Өзбекстанда «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті
Ташкентте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры ұсынған «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті. Қойылым Орталық Азия аймағының мәдени өміріндегі ең жарқын оқиғалардың бірі болды.
Опера Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік академиялық Үлкен театр сахнасында алғаш рет көрсетілді. Премьераны ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тамашалады. Сондай-ақ құрметті қонақтар ретінде Орталық Азия елдері мәдениет министрліктерінің басшылары мен Әзербайжанның Мәдениет министрі шақырылды.
Опера – билік, тағдыр және дәстүрлі өмір салты мен келешек өзгерістер арасындағы таңдауды терең ашып көрсететін драмалық туынды. Хамит Шаңғалиевтің музыкасы режиссер Давиде Ливерморенің көркемдік шешімімен үйлесе отырып, көрерменді Алтын Орда дәуіріне толықтай бойлататын әсерлі атмосфера жасайды. Көрермен Алтын Орда тарихындағы оқиғалар аясында өрбитін адамдық трагедияларды көзбен көріп, сол кезеңнің рухын терең сезіне алады. Алтын Орда – түркі халықтарының тарихында ерекше орын алатын рухани мұраның қайнар көзі.
Операны сахналау жұмысы халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың үлгісіне айналды. Жобаға Қазақстан, Ресей және Түркияның ғалымдары атсалысты. Алтын Орданы зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалиев, Ыстамбұлдағы Мармара университетінің профессоры Ильяс Кемалоғлу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев. Маралтай Ыбыраев жазған опера либреттосы драматург Алмас Нүсіптің пьесасы негізінде әзірленген.

(Сурет:Ұйымдаструшылардан алынды )
Қойылым режиссері Давиде Ливерморе – әлемдік опера өнерінің мойындалған шебері, талай аңызға айналған әншілермен және әлемнің жетекші театрларымен жұмыс істеген тұлға. Оның қойылымдары Ла Скала, Рим операсы, Туриндегі Театро Реджио және Генуядағы Карло Феличе театрларында сахналанған. Мэтрдің жобаға қатысуы операны халықаралық деңгейге көтерді.
Музыкалық жетекші әрі қоюшы дирижері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы театрдың бас дирижері Нұржан Байбосынов.
Ташкенттегі премьера қазақ және өзбек мәдениеті мен тарихының терең үндестігін паш еткен шығармашылық диалогқа айналды. Бұл синтез екі халықтың мызғымас ортақ тарихи жадын, рухани жақындығын айшықтаған өзіндік «өнер көпірін» қалыптастырды. Бұған дейін опера Алматы, Ыстамбұл және Қазан қалаларында сахналанып, көрерменнің зор қызығушылығы мен ыстық ықыласына ие болған еді.
Abau.kz