Сенбі, 23 Қараша 2024
Әне, көрдің бе? 8534 6 пікір 2 Ақпан, 2018 сағат 11:04

Қытайдың диаспора саясаты. Әлем кезіп жүрген 70 миллион қытай бар

Әлемге есігі ашық әрқандай елдің көрші елдердің жағдайымен жіті танысқысы келетіні қазіргі геосаясаттың дағдысына айналған. Ендеше, ірге көрші, стратегиялық әріптес ҚХР жайында егжей-тегжейлі білу еліміз үшін қай жағынан болсын маңызды.

Қазір дүниежүзіндегі Қытай диаспораларының саны 70 миллионға жетіп жығылады. Олардың кең тарағаны соншалық, “күн түскен жердің бәрінде Қытай бар” деген тәмсіл тараған. 16 ғасырдың соңы Қытайдың өркендеген дәуірі болды да, экономикасы қарыштаған, технологиясы тегеурінді елдің өз ауласынан арыға көз тастап, басқа құрлықтарға қол созуға талпынысы оянды. Сондай-ақ, қуатты теңізге жорту техникасының арқасында түстік теңіздерге жол ашты. Сонымен, ауарайы жанға жайлы, шаруаға қолайлы, тұрғындары сирек те момақан түстік ұйыққа - Тынық мұхиттың оңтүстік қапталына қытайлар молынан ағыла бастады. Сол жерде өсіп-өнді. 19 ғасырдың ортасындағы “байтал тұрмақ бас қайғы болған” заманда Қытай диаспорасының екінші толқыны алдынғыларының ізімен тағы солтүстік теңізді бетке алып, босты. Одан ары қарай дүниенің басқа түкпірлеріне тарала бастады. Бүгінгі Қытай диаспорасының ең ауқымды шоғыры - 50 миллионнан аса халық осы Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерін мекен санайды. Соның ішінде Индонезияда 16 млн.(ел халқының 6%), Тайландта 10 млн.(16*), Малайзияда 6 млн.(25%), Бирмада 3 млн.,Сингапурда 2.8 млн... Осыдан кейінгі ретте Латын Америкасы тұр. 1978 жылғы “сыртқы есік ашылғаннан” кейін жерұйығын аңсаған Қытайлардың үшінші легі жершарының әр өлкесіне бет түзеді. Бұл толқын негізінен Солтүстік Америка және Еуропа құрлығына барды.

“Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан” демекші, заманның озуымен Қытай диаспорасы да әуелгі келімсек, қорғансыз қалпынан арылып, тұрғылықты елдерінің мәртебесі заңды, құқығы тең, қалтасы қампайыңқы азаматтарына айналды. Тіпті кейбір мемлекеттерде сол жұрт экономикасының тірегіне айналып үлгерді. Бүгінде Тайланд, Индонезия, Сингапур сынды елдердің экономикасының күре тамыры солардың қолында. Олар әлемдегі диаспоралар ішінде саны қалың, таралымы кең, айналыспайтын саласы жоқ топ болып саналады. Әсіресе, Дэн Сиау Пин реформасынан кейінгі көшкіннің ықпалы олардың жеке интеллектуалдығының жоғары, инновациялық әлеуеттерінің қуаттылығына байланысты артып, мұғажырлар қауымының тіректі күші болып қалыптасып келеді. Айта кетерлігі, Қытай диаспорасының Еуропа, Америкадағы тобы интеллектуалдық басымдығы айқын болса, Азиядағы топтың қаржылық басымдығы үстем. Мысалы, АҚШ жоғары санатты ғалым-инженерлерінің 14%-ы осылардың еншісінде. “Қытай диаспорасы экономикалық шеңберінің” жалпы байлығы 3.7 триллион АҚШ долларын құраса, осының 87%-ы Шығыс-Оңтүстік Азия Қытайларының қолына шоғырланыпты. Мейлі қай құрлықта болсын, олардың арасынан тұрғылықты елдерінің саяси элитасына еніп, билікке келіп жатқандары да көбейіп келеді.

Бір қызығы, компартия билікке келгеннен кейін осыншама бауырластан Қытай халқы да, билігі де ресми түрде ажырап қалғанымен, олардан бейресми жолдары мен тәсілдері арқылы байланысын үзген емес. Мұғажырлар да тарихи мекенге аңсары ауғанымен тілекші ниеттерінен асқан емес. Соның әсерінен болар, Қытай өткен ғасырдың 80-жылдары “экономиканы реформалау мен есікті ашық ұстау” саясатын жариялап, шетелден инвестор шақыра бастағанда, алғаш болып үн қатқандар да, өрбіген топыраққа жиған-тергенінен бөліскендер де солар болды. Сол тұста Қытай шеттен тартқан инвестициясы көлемімен дүние жүзіндегі №1 орынды иеленсе, соншама ұланқайыр қаржының 70%-дан астамы осы диаспора үлесіне тиесілі екенін біреу білсе, біреу білмейді.

Реформаға дейінгі жабық жылдары Қытай билігі ҚКП сыртқа қаратылған байланыс бөлімі, Бірліксап министрлігі, шетелмен достық ассосациясы, мұғажырлар бірлестігі сынды ресми және ҮЕҰ арқылы жалпысы болмаса да, диаспораның элиталық тобымен байланыста болып келді және оларды қолдауларын үзген жоқ.

Сыртқа ашық есік саясатын ұстанғаннан кейін, ынталандырғыш заңдар, қолайлы саясаттық тетіктер, тиімді инвестициялық шаралар қабылдап, диаспораның көптеп келулеріне, қаржылық мүмкіндіктері мен шаруашылық тәжірибелерін, қолдағы техникалық  қарымын тарихи жұртқа жұмсауға үгіттеуге, соған тартуға барын салды. Насихаттық, ұйымдастырушылық, атқарушылық ресурстарды осы бағытқа мейлінше ақтарды. Нәтижесінде жабық қоғам жағдайында, қайталанған надан әм көрсоқыр саяси науқандардың кесірінен экономикасы тұралап, халқы қайыршыланған, әлеуметтік әлпеті күлбеттеніп, тірсегі қалтыраған ел сырттағы диаспораларының арқасында ел қатарына қосылды.

“Еруліге қарулы” дегендей, бүгінде еңсесін тіктеген бақуатты ел диаспоралар қауымдастығына бауырмалдық пен қамқорлық жасауды, оның мүддесін әспеттеп, рухани-гуманитарлық қолдау білдіруді елдік стратегиясына енгізді. ҚХР конституциясында “ҚХР-ның диаспоралардың тиесілі құқықтары мен мүдделерін, елге оралған диаспора өкілдері мен олардың отбасындағылардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтындығы” атап көрсетілген. Қытайдың диаспорасын қолдау саясаты “қытайлық болса болды, ол бөгде ел азаматы болса да, тұлғаның ықтиярлығымен, тұқғылықты елдерінің және халықаралық заңдардың аясында қамқорлыққа алынуы тиіс”дейтін ұстанымды басшылыққа алады. Осы негізде алуан бағыттағы бағдарламалар іске қосылған. 2015-жылдан бері диаспораларды игіліктендірудің 8 ірі жоспары практикаға енгізіліп, атқарылып келеді. Олар: шетелдерде диаспоралар ұйымдарына қолдау білдіру, диаспоралардың өзара көмек орталықтарын жасақтау, Қытай тілін дамытуға қол ұшын беру, Қытай тағамдарын жаңғырту, Қытайдың өнері мен дәстүрін дәріптеу, Қытай бизнесін әсіресе оның инновациялық бағытын пәрменді қолдау, диаспораларман ақпараттық байланысты ғаламтор желісімен күшейту.

Осы бағдарламалардың ақаусыз атқарылуын қамтамасыз ету үшін министрлік дәрежесіндегі диаспоралар кеңесі жұмыс істейді. Оның міндеті—диаспоралар қызметінің бағытын айқындау, заң-саясаттық негіздемесін жасау және осылардың орындалуын қадағалау, диаспоралардың маңызды саясаттық, әмәлияттық мәселелерін зерттеп, ҚКП мен үкіметке керекті ақпараттар жеткізу, дамыту жоспарын әзірлеу, осы бағыттағы жергілікті мекемелердің саясатын қарап қадағалау, жергілікті қатысты салалар мен осыған саятын мекемелер мен ұйымдардың жұмысын үйлестіру, диаспоралар қатысатын экономикалық-технологиялық ынтымақтастықтарды үйлестіру-ұйымдастыру, ел іші-сыртындағы, диаспоралардың құқық-мүддесін қорғау қатарлы ауқымды қызметтер кіреді.

Енді Қытайдың диаспоралар қызметінің Қытайдан келуші қандастармен қатыстылығына тоқталайық. Қытай шетелдердегі диаспораларын ұлтына, нәсіліне қарамастан, мейлі ол ханзу болсын, моңғол, дуңган, қазақ, тибет, ұйғыр болсын, “Mұғажырлар”(“华侨”)және “Қытайлықтар” (“华人”) сынды екі санатқа бөліп қарастырады. Мұның ішінде алдыңғысы шетелдерде әртүрлі жолдармен немесе себептермен ұзақ мерзімде тұрып жатқан, бірақ ҚХР-ның азаматтығын сақтаған азаматтар болып табылады. Олардың саны бүгінде 7 миллионға жуықтайды. “Қытайлықтар” түптегі ҚХР-нан тараған, бүгіндері басы бүтін басқа елдің азаматтары болып саналатын тұлғаларды меңзейді. Олардың саны 60 миллионнан асып жығылады. Қытайдың ұстанымында осы екі топтағы қауым да ұлтқа, нәсілге бөліп қарастырылмайтындықтан, кезінде сонда туылып, егемендіктен кейін Атажұртқа қоныс аударған қандастарымыздың ҚР-да Қазақстан ықтиярхатымен жүргендерін “Мұғажырлар”, ҚР азаматтығын алғандарын “Қытайлықтар” деп санайды. Сондай-ақ, ҚХР-ның кез келген шетелдердегі дияспораларына көрсететін қамқорлықтары және игіліктерімен оларды да қамтығысы келеді. Өте-мөте ұлты қазақ болғанымен, Қазақстанда ҚХР паспортымен (ҚР ықтиярхатын иеленсе де) жүрген қандастарымызды Қытайдың мұғажырлары есебінде табиғи түрде қамқорлық-қорғауымызда болады деп санайды. Қазақстан Республикасы да қос азаматтықты танымайтындықтан, таза заңдық тұрғыдан келгенде олардың мұнысы орынды да.(Реті келген соң түсіндіре кетейік, көптеген қандастарымыз осы “мұғажыр” атауының мәнін түсінбей жатады. “мұғажыр дәлірек айтқанда ‘‘мұғажир”-- «хижрет етуші» деген мағына беретін араб сөзі... Мұғажырлық, яғни хижрет Адам Атамен бірге басталған. Ал мұғажырлардың көш бастаушысы ол Меккеден Мәдинаға қасыретті де қасиетті сапар шеккен Хазіреті Мұхаммед(с.ғ.с). Cонымен қатар, ұстанған діні үшін отанын тастап, Меккеден Мәдинаға үдере көшуге мәжбүр болған сахабалар да “мұғажыр сахабалар” деп аталады”.(Дархан Қыдырәлі «Мұстафа Шоқай»,107-бет). Кезінде саяси еркіне байланысты елден шеттетіліп, Еуропада эмигрантта жүрген Мұстафа Шоқай атамыз да өзін мұғажыр атап өткен. Осы сөзді өткен ғасырдың 80-жылдарында Қытай қазақтары жаңғыртып, бір жақтан бір жаққа жер аударушыларға қолданып, “华侨” атауын да осы терминмен берген болатын.)

Осыдан барып біраз әңгіме туындайды, туындап та жатыр. 2016 жылдың ақырынан Қытайдың СУАР аумағында басталған паспорт жинау әлегі осының тікелей көрінісі және нәтижесі. Халықаралық тәжірибеде, паспорт оны беріп отырған елдің меншігі болып табылады, оны пайдаланушы сол елдің тікелей қамқорлығында болады. Демек, өз меншігіне тиесілі паспортты оны қолданушыдан қайтарып алу немесе оны қайтып беру басыбүтін ҚХР тиісті мекемелерінің құзырындағы шаруа. Оның тұтынушысы да толыққанды ҚХР азаматы ретінде, сол елдің заң-ережелерінің бойсынушысы болуы тиіс. Сондықтан, ҚР ықтиярхаты болғанымен, ҚХР паспортымен жүрген ағайындарымыздың паспортын Қытайдың жергілікті үкіметінің жыйып алуы басы ашық солардың заңдары аясында шешілетін мәселе. Ықтиярхат иелерінің біразы осыны түсінбей жүр. Ықтиярхат ҚР үкіметінің шетелдердегі қазақтардың ҚР-на келіп-кетуін оңайландыру, елге біртіндеп үйірлесу, олардың елге оралудың алдында бұрынғы тұрғылықты еліндегі тірліктерін реттеп алуға мұрсат беру үшін жасаған жеңілдік куәлігі. Мәселе Қытайдан келген ағайындарымыздың бірсыпырасы өз сөздерімен айтқанда өзіне “сайлау-сайлану құқынан басқаның бәрін ҚР азаматтығымен бірдей сыйлаған” осы куәлікті тым асыра пайдаланды. Ол негізі ҚР азаматтығын алуға дейінгі мерзімдік қамқорлық тетігі болса, оның мерзімін қалағандарынша созып, Қытай азаматтығынан шығуды кейінге қалдыра берді де, бүгінгі жағдайға тап болып тынды. Нәтижеде, Қытайда аңырап асыраушысыз анасы қалған; өзі Қытайда қалып, елге әкеліп оқытып жатқан кәмелетке толмаған баласы мұнда таныстарының қарауына қалдырылған; ерді-зайыптылар “қалқатай сен арыжақта, мен беріжақта” күйге ұшыраған бұлаң заманға душар болды. Кейбір ағайындар осы тұста “өз басымен қайғы жұртты жазғырғаны несі”- дер. Бірақ, далалық қазақилықты қойып, заңмен өмір сүруге, әр нәрсенің байыбына барып әрекет қылуды үйренетін, соған дағдыланатын заман жеткен сыяқты! Әлі де болса азаматтық алуға мүмкіндігі бар ағайындар осыдан ой қорытып, сабақ алса екен дейміз.

Қытайдың диаспора саясатынан ел билігінің де, былайғы ағайынның да сабақ алатын, сөздің шынына көшкенде, үйренетін тұстары мол. Ең әуелі Қытай елінің алыстан ойлайтын көрегендігінен, қандасына қайырымдылығынан үлгі алсақ еді. Бес ғасыр бұрын бөгде мекенге ау жая бастаған бауырларынан Қытай елі қандай билік - феодалдық хандықтан буржуазиялық республикаға, онан коммунистік дикатураға - ауысса да байланысын үзген емес. Қарымы әлсіз кезде сәлемін болса да аямаған Ел қуаты ұшталған шағында бауырларының мүддесін Атазаңға жазып тұрып қорғап қана қоймай, оларды да жоғарыда баяндағанымыздай ел мүддесі игілігіне қызмет еттіріп отыр. Қытайдың сонда тұратын қазақтарға қысымы тақырыбының жырланғанына жылға жуықтады. Осыған жауап беретін мекемеміз СІМ бұл жайдан хабардар. Қандастарымыздың мүддесіне деп құрылған қоғамдық ұйымдар бастап, белсенді азаматтар қостап, басына іс түскен кісілер шулап, болып жатқан жағдай жеткізілген, бірақ құзырлы мекемеден “әріптестеріміздің назарына жолдадық”, “зерделеп жатырмыз”дегеннен ары жауап ала алмай отырмыз. Негізінде стратегиялық әріптес ел салауатымен, сауатты да салиқалы түрде, екі жақтың мүдделестік тегершіктерін ескерте отырып, Қытайтанушы мамандардың кеңесін қаперге ала, жүйелі ақылдасса, осы күнге дейін оңды болмаған күннің өзінде тұшымды жауап алуға болар еді.

Онан кейін, арнайы шетелдердегі қандастармен жұмыс істейтін мекеме құзырлап, сол арқылы олардың рухани, мәдени, адами, интеллектілік қажеттіліктерін білу, соған сай елдік жәрдем бағыттау, қысқасы солардың мұң-мұқтажын қадағалап отыру Елдік парызымыз болуы керек. Алайда осындай шаңыраққа жарымай-ақ қойдық. Мысалға Қытайдың жаңағы мұғажырлар кеңсесін атадық, оның ұланқайыр міндетін де тізбелеп көрсеттік (Міністрлік міндеті бар мекемені кеңсе атымен атау да тым сақтықпен ершімді ойластырылған шаруа). “Ресей біздегі тұқымдастарын қорғағалы жатыр”, “Қытай елімізге диаспорасын қаптатқалы жатыр” деп озандатқаннан көрі, осылардың істегендерін біз қандай жол-жобамен сырттағы ағайындарымызды қолдауға пайдаға жарату тетіктерін зерттеп-зерделеуіміз ләзім. Шын мәнінде, Ресейдің тұрғысынан қарағанда ол зағды да. Ғасырлар бойы шеңгелдеп келген ықпал аясынан айырылып қалмас үшін, бұрынғы “бауырындағы” елдердегі диаспораларының мүддесін қорғау желеуімен сол елдерде “қала тұру”, мынау басқалардың “өз табағына” көз сүзіп, ал оған қол салдырмауға қауқары кетіп тұрған алмағайып заманда, тіпті де керек тәсіл. Қытайдың ниеті екібастан әйдік. Жерге де, оның қойнауына да, суға да, соққан жел мен түскен күнге де дерлік зәру Қытайға мынандай сайын аймақ отырса ойынан, жатса түсінен кетпес іңкәрлік екені сөз зая кетірмес ақиқат! Күш пен қарудың заманы өткен. Ендігі сенері қаржы, мәдениет, технология, эмиграция. Сондықтан да “Бір белдеу-Бір жол” бастамасы көтерілді, сондықтан да Конфуцэй институттары құрылып жатыр, сондықтан да елімізге Джэк Ма (Ma yun) келіп “қыдырып” кетті, басқа сүт сұрай келгенсіп шелегін жасырғандар көбейді.

Бұлардың бізге берер екі тағылымы бар. Біріншісі, өзімізді елдің орнына қойып ойлау әдіскерлігін үйренуге жетелейді. Елдің сыртынан байбаламдап, үрке бергеннен гөрі, өзімізді солардың орнында тұрып ойлануға, әлемге солардың ниеті мен мүддесінен үңілуге, солардың жасаған жүрісінің салдарын пайымдауға дағдылансақ ұтарымыз көп болар еді. Екіншісі, және осыдан туындайды, шетелдердегі қандастарымызды қамқорлыққа алудың тұжырымдамасын жасап, тетіктерін бекітіп, Ел болып солардың мүдделеріне жауапкершілікті бекемдеу мен оларды Отанға қызмет еттірудің ілгектерін тапқырлауымыз шарт. Мысалы, Қытай тәжірибесі. Олар аталған кеңсе арқылы дүние жүзіндегі барлық диаспорасымен күнделікті байланыс жасап отыр, әртүрлі сылтаулармен соларға барады, оларды шақырады, солар арқылы тұрғылықты елдің билігімен тілдеседі, келісімдерге қол жеткізеді, тіпті солар арқылы олар тұрған елмен дипломотикалық байланысын ұстап отыр.

Мұнан сырт, қарындасқа жанашыр қауым, өте-мөте сол жақтан келген туысқанның ескерері: мәселені зерделемей, істің байыбына бармай пікір айтатын даңғазалықтан, жұртпен ілесе шабатын даңғойлықтан, фактпен санаспайтын ұрда-жықтықтан, өсекке ере кеткіш пайымсыздықтан аулақ болсақ еді.

Құрмет Қабылғазыұлы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371