Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3876 0 пікір 6 Қаңтар, 2011 сағат 19:21

Ерсайын Жапақ. «Оянбай қалам, бұл – шындық…» (аудио)

...Биыл жазда да Табылды маған: «Елге келсеңші, маған Дендерге соқсаңшы!» деп бір-екі рет телефон шалды. Жазда қол тимей, қыркүйектің соңында ғана Оралға, туған елге табан тіредім. Онда да ағамның баласы Әскербек ауырып, соны Қытайдағы Үрімші қаласына апарып келе жатып, Алматыға көп аялдамай, Оралға астым. Соңғы бес жылдан соң келуім. Оралдағы ағам Нұрболат бұрынғы дағдысына салып, қаладағы кластастарымның басын қосып, қонақ етті. Табылды да сол шақта қызы Ақбаянның жасауын алуға Оралға келіп жатыр екен. «Іздегенге - сұраған», Рашид екеуі сол қонақтықта бірге болып, ән шырқады. Еттен соң шайға қарамай, «демаламыз» деп үйге асықты.

...Биыл жазда да Табылды маған: «Елге келсеңші, маған Дендерге соқсаңшы!» деп бір-екі рет телефон шалды. Жазда қол тимей, қыркүйектің соңында ғана Оралға, туған елге табан тіредім. Онда да ағамның баласы Әскербек ауырып, соны Қытайдағы Үрімші қаласына апарып келе жатып, Алматыға көп аялдамай, Оралға астым. Соңғы бес жылдан соң келуім. Оралдағы ағам Нұрболат бұрынғы дағдысына салып, қаладағы кластастарымның басын қосып, қонақ етті. Табылды да сол шақта қызы Ақбаянның жасауын алуға Оралға келіп жатыр екен. «Іздегенге - сұраған», Рашид екеуі сол қонақтықта бірге болып, ән шырқады. Еттен соң шайға қарамай, «демаламыз» деп үйге асықты.

Табылды мені Индер ауданы­ның мәдени-концерттік күн­деріне Атырауға баруға 4 қазанға қонаққа шақырды. Бірақ одан бұрын, 2 қазан күні, телефон ша­лып тұр: «Оралда жата бересің бе, бүгін автобуспен шық, біз сені Индердің жолайрығында Абыл екеуміз тосып аламыз» деп. Оралдағы туыстарға ескерттім де, жолға шығып кеттім. Табылдымен Индер жолайрығында құшақтасып табыстық. Табылдың әкесі Аяш ақсақалмен таныстық. Ол кісі ән айтуға қаражаяу емес екен. Біз естімеген 1-2 халық әнін, бір термені айтты.
Келесі күні күндіз аудандағы өзі басқарып отырған концерттік ұжымды таныстырды, олардың репетиция­сын тамашаладық. Кешкісін Махамбет ауданында аудандық газет редакторы Нұрым Ерғалиев курстасымызды, әйелі Бану екеуін шақырып, қонақ қылды. Нұрым үшеуміз түннің бір уағына дейін студенттік күндердегі әндерді «трио» жасап, жақсы отырдық. Нұрымды шығарып салған соң, менің төсегімнің қасына Табылды қағаз бен қалам қойды да: «Есіңе бірнәрсе келсе, жазарсың!» деді. Таңертең ерте тұрып кеттім. Қасымда жатқан дәптерге мына өлеңді жаздым.

Жеріңе келдім, Еліңе келдім, Табылды!
Нарынның құмын, аралап өтем  шағылды!
Индерге келсем, сендерге келсем, бір сәтке,
Сағыныш сазы кеудемнен менің ағылды!

Алаштың ұлы, Аяштың ұлы Табылды,
Әніңді сенің Қазақтың Елі сағынды.
Жайыққа келсем, Нарынды көрсем  бір сәтке,
Есіме алдым балалық  сонау-у шағымды.

Индер ғой мынау, мұнартып  тауы көрінген!
Айналдым сенің өзіңді туған еліңнен.
Өркенің жайсын,  ұрпағың сені көгертсін!
Мәңгілік жаса Қарлығаш атты  келінмен!

Сиясы кеппеген өлеңді таңғы шайда оқып бергем, Табылды да, Қарлығаш та мәз болды. Табылды өз өлеңдерін үлкен бір сөмкеге жинап жүр екен. Дереу соны алдырды да, салып қойды. «Маған арнап өлең жазған біраз кісілер бар, содан бір өлең-кітап құрастырғалы жүрмін» деді.
4 қазан күні біз «Волгамен» Ар­ман жүргізуші, Табыл, Абыл - төртеу­міз ерте таңмен қозғалдық. Атырауда кәсіпкерлікпен айналысатын Құр­мет Айбатыров деген өзінің құрдас-досының үйіне қонақ болып, ас жеп, шай іштік. Кешкісін концерт болды, ол 5-6 сағатқа ұласты.
Түнделетіп қайттық. Ертесіне мен Атыраудан сатып алған үш кенепке Табылдының үйі үшін картина сала бастадым. Біреуіне - Жайықтың сағасын, екіншісіне - «Водозабор» деген үйді, ал үшіншісіне Табылды: «Маған «Домбаев дөңін» салып берші!» деді. Абыл үшеуміз машинаға міндік те, үлкен төбенің басына шық­тық. Төбеден Индер алақандағыдай көрінеді екен. Бірақ төбе басы - тұнған босаған бөтелкелер. Табылды айтты: «Бұл жерге жастар жиналады, «маевка» жасайды. Үйленген жастар түн­де осы жерге жиналады». Мен төбені майлы бояумен салу үшін машинамен оңтайлы жер тауып, төменге түстім. Мен сала бастағаннан-ақ Табылды «қазір келем» деді де, машинамен үй жаққа кетті.
Картина салынып біте бере, ол қайта келді де, қалтасынан фотосурет суырып алып: «Мына күмбезді, мазарды да сала сал!» деді. Мен: «Мазар неге керек?» десем, «Мен Есенжол ағама, Домбаевқа, уәде бергем, сіздің мазарыңызды осы төбеге орнатам!» деп қоярда-қоймай салдырды. Мазардың ұшар басына садақтың ұшындай белгі салдырды. «Бұл - Адай таңбасы!» деді.
Осы картина қазір Тәкеңнің екі­қабатты үйінің жоғарғы бөлмесінде ілінулі тұр. Табылды мені құшақ­тап тұрып: «Бұл бөлмеде Әбілқайыр Жантасовтың, Айтбай Құлбаевтың картиналары, енді, міне, сенің суреттерің орын тепті. Осы бөлмеден Жайық жақсы көрінеді, осы бөлме - сенің шеберханаң!» - деп тебірене сөйледі...
Ертеңгі күні 130 шақырым Нарын құмын жүргізушісі Арман екеуі кесіп өтіп, ең әуелі Шайдолла Әбуғалиев­тің үйінде қонақ болғызып, сонан соң менің «Новая Казанкадағы» жездем Мәлік пен апам Қанымзияның үйіне дейін шығарып салып, түнгі сағат 3-ке дейін қонақ болып, ән айтып отырдық. Қонуға қалмады. Кетерде көңілі босады: «Ер-аға, енді қашан кездесеміз, мен емделуге жатуым керек, аман-есен қауышуға жазсын!» - деп көзінен жас ыршытып, құшақтады.
Бұл біздің 6 қазан күні соңғы көрісуіміз екен. Мен жолшыбай Ұя­лыдағы туып-өскен ауылыма соғып, ондағы әкемнің бейітіне бата жасап, кластастарым Сайлау Мұхтаров пен Тұрарбек Иманғалиевтің үйлерінен бір-бір шай ішіп, жездем Мәлік екеуміз Орал қаласына астық. 18 қа­занға Астана пойызына билет алып қойған едім. 16 қазан күні Оралдағы Механика зауытының моншасынан шығып, көптен көрмеген досым, журналист Фатихолла Маштахов екеуміз «Жолаяқ» атты кафеде отырғанбыз, қалта телефоным шыр ете қалды. Оралдық әнші Серік Әбдірахман екен. «Ереке, естідің бе, Та­былдыдан айырылып қалдық қой!» деді. Түсім өзгеріп, жан дүнием алай-түлей болып кетті. «Не айтып тұрсың, не дейсің?» дей бердім. Фатихолла да мән-жайды ұққан соң: «Сен енді тосылма, досыңа бүгін-ақ жол тарта бер!» - деді.
Мен туыстарға ескерттім де, таксимен Индерге қайта жол тарттым.
«О, жалған-ай! - деймін. - Қа­лайша мынау қас-қағым сәтте бәрі де өзгеріп кетті! Күні кеше еді ғой, екеуміздің армандағанымыз, күні кеше еді ғой, Индерде Табылды аулаға монша салдырамын деп, Алматы жақтан келген моншашы жігітті іздегені, оны үйге әкеліп, жоспарын көрсеткені! Келесі жылы, Алла қосса, достармен осы моншада тойлатамыз!» - деп кең-қолтық, арқа-жарқа күліп отырғаны, күні кеше, осыдан 10 күн бұрын еді ғой!»
Кешегі думанды үй бүгін қара жамылған. Өте-мөте ауыр болды, үйге кіруге маған.
Қайран досым-ай, сен жатқан бөлмеге кіріп едім. Ештеңе болма­ғандай үнсіз жатырсың! Кеудемді алабөтен өксік буып, «Қош!» деймін. Ана бөлмеде екі гитараң жетімсіресе, үйде қалған алты жан «аһ» ұруда. Жан-жарың Қарлығаштан сұрасам: «Таңертең оянбай қалды», - деп өксіді. Өзің жазып кеткен «Өмірзая» өлеңің осы сәттерді бейнелеп тұрғандай:

Оянбай қалам, бұл - шындық, ұрыспа, қалқам,
Шөлмек-тірліктің белгілі құлай сынары.
Гитарамды алып, елеусіз бұрышта қалған,
Бауырыңа басып, егіліп жылайсың әлі.

Жүректе - қайғы, баста - мұң, көңілде - қырау,
Оңай ма, жаным, жаныңды қайғы ауыртқасын.
Жүретін кезім бола ма өмірде мынау,
Шараптан емес, шаттықтан
айналып басым?!.

Табылдының қазасына адам өте көп жиылды. Табылдының өнерін, өзін қолпаштайтын қатарластары - бәрі сабылып, көмектесіп жүр. Табылдының әндері қаралы митинг алдында рет-ре­тімен беріліп тұрды. Қаралы жиынды жүр­гізіп тұрған ауданның бұрынғы әкімі - Табылдының досы Талғат Досан, ақын, журналист Қойшығұл Жылқышиев, Рашид Шақуовтар, сөз алған алматылық досы, ақын Жұмабай Құлиев өте жүйелі сөйлеп, сай-сүйекті сырқыратты. Ақын досы Сағынтай Бисенғалиев, курстасы, Ақтаудан келген Майра Ғұмарова, досы, әнші Елена Әбдіхалықова, ақын Светқали Нұржанов, журналист, жазушы Бауыржан Ғұбайдуллиндер соңғы қоштасу сөздерін айтып, жұбату айтты... Жан досы - Астанадан ұшып жеткен Әбубәкір Смайылов сол күні топырақ салуға үлгерді.
Сол жиында Табылдының ән­дерін, өнерін қолпаштаған, Атырауда әкім болып тұрған кезде осы екіқабат­ты үйін салып беруге қаржылай кө­мектескен, «қара сүлік» гитараны сыйға тартқан, еліміздің біртуар азаматы, қазіргі Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетовтен қайғыға басу айтқан жеделхат жетті.
Мінеки, күні кеше ғана Табылды екеуміз өмірден кеткен, өткен достар жайлы естелік айтып отырған едік. Енді бүгін мен Табылды жайлы жазып отырмын.
Мен білем, екеуміздің достығы­мыз екі дүниеде де үзілмесін...
Өзіңнің «Тұғырым менің - туған жер» атты өлең-әнің былай аяқтал­май ма:

Жұмаққа жұртын жеткізем деген
Кешікті неге Асан-би?
Қазақтың әлде сезінді ме екен,
Атакүлдігін қимасын...

Дендерде тудың, атакүлдігің Дендерде бұл дүниемен қош айтыстың. Таңда, Машқарда кездесуге жазсын, менің асыл досым!

Ерсайын Жапақ,
суретші-сазгер

«Ана тілі» газеті

 

 



0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371