның тілін салақтатып А. қаласындағы оқу орындарын шетінен адақтай бастады. Әзірге әлгі сұмырайдың табылар түрі жоқ. Бірақ, табылады, табылмай қайда барады? Полковник салтанатты шерулер мен жиындар өтетін бас алаңды шолған: жастар сол алаңға көп жиналушы еді. Сол алаңда бұл кезекті рет керемет ерлік  жасаған болатын. Бұрын қара тобырдың қарсылығына кездеспеген жауынгерлері алаңды таптап, сайран салған маскүнемдер мен нашақорлардың қарасын көріп, бөгеліп қалғанда ұран тастағаны есінде: «Аямай ұрып, соғыңдар! Мұзға жалаңаш отырғызып, шаттан тебіңдер! Еліміздің тыныштығын қашырып, бейбіт тұрмысы мен берекесін көпсініп жүргендер көбейіп кетпесін, ұрпақ тарамасын олардан!».

Полковник оқу орындарын аралап, көп сенделіп жүріп, ең соңында өмір-ғұмырында естіп көрмеген бір университеттің алдына тоқтаған. Бірақ, күмәнді еді. Жетпей желкесі қиылғыр бүгінгінің жастары бірінен бірі аумайды. Әйтсе де, әлгі неменің жүзі біртүрлі таныс. Бір жерден көрген секілді. Кәрі солдат ғимарат ішіндегі үздік студенттер тақтасына көз сүзгені сол еді, таныс бейне жарқ ете түсті: мынау – сол, соның өзі! Миығына күлкі үйіріп, мәз болып тұр. «Мәз болғанды көрсетейін мен саған!» Полковник кесек адымдап ректордың бөлмесіне кіріп барды. Ректор мөлт қара шашы иығын жапқан, сұңғақ бойлы, келісті жігіт екен, полковникті құрмет көрсете қарсы алды.

– Сіз суретінен таныған студентті мен жақсы білемін, – деді ол сәл қабағын шытып. – Бахадүр Салқара – университетіміздің ең үздік шәкірттерінің бірі. Сіз айтқандай оғаш мінезі жоқ сияқты еді, ақсақал. Бәлкім, біреумен шатастырып отырған шығарсыз?

Полковник студенттің аты-жөнін естігенде қалшылдап кетті:

– Жоқ, сол, тап соның өзі! Біз, әскери адамдар, жаудың түсін жазбай танимыз.

Ректор күліп жіберген:

– Бұнда жау жоқ, қария.

– «Жолдас полковник» деуіңізді сұраймын.

– Бізде жау жоқ, жолдас полковник!

– Бар, сендер оны білмейсіңдер де, сезбейсіңдер!

– Сезбегенде былай... бұл бала – оралман. Алыстан Атажұртына оралған жеткіншек.

– Жеткіншек деп желкілдетпей-ақ қой оны. Ол – жаудың баласы. Әскери трибуна құрып соттаймын сұмпайыны.

– Сен әскери трибуна құрып соттайтындай ол әскери адам емес, – деді бағанадан «сіз» деп сыпайы сылық отырған ректор қатуланып. – Сенсіз де тағдырдың теперішін көріп өскен бала. Мазалама, жайына қалдыр. Атасы Ауған жерінде өліп, әкесі тозақ кешіп Түркия, одан әрі Алмания барған екен. Мына бала алман елінде туған. Әкесінен ерте айрылып, жетімдік пен кемдіктің зар-запыранын жұтып өскен бейбақ. Енді Атажұртын, туған елін паналап келгенде, біз оны жендеттің қолына беріп қойып, қарап отыра алмаймыз. Менің сөзім осымен тәмам, қайда барсаң – сонда бар. Жолың ашық.

Кәрі солдат сүлдерін сүйретіп сыртқа шыға бергенде миына мың сан ине тасқындар құйылып қадалғандай болды. Әсіресе, оң көзі түбінен суырып, әкетіп барады. Жарық сәуленің жанды осынша азапқа салар қатыгездігін кім білген. Полковник оң көзін жұма қойды, сөйткенде бәрі қалпына келген. Сол көзі көріп тұр, бірақ айналасы сұрықсызданып, күңгірт тарта берді. Сол күңгірт көрініс кәрі солдаттың жанын жай таптырған. Енді тек осылай, тек осылай жүргені жөн сияқты. Жап-жарық әлемнің өткір сәулелері саулап кеп сіңетін оң көзді ағызып жіберсе де болады.

Жалқы рет ауруханада жатып, дәрігер атаулының саусақ ұшын тәніне тигізбеген полковник расында солай істеді. Баласының зәулім сарайында ешкім жоқ кезде көгілдір отқа істік темірді балқытып, әбден қыздырып алды да, ашса бітті сәуле тасқынды миына әкеп құятын оң көзінің ұяшығына сұғып жіберді. Бұны да «Ғажайыптар алаңындағы» қатындар әңгіме қылатын. Ең қорқынышты сөз студенттер арасында тарады.

– «Тың» кинотеатрының артындағы ескерткіштер қорығында жалғыз-жарым жүрген жасты ұстап алып жеп қоятын елес-адам пайда болыпты, – деуші еді  олар. Ал, «Ғажайыптар алаңындағы» ханымдар: «Полковник өзі жататын бөлмеге табыт кірігізіп, табыттың ішіне шинелін қалдырыпты да, ұшты-күйлі жоғалыпты. Қайда кеткені белгісіз, сірә, таусылып бітпейтін бір соғысқа аттанған шығар», – десетін.

Дәурен Қуат

07.06. 2017 жыл. Сағат – 20:23.

Алматы, Әйгерім-1 ықшам ауданы, Строительдер көшесіндегі (11 А) үйде жазылып бітті.

Abai.kz

23 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394