Сенбі, 23 Қараша 2024
Өзіңе сен 6914 44 пікір 22 Ақпан, 2018 сағат 09:41

Жер мәселесін халық шешеді. Оның уақыты келді!

«Жұмбақтаста» өткен жиынға біз де қатыстық. «Бізді шақырған жоқ» деп реніш айту ойымызда жоқ. Жер мен ел тағдыры қыл үстінде тұрғанда қандай шақыру қажет?!
Бір топ желтоқсандықтар да жолға шығуға оқталған екен, сапарлас болдық, Жер үшін күресемін деп, биліктің табанын тоздырып, жол сөмке арқалаудан жотасы жауыр болған Бақытқан бауырымыз жетті, ауылдан. Жиын болатын күнге көзі ашық, көкірегі ояу Рысбек ініміз де үлгеріп жетті.
Жол бойы пікірлесіп, ойларымыз бір жерден шыққандықтан және желтоқсандықтарға өз басым құрметпен қарайтындықтан, өз пікірімді солардың атынан білдіруге рұхсаттарын алып, жазғанымды ұсынып отырмын.
Ерте келіп, Мұхтар Тайжанға жолығып, айналдырған 3-4 адамның әрқайсысы 3(!) минуттан сөз сұрадық, қоғамдық тыңдауға есік ашық екенін нақтыладық. «Белгіленген адамдар сөйлеп болған соң, сөз береміз» деді Мұхтар. Келістік.
Сөз берілмеді. Ең құрығанда, кешірім сұрап: «Сөз беруге үлгермедік, қағаз жүзінде қалдырып кетіңіздер» деген де ишара болмады. Мұхтар Тайжан дөрекі түрде заң бұзушылық жасады.
Бұл жерде: президенттің «Халық өз пікірін айтсын», «Халық арасында түсіндіру жұмысын жүргізу керек» деген екі бірдей тапсырмасы тағы да орындалмай, айдалада қалды. Ал ең бастысы халықтың құқы ашықтан-ашық тапталды! Құқығы тапталған азаматтар Тайжанның үстінен сотқа шағымдансақ та болады, бірақ негізгі мәселе – жерді қорғап қалу болып тұр.
Халық онсыз да ашынулы, ашулы. Оның бір себебі, мынау ақпараттық заманда халыққа ақпараттың дұрыс жетпеуі. Осыны ескеріп, халыққа кешірімділікпен қарап, қарсы пікірлерге шыдамдылық танытылмаса, тыңдалмаса, халық көкейіндегі көп күдікке жауап ала алмаса, ол несіне Ашық есік, қандай Қоғамдық талдау?!
Үйге келген соң да, бейнекөріністерді қарап шықтық. Мұхтар тырысып-ақ жатыр, сөйлегендерді жекелеп ФБ-ға салыпты. Жиында отырғаннан гөрі, ФБ-дан қарағанда бар мәселе бұрынғыдан да айқындала түседі екен... Қысқа айтқанда, комиссия жайылымдық жерлерді кеңейту, жер телімін конкурс арқылы бергенде, бұрын болмаған қоғамдық кеңес құрылатыны, 10 сотық жер телімдерін беру туралы шешім шығарыпты.
Жақсы дүние. Бүгінде малы көбейе бастаған қазаққа жайылымның кеңейгені керек. Бұл үшін, әрине рахмет.
Қоғамдық кеңес – күмән туғызады. Біздегі билік жүйесі вертикальды болғандықтан, қарапайым халыққа мұнан келер пайда аз, мұны талдап түсіндіру қажет емес...
10 сотық жерге келсек, сонау 90-шы жылдары «әрқайсыларың 10 сотық жерге ие боласыңдар» деп, күркедей үйлерін жекешелендіріп, жеке меншік иесі атанып, халық қуаныштан есі шығып жүріп, миллиондаған гектар жердің жалға беріліп, сатылып кеткенін білмей қалған!
Заңгер Антон Фабрый айтқандай қазір жер қатынастары саласында саяси дағдарыс орын алған. Ол: «Ақпанда қабылданғалы отырған өзгерістер бойынша, рас, мұнан әрі мемлекет шетелдіктерге жер сатпайды, жалға да бермейді. Бірақ, жеке тұлғаның шетелдіктерге жерді жалға беруіне, сатуына тыйым салатын бап жоқ. Сонда, мораторий жарияланып қойып, жеке тұлғалар арқылы жер шетелдіктерге жайлап сатылып кетпей ме?» деді. Жерге ашық кадастр болмағандықтан, жер телімдеріне қатысты ақпарат «жабулы» тұрғандықтан, халық та осыған қатты алаңдаулы. Және А.Егеубаев, А.Фабрый, М. Ілиясұлы, Қ.Омарұлы т.б, қоғам белсенділері өткен жылдың 5 желтоқсанында А/ш министрлігіне, мәжіліске, премьер-министрдің атына Үндеу тапсырған. Жоғарыда айтылған және басқа да «лазейкаларды» біржола жауып тастау, 2003 жылдан бері жерге жекеменшік құқын енгізбеу туралы айтылып келе жатқанын, өздері осы ұстанымды қолдайтындарын және 92-ші бапты (игерілмеген жерлерді фермерлерден қайтарып алу-авт.) мүлде алып тастауды талап еткендерін жеткізді. «Себебі, игерілмеген жерді кез келген адам сатып ала алады. Осыған дейін төрт отырысқа қатыстым, үнемі осыны талап етіп келеміз, бірақ бүгінгі болатын өзгерісте мұндай бап жоқ» деді заңгер. Ал Ашық хатқа мардымсыз жауап қайтарылады, 29 қаңтар күні парламент қабылдауында болған белсенділер қатты айтыс-тартысқа барып, соңында парламент «біз бұл мәселені шеше алмаймыз, жұмыс тобының шешімі қандай болса, солай шешеміз» деген! «Сөйтіп олар халыққа қызмет етуден ерікті түрде бас тартты» деді А. Фабрый.
Қоғам белсенділерінің парламенттегі кездесуінен кейін бірнеше отырыс өткізілсе де, бұлар шақырылмаған, қатыстырылмаған! Тіпті оларды азсынып: «5-6 адам – халық емессіңдер» деген.
Дос Көшім өз кезегінде: «2016 жылы біз көшеге не үшін шықтық? Несіне мораторийдің уақыты біткенін күтіп отыра беруіміз керек, өзгерістерді енгізбей? Құдайға шүкір, Қазақстанның көшелері бар, миллиондаған халық бар» деген еді.
Антон Фабрый да осыны айтады және нақты іспен көрсетеді.
Халық наразы болған бапты бүгін өзгертпесек, қашан өзгертеміз? Сонда мораторий не үшін жарияланды? Неге бір қайнауы ішінде заңды тездетіп қабылдауға жанталасып қалдық?
Ең бастысы бұл жерде халық бір нәрсені түсінуі тиіс: мораторий – жер туралы заңның кейбір баптарының күшіне тыйым салды, ал сол баптарды өзгертуге тыйым салмайды!
Сонда заң кедергі болмаса, жер комиссиясына не нәрсе кедергі, мораторий жарияланған баптарды өзгертуге күш салуға?
Жер үшін кеше көшеге шығып, соның арқасында комиссия құрып (ешкім мұны ұмытпауы тиіс!) әрекет ету – суға кетіп бара жатқан адамның бір батып, бір шығып, ауа жұтып үлгеріп: не алға малтуы, не су түбіне кетуі сияқты... Яғни, қазақ ұлтын ұлт етіп ұйыстыратын да, не құрдымға кетіретін де, дәл қазір – жер мәселесі!
Мұны қазіргі жер комиссиясы білмей отырған жоқ, бірақ бұлар да жерге қатысты жобаны сүйретпеге салғаннан әріге баратынға ұқсамады, қазіргі қалпымен.
Бір кезде Алашордашылардың Автономия құрудағы мақсат - тек саяси бостандық қана емес, ең бастысы өз жерінде жүріп, мал жайылымы үшін өз жерін жалға алу (!) дәрежесіне жеткен қазақтың жерін қайтару, ғасырлап отарланған жер мәселесін шешу еді!
Олар бірінші күннен бастап, бодандыққа беріліп кеткен жерлерді қайтарумен айналысты. Телім-телім болып кеткен қазақ жерін автономияға жинақтау оңай болмады. Бүгін де қазаққа өз жерін ұлт игілігі үшін түгендеуге тура келіп тұр! (Өкініштісі, ата-бабадан қалған жер үшін шеттен келген жау емес, билікпен, өз шенеуніктерімізбен күресуге тура келіп тұр!). Бүгін қуғындағы «Алаш жолы», «Жер тағдыры» алдына жерді халыққа қайтару тапсырмасын қойғанын қоғам көріп отыр: шетелдік инвесторлар мен жер алпауыттары иемденіп отырған қазақ жері – халыққа қайтарылуы тиіс. Бұл оңай болмай тұр. Мұны түсіну үшін Ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану құқығының тарихын келтіруді жөн көрдік.
...1990 жыл, 16 қараша. «Жер кодексі» бойынша, а/ш тиесілі жерлер ҚР азаматтары, шетел азаматтарына және заңды тұлғаларға уақытша пайдалану құқығымен 3-10 жылға жалға алады;
1995 жылдан бастап, ҚР Президентінің заңды күші бар «Жер туралы» Жарлығы бойынша, а/ш жерлер Қазақстан азаматтары мен шетелдіктерге уақытша пайдалану құқығымен жалға алу шарттары арқылы (3- 99 жылға дейін) берілетін болады. Шетелдіктерге жер пайдалану құқығын беру келісімшартқа сәйкес, мемлекеттік заттай гранттарды қоспағанда, жер учаскелері жалдау шарты арқылы берілетін болады;
2001 жылдан бастап, «Жер туралы» заңға сәйкес а/ш жерлер шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға уақытша пайдалану құқымен, жалға алу шарттары арқылы қайта пайдалануға беру құқығынсыз 10 жылға дейінгі мерзімге берілді. ҚР жеке және заңды тұлғаларына 49 жылға дейін (5-49 ж.) берілді;
2003 жыл 22 қазанда, Үкіметтің №1071 Қаулысымен шетел азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдік заңды тұлғалардың тауарлы а/ш өндірісін жүргізу үшін уақытша жер пайдалану құқығында болуы мүмкін а/ш мақсаттағы жеручаскенің бір әкімшілік аудан (қала) ішіндегі максималды көлемі бекітілген.
2011 жылы «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына сәйкес, шетелдік азаматтар, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар, сондай-ақ Жарғылық капиталындағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғалар жер учаскелерін 50 жылға дейінгі мерзімге жалға алу құқығын иелене алады.
Көрсетілген норма 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін қызмет етті. «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ҚР-да кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды түбегейлі өзгерту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 2014 жыл, 29 желтоқсандағы ҚР Заңына сәйкес шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, шетелдік заңды тұлғалар сондай-ақ, жарғылық капиталдағы шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың үлесі 50 пайыздан асатын заңды тұлғалар а/ш жер учаскелерін 25 жылға дейінгі мерзімге (10 жылдан 25 жылға дейін ұзартылды) жалға алу құқығымен иелене алады.
Осы соңғы заңдылықта мынандай анықтама берілген: «Шетелдіктерге жалға беру мерзімі шетелдерден инвестиция тарту мақсатында 2014 жылдың 14 ақпандағы Президент тапсырмасын орындау аясында ұзартылды».
Сонда, біз шетелдіктерге жерді жалға беруді біз 1990 жылдан бастап кеткенбіз! Енді «Жер-халықтікі!» деп ұрандау аз, оны жүзеге асыру үшін нақты іс керек, табанының тағасы таймайтын заңгерлер керек! «...Қайтпас қара нар екен, бүйткен біздің бұл іске!..» дегендей болып тұр. Бірақ жер комиссиясының бүгінгі беталысы бізге басқаша көрінді...
Оның үстіне, комиссияда ашық пікір айтып жүрген азаматтардың шеттетілуі, қудалануы, ұсыныстарының қабылданбауы, о баста комиссия құрамында болған ұлтшылдардың (Д.Көшім, М. Шаханов) өз еркінше шеттеуі кімді де болса ойлантады:демек, мәселе біз ойлағаннан да күрделі болып тұр. «Жерім» деген азаматтардың алды түрмеге тоғытылды. Бірақ, солардың талабын қолдайтын халық бар екенін таныту үшін осы комиссия құрылды емес пе? Әлде біз қателесеміз бе? Әлде біз шынымен халық, ұлт болудан қалып барамыз ба? Кеше алаңға шыққан халықтың арқасында бүгін Астана төрінде отырып, алқалы жиынды басқарғандар сол халық талабында айтылған мәселеден неге айналып өткісі келеді?
Шынын айту керек, баяндамашылар да, сарапшылар да, « пікір білдірушілер» де, бір Антон Фабрыйға татымады!
Заңгер-сарапшы Б.Бақытжан: «24-1, 37. 48. 97-баптарға тыйым салынған соң, қазіргі заң жобасында шетелдік фактор жоқ» деді. Дегенмен, Қазақстанда а/ш жерлерін пайдалану құқығы 99%, ал жекеменшік құқығы 1 % ғана екенін атап өтті. Аффилендірілген тұлғалар туралы шола айтып: «Егер пайдалану құқығына шекті бөлік қойылса, заң тетігі жұмыс істеген болар еді. Бізде жалға берілетін жерлерге шекті бөлік жоқ» деді сәл де болса жерге қатысты мәселенің шетін ашып.А.Құспанов болса, айналдырып-айналдырып келіп, күн тәртібінде болмаса да болашақта полигонға жер телімдерін жалға бермеу туралы көбірек сөйлеп, соңында ол да Б.Бақытжан айтқан төрт бапқа «сүйене салды». Күн тәртібінде жоқ тақырыпты қозғай тұрып, нақты жерге қатысты А.Егеубаевтың шетелдік компаниялар туралы айғақтарын: «Ол бұл жерде көтерілетін мәселе емес, оны прокуратураға тапсыру керек, солар айналысатын іс» деді. «Парламент – бақылаушы орган емес, заңсыздықтарды бақыламайды» деп, онсыз да халық талабын табанасты етіп отырған парламентті қорғап сөйледі. «Жаңа жобада латифундистерге тоқтау салатын тетік бар» деді А. Құспанов, бірақ оның қандай бап, қай тетік екенін Фабрый сияқты ашып айтпады. Рас, А.Құспановтың Қазақстан үшін Қытай, Ресей факторы бар екенін айтқаны азаматтық болды. Бұл туралы Р. Сәрсенбай айтқан сөз халықтың көңілін дөп басты. Шынын айту керек, кейбір сөздері қайталау болса да, Р.Сәрсенбай ойын өткір айтты!
Қытай қазір жалға алу (!) арқылы Ресей, Украинаңыз не, Африка, Латын Америкасынан жер иеленіп қалуға ұмтылып отыр. Австралия, Вьетнам, Филиппин өз жерлерінен біржола айрылып қалу қаупінен қорқып, жерін Қытайға жалға беруден бас тартуда.
Осындай геосаяси жағдайда, біздің кез келген ішкі заңымыз, әсіресе жер туралы заң мығым, бекем болу керек емес пе?!
Адамдар А.Құспановтың «Алматы сияқты қалаларда баспана салу үшін жер телімдерін беріп, біреу екі қабатты коттедж салса, енді біреу білгенінше үй тұрғызып, үшіншілері баспана сала алмай, қаланың сәулеттік көрінісін бұзып жіберген, сондықтан жер телімдерін (10 сотық жер-авт.) ауылды жерлерден беру керек» дегенін түсінбей қалды. «Ауылға сен соңғы рет қашан бардың?» деген репликалар болды. Реплика орынды: ауылда жұмыс орны аз. Тіпті жоқ та! Адамдар сол Алматыда иесіз қалған қоқыс орындарын тазалап, баспана салып алып жатқанын ол біледі ме екен? Бүгінде 10 сотық жер – халық үшін жаңалық емес, оның жырын бір білсе, халық қана біледі. Көрші-көлең, алыс-жақын ағайынның «10 сотық» десе, «басы сырқырайды»... Өзге әлеуметтік топты қайдам, өзімнің айналамда жүрген желтоқсандықтар арасында заңды түрде кезекке тұрып, 10сотық жер алғанын естімеппін. Еститініміз: «Кезекке тұрудың өзі қиын» немесе «жер жоқ». Мен білетін бір желтоқсандықтың 10 сотық үшін кезекке тұрғанына биыл 15 жыл болыпты!
А. Құспановтан бұрын шығып сөйлеген А. Егеубаев нақты мысал, құжат негізінде «Бәтуа» арқылы, миллиондаған инвестициялардың ауқымды көлемі офшорда екенін ашып айтып: «Мұнан былай инвестиция дегенді қою керек!» деп бір-ақ кескен-ді. А.Құспанов болса, өз кезегінде: «Осынша жеріміз бола тұра, инвестиция тартпай қалай отырамыз» деді.
(жалғасы бар)
О баста жер комиссиясының құрамында болып, кейін бізге белгісіз себептермен кетіп қалған Дос Көшім де қате болмаса, бесінші отырыста: « Жерді неге шетелдіктерге жалға беру керек десек, инвестиция тарту үшін дейсіздер, а/ш саласындағы озық технологияны алып келуге сіздерге кім тыйым салып жатыр? Барыңыздар, айлап жатып көріп-үйреніңіздер де, елге алып келіңіздер. Солай істеп жүрген азаматтар бар ғой, араларыңызда» деген болатын.
(жалғасы бар)

Жалпы жер комиссиясы ә деп жұмыс бастағанда, жақсы-ақ басталып еді. Дос Көшім: «Комиссия а/ш жерлеріне қатысты ғана жұмыс істей ме, болмаса жер спекторын толық қамтиды ма?» деп Сағынтаевқа сұрақ қойып, комиссияның мән-мақсатын ажыратып, М.Тайжан ашық кадастрды батыл талап етіп, комиссияда а/ш саласындағы ірі компания иелері ғана емес, орта және шағын а/ш кәсіпкерлерінің де пікірлері қамтылуы тиіс» деп адамшылық көрсетіп, халыққа бір табан жақын екенін танытып баққан. Кейін ашық кадастр туралы ауыз ашпайтын, ал орта, шағын шаруашылық иелеріне басқа емес, өзі сөз бермейтін дәрежеге жетті...
Осы А. Егеубаев та, М. Тайжан да – жерге қатысты ел аралады. Бірақ неге екеуі екі түрлі мемлекетті аралағандай немесе бірі Айдан, екіншісі Марстан түскендей сөйлейді? Олар айтқан ұсыныстар мен пікірлер, айғақтардың арасы неге жер мен көктей? А.Егеубаев, М. Ілиясұлы, Қ,Омар, А. Фабрый т.б. ұсынған 13 ұсыныстың ең болмағанда неге біреуі (?!) жобаға енбейді? Комиссия неге бір жақты шешім қабылдайды? Осыдан кейін, билікке, үкіметке, қазіргі комиссияға сенуге бола ма? Дос Көшім дұрыс айтты: «Халықта билікке деген сенімсіздік басым». Тайжан бір қауым елге «сөз береміз» деген азаматтық сөзінен тайып кетіп, бұл сенімсіздікті күшейте түсті. Жоғарыда көрсетілгендей, 1990 жылдан бастап шетелдіктерге жер телімдерін жалға беріп келгенімізден халықтың басым бөлігі хабарсыз. ҚР «Жер туралы» кодекске 2003, 2008, 2011, 2014 жылдары өзгерістер енгізілді. Халық осы өзгерістерді талқылауға қатыстырылды ма? Жоқ! Демек, енді бүгін халық мораторийге сенімсіздікпен қараса, оған негіз бар .
«Халық: «мораторий мерзімінен бұрын тоқтатылмай ма?» дейді. Сіз айтыңызшы, биліктің ойында мораторийді мерзімінен бұрын тоқтату бар ма?» деген сұрақты Тайжан а/ш министрінің орынбасары Е. Нысанбаевқа қойды. Ол: «Президенттің шешімін ешкім өзгерте алмайды» деді. Ал егер президент мораторийге қатысты шешімін күрт өзгертер болса, оны да ешкім өзгерте алмайтыны анық.
Мораторий дегеніміз не?
Энциклопедиялық сөздікте: «Мораторий» – баяулату, уақыт созу» дегенді білдіреді. Азаматтық құқық тұрғысынан қарастырғанда, үкімет өзі белгілеген міндеттің орындалуын белгілі немесе белгісіз мерзімге кейінге ысырады...
Яғни, мораторий – уақытша нәрсе. Ол қанша жерден заңды болса да, жер мәселесін Ата Заң, «Жер кодексі» ғана шешеді. Мораторийдің белгілі уақыты болуы да, болмауы да мүмкін екен. Сондықтан, жерге қатысты мораториийге осы тұрғыдан да халықтың сақтықпен әрі сенімсіз қарауы өте орынды.
Баспасөздің бір өкілі: «Айдын, сенің 13 ұсынысыңның бірін де түсінбедім» деп тулады. «Ол ертең халыққа аса қажет толыққанды ақпарат бере алады ма, халықты адастырмай» деген ойда қалдық.
Ашық пікір айтатын азаматтық қоғам қалыптастырамыз дейміз. Мұхтардың адамдарды, оның ішінде желтоқсандықтарды сөзден қаққаны - қоғамда онсыз да тапшы сөз бостандығына, демократиялылыққа жасалған қастандық, соған ашықтан-ашық қойылған тосқауыл! Комиссия – жерге қатысты толық ақпарат жинап, халықтың пікірін тыңдауы тиіс еді. Халықты тыңдауға қауқары жетпеген комиссия сол халықтың ашу-ызасын арттыра түспесіне кім кепіл? Және астын сызып айтатын тағы бір мәселе, ЖЕР мәселесі - әкенің беделін пайдаланып немесе өзгелердің атақ-беделін алға салып, сөзден жалтарып кетіп немесе қандай да бір саяси ойынға айналдырып шешілетін мәселе емес. Біреулер: «заңға қажеттілік деген болады, қажеттілік саясатқа тіреледі» деген пікір айтып жатты. Халық үшін бүгінгі қажеттілік, ол – жер. Бұл жерде комиссияның алғашқы отырыстарының бірінде Дос Көшімнің: «Бізде қалыптасып қалған бір қызық стереотип бар. Бір нәрсе болса: «Үкімет айтты» дейміз. Дамыған елдерде халық айтады, үкімет орындайды» деген сөзі еске түседі...
Бізді қоспағанда, өзге қоғамдық белсенділерге заң жобасына енгізілген өзгерістер жиын алдында ғана табысталғаны (сонда бұл қандай талқылау?) байқалды. Рас, жобамен танысып үлгермегенін ашық айтқан азаматтар да болды, рахмет оларға!
Қалай болғанда да, Мұхтар «Қазіргі жасалған заң жобасын қолдайсыз ба?», «Мораторийдан кейін (?!) жерді шетелдіктерге жалға беруді, сатуды қолдайсыздар ма, жоқ па?» деген сұрақтарына жауап алып, көздеген мақсатына жеткен соң, табанын жалтыратты.
Жасыратыны жоқ, «Ұяттарың қайда?» деп дауыс көтеруге тура келді.
Алматыға қайтар жол бойы ешкімнің сөзге зауқы болмады. Бірақ жер комиссиясына қатысты сұрақтар көбейе түсті.
О баста комииссия құрамында болған (Д.Көшім, М. Шаханов, М. т.б.) біраз азаматтар кейіннен араласпай қалды. Неге? Ал аймақтардан келген шаруа адамдарының дені, бұл комиссия тек ауыл шаруашылығына қатысты жер мәселесін қарады ма, болмаса жердің бар спекторын қарастырып, өзгерістер енгізді ме, түсінбей кетті...
Тағы бір мазалаған ой – дәл қазір Жер мәселесін ушықтырып, оған қатысты жиынды дау-дамайға айналдыруға халық мүдделі ме? Әрине, жоқ. Осы ретте, барлық билік тармақтары да халыққа деген көзқарасын өзгертетін уақыт болды. Халық бүгін жерге қатысты ойын жеткізуге, ұсыныстарын айтуға мүдделі және жер-жерден сол үшін жиналды. Әлі де жиналады. Демек қоғам эволюциялық дамуды бастан кешіруге пісіп жетіле бастады деген сөз. Дәл қазіргі жағдайда жер мәселесін тек халық шешеді. Оның уақыты келді. Ал эволюциялық жолмен шешілмеген мәселенің «көшеге шығып кетуі» қиын емес, бұл қоғам дамуының өз заңдылығы... Бұл қоқан-лоқы емес, бұл халықтың обалына қалмауды биліктің, комиссияның есіне салу...
Жиында өз басым жер инспекциясына, жер қорына қатысты сұрақ қойғым келген болатын. Жер қоры түгенделді ме? Әлде түгендемей жатып, өзгерістер енгізіп жатырмыз ба? 2016 жылдың тамыз айында, комиссия төрағасы болған А.Мырзахметов президенттің қабылдауында болғанда: «Жер қорын құру керек, оған кемінде екі жыл уақыт керек» деген болатын. Ал енді сол сөзден кейін 1,5 жыл болар-болмастан, өзгерістер енгізу басталып кетті. Неге? Және осы уақытқа дейін орта шаруа фермерлердің жерін «игерілмей жатыр» деп мемлекетке қайтарғанда, латифундистерден қайтарылды ма, білгіміз келген. Кейбір сұраққа жиын барысында жауап алдық: А/ш министрлігінің өкілі 50-ден аса ауданның жоғалып кеткен (!) шекарасын анықтап жатқандарын айтты. Бұл әрине, жаман емес. Ал латифундистерге қатысты сұрақтың жауабын бүкіл жиын барысы айқындап берді десе де болады...
Алашордашылар кезінде: «Алаш автономиясының жері, үстіндегі түгі, суы, астындағы кені Алаш мүлкі (яғни халықтікі-авт.) болып табылады» деді.
Автономия құрудағы мақсат - тек саяси бостандық қана емес, ең бастысы жер мәселесін шешу еді!
Алашордашылар бірінші күннен бастап, өз жерінде мал жайылымы үшін жерді жалға алатын (!) жағдайға жеткен, тұтас отарланып кеткен қазақ жерін қайтарумен айналысты. Телім-телім болып кеткен қазақ жерін автономияға жинақтау оңай болмады. Бүгін де қазаққа өз жерін ұлт игілігі үшін түгендеуге тура келіп тұр! Қуғындалуға түскен «Алаш жолы», «Жер тағдырының» алдарына осы – халыққа өз жерін қайтару туралы тапсырма қойғанын бүкіл қоғам көріп отыр. Өкініштісі, бүгін ата-бабадан қалған жеріміз үшін сыртқы жау емес, өзіміздің билікпен, шенеуніктермен күресуге тура келіп тұр!
Қазақ жері қашанға дейін бөліске түсе береді?
Патшалық отарлау саясаты үздіксіз жалғасты: Ресей империясы 1917 жылы Алаш Автономиясы жарияланғанда құрамында болған Алтай өлкесін 1920 жылы ҚазАССР- дің құрамынан бөліп тастады. Кеңестік отарлаушылар 1924 жылы Орынбор өлкесін, 1929 жылы Қарақалпақ Республикасын Қазақиядан бөліп алып, алғашқысын Ресейге, соңғысын Өзбекстанға қосып берді. 1955 жылдың 12 қарашасында Н.Хрущев қол қойған СОКП ОК Президиумының қаулысымен Бостандық және Мырзашөл аудандары Өзбекстанға өтті. 1965 жылы тағы да Қостанай облысының 1833 гек¬тар аса шұрайлы жерін РСФСР-дің Челябі об¬лысына қосты. Кешікпей Маңғыстау түбегін Түркіменстанға қосу жоспарланды. Бірақ, бұл Хрущевтің тақтан түсіп қалуына байланысты іске аспады.
Жерді билеу құзіреті Мәскеуде болғандықтан, Семей полигонын ашуға ешкім қарсы келе алмады. Оның зардабын қазақ халқы әлі көріп келеді.
Мұның бәрі аздай, Кеңес кезінде де қазақ жерін жырымдаудың сан түрлі айла-тәсілін жасау нәтижесінде, шешілмей қалып, тәуелсіз Қазақстанға мұра боп жеткен шекаралық аймақтардағы жер дауының әсері тағы болды: егемен ел бола тұра (!) біршама территориядан тағы да айырылдық. Атап айтқанда, 1994 жылдың сәуір айында Қытайға аумағы 946 шаршы шақырымдық жерді бере салдық. 1997 жылы тағы да (Алматы және Шығыс Қазақстан об¬лыстарынан) шамамен 530 шаршы шақырым территория Қытайға өтті. 2002 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы жерінің бір бөлігін, Түркістан ауылын қосып, Өзбекстанға бердік. Соңғы кездері қырғыз ағайындар да ебін тауып, шекара бағанасын қарыстап болса да жылжытып қойғысы келеді... Ғасырлап бодандықта болғанымыз аздай, жерді өз қолымызбен таратудамыз!
Иә, нарық екенін халық та түсінеді. Ал жер игерілмей жатса, ол халықтың ғана кінәсі емес. Екінші жағынан игерілмей жатқан жер – келешек ұрпақтың несібесі деп қарауға болмай ма?
Онсыз да, Қазақстан жерінің жартысынан астамы – мекен етуге жарамсыз, құмды және сазды алқапты, жартылай шөлейт және шөлді аудандар. Оның ең үлкен бөлігі Қызылқұм, Мойынқұм, Балқаш көлінің оңтүстігіндегі Нарын құмы...Сөйтіп, қанша жерден ұлан-байтақ болса да, адамның тұруына қолайлысы – 30% құрайды. 44% шөл, 14% шөлейт, өзгелері тау мен орман, дала, полигон...
Бүгін аса даулы болып тұрған нәрсе – ауыл шаруашылығына қатысты жерлердің тағдыры. Қазір өзгеге жерді жалға беруден қазақтың жүрегі шайлығып қалғаны рас, 2003 жылы «Жер кодексін» қабылдағанда премьер-министр И. Тасмағамбетовтен бастап, бәрі: «Жерді жалға берсек, бюджетке ақша түседі, байимыз» деген... Кәне?! Жерді жалға бергеннен түскен пайданы кім есептеп берді? Сол кезде Ғалымжан Жақиянов жерді өзімізде де жалға беруге болмайтынын айтып: «Жердің асты-үстін толық зерттемей тұрып, жерді ешкімге жалға беруге болмайды» деген болатын. Мұнда үлкен саясат, үлкен астар, халықтың қамын ойлау жатқаны анық! Егер біз кез келген мәселені халықтық, ұлттық мүдде тұрғысынан қарастыра алсақ, шешілмейтін нәрсе болмайды! Мұнан біраз уақыт бұрын парламент күні-түні жұмыс істеп, 60-тан аса заң жобасын жасап, қабылдап жібергенде де «мәу» деген жоқпыз. Ең болмағанда осы «Жер кодексі» заңын халықтық заң етуді қолға алуымыз керек! Өйткені ұлттың жер арқылы ыдырап, жоқ болу қаупін жоққа шығаруға болмайды. Адамзат тарихында мұндай жайттар болған.
Бүгінде Қазақстандағы көзі ашық кез келген кәсіпкер азамат нарық кезінде жерді жалға беру де – меншіктің бір түріне жататынын біледі. Сонау көне Рим заңгерлерінің өзі жалға беру – меншік түріне жататынын және оның екі белгісі болатынын анықтаған. Біріншісі – жерді пайдалану үшін жалға алуға ниет ететіндер, екіншісі - түпкі ойы үстемдік етуді мақсат ететін жер жалдаушылар... Және жерге меншік құқығын зерттеушілер, тіпті бір кездегі римдіктер де меншік пен жалға берудің аражігін айқындай алмаған. Тек сипаты бар: меншік иесі жер телімін ұзақ уақыт, ал жалға алушы қысқа мерзімге пайдаланады, Бірақ жерге меншік ұғымын алғаш дүниеге әкеліп, қалыптастырған римдіктердің өзі: «Меншік пен жалға алудың арасында құрдым бар...» деген.
Алматы облысы бойынша жер комиссиясының отырысында Дос Көшім: «Меншік пен жалға алудың арасындай нендей айырмашылық бар?» деп осы сұрақты бірнеше мәрте қойғанда, жауап берген ешкім болмағаны тағы да еске түсіп отыр...
Ал сонда әне-міне келейін деп жатқан елуден астам Қытай зауыттарының көздегені өнім шығарып, бізді жарылқау болмаса керек деп күдіктенуге негіз бар ма, жоқ па? Елу зауыт келген күнде, қанша жерді иемденбекші? Ертеңгі күні зауыттың иесі – жердің де иесі болып шығады емес пе? Кешегі жиында А.Егеубаев бірқатар жерлерде 4 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік пен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің орналасып алғанын, иелері шетелдіктер (ирандықтар, қытайлықтар) екенін жария етті. Егер, бүгінде қоғам білетін «Бәтуа» серіктестігі 91 мың гектар жерді иеленіп келсе, 4 мыңнан астам кәсіпкерліктер қанша жерді иеленіп отыр?Сондықтан, бірінші кезекте хаықты жұмылдырып, жерді инспекциялауды қолға алу керек. Болмаса заты жоқ дүниенің атын шулатқан болып шығамыз.
Қытайға жеке тоқталсақ, олардың зауыттарын енгізуге келгенде, қоғамның көп бөлігі қарсы. Бір ғана мысал, заң ғылымдарының докторы, профессор М. Сүлейменовтің пікірінше, қытайлықтардың жерді аяусыз пайдаланатыны (бір кезде қазақтың орман-тоғайларын шауып тастаған казактар, бүгінде Байқоңырды жалға алып, қазақ жерін уландырған ресейліктер сияқты!) бізді алаңдатуы тиіс. Ал экономист М. Сейсембаев өз парақшасында: «... жемқорлық деңгейі жоғары, халқы аз, жүзеге аспайтын заңдар, тәуелді соттар, әлсіз экономика және мықты агрессивті көршілестері бар мемлекетте – жер – бұл экономикалық актив емес, керісінше ұлттық қауіпсіздік және ұлт болашағына қатысты мәселе…»,- деп жазады. Әділ айтылған сөз. Себебі, дамыған, заңдары орындалатын (!) мемлекеттерде – құнын төлеп жерді жалға алу - қарапайым бизнестің түрі. Жер иесі оны фермерлікке пайдаланады, жалға береді не сатады. Мемлекет бюджетіне салық түсіп тұрады. Данияда, Ирландияда және Ұлыбритания секілді елдерде 70%-дан астам кәсіпкерлер жерге ие.
Мұхтар Тайжан бастаған жиын: «Жер шетелдіктерге жалға да берілмейді, сатылмайды да, бітті!» деді. Ал бірақ, мына тұрған Украинада да жер сатылмайды. Олардағы «Жер Кодексінің» 22 бабының 5-пунктіне сай, ауылшаруашылығына арналған жерлер шетелдіктерге, азаматтығы жоқ тұлғаларға, шетелдік заңды тұлғалар мен шетел мемлекеттеріне жеке меншікке сатылмайды. Дегенмен, Украинаның жер нарығында шетелдік корпорациялар белсенділігі (Қазақстандағы сияқты) жоғары. Мысалға, Monsant, Bayer, Нибулон, Кернелл, Луи Дрейфус Украина, Райз және т.б. Бұл аталған шетелдік компаниялар Украина жерінде салалық (дочерные) компанияларды тіркеу арқылы, отандық капитал арқылы акцияландырылған (путем акционирования с отечественным капиталом). Қарап отырсаңыздар, бұл тіпті, шетелдіктерге жерді сатпау жөнінде заң бола тұра (!), шетелдіктердің жер сатып алуға қатысуына астарлы түрде мүмкіндік береді. Қазір украиналық бірнеше агрокомпаниялар шетелдік банктерге қарызға белшесінен кіріп, сол қарызды төлей алмай, қарызды Украина үкіметі төлейтін жағдай туындап отыр: «Мрия»(1,2 млрд$), «ТАКО»(60 млн$), «Амарант»(50 млн$) және «Синтал Д»(23 млн$) агрокомпаниялары, барлығын қосқанда 1,4 млрд$ ...
Демек, жиында заңгер-сарапшы Б.Бақытжанның Қазақстанда компания мен салалық компания арасындағы өзара қарым-қатынастың заңды тетігі жеткілікті түрде анықталмағанын, жетілдірілмегенін айтуы жайдан-жай емес...
Қай дәуір болсын, қоғамның ең басты реттеушісі, астыртын билеушісі де – меншік, жердің пайдалы өнімі – байлығы. Ал ат төбеліндей билік басындағылардың қоғамды астарлы түрде басқарушы меншікке (жерді жалға беру) көп көңіл бөлуі, осы ретте жеке басының баюын мақсат, міндет етіп қоюлары - меншік туралы заңдарға ұлттық сипат бермейді. Керісінше, мұндай тәсіл – меншікті, әсіресе қозғалмайтын мүлікті мемлекет ішіндегілер ғана емес, өзгелердің де (шет жұрттың!) меншіктенуіне қолайлы жағдай жасайды. (Біз осыған шақ тұрмыз!)
Қалай болғанда да, қандай өзгеріс енгіземіз десек те, қазақтың дәл бүгінгі менталитеті «жерді өзімізде де, шетелдіктерге де сатпау, шетелдіктерге жалға бермеу» болып тұр. Және мұның басқа заңдылықтар мен Жарғыларда емес, Ата Заңымызда, «Жер кодексінде» нақты түрде, тайға таңба басқандай етіп белгіленгенін қалайды.
Халық талап етсе, мұның уақыты келді деген сөз.

Гүлмира Тойболдина,
журналист

Abai.kz

44 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366