Дүйсенбі, 28 Қазан 2024
Зерттеу 7892 7 пікір 14 Желтоқсан, 2017 сағат 11:01

Ел тірегі болған Бопай ана

Қазақ хандығы тарихында мемлекеттік деңгейде мұрағаттық құжаттарға түскен тарихи тұлғалар қатарында қазақ қыздары көп емес. Олар туралы сөз қозғағанда біз Әбілқайыр ханның жұбайы Бопай ханымды, Уәли ханның жұбайы Айғаным ханымды, Кенесары ханның қарындасы көзсіз батырлығымен даңқы шыққан Бопай ханымды  еске аламыз. Қазақ ханымдарымен сол тұстағы қазақтың белді тұлғалары ғана емес, сонымен бірге Ресей, Хиуа, Бұхара және өзге де елдердің мемлекеттік қайраткерлері таныс болды. Нәтижесінде олар туралы бүгінге жеткен мол ақпараттар жинақталды. Мұның өзі қазақ қыздарының қоғамдық-саяси өмірдегі белсенділігін айғақтайды.  Сөз жоқ, қазақ қыздарының арасында Қазақ Хандығының қиын-қыстау кезеңінде қазақтың Бас ханы Әбілқайырдың жанынан табылып, қиналған шағында еріне қолдау көрсеткен, 1748 жылы 15 тамызда хан өлгеннен кейін тек қана отбасына емес, жалпы қазаққа ақылшы болып, ел тыныштығы мен бірлігін сақтауға үлес қосқан, көпке үлгі болған Бопай ананың орны ерекше. Оған өзіміз жұмыс жасаған Ресей мұрағаттары құжаттары толық дәлел бола алады. Бұл арада түпдерек құжаттар Ресейдің Орынбор және Москвадағы  Ресей империясының Сыртқы Істер мұрағатында  көптеп кездеседі.

Бопай Ресей мұрағаты құжаттарында 1731 жылдан кейінгі тарихи оқиғаларда  атала бастайды және оның барысында орыс елшілері ханымға  бірден назарын аударады. Бұл кезеңде ол Әбілқайыр хан шаңырағының ұйытқысы ғана емес, сонымен бірге ханның барлық саяси қадамдарын қолдаушы ретінде көзге түседі.  Мәселен, 1736 жылы 24 маусымда ханның кешкі қабылдауында болған  Дж.Кэстль: «Ханның сол жағында дәл сондай төрткүл  жібек шымылдықтың артында оның үш әйелі отырды. Ең жасы үлкен бәйбішесі - ханшасы - төрде отырды, оның үстіне кигені қызыл жібектен, алтын жіппен өрнектеп тастаған, басындағы әшекейлі биік бас киімі түріктің сәлдесіне ұқсайды және өзі алтынмен кестеленген. Қалған екі әйелі  Бұхардың қызыл барқытына оранған, әрқайсысы басына ақ шыт орамал  байлап алған» дей келе, Бопай ханымның өзгелерден ерекшелігін, оның еуропалық салт-дәстүрлерді білуге құмартқанын жазып қалдырады [Кэстль Джон 1736 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайырға барып қайтқан сапары туралы. – Алматы: Атамұра, 1996. -23-24 б.]. Ал 1740 жылы қазан айында Сырдағы Кіші Қуандария жағалауындағы Адам ата өзені бойындағы хан тұрағына келіп Бопаймен кездескен поручик Д.Галдышев ханымның Ресей патшасының жай-күйін анықтауға ұмтылғанын және қазақ-орыс қарым-қатынасындағы игілікті істерді сөз қылғанын хабарлайды [Казахско-русские отношение в ХҮІ-ХҮІІІ веках (Сборник документов и материалов). –Алма-Ата: Издательство АН КАЗССР, 1961. -с.177 (алда КРО)]. Кейін прапорщик Муравин: «менімен нағыз ханым Бопай сөйлесті» дей келе, оның ханның Елек өзені бойында қорған салу жоспарымен бөліскенін, сол мақсатта Орынбор комиссиясы басшысымен кездесуді жоспарлағанын хабарлағанын жазып алады[КРО, с.276]. Бопай ханым ел тарихында хатталған  Кіші, Орта жүзден 500 белгілі сұлтан, би, батыр, старшындар қатысқан 1748 жылдың маусымындағы Кеңеске қатысқан. Кеңесте елдің  болашақ даму барысын талқыға салған Әбілқайыр хан  қазақ-орыс қарым-қатынасындағы бетбұрысты қадамдарымдағы  басты мақсатым «өзім үшін емес, бүкіл қазақ халқының пайдасы мен тыныш өмірін қамтамасыз ету болды» дей келе ханды мойындамай бетімен жайылған жұртын сынға алады. Ханнан соң Бопай ханым сөз алған. Ханым: «Біріншіден, тыныш өмір қамтамасыз етілді. Екіншіден, ешқандай сыртқы жау бізге қарсы батыл шабуылдай алмайды... Біз ұлымызды Ресейге аманатқа жібердік, оны енді алмастыру қажет. Аң екеш аң да баласын аялайды; басқалар сияқты біз де балаларымызды қимаймыз. Сонда Әбілқайыр хан балаларын аманатқа  өзіне сенбей беріп отырған жоқ, өзгелердің, қырғыз-қайсақ «халқының тұрақсыздығынан беріп отыр», - деп сөзін аяқтайды. Ханымның әрбір сөзін тыңдап көпшілікке әсерін бақылаған Сақмар казагы Көбек: «Ханым сөзіне қазақ старшындарының ешқайсысы жауап қайтара алмады, керісінше, оның айтқанын толық растады», - деп мойындайды[КРО, с.390]. Мұның өзі ханымның қазақ қоғамында толық мойындалған тұлғаға айналғанын дәлелдейді.

Бопай ханымның мемлекеттік деңгейдегі саяси қайраткерлігі  1748 жылы тамыз айында Әбілқайыр хан қаза тапқаннан кейін анық көзге түседі. Қалыптасқан саяси жағдайда ол ішкі бірлікті сақтап жаңа хан сайлауды ұйымдастырып, Ресеймен байланысты сақтауға күш салады. Алдымен, ханым ұлы Қожахметпен бірге Әбілқайыр ханның басты қарсыласы болған  Орынбор губернаторы И.Неплюевке тамыз айының соңында арнайы хат жолдап, ханның көзі тірісінде Нұралы сұлтанға хан болуды жүктегенін ескертеді. Хатты алысымен губернатор ханымға Я.Гуляевті, Көбекті, Смаил молданы аттандырады [КРО, с.397, 399]. Орыс елшілері Қарақұм мекеніндегі Хан Ордасына 4 қыркүйекте жетіп ел ішіндегі жаңалықтарды толықтай күнделікке түсіреді. Я.Гуляев күнделігіне назар аударсақ, Бопай ана көп кешікпей тағы да арнайы Кеңес шақырған. Дәл сол кезеңде ханым жанында Орта жүзден Шақшақ Жәнібектің ұлы Жауқашар, туысы Жаналы, Кіші жүзден беделді Ақкете Алтай, Жаппас Баймұрат, Шекті Бақтыбай, Ысық Байтерек, Алаша Байсеу, Керейіт Көшімқожа, Масқар Жәдік және өзгелер болған. Атақты Қазыбек би де өз қолдауын Жәнібек сұлтан арқылы жеткізеді. Келесі үлкен Кеңес 27 қыркүйекте өтеді. Оған Орта жүзден Шақшақ Жәнібек, 3 би, 3 батыр қатысады. Кеңес тағы да ішкі бірлікті ту етіп, хандық таққа үміткер саналғандарды, соның ішінде Батыр сұлтанды Кеңеске шақырады. Ал өзін негізгі үміткер санаған Барақ ел тыныштығын бұзушы қылмыскер ретінде Кеңеске жолай алмады. Сонымен 2 қазанда Нұралы сұлтан Ырғыз өзенінің сол жақ тармағындағы Қайыңды өзені бойында 1000-нан аса адамның қатысуымен хан тағына көтеріледі. Хан сайлауға Орта жүзден атақты Жәнібек тарханнан басқа Керей Наурыз би, Шақшақ Қойсары би, Жамбейті би қатысады. Көп ұзамай Абылай сұлтан да келеді [Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. –Алматы: Ғылым, 2001, 76-80 б.]. Сөйтіп Бопай ханым Әбілқайыр ханның тілегін іс жүзіне асырады. Ендігі мақсат  оны көршілес елдерге мойындату еді.

Бопай ханым уақыт созбай 1748 жылы 6 қазанда А.Тевкелевке де хат жолдайды. «Сіздің келініңіз» деп басталатын хаттағы басты мәселе Нұралы сұлтанды жай жүз ханы емес, әкесі Әбілқайыр хан мойындалғандай Бас хан ретінде мойындату болғаны байқалады. Ханым: «Сіздің ақыл-кеңесіңізбен барлық халқымыз бір пікірге қосылып, Орта жүз және Кіші жүздің атақты барлық билері менің баламды хан сайлады» дей келе, елдегі ішкі-сыртқы жағдайды есепке алып, қазақ ханын Ресейдің мойындауының маңыздылығын атап өтеді[КРО, с.410-411; РИССМ 122 қ., 122/1 т., 1748, 4 іс, 324-325 п.]. Ал И.Неплюевке жазған хатында Бопай ханым: «Барақ Әбілқайыр ханды өлтіріп, бізге қайғы жұтқызды» дей келе, Нұралыны хан сайладық, орыс патшасына Орта және Кіші жүздің барлық билері атынан хабар салынды деп хабарлай келе,  Барақ сұлтанды жазалауда Ресей  қолдауына ие болуды көздейді [КРО, с.412]. Өйткені, бұл кезеңге дейін Барақ сұлтан да қазақ қоғамындағы белді тұлға ретінде орыс патшасымен қарым-қатынас орнатып, елшілік алмасып үлгерген-ді.

Мұндай мәтіндегі хаттарды әрине Ресей де күтті. Өйткені орыс саясаткерлері өзіне бағынбаған Әбілқайыр хан дүниеден өткен соң Қазақ Хандығын отарлаудың жаңа кезеңі басталғанын толықтай сезінді. Ханым жанында жүрген орыс елшілері қазақ үшін маңызды әрбір мәселені Ресеймен ақылдасып шешуді үгіттеп бағады. Жоғарыдағы аталған хаттар соның айғағы еді. Қазақтардан түскен хаттарға И.Неплюев 1748 жылы 23 қазанда ғана жауап қайтарады. Тәжірибелі орыс саясаткері Бопайға жолдаған хатында, сөз жоқ, жаңа қазақ ханын орыс патшасының бекітуін құптайды [КРО, с.414].

Осы тұстағы мұрағаттағы деректер Бопай ханымның Әбілқайыр ханның саясатын жалғастырғанын айғақтайды. Оны И.Неплюевтің 1748 жылы 25 қазандағы Ресейдің Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хаты анық көрсетеді. Орынбор губернаторы: «ханым жоспарынша... Нұралыны Бас хан сайлау, яғни Кіші жүзге тұрақтап барлық қазақтарды басқару, Ерәліні Орта жүзге бекіту, ал Қожахмет сұлтанды Хиуаға хан етіп, ондағы Батыр сұлтан ұлы Қайыпты алмастыру» деп жазады. Құжаттың соңына губернатор өз ойының қорытындысы ретінде: «Әбілқайыр тегі бұдан әрі әлсіремесін, бірақ Әбілқайыр хан тәрізді енді ешқашан күшеймесін» деп жазып жібереді [КРО, с.417-424].

Бұл кезеңде Әбілқайыр хан отбасы Қайынды–Ырғыз жағалауын жайлайтын. Бопай ана айналасына Ресейдегі аманаттағы Айшуақтан басқа ұлдарын – Нұралы, Ерәлі, Қожахмет, Әділ және Шыңғыс сұлтанды жинақтады. Ал Қарағай сұлтан деректерде көрінбейді. Хан отбасы Әбілқайыр хан өліміне Ресейдің, И.Неплюевтің қатысы барын толық сезетін.  Міне сондықтан да  ханым орыс губернаторына «Жесір болып қалдым, көзім жасқа толды, жүрегім қайғы жұтты, оның үсіне кішкене қызымыз қалды, енді не айтуға болады» дей келе, келер күнге үмітпен қарады [КРО, с.450; РИССМ 122 қ., 122/1 т., 1749, 4 іс, 86 п.].  Бұл кезеңде ханым алдына бірнеше маңызды мемлекеттік мәселелер рет-ретімен шықты.

Жоғарыдан байқағанымыздай Бопай ханым үшін басты мәселе Нұралының хан сайлануын  Ресейге мойындату еді. Сол  мақсатта Ресей астанасына Нұралы ханның күйеу баласы Жәнібек сұлтанның бастауымен елшілік жіберіледі. Қазақ елшілігі 1749 жылы 26 ақпанда Санкт-Петербургке жетіп, кейін  Орынборға шілде айында  оралады. Нәтижесінде Нұралы хан өзі сұраған қазақтың Бас ханы ретінде мойындалмағанымен  қырғыз-қайсақтар ханы ретінде   Ресей мемлекеті  мойындайды. Бұл арада Ресей біртұтас қазаққа «бір Бас хан қажет емес» деген қорытындыға келіп, өз саясатын жүргізе бастайды.

Ханым  хан сайлаумен қатар Барақты жазалауды бір сәт естен шығармайды. Ол турасында тыңшы С.Абдрезяков хабарлайды.  Ханым жоспарына  найман руынан  Өтепбай, Шорақ би, Қабанбай батыр, қаракесек Қазыбек билер қолдау көрсеткен [КРО, с.434; РИССМ 122 қ., 122/1 т., 1748, 4 іс, 354-359 п.]. Олардың қатарынан Абылай сұлтан, Есет Көкіұлы, Шақшақ Жәнібек байқалды. Бопай ханым ойын жүзеге асыру  үшін  Кіші, Орта жүз қазақтарының қатысуымен бірнеше  Кеңес  өткізеді, Жоңғар қонтайшысымен Әбілқайыр хан тұсында басталған құдандалық мәселесін (Нұралының қарындасын қонтайшыға беру) жандандырады. 1750 жылдың ақпан-наурызында Барақ сұлтан екі ұлымен Қарнақ қаласында өлтіріледі.  Ресей уақыт созып Барақ сұлтанды өлімге қимаса да, қазақтың ішкі мәселесі осылайша шешімін табады [Ерофеева И.В. Хан Абулхаир; полководец, правитель, политик. Изд. 3-е, исправленное и дополненное.-Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – с.404].

Ендігі мәселе Әбілқайыр ханның жерленген жеріне қатысты туындады. 1749 жылы 23 қарашада И.Неплюев Ресей Сыртқы істер коллегиясына жолдаған хатында «қазақтардың хан моласын киелі мекен санайтынын» жасырмайды. Оны 1750 жылы 8 сәуірдегі Орынбор кеңсесіне жолдаған хатында  Я.Гуляев те мойындайды[Ерофеева И.В. Хан Абулхаир; полководец, правитель, политик. - с.411]. Я.Гуляев хан моласы туралы Әбілқайыр әулетінің жоспарын аша түсіп, «ханымның хан сүйегін алып Түркістанға кетіп, қалған өмірін сол жақта өткізуді жоспарлағанын, бірақ Ресейдің хан моласы басына лайықты кесене саламыз дегенін естіп ойын өзгерткенін»  жазып алады. Я.Гуляевпен кездесу барысында Бопай анаға инженер-подпоручик  И.Ригельман таныстырылады.  Орыс маманы Әбілқайыр жерленген жер қолайсыз, құрылыс материалдары ол маңда жоқ, сондықтан хан сүйегін Елек, иә Жемге көшіруді ұсынған. Тіпті, Ресей үкіметі  Әбілқайыр жанұясы келіссе, орыс шекарасына  жақын жерге ескерткіш тұрғызуды да ойластыра бастайды. Оған қазақтар «орыстар біздің төменгі жақтағы қыстауымызға қорған тұрғызуды бастаса, ал жоғарғы жақтағы жайлауымызға Әбілқайыр ханға ескерткіш тұрғызамыз деп қорған ойластыруда, мұнымен ата қонысымызды тарылтпақ. Сөйтіп, бізді башқұрттар сияқты жан-жақтан қоршауды армандауда, бірақ башқұрттардай көне қоймаспыз» деп ашық ойларын білдірген [Мұқтар Ә.Қ. Азаттық таңы жолында. -86 б.]. Дегенмен уақыт өте хан жерленген жерге кесене тұрғызылған.

Осы жылдары Бопай ананы Жәнібек ханнан тарайтын Үсеке-Жәдік ұрпақтары арасындағы қарым-қатынас та толғандырады. Дәлірек айтсақ ханым Әбілқайыр – Батыр ұрпақтарын өз төңірегіне жинақтауға ұмтылады. Ол үшін әулеттік құдандаластықты жалғастырады. Бұл кезеңде Батыр ханның ұрпақтары Хиуа ханы Қайып та, інісі Қарабай сұлтан да Нұралы ханға күйеу бала болады. Нәтижесінде олар  Әбілқайыр хан өліміне  қатысы бар қарақалпақтарды да жазалау үшін Батыр хан, Айшуақ сұлтан,  Жәнібек, Өтеулі тархандар  3000 сарбазбен аттанады. Ол турасында Я.Гуляев: «1750 жылы 23 мамырда  Нұралы ханмен бірге Темір өзеніндегі Бопай ханымға келдік. Хан өзін тыңдамай қарақалпақтарды шапқан Ерәлі мен Айшуаққа және анасына қатты ренжіді» деп хабарлайды[КРО, с.514]. Міне осыдан соң Бопай ана  қоғамдық-саяси өмірден алыстай бастады. Бұл кезеңде ол пайғамбар жасына жетіп, ұлдары Нұралы, Ерәлі, Айшуақ, Қарағай жалпақ жұртқа танылып, нағыз билеушілерге айналады.  1780 жылы 31 мамырда ханым жүз жасап дүние салып, қазақ-орыс шекарасындағы Татищев қорғанына жақын Шиелі өзені жағасына жерленеді. Оның ізін көп ұзамай Уәли ханның жұбайы Айғаным, Арынғазы ханның жұбайы Жақсы ханымдар жалғасырады.

Бопай ана тарихында зерттеле түсер мәселелер де баршылық. Соның бірі оның шыққан тегі. Белді тарихшылар И.Неплюевтің   1743 жылғы қыркүйектегі Ресей Сыртқы істер коллегиясына жолдағын хатында орыс қорғандарына шабуылдаушылардың «предводителем был настоящей жены ево брат родной, Дербшали-салтан» дегенін алға тартып[КРО, с.304], ханымды төре тұқымынан Дербісәлі сұлтанның қарындасы деп анықтаса [Ерофеева И.В. Хан Абулхаир; полководец, правитель, политик. -с.385; Есмағамбетов  К.  Тарих таңдақтары. Бірінші кітап. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2008, 212 б.], екіншілері  12 ата Байұлының адай бөлімінен хан жанындағы Мырзатай батырдың қарындасы екен деген пікірді ұсынады. Олар А.Тевкелевтің 1748 жылғы күнделігіндегі «Абулгаир-хана шурин, а ханши ево Попай родной брат адайского роду Мурзатай Сатыралды-биев» дегенін негізге алады [Мұқтар Ә., Сыдықов Е. ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы Қазақ хандығы. - Алматы: «Мерекенің баспалар үйі» ЖШС, Mereke baspasy, 2015. -688 б.]. Мұның өзі зерттеуді жалғастыруды қажет етеді. Екіншіден, бүгінде  ханымның сүйегін елге әкеліп, қайта жерлеу мәселесі көтерілді. Біздің ойымызша ол жүзеге асса, құдай қосқан қосағы  барша қазақтың даңқты ұлы, Бас хан  Әбілқайыр жанынан орын алуы тиісті. Мұның өзі шынайы рухани жаңғырудың үлгісі  болмақ.

Әбілсейіт Қапизұлы Мұқтар

тарих ғылымдарының докторы, профессор

Abai.kz

7 пікір