Дариғаның дәридайы
Ақордадан арнайы бұйрық түскесін, Үкімет пен Парламент жалма-жан қазақ тілінде іс жүргізе бастағаны белгілі. Естіп білуімізше, Астанадағы ақ сарайларда қазақ тілінде сөйлеу процессі қызу жүріп жатыр.
Үкімет
Күні кешеге дейін көрші елдің Мемлекеттік тіліне тәуелді болып келген министр мырзалар мен ханымдар бір түннің ішінде қазақшаға тіл сындырды. Сындырғандай болды. Әсіресе, қазақ тілі десе қабағы қарс айрылып, қаңтардың қар аралас бораны соғатын да тұратын Сүлейменов, Бекетаев, Қасымов, Әбілқасымова, Сағадиев сынды "тілсіздер отряды" қазақша сөйледі. Сөйлей алмай түкірігіне тұтығып шашалғандары, келер жолы «100 пайыз сөйлеп келемін» деп ант-су ішті. Президент айтты, бітті, орындалуы керек. Үкіметтегі ауа райы осылай, қазір.
Дәл осы қағида бойынша кеше Парламенттің төменгі палатасы да отырыс өткізді. Тек қазақ тілінде. Міне, керемет! 27 жылдан соң, 27 ақпанда Ақордадан ескен жылы леп жылдар бойы қатып тұрған сеңді қозғалтты дедік. Демей, қайтеміз.
Парламент
Есім-сойын ел білмейтін, танымақ түгілі аттарын айтуға тіл күрмелетін - Нарине Микаэлян, Ирина Унжакова, Магеррам Магеррамов дейтін депуттар түп-түгілімен қазақша сөйледі. «Басымды кесіп алсаң да қазақша үйренбеймін» деп сөйлеген Божко да бас мінбер жаққа бас шұлғып, «біліп, түсініп отырмын» дегендей емеурін танытып отырды. Депутаттар сауалдарын Мемлекеттік тілде қойды. Олар Президенттің тапсырмасы талқыланбайтынын жақсы түсінеді. Сондықтан да болар, қазақша үйреніп үлгермегендері, тілді түсінбесе де түсінгендей тымырайып отырды.
Сорақы болғанда ұлты қазақ Данияр Ақышев дейтін Бас банкир бар емес пе. Міне, сол сақтандыру жайлы заң жобасын жазып келген екен. Жазып келген баяндамасын ежіктеп оқып бола бере, Мәжіліс депутаттарының қазақ тіліндегі сауалдарына жауап беруіне тура келді. Өздеріңіз білетіндей, сауал қай тілде қойылса, жауап сол тілде қайтарылуы керек. Бұл да Президенттің сөзі еді. Аттап кетуге және болмайды. Ақышевқа да қазақша сауалдарға қазақша жауап беруіне тура келді.
Енді, мына масқараны қараңыз, қазақ тілін ана тілінен артық білетін депутат Геннадий Щиповских сақтандыру полюсінің жарамдылық мерзімі жайлы депутаттық сауал жолдады. Ақышев жауап берді. Оның жауабы «мен не деймін, домбырам не дейді» дегеннің керін келтірді. Айдалаға лақты. Диалогтың түрі мынау болды:
Геннади Шиповских: -Неліктен сақтандыру полюсі сақтандырудың мерзімі толық өткенше, яғни 1 жыл немесе сақтандырудың барлық сомасы біткенше жарамды болмайды?
Данияр Ақышев: -Жол апаты болған жағдайда кінәлі тұлғаны сот анықтайды. Бұл бірнеше айға созылуы мүмкін.
Геннади Шиповских: -Мен баяндамашының жауабына қанағаттанған жоқпын. Сондықтан да мен өз сұрағымды қайтадан қоюға мәжбүр болып отырмын.
Данияр Ақышев: -Мен жауап бердім. Бәрі...а...осы ақпар...
Нұрлан Нығматулин: -Жоқ, сіз мына оқып берген мәселе басқа ғой. Сол ғой депутат Шиповскихтың...
Данияр Ақышев: -Сол себепті бұл ақпаратты жазбаша беруді рұқсат етіңіздер.
Міне, айдың күні аманында, алқа-қотан жиында алжып сөйлеген Ақышев мырза анау жылы «6 айда қазақ тілін үйренемін» деп сендірген еді сіз бен бізді. Көрдік. Үйренгені шамалы екен. Бүйте берсе, қазақ қоғамы шүрегейше шүлдірлеген, келімсек тілге үйірсектерді үйірден қуып жіберері сөзсіз. Сондықтан, Ақышевқа ана тілін жылдам үйренуі керек-ақ.
Сонымен, Үкімет те, Мәжіліс те қазақ тілінде жұмыс жасай бастады. Баяндамалар қазақ тілінде жасалып, депутаттық сауалдар Мемлекеттік тілде жолданды. Ауызша да, жазбаша да солай.
Ендігі кезек Сенатта еді. Сойқанның сорақысы Сенаттан шықты. Басқа басқа емес, еліміздің еркетотайы кімге еркелегені белгісіз, бүйректен сирақ шығарып, Президенттің (турасына көшсек, әкесінің) айтқанын тыңдамайтынын ашық көрсетті.
Сенатор Дариға Нұрсұлтанқызы Жоғарғы палата отырысында өзінің депутаттық сауалын агрессор Ресейдің, Кремльдің Мемлекеттік тілінде жолдады. Ұлты басқа ұл-қыздар тіл сындырып, ежіктесе де қазақ тілінде сөйлеп жатқанда Дариғаның дәридайы елді дүрліктірді.
«Орыс тілін ешкім алып тастаған жоқ. Мен өзіме ыңғайлы тілде сөйледім. Президенттің тапсырмасын бәріміз де орындауға тырысамыз. Орыс тілдін ешкім әлі жойған жоқ. Құдайға шүкір, ондай болмайтын да шығар. Бірақ біз басқа да азаматтарды сыйлауымыз керек. Сондықтан бұл мәселеде шектен шығуға болмайды. Ұлтаралық келісім мен достыққа ешкім шектеу қойған жоқ. Ел аумағындағы және мемлекеттік органдардағы тілдер Конституциямен бекітілген», - деді.
Ұлты орыс, Ресейдің Иркутскі деген жерінде туған Сергейдің қызы Ирина Унжакова, армян аруы Наринэ Микаелян, әзірбайжан Магеррам Магеррамов сияқты депутаттар «ләм-мим» демей қазақша сөйлеп жатқанда дәу үйдегі Дариға қыздың дауына жол болсын.
Десек те Дариға қыздың Дума тіліне душар, ол тілде сөйлемесе басы ауырып, балтыры сыздайтын халіне жаным ашыды. Әрі қорықтым...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz.