Қытайдың діни саясаты
(Жалғасы. Басы мына сілтемеде)
Қытайға католиктік миссионерлер XVI-XVII ғасырда келген, алғашқы протестанттық миссионерлер Қытай жеріне 1842 жылғы бірінші апиын соғысынан кейін келді. Қытай қоғамының модернизациялануы және либералдық ұстаным жағдайында елде миссионерлер саны артуда. Қазіргі протестанттық миссионерлер көбіне қалаларда шоғырланады. Католиктік миссионерлер ауылдық елді мекендерді назарға алады. Қытайда католиктік діни бірлестік жұмыс жасайды. Билік тарапынан мойындалған 1951 жылы құрылған католиктік патриоттық қауымдастық және1980 жылы құрылған католик епископтарының конференциясы.
1980 жылы билік католик шіркеулерінің құлшылық рәсіміне папа атын қосуға рұқсат берілді. 1989 жылы Тяньаньмэнь алаңында болған жағдайдан соң Ватиканмен байланыс үзілген болатын. 1996 жылдан Қытай және Ватикан қатынасы жақсара бастады. 1999 жылы Ватикан тарапы ұсынған үміткерлер тізімі негізінде епископтарды діни лауазымға тағайындауға Қытай билігі рұқсат берсе, Тайванмен дипломатиялық қатынасын үзуге даяр екендігін мәлімдеді. 1990 жылдан католиктік мессаны қытай тілінде жүргізуге рұқсат берілді. 1992 жылы өткен католик өкілдерінің ұлттық ассамблеясының 5 съезінде ұлттық бірлестіктер құрамы мен құрылымы өзгертілді. Семинариялар мен монастырларға шет елдік ұстаздарды қызметке алуға және монахтардың шет елдік оқу орындарында білім алуына рұқсат берілді. Қытай католиктік ұлттық ассамблеясын Қытай католиктік патриоттық қауымдастығы және Қытай католик шіркеуі епископтарының конференциясы құрайтын болды. Бұл екі ұйымды партия өз бақылауына алды. «Жаңа жағдайда католик шіркеуін қадағалауды күшейту туралы» партия қаулысы Ватиканмен қарым-қатынас бойынша түйткілді мәселелерді шешуге бағытталды.
Қытай билігімен дипломатиялық қатынасын жақсарту үшін Ватикан мынандай шарттарды басшылыққа алуы тиіс.
Біріншіден, Қытайдың ішкі ісіне араласпауы, Тайванмен дипломатиялық қатынасын үзуі, бір ел және екі жүйе саясатын мойындауы, қасиеті тақ Қытай епископтарын қызметке тағайындауға араласпауы тиіс. Католиктік діни дәстүр бойынша епископты понтифик тағайындауы тиіс. 2014 жылы Қытаймен қатынасын жақсарту мақсатында Рим папасы XIY Далай Ламамен ресми кездесуден бас тартты. 2015 жылы ҚХР билігі Ватикан мақұлдаған үміткерлерді епископ лауазымына тағайындады. Ватикан азия-тынық мұхит аймағында өз ықпалы мен беделін арттыруды қалайды. Соңғы жылдары Ватикан осы аймақта католиктік қауымдармен мәдени іс-шараларға ерекше мән беруде. АСЕАН ұйымы аймағында Қытай ықпалын тиімді пайдалануды қалайтын Ватикан биресми дипломатиялық шараларға көңіл аударуда. Қытай қоғамындағы модернизациялық процестер жағдайында өмірден өз орнын таба алмағандар діннен пана табуда. Әділетсіздіктен және жемқорлықтан жапа шеккендер рухани тіректі дәстүрлі және дәстүрлі емес діндерден табады.
2012 жылы дін істері бас басқармасы буддалық және даолық ғибадатханаларды басқару туралы қаулысында діни саланы коммерциализациялауды қарастырды. Ғибадатханалар мен монастырлар үшін қор нарығына бағалы қағазын орналастыруға тыйым салынды. Жергілікті басқару орындарына ғибадатханалар мен монастырларды тексеруге, садақаның жиналуын және ғимарат құрлысын реттеуге құқық берілді. 2017 жылы желтоқсанда Шэньси елді мекеніндегі католик шіркеуі бұзылды. 2018 жылы қаңтарда Линьфэнь елді мекеніндегі евангелшіл-христиандардың шіркеуі бұзылды. 2009 жылы салынған шіркеу құрлысына 2,2 миллион евро жұмсалған болатын. Деректерге сүйенсек, шіркеуге қарсы науқан аясында 1200 шіркеудің айшығы (крест) алынған.
1993 жылы орыс православ шіркеуінің сыртқы шіркеу байланысы бөлімінің басшысы ҚХР ресми сапарынан соң екі елдің дінаралық қатынасы жаңа қырынан көріне бастады. 2009 жылы Қытай дін істері бойынша басқарма және РФ президенті жанындағы діни бірлестіктермен әріптестік бойынша кеңес арасында қатынас орнатылды. 2011 жылдан дінаралық қатынас және ынтымақтастық бойынша кеңес тұрақты жұмыс жасайды. Екі мемлекет басшылары кездесуінде Қытай автономды православ шіркеуіне қатысты сөз қозғалады. 2008 жылы Қытай ислам қауымдастығы және Ресей мүфтилер кеңесі өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. 2013 жылы ОПШ басшысы ҚХР ресми сапарында қытайлық православ діндарлармен кездесті. 2013 жылы Пекинде және 2015 жылы Мәскеуде ҚХР төрағасы және ОПШ басшысының ресми кездесуі өтті.
ҚХР конституциясының 36 бабында сенім бостандығына кепіл берілетіндігі және діни ұйымдар мен дін ісі шет елдік ықпалдан тыс болуы керектігі айқындалған. Ешкім дінді қоғамдық тәртіпті бұзу және азамат деңсаулығына зиян келтіру мақсатында, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жүйесіне қарсы қолданбауы тиіс деп көрсетілген. Ресми билік ұстанымы бойынша Қытай діндарлары шет елдік діни ұйымдардың бақылауында болмауы керек. 2005 жылы 1 наурызда ҚХР мемлекеттік кеңесі «Дін істері бойынша Ереже» қабылдады. Ережеге сай діни ғибадат орны, діни қауым, сыртқы діни қызмет, мүлікті басқару, діни оқу орны, діни ғұрыпты атқару жолдарын заң аясында реттеу қарастырылды.
ҚХР дін саласындағы мемлекеттік саясатының негізгі ұстанымы: барлық діндердің және мәртебесінің бірдейлігің қамтамасыз ету; конституция, заң және мемлекеттік саясат аясындағы барлық діни қызмет мемлекет қорғауында; азаматтардың ар-ұждан бостандығын қамтамасыз ету; дін мемлекеттің ісіне, мемлекет дін ісіне араласпайды; дін конституция, заңдар мен мемлекеттік саясат аясында қызмет жасауы тиіс; коммунисттік партия мүшесі атеисттік қағидатты сақтауы тиіс; дін атын жамылып заңға қайшы, мемлекет пен қоғамға зиян келтіретін әрекетке тыйым салынады. 2005 жылы желтоқсанда Қытай діни ұйымдарының мәдени алмасу қауымдастығы құрылды. Қауымдастық Тайван және шет елдердегі қытайлықтармен ынтымақтастық мақсатында бағдарламалар мен жобалар аясында қызмет жасайды. Бір ел екі жүйе саясатын ұстанатын Қытай билігі Тайван және Гонконг, Макао, Шанхай сынды ірі мегаполистердегі батыстық мәдени құндылықтардың қытай жастарының дүниетанымына ықпал жасауына тосқауыл қоюды іздестіруде.
1992 жылы Қытайда буддизм, даосизм, конфуций және халықтық ырымдардың қосындысы синкреттік ілім фалуньгун пайда болды. Діни топтың басшысы-Ли Хунчжи. Фалуньгун (Заң шеңберінің рухани энергиясы) қытайдың дәстүрлі цигун гимнастикасы аясында қалыптасты. Фалуньгунның негізгі үш қағидаты: ақиқат, жанашырлық, шыдамдылық. Ресми деректер бойынша, сол уақытта діни ілімді ұстанушылар саны-2 миллионнан асқан. 1999 жылы шілдеде Қытай ішкі істер министрлігі фалуньгун ұйымының қызметіне бидғаттық ілім ретінде тыйым салды. Діни топтың бірнеше басшылары қылмыстық жауапкершілікке тартылып, түрлі мерзімге бас бостандықтарынан айырылды. Діни топтың басшысы - Ли Хунчжи 1997 жылы АҚШ-қа қоныс аударды. Фалуньгун ілімі АҚШ, Австралия, Грекия, Испания, Нидерланд, Корея, Канада елдеріне миссионерлік жолмен таралды. Фалуньгун дәстүрден тыс діни қозғалысы Батыс Еуропа елдерінде ҚКП-на қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.
2018 жылы қаңтарда АҚШ мемлекеттік департаменті Қытайды діни сенім бостандығы сақталмайтын елдер тізіміне қосты. Жаһандану заманында алпауыт елдер діни сенім бостандығы ұғымын мемлекеттің ішкі ісіне араласу құралы ретінде пайдаланатыны жасырын емес. Қытай еліндегі мемлекет және дін қатынасы ҚКП ұстанған саясат тұрғысынан айқындалып, билік тарапынан жіті қадағаланады. Қытай билігі коммунистік идеологиямен бәсекелестік тудыратын діни ілімдердің қоғам өмірінде белсенді рөл атқаруына жол бермейді. 2017 жылы қазанда өткен ҚКП XIX съезінде қытай билігі 2020 жылға қарай елде орта таптың саның арттыру және кедейлікті толық жою арқылы 2020- 2035 жылға қарай негізгі социалистік модернизациялық және инновациялық өзгерісті іске асыру жолымен әлемдік көшбасшы елге айналу жоспарын жариялады. 2050 жылға дейінгі ҚКП жоспарында қоғам өмірінің барлық саласында партия жетекшілігін қамтамасыз ету және социализмнің негізгі құндылықтарын нақты іске асыру қажеттігі айқындалды. XIX съезде партия жарғысына Си Цзиньпиннің қытайлық социализмнің жаңа дәуірі идеясы еңгізілді. Қытай коммунистік партиясының теориялық ілімдер жүйесін қазіргі Қытай мемлекетінің негізін салушы Мао Цзэдунның идеясы және Қытай қоғамын жаңғыртқан Дэн Сяопин идеясы құрайды. Ішкі саясатта Си идеясы заң негізінде социалистік құңдылықтар жүйесін нығайту және қытай мәдени дәстүрінен ажырамау және қоғам тұрақтылығына қауіп төндіретін құбылыстардың алдын алу, жемқорлық пен қоғамның рухани азып-тозуына жол бермеу. Қытайдың қуатты, дәулетті, өркениетті, модернизациялық социалистік мемлекет құру арманы батыстық даму моделін көшіру емес, сан ғасырлық Қытай мәдениеті мен адамзат өркениетінің озық жетістіктерін үйлесімді үндестіру. Модернизациялық қайта құрулар ішкі және сыртқы тұрақтылық, бейбіт жағдайда жүзеге асатыны белгілі. Сондықтан қытай билігі әлемдік және аймақтағы тұрақтылық пен келісім мәдениетің сақтау мен қолдауды барынша іске асырады.
Сонымен қатар, елдің әскери күш-қуатын арттыруға ерекше мән берілді. 2017 жылы тамызда Қытайдың шет елдегі тұңғыш әскери базасы -Джибутида ашылды. ҚХР шет елдердегі экономикалық мүддесінің қауіпсіздігін қорғау мақсатында белсенді іс-шараларды қолға алуда. 2015 жылы Пәкістан үкіметі араб теңізіндегі Гвадар портының 152 гектарын Қытай мемлекеттік компаниясы "china overseas ports holding" 43 жылға арендаға берілді. Жібек жолы және бір белдеу мен бір жол қытайлық жаһандық бастаманың теңіз, құрылық, әуе жолының қауіпсіздігін қамтамасыз ету Қытай билігінің мақсаты болып отыр. Қытай Азия және Африка құрылығында түрлі экономикалық жобаларды іске асыруда. Қытайдың Африка елдерімен сауда айналымы 400 миллиард долларды құрайды. Осыған орай, "chandong huawei security және chinese security industrial alliance" жеке меншік әскери компаниялары Жібек жолы экономикалық дәлізіне төнген қатерлерден қорғайды. Коммунистік жүйе қазіргі гибридтік жобалар мен идеологиялық ықпалдардан қоғамды сақтандыру жолында әр қилы кешенді жоспарларды тәжірибеден өткізуде.
ҚХР дін саласындағы мемлекеттік саясаты-үгіт-насихат, ұйымдастырушылық, тәрбие-ағартушылық, тыйым салу, күштеп мәжбүрлеу тұрғысынан іске асырылады. Коммунистік қытай билігінің дін саласын реттеу мен қадағалау жүйесінде партиялық-әкімшілдік құралдармен қатар, қазіргі жаңа техникалар мен технологиялар тиімді пайдаланылады. Қытай билігі елдегі түрлі діни ұйымдарды қытайдың ғаламдық жетекші елге айналу мүддесіне қызмет жасауына бағыттауға мүдделі. Көрші елдегі діни ахуалды және мемлекет-дін қатынасындағы жаңа үрдістерді талдау мен зерделеу бүгінгі дінтану үшін өзекті.
Соңы.
Бағдат Бейсенов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті
Abai.kz