Биыл саңлақ ақын Сараның туғанына 140 емес, 165 жыл толады
«Ақын Сара - Шолпан жұлдызым болып, алдымнан сəуле шашып тұрғандай сезінемін».
Фариза Оңғарсынова
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Өткенді ұмытпай, таза жеткізу керек. «Біржан мен Сара» айтысы халықтың рухани мұрасы», - деп айтқаны халық мұрасын қадірлеп, қастерлеуге ұмсындырады. Ақын Сараның мұрасын зерттеген Ілияс Жансүгіров оны баспасөзге жариялауға үлгермеген. Тек «Ақын Сара кім еді?» деген мақаласын «Жетісу әйелі» журналына 1923 жылы 15 қаңтарда жариялапты.
Ақын Сара туралы керіс мәселе: біріншісі - ақын Сара мен Біржан салдың өмір сүрген жылдары. Екіншісі – айтыс болған ба? Үшіншісі - айтысты шығарған ба? - дегенге тіреледі.
Біржан сал 1887, 1891, 1894 жылдары емес, 1897 жылы, 25 тамызда 73 жасында өмірден өтіпті. Біржан сал 1833 немесе 1934 жылы туды деп жазылғаны да қателік. Біржан сал 1825 жылы туған. Мұны ең алғаш жазған Сәбит Мұқанов екен. Халық мұрасын жинаушы, ізденуші Қаратай Биғожиннің дерегімен Мырзатай Жолдасбекұлы, Қойшығара Салғараұлы, Ақселеу Сейдімбек шығарған «Елтұтқа», Астана, 2001 жыл және Петропавл қаласынан 2009 жылы шыққан «Біржанның белгісіз ғұмыры», авторлары Социал Жұмабаев пен Кәрім Жалмақанов, атаулы кітаптарында Біржан салдың өмір сүрген жылдары дұрыс берілген.
«Біржан мен Сара» айтысы 1895 жылы болды», - деген де шындыққа жанаспайды. Өйткені, Біржан сал 1893 жылдан бастап сал-серілік ұстанымын тоқтатқан. 1894 жылы Троицкі мешітінің имамы Зейнолла ишанға барып өзінің құлшылық «тәубаға» келетінін мойындаған. 1895 жылы 70 жастағы Біржан кіші Мекке саналатын Түркістан қаласындағы Ахмет Ясауи кесенесіне барып, «зиярат» етіпті. Ал, ақын Сараның 1895 жылы Нұрмұхамбет, Жұмахан, Ермұхамбет, Баймұханбет, Жақия, Мүнира, Рухия есімді балалары болып, салиқалы көп балалы ана болған кезі. Ешқандай 1895 жылы ақын Сара 17 жасқа толып, 18 жасқа аяқ басқан шағы емес.
Біржан сал нағашы жұрты Арғынның Алтай-Қарпығынан көп көмек, сүйеу көріп, қолдау тапқан. Сол елдің атын атап, ұранын шақырып, көптеген айтыстарға түскен. Соның бірі ақын Сарамен айтысы. Ақын Сараның атағын көпшілікке шығарған Біржан сал. Есмағамбет Ысмайылов: «Біржан мен Сараның» айтысы Біржан салдың ақындығының биік шыңы болумен бірге бүкіл қазақ ақындығының биік шыңы», - депті. Біржан салдың ақындығы да, әншілігі де басым болған. Төребай ақын:
«Ақындық сал Біржандай дарыған жоқ», «Қазақтың әнші, ақыны Біржан сал», «Біржанды ұлы ақынға қойғам балап», - десе, ақын Сара:
«Өлеңі Біржан салдың көп-ақ еді,
Өнерге өзге ақынмен талас еді», - деп келе:
«Біржанға тең ақын жоқ біздің елде», - деп түйеді. Біржан 18 жасынан жез таңдай ақын, одан ақындардың «батагөйі» атаныпты. Біржан салдың Жетісуға келгені туралы «Алтыбасар», «Талай заман», «Жетісу» атты өлеңдері бар. Біржан сал:
«Кешегi қырық жетi кəмiл жаста,
Өнермен əрбiр iске құлаш ұрғам», - деп 47 жасында ақын Сараны құтқарғандығын айтады. Ешқандай 36 немесе 37 жасында емес. Ақын Сараның 18 жасында әйел теңдігі «азаттық» алуы 1871 жылы Ешкіөлместе болған. Ең алғашқы 1977 жылы шыққан Қазақ Совет Энциклопедиясының ІІ томында: «Біржан – Сара» айтысы 1871 жылы болған», - деп жазылыпты.
Ақын Сараға 2018 жылы туғанына 165 жыл толады, 140 жыл емес. Өмір сүрген жылдар тізбесінде қателіктер жіберілген. Ақын Сара 1853 жылы туып, 1907 жылы өмірден өткен. Рухияның келіні Майсара Сағадиева: «Ақын Сара Талдықорған болысы, Ақсу ауданы, Ақсу өзенінің бойында 1854 жылы туған. Елі – Кенже-Тастемір» - деп мұра қалдырған хатында жазыпты. Мұнда Майсара Сағадиева ақын Сараның туған жылында бір-ақ жасқа қателік жасап жазған. Төребай ақын, Мәкей Еркінбеков, Қанабек Байсейітов ақын Сараның туған жылдарын дәл айтып келтірген. Талдықорған қаласында 2017 жылы «Құс жолы» мейрамханасында «ақын Сараның қайтыс болғанына 110 жыл» деп, нәзір ас үлкен шеңберде берілгенін көпшілік біледі. Баспасөзде де жазылды.
Ақын Сараның шыққан тегі Тастемір батыр Жоңғар мен Қазақ жаугершілігі кезінде өмір сүрген. Шын есімі - Болатбек. Тастемір - лақап аты. Тастемір батыр ағасы Ер Тоқпанбеттің жұмсауымен Жоңғарға қарсы 1754 жылы жорықта мерт болған. Зираты қазір Қытай мемлекеті жерінде. Әулие саналады. Туризм жолы түскен. Сараның шыққан ататегі шежіреде: «Матай – Кенже батыр – Сұртай (Тоқмырза) ақын – Үмбет батыр – Құлбай (қарт) – Ер Боданбай – Жалау (қарт) – Темір – Болат – Байғыз – Сақай ақын – Тағай батыр – Тұңғат тұңғиық – Ер Тоқпанбет, Тастемір (Болатбек) батыр – Айтқожа би – Амандос – Атымайлы – Ақылбек – Жанқұлы сімер – Сұлтанбек (Тастанбек) ағаш шебері – ақын Сара», - деп таралады. Сараның анасының есімі Жананыс (Жаншөке), елі Матай-Қайнар Шынқожаның қызы, бидай өңді, көрікті, сұлу әйел болыпты. Сараның көркі шешесіне тартыпты. 1900 жылғы «Төребай мен Сара» айтысында ақын Сара: «Қырықтың сегізіне жасым келді», - дейді. Ақын Сараның аталас туысы, 1875 жылы туған Мейрамбай Байтолықов: «Ақын Сара қайтыс болғанында 33 жаста едім», - дейді. Сонда ақын Сараның қайтыс болғаны 1907 жылға келіп тұр. Ақын Сара қызы Рухияның 13 (он үш) жасында қайтыс болыпты. Рухия 1894-1925 жылдарда өмір сүрген. Рухияның күйеуі Сағади 1885-1933 жылдарда өмір сүрген. Сараның қызы Жұмахан 1883 жылы туған, ұлы Ермұханбет 1890-1932 жылдары, Баймұхамбет ұлы 1892-1927 жылдарда өмір сүріпті. Егер ақын 1878 жылы туған болса, күйеу баласы Сағадимен жас аралығы жеті жыл болады. Жеті жыл ішінде ақын Сара күйеуге тиіп, жеті бала туып өсіріп, қыздарын ұзатып үлгерген ғой.
"Қазақстан" ұлттық энциклопедиясы, Алматы, "Қазақ энциклопедиясы", 1998 ж. 2-том, 1998 жылғы Қазақ ССР қысқа энциклопедиясында ақын Сара 1853-1907 жылдары өмір сүрген делінген. «Арыс» баспасы, Алматы, 2004 жыл, «Жетісу» энциклопедиясында да ақын Сараның өмір сүрген жылдары 1853-1907 жылдар деп берілген. Ақсу ауданының 80 жылдығына шығарылған «Алтын ұям – Ақсуым» энциклопедиясында ақын Сараның туған жылы 1853 жыл деп жазылған. Ағартушы Мәкей Еркінбеков пен белгілі артист Қанабек Байсейітов осы деректі растапты. Абайдың ұлы Әбдірахманның сүйегін түнеткенде ақын Сараның жасы 43-те болған екен. «Төребай мен Сара» айтысында Төребай ақын: «Он төрт жас Әсет ақын сенен кіші», - дейді. Әсет Найманбаев 1867 жылы туғаны белгілі. Ақын Сара 1876 жылы туып, 1916 жылы, 38 жас өмір сүріп, өмірден озды деу, ғұмыры, заманы, қатынас ортасына сай келмейді. Сараның шығармашылығын, әйел теңдігі үшін күрескенін әсіресе, айтысқандарын жоққа шығарады.
Әйел теңдігі «азаттық» күрес үшін жасалған «Біржан мен Сара» айтысы нақты болған. Біржан салға «руым Керей деме, Арғын деп айт» деп руы Жауар-Бекетші, Мұса Бегенұлы деген кеңес беріпті. Мұхтар Әуезов: «Анығында, «Бiржан мен Сараның» айтысы болған», – депті. Жазушы Сәбит Мұқанов: «Тарихта болған айтыс. Сараны Біржанның іздеп барғаны анық», - дейді. Біржанның Нұржан ағасының баласы Ахметжан: «Мен Біржанға атқосшы болып барып ем. Сараны көрдім. Айтысқаны рас», - деп куәлік етіпті. 1948 жылы шыққан «Қазақ әдебиетi тарихының» бiрiншi томында: «Анығында, Бiржан мен Сараның айтысы болған», - деп жазылған. 1965 жылғы «Айтыс» жинақтар кітабында, 1960 жылғы “Қазақ әдебиеті” газетіндегі “Сараны көргендер” деген мақалада Біржан мен Сараның айтысқаны белгілі деректерге сүйеніп дәлелденген деген түсініктеме беріліпті. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1968 жыл, «Айтыс ақиқаты» мақаласында Шеген Ахметов: «Біржан мен Сара бетпе-бет айтысқаны шындық», - деп қорытынды шешім жасапты. Баспаларда 1939 жылы: «Біржан – Сара» айтысы болған, ол ауыз әдебиетінің үлгісі», - деп жазыпты. «Төребай мен Сара» айтысында, ақын Сараға Төребай:
«Біржан мен сен екеуің айтысқаның,
Көп елге мәлім болған бұдан бұрын», - десе, ақын Сара:
«Біржан сал келгені шын біздің баққа,
Одан бұрын болмаған біздің жақта», - деп нақтылайды.
«Қазақтың сал, серілік дәстүрі» кітабында Әлікей Марғұлан: «Біржан Сарамен айтысқан, Біржан оны жиі есіне түсіріп отырған», - деп жазады. Мырзағұлұлы Толғанбай:
«Кез болып ақын Сара Біржан асыл,
Жайлауда Ешкіөлмес жері жасыл.
Қалың ел Ой-Найманды бір қуантып,
Әсерлі өнерімен жасап ақыл.
Тұрысбек көптен бығып, басын иіп,
«Азаттық» берілуге еткен мақұл», - деп айтыс өткен жерді және Тұрысбек Сараға «азаттық» еткенін баян етеді. Біржанның нәмін естіп шұбырған жұрт бір-бірімен араласып, айтыс өткен Ешкіөлмеске келгендерін сипаттай келе, «Жаралы аққу» дастанында Жамау Бұқарбай:
«Екі күн жырға қосып ел намысын,
Ақындар жұртқа берді толғанысын.
Асаудың тұсауы бар, дерттің - емі,
Сараның өнері үстем болғаны шын», - дейді. Төребай ақын:
«Біржанға он сегізде мұңың шағып,
Құтылған Жиенқұлдан жан екенің», - немесе:
«Өзіңді Бекбайға қосып, бата беріп,
Білемін Біржан сені құтқарғанын», - деп айтқанынан Біржан мен Сара кезігіп, айтыстың болғандығы тұжырымдалады. Көктұма съезінде 1916 жылы өткен Әсет Найманбаев пен Кәрібай Таңатарұлы айтысында, Әсет:
«Арыстың жігін бөлген Сара бейбақ,
Біржаннан о да көрген сөзден зардап.
Жеңіліп шын масқара болмады ма,
Басында ысқырған мен жыланша арбап», - десе,
Кәрібай ақын: «Ол Сара бейбақ емес, анық саңлақ,
Бетіне бар Арғынның салған таңлақ.
Біржанды іздеп келген итше керіп,
Елінен қолдау тапқан ол бір ардақ.
Сараның жауабының міні бар ма?
Айтпапты қарағайды талға жалғап.
Біржанды сең соққандай мықты жеңіп,
Батырған сүйегіне үлкен зардап», - дейді. Осыдан-ақ Біржан сал мен ақын Сараның айтысы болғандығы анықталып тұр. Сарамен айтысқан Төребай мен Әсет ақындарға да сенбей, болған айтысты болмадыға жорып, долбарлаймыз кеп. «Қазақ әдебиеті» газеті, 1978 жыл, желтоқсан айының санындағы «Ақын Сараға соқтықпасақ қайтер!» деген атаулы мақаласында Ғабит Мүсірепов: «Өсер елді өсірмес қылықтар осындайдан басталып өрбиді. Бір ғасырға жақын жасасып, қанымызға да, жанымызға да сіңіп, болған атақты айтысты жоққа шығаруға кеткен еңбек - кесек бір тасты ойдан өрге қарай домалатумен тең», - деп жазыпты.
«Біржан мен Сара» айтысы алғаш цензураға 1897 жылы, 29 желтоқсанда Петербург қаласынан рұқсат беріліпті. «Сара мен Біржан айтысы» 1898 жылы Қазан қаласындағы императорлық университеті типо-литографиясынан, 1899 жылы Қазан қаласы, «М.Чиркова мұрагерлері» баспаханасынан «Қисса-и Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» деген атаумен, редакциясын басқарған Абу-Ғабдулуахид Шәкиржан Әл-Хамиди-т-Тәкәви, 1900 жылы – Санкт-Петербург қаласынан 1 желтоқсан, 1899 жылы басуға рұқсат беріліп, Корса (Құрсау) ауылы имамы Шамседдин бин Хусейннің ұрпақтарының қаражатымен Қазан қаласындағы Император Университеті Типо-Литография баспасынан, 1901 жылы екі мәрте - Орынбор қаласындағы Волков үйінде орналасқан Каримов, Хусеинов и К* баспасынан, 1902 жылы, 1908 жылы – «Қисса-и Біржан сал менен Сара қыздың айтысқаны» бастырған Абдоллах-Сейди ибн Абдол Бари, Қазан қаласы, типо-литография императорлық университеті Харитонов баспасынан, яғни 1898 жылы шыққан айтыс мәтінін қайталап басқан, 1912 жылы басылып шығыпты. «Бiржан–Сара» айтысы революцияға дейiн сегiз рет, кеңес өкіметі тұсында он бір рет баспадан шығыпты. Айтыс мәтіні 1898 жылы жарық көрген нұсқада:
«Жылында мың сегіз жүз тоқсан сегіз,
Төртінде май-мамырдың біттім тегіс», – деген жолдар болса, 1899 жылы жарық көрген нұсқада айтушының сөзімен:
«Бұл айтыс шыққан екен бірталайдан.
Сөйтсе де хат болмайды, басылмайды», - делініпті.
1901 жылы екі мәрте баспадан шыққан айтысты екі түрлі нұсқа (вариант) деп қарастыруға болады. Зерттеушілер «Жүсіпбек қожа» мен «Зайсан» нұсқасы деп атап, дұрыс нұсқалар ретінде санап келеді. Осы 1901 жылы баспадан шыққан айтыс мәтінінің бірінші нұсқасын халық әдебиетін жинаушы Жүсіпбек қожа Шайхысламов (1857-1937 ж.ж.) есімімен байланыстыруға болады. Ешқандай 1898 жылы алғашқы болып баспадан шыққан басылым емес. Ол жансақтықты кіргізген Ғ.Әбсетов деген екен. «Біржан мен Сара» айтысы бірінші нұсқасының көлемі 19 бет, 969 жол. Шығарушы нәсілі татар Шамседдин Хусеинов. Жүсіпбек қожа ақын Сараға алғаш рет 1890 жылы жолығыпты. Ақын Сараға кезіккеннен кейін Жүсіпбек қожа: «Айтыс мәтінін Сарадан алдым, баян еттім», - деп баспадан 1901 жылы шыққан «Біржан мен Сара» айтыс мәтініне жазған деседі. Ал, баспадан 1898, 1899, 1900 жылдары шыққан айтыс мәтінінде ондай сөздер ныспы болмапты. Сол жылдарғы қиссаны бастырушылар оны кімнен алғанын атап көрсетпепті. Тек қиссаның аяғында: «Мұны ноғай Ахмедкаримге арнап қазақша жаздым», - деген сөздер редактордан келтіріліпті. «Біржан мен Сара» айтыс мәтінін 1901 жылы Қазан баспасынан шыққан екінші нұсқаны Зайсаннан баспаға жіберген адам өз аты-жөнін көрсетпепті. Ол толық нұсқа деп есептеледі. Айтыс мәтінін баспаға басуға 1901 жылы 31 қазанда Петербургтен рұқсат беріліпті. Айтыс мәтіні Орынбор қаласында тұратын Хусеинов пен Каримовтар бірлесіп ашқан Орынбор қаласындағы баспаханадан 1901 жылы шығыпты. Көлемі 23 бет, 1080 жол. Мәтін қазақ тілінде араб әрпімен жазылыпты. Осы нұсқаны Әріп Тәңірбергеновке телиді. Салдары, Зайсаннан Әріп жіберді дегенге келтіреді. «Екеуiн айтыстырдым əдейi арбап» деп Әріп Тәңірбергеновтың қол ұшы тиген «Біржан мен Сара» айтыс мәтінінің нұсқасы баспадан 1907 жылы шыққан делінеді. 1907 жылы баспадан шыққан «Біржан мен Сара» айтыс мәтін нұсқасы рас болса, есеп санымен алтыншы болады. Оның алдында айтыс мәтіні баспадан бес рет шыққаны нақты. Яғни, қазақша делінгенімен көне араб әріпімен сөзінің көбі ноғайша үш рет, араб ғарпымен қазақша екі рет басылған. Мұхтар Әуезов: «Әріп соңғы айтушының бірі болған», - деп жазады. Мұхтар Әуезов әділін айтқан. Әріп айтысты шығарушы емес, айтушы және баспаға 1907 жылы беруші болуы мүмкін емес. Өйткені, Біржан мен Сара» айтыс мәтіні 1907 жылы баспадан шыққан деген мәлімет жалған. Айтыс мәтіні араб жазуымен 1908 жылы шыққан. Шығарған Абдоллах-Сейди ибн Абдол Бари деген.
1933 жылы Абайдың толық жинағындағы мақаласында Ілияс Жансүгіров: «Әрiптiң Бiржан сал мен Сараның айтысын сырттан жазып, жанынан өлең шығарғанына қарсы Тобықтының Қуанышбай ақыны өлең жазыпты», - деп жазады. Яғни, Әріп айтысты сырттан жазып алып, оған өз жанынан өлең қосқаны айтылып тұр. Боқанайұлы Оразғали ата: «Әкем мені сегіз жасымнан ақын Сараның Кәукендегі қорым басына жетектеп әкеп, өзі құран оқитын. Мына ақын Сараға тұрғызылған кесене қабыр үстіне түспеген. Ақын Сара туралы дау әлі бітпес», - дегені рас-ақ болып тұр. Салдары, ақын Сара 1878 жылы тудыға баланып, биылғы 2018 жылғы Алматы облысы мәдениет шараларын өткізу жоспарына «ақын Сара Тастанбекқызының 140 жылы» атап өтілуі деп жоспарланып бекітіліпті. Ақын Сараның 115 жылдығы аталып өткенде облыстық теле-радио торабы «Ұлағат» бағдарламасында Боқанайұлы Оразғали атаның аузынан жазалып алынған хабарды екі мәрте беріп, елге таратып еді. Облыс басшысы Серік Ақымбековке арнайы кіріп, сол хабарды естіген құрметті азамат Жасболат Нұрмұхамбетов: «Облыс ақын Сараға 115 жыл деп тойлатып жатыр, ал радиодан 140 жыл екен деген хабарды екі мәрте берді. Сонда қалай?» - деген мәселені алдына қойыпты. Облыс басшысы Серік Ақымбеков пен облыстық мәслихат хатшысы Тұрсын Әбдірешев жиын өткізіп, бұл мәселені талқылап, саралай келе, облыстық радио торабы берген хабар мәліметі нақтыланып, облыстық радио мен телекомпания редакторлары Айтбеков Тұрсынбек пен Құзатбек Есжанов ешқандай айыпсыз қызметтеріне оралған болатын. Анығы, биыл ақын Сараға 165 жыл толады. «Талдықорған» газетінде «Ақын Сараға 165 жыл» деген атаулы рухани қазыналық рубрика ашылып, алдымен «60 жыл сақталған Сара бейнесі елге келді. Бірақ ...» сонан соң «Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың назарына!» - делініп, «Тарих қателікті кешірмейді», одан соң «Ақын Сараның ұрпақтарының үні» атаулы үш көлемді мақала суреттермен шықты. Авторы Гүлжанат Нұршанова. Аталған үш мақалада да ақын Сараның туған жылы 1878 жылға сәйкес келмейтіні жазылған. Биыл 2018 жылы 165 жыл екені дәлелді фактілермен ақын Сараның ұрпақтарының үндері арқылы да деректелген. Соған қарамастан пәтуалық болар емес. Ақын Сара Сұлтанбек(Тастанбек)қызы туралы бұрынғы шыққан жансақ деректер негіздерінде іске асыру жұмыстарына ұмтылыс жасалуда. Облыстық мәдениеттегі бөлім басшысы: «115 жылдығы өткеніне сүйеніп, ақын Сараның 140 жылдығы 2018 жылы аталады. Мықты болсаңдар сол кезде неге жасаттыңдар. Сонда қайда қалдыңдар?» - деген уәжін ұялы телефон арқылы білдірді. Ақын Сараның 115 жылдығына арнап жасалған конференцияда жазушы Бексұлтан Нұржекеев ақын Сараның өмір сүрген жылдарына байланысты өз уәжі мен деректерін мінберден айтып жеткізген болатын. Оған ешкім құлақ аспады. Наразылық ретінде мінберден түсісімен арғы шараларға қатыспай кетіп қалған еді. 2018 жылы ақын Сараға 140 жыл деп аталатын болса, ақын Сара туралы жалған даулы мәселелер аруаққа шет тиіп, ақиқатымен тамам болғанынша тиылмасы анық. 1979 жылы өз қолымен ҚР Ұлттық Ғылым Академиясына жазған хатында, ақын Сараның қызы Рухия мен Ыбырайұлы Сағадидің келіні Майсара Сағадиева: «Нақты деректерді тізіп көрсетіп, болашақта ешкімнің де ақын Сараның өмірін білмей, зерттемей, өтірік дәлелдермен жазбауын өтіне келе, Рухия апам Біржан мен Сара айтысы 1871 жылы қой жылы болған деп айтып кеткен. Айтыс мәтінінің бір нұсқасын Жүсіпбек қожа Шайыхсламұлы, енді бір нұсқасын Ашамайлы Керей Әрімхан Зайсаннан баспаға жіберген. Айта кететін бір мәселе, Әріп Тәңірбергеновті нағашы шешеміз ақын Сара мен нағашы атамыз Бекбай тіпті мүлде көрмеген, кезікпеген. Әріпті нағашы шешеміз ақын Сараға жанастырудың ешбір қисыны жоқ. Біз ақын Сара туралы жазып жүргендерді білмейміз. Танымаймыз. Тек үш жыл бұрын Сайлаубай Қайнарбаев мен үйде жоқта өзінің күйеу баласы Әділқожа дегенді ертіп келіп, менің балалармен түскен фотосуретімді алып кетіпті. Біз ешкімге ақын Сара 1878 жылы туып, 1916 жылы қайтыс болды, 38 жас өмір жасады. Біржан мен Сара 1895 жылы айтысты. Сара Бекбайға 1896 жылы тұрмысқа шықты деген мәліметтер берген емеспіз. Біржан мен Сара айтыспаған. Айтысты Әріп Тәңірбергенов шығарған. Біржан ақын емес. Сара Жиенқұлға тиген. Сосоң Бекбай алған. Сара Күсенбайға әуей болған. Сараны Жиенқұлға Арнай болыс берген. Сара шашын жалбыратып жайып жіберген. Бекет-бекетті, ауыл-ауылды аралап жарапазан айтқан. Сара жалаң аяқ жүрген. Осындай адам баласы жиіркенетін өтірік сөздерді, өсек сөздерді айтпақ тұрмақ, естігіміз де келмейді», - деп жазыпты. Бұл жазылған хат ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы жанынан 1998 жылдан бастап шығатын «Отан тарихы» журналында басылыпты. Қазіргі ақын Сараның қызы Рухиядан өніп-өскен Сағадиев әулетінің ұрпақтары да Майсара әжелерінің хатқа жазып кеткен өсиетін ескере отырып, облыстық мәдениет тарабынан ақын Сараға 140 жыл деген датаны 165 жылдық деп өзгерту ендіруін қалайды. «Талдықорған» газетінде Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесі, ғылыми және рухани кеңес мүшелері ақын Сараға 140 жыл емес, 165 жыл толатынын қолдауға шақырған халыққа үндеу жариялады. Үндеуді көпшілік жақсылық ізгі пікірлерімен қолдауда.
«Баянсыз келген жалғаннан, болғанынан жоғы артық» демекші, шындықтан сескеніп, қазық қаға сазарып-безеруге, жалғандыққа жол берілмесе екен. Ақын Сараның өмірі, шығармашылығы, әйел теңдігі үшін күресі, Біржан мен Сара айтысы қазақ халқының келешек игілігіне жаңаша жол ашылуы тиіс. «Жерұйық» газеті, 1996 жыл, 2 сәуір, «Абай болайық ағайын» атаулы көлемді мақаласында Тоқтарбек Кәрібжанов: «Зерттеушілеріміздің ойдан шығарған қойыртпақтарын тазартып, ақын Сара апамыздың асыл мұрасын лайламай, мөлдір қалпында ұрпақтан ұрпаққа жеткізейік», - деп жазғаны мақұлды.
Жемісбек Толымбеков
Abai.kz