Сәрсенбі, 30 Қазан 2024
Жаңалықтар 2841 0 пікір 21 Қаңтар, 2011 сағат 10:02

Бақтыбай Қыдырбайұлы. «Сәләфия» шырғалаңы – дін келешегіне төнген қауіп

«Сәләфия» сөзі «реформа», «жаңалану» деген сөздермен синоним ретінде қолданылып кеткен термин.

Қазіргі таңда қазақ жұртына мәзһаб мойындамайтын сәләфиттер деп аталатын ағым бар. Олар бұрынғы Ислам ғұламалары талқыға салып, ара жігін айқындап қойған көптеген діни қағидаларды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып жүр. Олар өздерін «сәләфтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Жалпы, сәләфтар дегеніміз кімдер? Өздерін сәләфиттерміз деп жүргендер шынымен сәләфтар ма?

«Сәләфия» сөзі «реформа», «жаңалану» деген сөздермен синоним ретінде қолданылып кеткен термин. Әрі бұл сөз Ислам дінінің алғашқы ғасырларында өмір сүрген ғұламалардың көзқарастарын білдіреді.

Соңғы кезде «сәләфия» атауы Жамал ад-Дин әл-Ауғаний (1839-1897) мен Мұхаммед Әдбу (1849-1905) негізін қалаған қозғалысқа таңылып, айтылып жүр. Бұл ағым негізін салушылардың негізгі мақсаты - дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша тіктеу, мұсылмандардың рухани, мәдени және саяси ұстанымдарын реформалау, батыс отарлаушыларына мәдени сіңіп кетуге қарсы тұру еді.

1930-шы жылдары араб мемлекеттерінде отарлаушыларға қарсы көтерілген халықтың басында осы қозғалыс өкілдері жүрді. Мысалы, Алжирде ибн Бадис француздардың өктем саясатына қарсы бел буып, Алжир ғұламалар ұйымын құрып, тәуелсіздік үшін күресте негізгі орынды иеленді.

«Сәләфия» сөзі «реформа», «жаңалану» деген сөздермен синоним ретінде қолданылып кеткен термин.

Қазіргі таңда қазақ жұртына мәзһаб мойындамайтын сәләфиттер деп аталатын ағым бар. Олар бұрынғы Ислам ғұламалары талқыға салып, ара жігін айқындап қойған көптеген діни қағидаларды бүгінгі қоғамда өзекті мәселеге айналдырып, діни сауаты төмен, қарапайым халықтың басын қатырып жүр. Олар өздерін «сәләфтардың жолын ұстаймыз, біздікі ғана дұрыс» дейді. Жалпы, сәләфтар дегеніміз кімдер? Өздерін сәләфиттерміз деп жүргендер шынымен сәләфтар ма?

«Сәләфия» сөзі «реформа», «жаңалану» деген сөздермен синоним ретінде қолданылып кеткен термин. Әрі бұл сөз Ислам дінінің алғашқы ғасырларында өмір сүрген ғұламалардың көзқарастарын білдіреді.

Соңғы кезде «сәләфия» атауы Жамал ад-Дин әл-Ауғаний (1839-1897) мен Мұхаммед Әдбу (1849-1905) негізін қалаған қозғалысқа таңылып, айтылып жүр. Бұл ағым негізін салушылардың негізгі мақсаты - дінді бұрынғылардың түсінігі бойынша тіктеу, мұсылмандардың рухани, мәдени және саяси ұстанымдарын реформалау, батыс отарлаушыларына мәдени сіңіп кетуге қарсы тұру еді.

1930-шы жылдары араб мемлекеттерінде отарлаушыларға қарсы көтерілген халықтың басында осы қозғалыс өкілдері жүрді. Мысалы, Алжирде ибн Бадис француздардың өктем саясатына қарсы бел буып, Алжир ғұламалар ұйымын құрып, тәуелсіздік үшін күресте негізгі орынды иеленді.

Кейін сәләфия қозғалысы мұсылман әлемінің бәріне дерлік еркін тарап, түрлі мемлекеттерде түрлі бағыттарда бой көрсете бастады.

«Сәләф» сөзі «бұрынғылар» деген мағынаны да білдіреді. Ислам дінінің алғашқы  үш ғасырына жататын ғұламалар тобы «сәләфтар» деп аталған. Олар - ең әуелі, пайғамбарымызды (с.ғ.с.) көзі көрген сахабалар, сахабаларды көзі көрген табиғиндер, табиғиндерді көзі көрген атбағут-табиғиндер. Ибн Хиббанның (р.а.) «сахих» жинағында риуаят етілген хадис шәріпте: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Адамдардың ең жақсысы - менің замандастарым. Мұнан кейін олардың соңындағылар, сонан соң олардан кейін келгендер», - деп айтқан», - делінген. Бұл хадисте Ислам діні даму сатысының ең биік шыңына жеткен үш ғасырға сілтеме бар.

Сахабалар - осы үш дәуірдегі ұрпақтың алғашқылары. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелерін кейінгі ұрпаққа қаз-қалпында жеткізген осылар. Алғашқы кездерде Ислам діні туралы білгісі келген адам оның (с.ғ.с.) көзін көрген сахабалардан сұрап білетін. Сахабаларды көрген табиғиндер, өз кезегінде табаға-табиғиндерге ұстаздық етті. Хадис-шәріп бойынша, ең жақсы, қайырлы дәуір (хойрул қурун) деп аталып өткен осы үш ғасыр ішінде өмір сүрген ғұламалардың діни наным-сенімдері, шариғи шешімдері мен ұстанымдары ең сенімді білім көзі болып саналады, әрі қай заманда болмасын олармен санасу керек.

Төрт мәзһабтың жетекші имамдары - имам Әбу Ханифа (80-150 һ.ж), имам Мәлік (94-179 һ.ж), имам Шафиғи (150-204 һ.ж) және имам Ахмад ибн Ханбал (164-241 һ.ж) (р.а.) Ислам дінінің алғашқы дәуірлерінде өмір сүрген. Сондықтан, төртеуін де «сәләф» имамдар дейміз. Содан бері бұл төрт мәзһаб пайғамбарымыз хазреті Мұхаммед (с.ғ.с) пен оның саңлақ сахабаларының ұстанымдарына негізделгендіктен, олар «әһлі әс-сүнна уәл-жамағат» жолы деп танылған.

Елімізге Ислам діні келгеніне мың екі жүз елу жылдай болыпты. Қазақ елі иманға бет бұрғаннан бастап мұсылманшылықты ханафи мәзһабы негізінде таныған, ғибадат, құлшылықтарын осы ханафи мәзһабымен атқарған, шариғат үкімдерін де осы мәзһабпен талқылап келген, яғни он екі ғасырдан бері біздің ел ханафи мәзһабын ұстанып келеді. Сондықтан, болса керек, еліміз мұсылмандары үшін ханафи мәзһабы - Ислам дінінің негізгі қайнар көзі. Өйткені, өзге үш мәзһаб секілді біздің мәзһабымыз да Құран мен сүннетке негізделген. Мәзһаб - Құран мен сүннеттердегі үкімдерден туындайтын жол. Мәзһабтың мақсаты - мұсылман баласына Құран және хадисті дұрыс түсіндіру. Бұл төрт мәзһабтағы айырмашылықтар - тек абзал және дұрыс деген сөзде ғана. Яғни, өзіміздің имам Ағзам мәзһабымыздағы діни шешімді абзал санаймыз, ал қалған үш мәзһабтағы үкімдерді дұрыс деп білеміз.

Әрбір ұлт осы төрт мәзһабтың біріне жұмылу, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы арқасында Ислам әлемі ғасырлар бойы өзара ынтымақ-бірлікте ғұмыр кешіп келеді. Жаңадан бір ағым пайда бола қалса, ғұламалар халықты одан сақтандырып, төрт мәзһабтың бірін ғана ұстауға халықты уағыздап келген. Құран түскелі 14 ғасырдан бері нендей үлкен мұсылман ғұламалары өтсе дағы, бәрі де бір мәзһабтың өкілі болды.

Әсіресе, қазіргі біздің заманда мәзһаб аса маңызды, өте қажет. Алмағайып шақта мәзһабішілік, мәзһабаралық ауыз-біршілік ауадай қымбат. Ал, алауыздыққа жол берсек, арам пиғылды жымысқы ағымдарға «оңай олжа» боларымыз анық. Осы жағдайды арыдан ойлаған көреген дінбасымыз Әбсаттар қажы Дербісәлі хазреттің  «бір  дін, бір мәзһаб» деген жан айқайына бей-жай қарамасақ еді.

Еліміздегі «сәләф» сөзін жекешелеп алғандар сәләф имамдарды, мәзһаб жетекшілерін әрі басқа да алғашқы үш ғасырда өткен ғұламаларды құрметтейміз, солардың жолымен жүреміз деп жатса да, «не үшін осы мәзһаб имамдарының бірінің жолын дұрыстап ұстанбайды?» деген сұрақ жамағат түгілі, өзімді де көп мазалайды.

Имам Шафиғидің: «Егер хадис сахих  болса, сол менің    мәзһабым»,   «Менің   сөзіме  қайшы  келген хадистің сахихтығы  мәлім болса, хадиске амал қылыңдар да, менің сөзімді тастаңдар», - деген сөзі бар. Мұны мәзһаб ұстанғысы келмейтіндер жиі қолданады. Мұндай мағыналы сөзді имамдардың төртеуі де айтқан. Дегенмен, сәләфиттер бұл сөздің мағынасын, қандай жағдайға байланысты айтылғанын түсінбейді де, мәзһаб жетекшілерінің осы сөздерімен жалпы мәзһаб ұстануды түкке тұрғысыз етуге тырысады.

Мұны мәзһаб ұстанған мәшһүр, мүжтаһид ғұлама имам Нәуәуи (631 һ.ж туған) (р.а.): «Бұл Имам Шафиғи немесе Әбу Ханифа солай дегенін естіп, бір сахих хадисті оқи сала, имам Шафиғидің немесе имам Әбу Ханифаның ғылыми тұжырымын, пәтуасын тастап, мәзһабын қажетсіз етіп, сахих хадиске амал қыла бер дегенді білдірмейді», - деп түсіндіреді.

Әуелі, бұл сөз қарапайым діни сауаты төмен адамдарға емес, білім сатысында үлкен дәрежелерді бағындырған ғұламаларға, ижтихад қылуға дәрежесі жеткен мүжтаһид ғалымдарға қатысты айтылғанын білуіміз тиіс. Бірақ, ғалым үшін де мәзһаб имамының пәтуасына, шешіміне амал етпей, хадиске амал ету үшін бір шарт бар. Бұл шарт - имам Шафиғи немесе имам Әбу Ханифа дәл сол хадисті немесе хадистің сахихтығын білмегендігіне көз жеткізуі, соған кәміл сенімді болуы керек. Ол үшін имам Шафиғи мен имам Әбу Ханифаның барлық кітаптарын оқып шығуы тиіс. Тіпті ол имамдардың шәкірттерінің кітаптарымен де танысуы қажет. Көріп тұрғаныңыздай, бұл бір қиын, мүшкіл шарт. Бұл шартқа екінің бірі жауап бере алмайтыны айдан анық.

Мұның шарт болуының себебі, төрт мәзһабтың жетекші имамдары өзі көзімен көрген, білген көп хадистерді оқи сала, оған амал жасап кете бермеген. Әрі анық-қанығына жеткен, сахих екені расталған кейбір хадистерді қабылдамауға мәжбүр де болған. Өйткені, ол бір-біріне қайшы келетін екі хадисті амалға асыру немесе амалға асырмау ерекшеліктерін дәлелдермен анықтаған («Иғлаус-Сунан» кітабы, 2-том, 225-бет).

Шейх Әбу Әмір: «Тіпті, кез келген терең білімді тәжірибелі ғалымға да хадистен өзі шығарып алған үкімге амал етіп кете беруге рұқсат берілмейді», - деп жазады («Иғлаус-Сунан» кітабы, 2-том, 225-бет).

Шайх Юсуф ибн Исмайл Набханий былай дейді: «Бұл сөз, тек имамдардың жолын ұстанған қасындағы өз шәкірттеріне (оның мәзһабын ұстанушыларға) қатысты айтылған. Олар діни білімді толық игерген құрметті имамдар. Өз мәзһабтарының ең күшті ғалымдары. Осы мәшһүр имамдардан кейінгі кезекте бұл сөз ғұламалардың жоғарғы тобына қатысты бола алады. Әрине, олардың баршасы пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадистерді толық жаттап алған хадистің хафиздары болса, барлық мәзһабтардың дәлел-дерін толық білсе ғана.

Мәзһаб имамдарының «Егер хадис сахих болса, сол менің мәзһабым» деген сөздері, міне, осындай ғалым адамдарға қатысты айтылған. Мұндай үлкен ғұламалар мәзһаб имамы қолданған хадис пен одан кейін анықталған басқа хадисті салыстыра алған. Тек осындай ғұламалар ғана қай хадистің сахихтау, күштілеу екенін, кейін келген қай хадис әуелгісін мансұқ ете алатынын анықтай білген. Көрініп тұрғанындай, бұл сөз Құран мен сүннетті жатқа білген, ғылымын игерген ғалымдардың ішіндегі терең қабілетімен ерекшеленетін, мәселелерді анық түсінетін ғалымдарға ғана тиісті».

Демек, жоғарыдағы әңгімелер мүжтаһид ғалымдардың, жоғары білімі бар ғұламалар арасында ғана айтылып, қолданылатын сөз. Ал, бүгінгі сәләфиттердің бұл әңгімелерді енді ғана намаз оқып, ораза ұстауды игере бастағандарға айтып, бастарын қатырып, оларды өз ағымдарына тартып, дінбұзар болып жүргені өкінішті.

Әрбір мәзһаб жетекшісі - мүжтаһид ғалым. Олар Құран мен сүннеттен жан-жақты ізденіп, қажетті үкімдер алу арқылы күнделікті құлшылық әрекетіміздің Ислам шариғатына сай болуын қамтамасыз ететін аса құнды ғылым, үлкен мұра қалдырды. Олардың зерттеу нәтижелерінен пайда болған пәтуаларды пайдаланушыны муқаллид, тақлид етуші дейді. Муқаллид мүжтаһид дәрежесіне жетпеген кісі. Біздер баршамыз муқаллид болып саналамыз. Сәләфисымақтар муқаллид сөзін «соқыр ілесуші» деп түсіндіріп жүр. Бұл жаңсақ  пікір.  Муқаллид болу үшін де білім қажет. Муқаллидтің еншісіндегі дүние - мүжтаһид ғұламаның пәтуасымен жүру. Қолыңнан келсе, мүжтаһид бол.

«Сәләфия» сөзін жекешелеп алғандар өздеріне пір тұтатын һижраның 661 жылы дүниеге келген ибн Тәймийя мен 691 жылы туған ибн Қайюм (мұны сәләфилер ашық айтпаса да, екі сөзінің бірінде сол имамдарды ауызға алады) имам Ағзам Әбу Ханифадан (р.а.) алты жүз жыл кейін өмір сүрген ғалымдар.  Яғни, оларды шын сәләфтар дәуірінен алты ғасырлық қашықтық ажыратып тұр.

Сөйте тұра, қазіргі сәләфиттер «сәләф ас-салих» болып табылатын төрт мәзһабқа да тоңмойындық танытады. Тәкаппарлық дертіне шалдыққан олар төрт мәзһабтың жетекші имамдарының «қателіктерін» тауып, түзеп қойғандай. Сонда мың жылдан астам уақыттан бергі мәзһаб ұстанып өткендер қателесіп жүргені ме? Төрт мәзһабтың жетекші имамда-рының қателіктерін осы 12 ғасырдың ішінде ешкім көрмей, білмей қалған ба? Бұл ақылға қонбайтын дүние емес пе? Мұны «Атың шықпаса, жер өрте» дегеннен басқаға жорымаймыз.

Еліміздегі мұсылмандардың ұйымшылдығы, ауызбіршілігі үшін қандай да бір діни мәселеде бас-басына би болу емес, жүгінетін орын - Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және діни басқарманың жергілікті жердегі өкілетті имамдары. Сондықтан, ешқандай да сәләфизмге және басқа діни «измдерге» Қазақстанда қажеттілік жоқ.

Қазір елімізде Алланың рақымы төгіліп, Елбасымыздың көреген саясатымен халық ынтымағы айрандай ұйып, ықылас, ниеті түзу заман орнап тұр. Сол арқылы Ислам діні Қазақстанда қарқынды даму үстінде. Мешітке келушілер мен намазға жығылушылар саны артуда. Алайда, жайнамазға табандары жаңадан тие бастаған сол бауырларымыз діни білімі шамалы болғандығына қарамай, бейәдеп әрекеттер көрсетіп жатады. Ондай қылықтардың көбін білместіктен деп санаймыз. Қазақстанның тәуелсіздігі баянды, ынтымағы жарасқан іргелі ел болуы - діні Ислам, мұсылман жұртымыздың ортақ мақсаты. Ал, осы елді ел қылатын, ырыс әкелетін, ынтымағымызды ұйытатын бірлікке керағар әрекет жасау - тым шектен шығушылық, әрі кешірілмес күнә.

Бақтыбай Қыдырбайұлы,
Астана қаласы «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің Бас имамы

«Ислам және өркениет» журналы , №2, 11-20 қаңтар, 2011 ж.

 

 

0 пікір