Мақаш Тәтімов: «Ежелден балажанды ел едік…»
- Әңгімемізді тарих қойнауына кеткен барыс жылының еліміздің демографиялық жай-күйіне қаншалықты әсер еткенінен бастасақ...
- Барыс дегеніміз еліміздің символы ғой. Жалпы алғанда, 2010 жыл жаман болған жоқ. Ағымды статистика бойынша 365 мың бала өмірге келді. Өкінішке қарай, 147 мың адам өмірден өтті. Әрбір күн сайын Қазақстанда мың бала туып отырды. Ал Алматы қаласында күн сайын 100 бала туады. Табиғи өсімді айтатын болсақ, 365 мың бала өмірге келсе, 147 мың адам қайтыс болғанын есепке алғанда, 218 мың адам табиғи өсімге қол жеткізгенбіз. Бұл табиғи өсім ғана, ал оған көші-қоннан қосылатын адам санын қосайық. Барыс жылында елімізден 50 мың адам кетсе, 80 мың адам келген. Келген адамдардың көпшілігі дерлік - өзіміздің қандастарымыз. Сонда жалпы саны 250 мыңға, яғни ширек миллион адамға өскенбіз.Осы үрдіспен кететін болсақ, әр төрт жыл сайын 1 миллион адамға өсетін боламыз. Қазіргі кезде, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақ халқы табиғи өсіммен миграциялық өсімді қоса есептегенде, 10 миллион 620 мың адамға жетіп отыр. Пайыздық өлшеммен алғанда, 65 пайызға жетіп отырмыз. Уақыт тоқтап қалған жоқ қой. Аманшылық болса, енді шамалы жылдан соң жалпы халықтың үштен екісін құрайтын боламыз. БҰҰ-ның критерийі бойынша мемлекеттің халқының үштен екісі жергілікті халықтан құралған болса, ол мемлекет көпұлтты мемлекет болып есептелінбейді.
- Әңгімемізді тарих қойнауына кеткен барыс жылының еліміздің демографиялық жай-күйіне қаншалықты әсер еткенінен бастасақ...
- Барыс дегеніміз еліміздің символы ғой. Жалпы алғанда, 2010 жыл жаман болған жоқ. Ағымды статистика бойынша 365 мың бала өмірге келді. Өкінішке қарай, 147 мың адам өмірден өтті. Әрбір күн сайын Қазақстанда мың бала туып отырды. Ал Алматы қаласында күн сайын 100 бала туады. Табиғи өсімді айтатын болсақ, 365 мың бала өмірге келсе, 147 мың адам қайтыс болғанын есепке алғанда, 218 мың адам табиғи өсімге қол жеткізгенбіз. Бұл табиғи өсім ғана, ал оған көші-қоннан қосылатын адам санын қосайық. Барыс жылында елімізден 50 мың адам кетсе, 80 мың адам келген. Келген адамдардың көпшілігі дерлік - өзіміздің қандастарымыз. Сонда жалпы саны 250 мыңға, яғни ширек миллион адамға өскенбіз.Осы үрдіспен кететін болсақ, әр төрт жыл сайын 1 миллион адамға өсетін боламыз. Қазіргі кезде, 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақ халқы табиғи өсіммен миграциялық өсімді қоса есептегенде, 10 миллион 620 мың адамға жетіп отыр. Пайыздық өлшеммен алғанда, 65 пайызға жетіп отырмыз. Уақыт тоқтап қалған жоқ қой. Аманшылық болса, енді шамалы жылдан соң жалпы халықтың үштен екісін құрайтын боламыз. БҰҰ-ның критерийі бойынша мемлекеттің халқының үштен екісі жергілікті халықтан құралған болса, ол мемлекет көпұлтты мемлекет болып есептелінбейді.
- Ал есігін енді ғана ашқан қоян жылына қандай демографиялық болжам айтасыз?
- Қоян жылы қазақ үшін жаман жыл емес. «Қоян-қолтық араласып жатырмыз» деп жатады. Қоян жылы көк көрпе бүлкілдеп жату керек. Қыз-келіншектер оның шаңын бекер шығармау керек. Көк көрпенің астынан көптеген «көжектер» шығуы керек. Қоян - өте тез өсетін жануар. Құдай бұйыртса, осы жылы кем дегенде 370 мың бала туады. Өмір ғой, 150 мың адам дүниеден өтуі мүмкін. Сонда 220 мың адамға табиғи өсім болады. Оған көші-қоннан келетін биылғы 40 мыңдай өсімді қосайық, сонда 260 мыңдай өсеміз.
- Қазақ халқының жалпы саны бойынша қай облыс алдыңғы орында келеді?
- Қазақтардың жалпы саны мен олардың үлестік пайызы жоғары болып отырған облыс, ол - Оңтүстік Қазақстан облысы болып отыр. Оңтүстік Қазақстан облысы 1 млн. 785 мың 992 адаммен 72,32 пайызды алып, облыстар арасында бірінші орында келеді. Осы 72,32 пайыз біздің болашағымызды көрсетеді.
- Жалпы, Қазақстанда отбасы саясаты қалай жүргізілуде? Демографияның өсіміне отбасы саясатының әсері қаншалықты ықпал етеді? Көп балалы аналар көбеюде ме, әлде азаюда ма?
- Бұл сауалың өте орынды. Отбасыға, әйелге, балаға деген қамқорлық бізде жоқ емес, әрине, бар. Бірақ жеткілікті дәрежеде емес. Біздегі балаға берілетін жәрдемақыны салыстырмалы түрде айтсақ, Украинаға қарағанда 1,5 есе, Белоруссияға қарағанда 2 есе, ал Ресейге қарағанда 5 есе төмен екен. Құр әншейін «беріп жатырмыз, алып жатырмыз» деп айтамыз, шынын айтқанда, жас отбасыларға, аналарға жағдай жасау жағы кемшін болып отыр. Мәселен, Ресейде «аналық капитал» - 10 мың доллар. Біздің әйелдерге 10 мың доллар берші, 10 бала туып тастайды ауылдық жерде. Сол себепті еліміздің демографиялық ахуалын одан әрі жақсарта түсу үшін отбасылық саясатта әлеуметтік жағдайды көтеру керек. Дәл осыған байланысты мен өте қажетті ұсынысымды айтайын. Мысалы, Алтын алқаны жетінші балаға береді, Күміс алқаны алтыншы балаға береді. Ал төртінші, бесінші бала қайда қалады сонда? Негізгі елді өсіретін осы төртінші және бесінші бала емес пе? Қалада жоғалып кеткен төртінші бала мен ауылда сирек кездесетін бесінші баланы қазір қайта қалыптастыру керек. Негізі, өсім беретін төртінші және бесінші баланы отыздан асқан, қырыққа таяу қалған әйелдер босанады. Міне, соларға жағдай жасау әсте қажет болып отыр. Алтын мен күміс бар болса, неге қола алқаны шығармасқа. Мәселен, спорттағыдай алтын, күміс, қола дегендей. Бес баланы босанған анаға қола алқаны тағайық. Әлбетте, ол Алтын алқа мен Күміс алқаның дәрежесіндей бола қоймас, бірақ көп отбасыға әлеуметтік тұрғыда көмек болуға тиіс. Балаларын балабақшаға орналастыруда, ауруханаға қаралуда жеңілдіктер берілсе, соның өзі жетер еді, әзірге. Бұдан бөлек, отбасында төрт-бес баланың әкесі болып отырған ерлерді де ынталандыру керек-ау. Бұл ұсынысымды «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулинге айттым. Ол менің шәкіртім болып келеді. Ол ризашылығын және танданысын білдіре отырып: «Ал ерлерді қайтеміз?» деді. Мен ойланып қалдым. Содан кейін: «Ерлерді де марапаттау керек» дедім. Мәселен, төрт баласы бар ерлерді арнайы «Ардақты әке» сияқты белгімен марапаттау керек. «Ал орысшасы қалай болады енді?» деді. Орысшасын «Отец молодец!» деп атау керек дедім. Осындай ұсыныстар енгізіліп жатса, бұл қоғамда жағымды пікір тудырар еді. Нағыз «бэби бумды» жасауға болады мұнымен. Көптеген отбасында көп балалы болуға ниет бар, бірақ «әттең, тонның келтесі-ай» дегендей, әлеуметтік жағдай болмай отыр. Осы бағыттағы жұмыстар үдемелі тұрғыда жүргізілуі қажет.
- Бұл ұсыныстар жүзеге асып жатса, 2020 жылға дейін 20 миллион халыққа жету мақсатын орындай аламыз дейсіз ғой...
- Әлбетте, болатын шаруа. 2020 жылға қарай қазақтың демографиялық мінез-құлқы бұзылмаса, 2023-2024 жылдары 20 миллион халыққа жетіп қалатынымыз анық.
- Демографиялық мінез-құлық қай уақытта бұзылады?
- Егер әр отбасында 2 баладан артық сәби дүниеге келмесе, онда бұзылды деп айтуға болады. Ал екі баладан төмен болса, ол халық құрдымға кетті деген сөз. Осыған дейін де талай айттым, бірінші бала ұл болса, әкесінің орнын басады. Екінші бала қыз болса, шешесінің орнын басады. Ал бірақ қоғамда біреуі үйленбей қалады, белсіздер бар, бедеулер бар, мүгедек жандар бар, тіпті қызтекелер бар және тағы басқа. Міне, осының бәрінің орнын толтыратын - үшінші бала. Өсім беретін - төртінші бала, көбейтетін - бесінші бала, арттыратын - алтыншы бала, жеткізетін - жетінші бала.
- Демографиялық өсімнің қандай жауы бар?
- Демографиялық өсімнің жауы - халықтың демографиялық мінез-құлқының батыстанып кетуі. Осыған орай айтылған «Батысқа барамын деп, батыстың батпағына батып кетпе!» деген сөзім бар. Қазіргі таңда Батыстан демографиялық тұрғыда алар үлгіміз шамалы. Себебі Батыстың демографиялық мінез-құлқы бұзылған қазір.
- Осы қазақ халқының демографиялық мінез-құлқы қандай?
- Жалпы алғанда, халқымыздың демографиялық мінез-құлқы орнықты, балажанды халық. Бірақ «Ұлтжанды болмасаң да балажанды болуға тиістісің!» деген сөзімді қайта көтеруге тура келіп отыр. Себебі баланың құндылығы төмендеп бара жатыр. Оған жаһандық сипаттағы түрлі ақпараттық идеологиялар әсер етуде. Соның салдарынан адамның балаға деген пиғылы өзгеруде. Бала орнына материалдық құндылықтарды алдыға мақсат етіп қою бізге Батыстан жұғып отыр. Ал дәстүрлі қазақ отбасында материалдық құндылық баладан артық болмаған. Балаға «бала - бауыр етім» деп, ертеңгі қарашаңырақтың иегері ретінде қараған. Тіпті қазақтың небір зұлматтарды бастан кешіріп отырып, демографиялық өсімге қол жеткізуі осы балажандылықтың арқасы дер едім. Барлық нәрсені әлеуметтік факторға тіреп қоюға болмайды. Кейбір облыстарда баланың саны әр әйелге шаққанда үшеуден асып, төртеуге жетіп отыр. Бұл өсім Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Маңғыстау облыстарында көрініс тауып отыр. Бұл үрдісті солтүстік өңірлер жалғастырып алып кетсе жақсы болар еді.
- Әлемдік сарапшылар 2050 жылға қарай жылдам дамып келе жатқан Қазақстанда бала туу көрсеткіші төмендеп, ел халқы 13 миллионнан астам адамды құрайды деп отыр. Бұған не дейсіз?
- Негізі, ондай сараптамалар сырттай, көршілес елдердегі ахуалға байланысты айтыла береді. Олар еліміздің ішкі жағдайын зерттеместен мұндай талдауды посткеңестік кейбір шекаралас мемлекеттердің демографиялық өсіміне байланысты айтуы да мүмкін. Бұл сарапшылар механикалық тұрғыда ойлайды. Неге? Себебі олар Қазақстанды Ресеймен шекаралас ел болғаннан кейін сол елдегі демографиялық ахуал елімізде де қайталанады деп топшылайды. Қазір Еуропа мен Ресейде туғандар санының өлгендердің орнын толтыра алмауы қатты байқалады. Еліміздегі кейбір еуропалық диаспоралар, орыстар, немістер, украиндер, татарлар бала тууда құрдымға кетіп бара жатыр. Оны ғылыми тілде «де-популяция» дейді. Оны қазақ тілімен айтқанда, құрдым деп атасақ болады. Себебі Батыс елдерінде қалыптасқан бала тууды азайту үрдісі аталған ұлттарға да қатысты болып отыр. Бірақ бұл үрдіс қазақ халқын айналып өтетініне менде үлкен сенім бар. Менің сараптамам бойынша 2050 жылы, бұйыртса, Қазақстан халқы 32 миллиондай болады.
- Айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Сұлтан Тайғарин
«Ана тілі» газеті