Бішкек түбіндегі ұшақ апатына кінәлілер әлі анықталмады
2017 жылы 16 қаңтарда Дачи-СУ маңында «Боинг-747» жүк ұшағының апатқа ұшырауына кінәлілер әлі анықталмады. Қайғылы оқиғаны зерттеуге қатысты құрылған үкімет жұмыс тобының жетекшісі Мұхамметкалый Абулгазиев 13 қаңтарда осылай деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, тергеудің алдын ала мәліметтеріне қарағанда, апатқа ұшқыштың қателігі себеп болған. Бірақ ол бұның түпкілікті қорытынды еместігін, халықаралық комиссия жұмысы әлі жүріп жатқанын ескертті.
Еске салайық, бір жыл бұрын түріктің ACT Airlines (MyCargo) әуе компаниясына тиесілі жүк ұшағы Гонконгтан Стамбулға ұшып шығып, "Манас" әуежайына жақын маңдағы Дачи-СУ ауылына құлады.
Әуе апатынан 39 тұрғын, экпаждың төрт мүшесі қаза тапты. Тағы бір қырғызстандық зардап шеккендерге көмек көрсету кезінде қайтыс болған.
Ресми мәлімет бойынша, ауылда 19 үй қирап, 7 үй зақымданған, тағы 12 үй бүлінген.
Abai.kz