Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Білгенге маржан 9655 87 пікір 25 Қаңтар, 2018 сағат 13:13

40 мың қазақстандықтың басы неге дауға қалды?

Ақпаратттық технологиялар әлемді басқарып отыр. Сондықтан, біз де ақпараттық - коммуникациялық технологияларды дамытуға күш салуымыз керек. Бұл туралы жиі айтылуда. Елбасы да Халыққа Жолдауында, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында да, БАҚ өкілдерімен кездесуінде де бұл тақырыпты назардан тыс қалдырған емес. "Біз цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет. Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлы қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты", - деген еді  Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Жолдауында.

Алайда, бүгін Астанада бас қосқан жеке кәсіпкерлер отандық ІТ өнімін жасауға әлдекімдердің кедергі жасап жатқанын алға тартып, мәселеге қоғам назарын аудартпақ ниетте баспасөз конференциясын өткізді.

Шетелде  білім алған  отандасымыз Қуаныш Жақсыбаев оқуын аяқтаған соң, елге келіп ІТ-технология өнімін жасауға кіріседі. Осы мақсатпен 2016 жылғы мамыр айында  «UNNNITY Corporation» ЖШС тіркеп, қызмет етуші мен тұтынушы арасын жалғайтын онлайн-жүйе жасақтауға кіріседі.

«Қ.Жақсыбаевтың бұл жобасы Елбасының күні кеше  2018 жылы 9 қаңтарда жасаған мәлімдемесіндегі «Қазақстандық индустрия жаңа технологияларды енгізуде жалаугер болуы керек. Біздің өнеркәсіптерге өндіріс процестерін цифрландыру мен заманауи бизнес-үлгілерді игеру арқылы еңбек өнімділігін арттыру қажет» деген талаппен үндес еді»-дейді  ұйымдастырушылар.

Баспасөз конференциясын ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақтөбе қаласында тіркелген компания ІТ технологиялық отандық өнімді әзірлеуде тиісті мемлекеттік органдар тарапынан қисынсыз кедергіге тап болды. Компания жеткілікті қаржы көзін таба алмағандықтан, ұлттық «асар» әдісі мен халықаралық тәжірибеге сүйене отырып 2017 жылдан бері краудфандинг   жүйесі бойынша халық қаржысын тарту арқылы жобаны қаржыландыра бастаған-ды. Компанияға бас-аяғы 3-4 ай ішінде 40 000-ға жуық азамат серіктес болып және үлескерлік ауқымы 21 мемлекетті қамтыған жұмыс істеліпті. Компанияның жеке серіктестері желілік маркетинг саласында ТМД аумағында бұндай нәтиже бұрын-соңды болмағандығын алға тартады. «Компания ұсынған мобилдік  өнім - қазақстандық шағын және орта бизнесті қолдайтын, тұтынушы мен кәсіпкерлік арасында онлайн-байланыс орнататын элекрондық бағдарлама ретінде ойластырылыпты және елден миллиардтап кетіп жатқан қаржыға тосқауыл қою үлгісі болар еді. Керісінше Қазақстанға ТМД-дан, шалғай шетелден ағылып қаржы келер деп үміттенген едік»-дейді Бастамашыл топ белсенділері.

Алайда, 2017 жылғы 9 тамыз күні Ақтөбе облыстық мемлекеттік кірістер жөніндегі департаменті жас инноватор Қуаныш Жақсыбаевты  қаржылық пирамида ұйымдастырды деген айыппен қамауға алған.

Инвесторлар өздерінің ақшасын пирамида құруға емес, отандық ІТ технология өнімін жасақтауға жұмсағандарын және компания басшысына тағылған айыппен келіспейтіндерін айтып, Елбасына Үндеу жолдамақ.

Зарина Әділбек

Abai.kz

87 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1533
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3313
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6006