Сенбі, 23 Қараша 2024
Не көріп жүрсіз? 16468 31 пікір 12 Наурыз, 2018 сағат 02:36

Сталиннің өлімі. «Сталин өз сідігіне өзі шыланып жатыр...»

Бүкіл Кремль өре-түрегеліп өкпесі іскенше өкірекшіген «Сталиннің өлімі» деген фильмді қарап шықтым. Қазіргі Путиннің басқаруындағы зомбиленген Ресей жұрты мен Кремль идеологиясы өз азаматтарына көрсетуге қатаң тыйым салып, Думаның дүмшелері дүрліккен бұл туындыны Британия мен Франция бірлесіп түсірген.

«Сталиннің өлімі» саяси сатиралық комедия жанрындағы еңбек. Сюжеті мынадай: 1953 жылдың 5-наурызы күні Кеңестер одағының тізгінін ұстаған тиран - Иосиф Сталин ажал құшады.

Қандықол Сталинді жерлеу рәсімі аяқталысымен, КСРО тағына талас басталады. Тақталасқа түскен бақталастардың бірі – Никита Хрущев болса, екіншісі – Лаврентий Берия.  Бұл екеуі политбюроның кәрі сүйек, қу бас, ышқыры тоқтамайтын ылғи шалдарын өздеріне қаратпаққа жанталасады. Ол аз дегендей, Сталиннің балалары: Света деген сәусәлімін бірі, Василий деген нәкөсін екіншісі айналдыра бастайды. Өзіне қаратпаққа, әрине. Сөйтіп, бұл екеуінің таласына Сәбет армиясын басқарған Георгий Жуков араласады. Ақырында Хрущев пен Жуков ауызжаласып жүріп, Берияны ығыстырып шығарады.

Сөйтіп «Сталинің өлімі» Сәбеттен қалған сарқыншақ цензураға ілінді. Орыс пен Беларусте, сосын бізде де экранизацияланбады.

Жалпы кинодағы диалогтар бәдік деуге келмейді. Ауызекі тілде бар лексикондар. Бұл мәнердегі диалог Батысқа да, орысқа да тән. Ал енді қазақ тіліне тәржімалануына келсек, бәлкім менталитетімізге сай мәтін жазуға болар. Десе де фильмдегі негізді деген диалогтар мен цитаталарды тізбелеп жаздық. Міне:

Мәскеу 1953 жыл

Сталиннің тікелей бақылауында болған және оның қауіпсіздігін қорғаған «НКВД» 20 жыл ішінде Совет халқының үрейін ұшырып, уысында ұстап келді. Сталиннің қара тізіміне жау боп енгеннің барлығы не жер аударылды, не тұтқындалды, не атылды.

 

«Сол жылы Сталинградтың суық болғаны соншалық – біз жылыну үшін не істемедік десеңізші. Еріккенде тұтқындағыларға граната лақтыратын едік. Ол байқұстар бұттарына жіберіп, қорыққаннан мас жезөекшелерше секіретін кеп...»

«Отан үшін, Сталин үшін өлуге де болады»

Никита Хрущев

 «Ол әкем мен бауырымды өлтіргендей мені де өлтіремін десе де мен оның алдында ойнамаймын. Мені мәжбүрлей алмайсыздар! Құдай куә!»

Мария Вениаминовна Н.Хрущевтің ашынасы, пианиношы

«Мен шаршадым. Кімнің тірі, кімнің өлі екенін шатастыра бастадым...»

 Георгий Маленков

 

«Қош бол, Молотов, ескі досым. Мәңгі қош бол! Иә, ол да тізімде бар. Тәтті ұйықтаңдар!»

Лаврентий Берия

«Иосиф Виссарионович Сталин! Сіз біздің ұлтты сатып, оның халқын өлтірдіңіз. Мен сіздің өліміңізді Құдайдан сұраймын! Тиран!»

Мария Вениаминовна Н.Хрущевтің ашынасы, пианиношы

«О Құдай-ай! Ол не шалбарына сиіп жіберген бе?.. Біз одан қалай айрылып қалдық. Оны ешкім алмастыра алмайтын болды ғой…»

Георгий Маленков

«Ой, сұмдық-ай! Бәле үйірілді басымызға. Ол жерде жатыр. Менің жүрегім ауырып барады. Құдай атсын, біздің Генсек боқ-сідікке шыланып жатыр ғой. Меніңше ол дәрігер шақырғанымызды қалар еді...»

Никита Хрущев

«Барлық білімді дәрігерлер ГУЛАГ-та немесе өлген. Мәскеуде қалған барлық дәрігер – сауатсыз…»

Лазарь Каганович

«Енді еш уайымсыз демала бер менің қымбаттым! Әрі қарай мен өзім жалғастырамын»

Лаврентий Берия

«Молотовты тізімнен алып тастады. Берия біз күткеннен жылдам қимылдап жатыр. Бәрібір біз басымдыққа ие боламыз. Одақ үшін жаңару артық етпес еді. Реформа керек...»

 Никита Хрущев

Диалог:

Маленков: - Мен осы сиген кезде офицердің тұп-тура көзіне қарағанды жақсы көрем. Әсері керемет...

Берия: - Ал мен офицердің тұп-тура өзіне сигенді жақсы көрем. Оның әсері тіпті керемет.

«Оңбай қалғыр Хрущев. Мен өмір бойы жұрттың тілін кесіп жүрмін. Бірақ мына есалаңның аузын жаба алмай-ақ, қойдым. Бізге Мәскеудің қауіпсіздігін күшейту керек...»

Лаврентий Берия

 «Василий араққа сылқия тойып, сідігіне тұншығып жататын есалаң. Ал Светлана ес білетін адам...»

Лазарь Каганович

«Қазірден бастап кірісуіміз керек. Бәйге басталды, Кааганович. Бізге қамаудағыларды босатып, тұтқындауды тоқтатуымыз керек. Тіпті шіркеуді реформалауымыз қажет...»

Никита Хрущев

«Совет ұшақтары ешқашан құламайды. Сталин ешқашан қателеспейді»

«Өңкей малғұндар, менің әкем сендерді Сібірге айдап жібереді»

Василий Сталин, Сталиннің алқаш ұлы

«Шұғыл. Мәскеуді жабыңдар. Ешкімді қалаға кіргізбеңдер. Барлық пункттерге НКВД офицерлерін қойыңдар. Молотовты соңғы тізімнен алып тастаңдар. Енді жаңа тізіммен жұмыс жасаймыз. Ханымдар мен мырзалар! Жаңа дәуір басталды! Берия дәуірі басталды!»

Лаврентий Берия

«Светлана, қандай жағдай болса да мен сіздердің қауіпсіздіктеріңізге жауапты боламын. Сіздерді ешкімге тигізбеймін»

Никита Хрущев

«Ей, иттер! Менің әкемді не істемексіңдер?! Сендер оны өлтіресіңдер ғой. Билікті бөліспексіңдер ғой, иә?! Ал бөлісіңдер онда. Міне, алыңдар... Сендер оның миын ақтарып жатырсыңдар. Оны жайына қалдырыңдар»

Василий Сталин, Сталиннің алқаш ұлы

«Василий, айналамызда өңкей жыландар жүр...»

Светлана Сталина, Сталиннің қызы

«Көсем қазасынан кейін міндетті түрде траур болуы керек»

17 бап, 4 бөлім

«Міне, тағы кездестік. Сіз өте сабырлысыз. Құдды көктегі құсқа ұқсайсыз. Білесіз бе, желмен бірге теңселе билеген жапырақтайсыз. Бір кездері сіздің сыңғыр үніңіз бәрімізді елітіп әкетуші еді, Полина Молотова. Айтпақшы, айтуды ұмытып кетіппін. Сталин өлді. Иә, сізді осы күйге түсірген сол Сталин өлді...»

Лаврентий Берия

Диалог:

Хрущев: - Вячеслав, мен сені ертеңгі комитет отырысына шақыра келдім...

Молотов: - Ол не қылғын отырыс?.. Мен неге ол туралы естіген жоқпын?

Хрущев: - Молотов, Сталин мен Берия сені тізімге енгізді.

Молотов: - Сталин бе? Құдай-ай, мен оның сенімінен шықпасам керек қой…

Хрущев: - Сен әлі түсінбедің бе?.. Берия сені биліктен ығыстырғысы келеді. Мен товарищ Булганинмен сөйлестім. Біз басым дауысты жинауымызға болады.

Молотов: - Сталин мұндай сыбайластықты қолдамайды.

Хрущев: - Сайтан алғыр Сталин өлген. Мен оның ақтарылып жатқан ішек-қарнын көрдім. Сайтан алсын сені, біз іске көшуіміз керек...

Молотов: - Жо-жоқ. Сене алмаймын. Енді оның жоқ екеніне сене алмаймын...

Хрущев: - Тыңда бері, Берия Полинаны өлтірген адам. Сен не, өш алғың келмей ме?

Молотов: - Немене, партияға қарсы шық дейсің бе? Полина – қылмыскер. Мен оның тиісті жазасын алғанына қуаныштымын. Ол партияны сатып кетті...

Хрущев: - Ол партияны сатып, Сталинге қарсы жұмыс жасады. Ол қылмыскер.

«Қазадан кейін орынбасар адам Бас хатшының қызметін атқарушы болып тағайындалады»

18 бап, 3 бөлім

«Мен Совет одағының Бас хатшысымын. Мен халықтың алдында жақсы көрінуім керек»

Георгий Маленков

«Тұтқындауды тоқтатып, тіпті қамаудағыларды босатсақ қайтеді? Сталин статус кво-ның тұқымын тұздай етті. Иә, жаңасын ойлап тапты.  Оның жасаған өзгірісі халықтық болды ма, әлде радикалды ма? Либерализация – халықтық болады...»

Маленков-Берия

«Сталин құшақтап түскен қыздың суреті бар еді ғой. Бізге де сондай сурет керек. Сол арқылы біз «Сталин біздің жүрегімізде» дегенді жеткіземіз. Дереу сол қызды табыңдар!»

Георгий Маленков

Диалог:

Берия: - Мен депортацияға тоқтау салып, қамаудағыларды босату туралы ұсыныс айтамын. 31-бапқа сәйкес, 3 күн бұрын санкция салынған тізімдегілерді тұтқындауды доғарып, бұйрықтың күшін жоюды ұсынамын!

Каганович: - Бұл деген – Сталиннің соңғы тізімімен құйрық сүрткенмен бірдей ғой. Жо-жоқ.

Молотов: - Бұл революционерлік пиғыл...

Берия: - Тыңдаңдар, Сталин қателесті. Біз қателестік. Мен бұған жауаптыларды табамын. Олар тиісті жазасын алады...

Каганович: - Кімді алдамақсың, Лаврентий?.. Өзіңді-өзің бе? Біз бұл тізімге қол қоярда ақыры немен аяқталатынын білдік!

Маленков: - Сталин статус кво-ның көзін жойды. Жаңасын жасақтады. Ол – либерал болды. Радикал-лиерал болды.

Хрущев: - Бұл Берияның жұрт алдында ұпай жинау үшін жасап отырған тірлігі...

Маленков: - Сонымен тұтқындауды тоқтатуды кім қолдайды?

Молотов: - Мен әрдайым Сталинге адал болып келдім. Ол бұл тізімді жазды. Бірақ, Сталин ұжымдық билікке сенді ғой... Бірақ, ол біреудің ықпалына оңай беріле салмайтын. Ол өз дегенінде тұратын адам еді. Бәлкім, бізге сол жолды ұстанып, өзіміз сенген шындыққа арқа сүйегеніміз дұрыс шығар?.. Жоқ. Ұжымдық жетекшілікке бас изеп, ұжыммен шешім қабылдасақ дұрыс болады.

Маленков: - Дауыс береміз. Бір ауыздан қабылданды.

 

«Сталин сондай қортық адам екен ғой...»

Мария Вениаминовна Н.Хрущевтің ашынасы, пианиношы

«Мен өте көп өлім көрдім. Бірақ, бұл шын мәнінде ең үлкен қаза»

Георгий Жуков, Совет армиясының маршалы

«Сталиннің денесі үлкен залда үш күн жатады»

18 бап, 5 бөлім

«Өңшең басын бит басқан бейшара мақұлықтар! Әй, шетелдік қонақтар, сендердің көздеріңше ең үлкен қылмыс жасалып жатыр. Мыналар менің әкемнің миын ойып алып, Америкаға жіберді. Мына сатқандар, Нью Йорктегі сионистерге табынушы сатқындар солай істеді...»

Василий Сталин, Сталиннің алқаш ұлы

«Шіркеу қызметкерлерін мен шақырған жоқпын. Ол Құдайдың нақсүйерлерін мен шақырған жоқпын. Оларды шақырған Берия...»

«Жаңа ереже. Қалаға кіретін барлық пойыздардың жолын ашыңдар. Мәскеудің қақпасын ашыңдар. Олар да Көсеммен қоштасуға хақылы...»

 Никита Хрущев

«Мен Берлинді алғанмын. Мына боққарынға шамам жетпейді деп ойлайсың ба? Ол Қызыл Армияға менсіз бұйырық берді. Жазасын алады!»

Георгий Жуков, Совет армиясының маршалы

Лаврентий Берияның сот үкімі:

«Сіз өз мансабыңызды Совет одағына қарсы келісім жасау арқылы асыра пайдаланғаныңыз үшін; шетелдік басқарушылардың мүддесіне жұмыс істегеніңіз үшін; сондай-ақ кісі зорлау бабы бойынша 347 іске қатысыңыз болғаны үшін; сатқындық пен антисоветтік көзқарасыңыз үшін айыпталасыз! Сот сізді айыпты деп тауып, ату жазасына кеседі!»

Үкімді оқыған – Никита Хрущев

«Мен сені тарихта жерледім. Ей, шошқадай семірген, боққарын Берия, естисің бе?!»

Никита Хрущев

1953 жылы Лаврентий Берия өлгеннен кейін Орталық комитет бақылауды өз қолына алады. 1956 жылы Хрущев партияның өзге де мүшелерін биліктен біржолата ығыстырып шығарады. Олардың қатарында Маленков пен Молотов болды. Ақыры бар билікті өз қолына алады. 1964 жылы Хрущевты биліктен шеттеткен – Леонид Брежнев болды.

Түйін. Түйіндейтін түгі жоқ. Ақ орыс пен сары орыстан кейін «Сталиннің өлімін» Қазақстан да экранға жібермеді. Оның себебін өткен жолы түсіндірдік. Бұл жолы фильмнің диалогтарына шолу жасадық.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1472
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3248
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5434