ИМ сапында жүріп Сирияда өлген тәжік содырының анасы модель атанды
"Ислам мемлекеті" сапында Сирияда оққа ұшқан тәжік содырының анасы тәжік әйелдерінің ұлттық киімін насихаттап жүр.
Тәжікстанның мәдениет министрлігі ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Министрлік киімдердің түрлі нұсқаларын дайындаған: күнделікті киетін көйлек, қала саябағында серуендеуге арналған киім, театр және концерт залдарына киетін көйлек, салтанатты көйлек.
Жаңа киім үлгілерін таныстырғандар арасында Куляб қаласының 51 жастағы тұрғыны Хосият Шерова да бар. Ол - "Ислам мемлекеті" сапында Сирияда оққа ұшқан тәжік содырының анасы. Бахтиер Шеров 2014 жылы Сирияда өлтірілген делінеді.
Анасы ұлттық киім кигенін баласы жақтырмайтынын айтқан. "Ол менің араб киімін кигенімді қаласа керек. "Өзге мәдениеттің" жетегінде кеткен балам ақыры ИМ сапына қосылып кетті", - дейді Хосият Шерова. Енді ол "өзге мәдениетпен" күресуді қолға алған.
"Хосият Шерова өзінің киім үлгілерін көрсетті, олар бізге қатты ұнады. Хосият - барлық мәдени шараға қатысатын белсенді әйел", - дейді Куляб аймағы мәдениет басқармасының басшысы Хайрулло Тохиров.
Abai.kz