Жұма, 22 Қараша 2024
Өмірдің өзі 5930 2 пікір 29 Қаңтар, 2018 сағат 10:09

Қатыгездіктің құрбаны

Өмір дегенің адам түсініп болмайтын жұмбақ дүние ғой. Он екі мүшесі түгел, тепсе темір үзеді дейтіндей 59 жасар Жақсылық Бидалин тағдырының аяқ астынан күл-талқан болатынын тіпті сезбей де қалды. Талай жыл бірге тұрған, тіпті әй-шәй деспеген әйелі мен үлкен ұлы мұны бір-ақ күнде үйде тастап, өздері белгісіз жаққа тартып отырыпты. Көршілерінің айтуына қарағанда Жақсылық ісіне мығым, ешкімге артық ауыз сөзі жоқ, ішімдік атаулыға да пәлендей жақын емес. Тек ақаңды анда-санда бір-екі рет жұрт қатарлы алып қоятыны болмаса...

Бір кем дүние-ай.. Сөйтіп ақсақал жасына жақындағанда жер үйде сопиып жалғыз қалды. Тірі адам тіршілігін істейді ғой. Жақсылық та өзінше тіршілік етіп жатты. Жалғыздық жанына батты ма, әлде сарыуайым жанын жегідей жеп, әбден әлсіретті ме, кім білсін, бір күні Жақсылық кескен теректей бір-ақ құлады. Аяқ-қолынан әл кетіп, инсульт алып ұрып, біржолата сал болып қалды. Үйде жалғыз. Қарайтын ешкім жоқ. Тек қана ажал күтіп тұр. Күні кеше ғана ешкімге күні түспей, өз бетінше өмір тіршілігін тартып жатқан сап-сау адамның аяқ астынан мүгедек болып қалуын құдайым ешкімнің де басына бермесін. Оның қасіретін тек басына түскен жан ғана біледі. Алда не күтіп тұр? Осыны ойлағанда Жақсылықтың жаны түршікті. Қасында аузына су тамызатын жан тағы да жоқ.

Өлімнің ызғарлы лебін сезінген ол бойындағы бар күш-қайратын жинап, сүйемдеп болса да сүйретіліп, есікке қарай жылжи түсті. Бір сағат өтті ме, он сағат өтті ме, өзі де білмейді, бір кезде табалдырыққа жетіп барып, есінен танды. Жақсылықтың әлі де болса көрер жарығы таусылмаған екен. Абырой болғанда оны дәл сол кезде көрші әйел көріп қалып, үйіне сүйреп әкеліп, бағып қақты. Жақыны болмаса да жаны таза, жүрегі үлкен әйел еш қабағын шытпастан оны бір айдай күтті. Осы уақыт ішінде не әйелі, не баласы амандығын білуге де жарамады. Қаламыздағы газет атаулы осы жайды жазып, көпшіліктен көмек сұрап жатқанда да Жақсылықтың ет жақындары тіпті қыңқ еткен де жоқ. Ойпырай, қатегездіктің осындай да түрі болады екен-ау. Қанша дегенмен бір шаңырақтың астында тұрды. Өздерінше бақытты өмір сүрді. Нәресте сүйіп, біраз ғұмыр кешті емес пе. Енді келіп бір хабарын білсе нетті? Тіпті танымайтын адамдар да жанашырлық танытады емес пе?

Танымайтын адам демекші, осы жағдайды естіген қаламыздағы «Игі істер бюросы» қоғамының мүшелері көмекке келіп, жағдай оңғарылғандай болды. Оның басшысы Ирина Мельцердің Жақсылыққа араша іздеп бармаған жері, ашпаған есігі, қақпаған кабинеті қалмады. Мақсаты - осынау далада қалған жанды қайткенде де ауруханаға орналастырып, ем-дом қабылдауға көмектесу. Онысы да оңайлыққа түспеді. Енді кедергі қағазбастылық болды. Сөйтсе Жақсылықтың құжаттарының бәрі түгел болмай шықты.  Осы жағдай бүкіл қалаға дау болып жатқанда Жақсылықтың әйелі мен баласы осында келіп, қол ұшын беруге де жарамады. Бейне бір далаға тастаған, керегі жоқ зат секілді. Танымайтын әйел зыр жүгіріп, бар күш-қайратын жұмсап, ақыры әркімге жалынып-жалпайып жүріп ауруханаға орналастырып тынды. Ирина ханым енді Жақслықытың басына МРТ жасау және де басқа ақылы емдік шараларын өткізуге қажетті қаражат іздеп, барлық баспасөздің есігін қақты, қалталыларға да сөз салды. Тіпті кейде памперстің де табылмай қалған уақыттары болды. Бұл кезде Жақсылықтың ет жақындары тағы да үнсіз еді.

Ирина секілді біреуге қол ұшын беруге дайын тұратын, адал жүректі жанның арқасында Жақсылықтың беті бері қарап, адам болып қалды. Ол әсіресе Ирина ауруханаға келгенде балаша қуанып, бір жасап қалатын. Жүзіне қан жүгіріп, өзін жас жігіттей сезінетін. Ал ол кешіккенде ауыр мұңға батып, күні бойы басын төсектен көтермейтін. Мінекей, жат жанды туысыңнан да жақын етіп жіберетін осындай оқиғалар да кездесіп тұрады.

Жазуға қолымыз бармаса да, әңгімеміздің соңы қайғылы жағдаймен аяқталды. Ет жақындарын сағынып, тағдырдан мүлдем күдер үзді ме, әлде бұл өмірден мүлдем түңілді ме, кім білсін Жақсылық Бидалин 59 жасында төсекте жатып бір қас-қағым сәтте өмірден озып жүре берді.

Мұның өзі бәрімізге де ой саларлық дүние-ау, өзі. Шынымызды айтайықшы, туған-туыстарымызды жиі еске алып, жанына барып маңдайынан сипауға үнемі уақыт таба береміз бе? Бұған үлкен күмәнім бар. Кеш қалып, өкініште қалып жүрмелік. Күнәнің үлкені сол болар.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5320