Мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап отырмыз
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы біздің қоғамға қозғау салып, санамызға тың серпін берді. Халқымыздың материалдық және рухани әлемі – атамекен, жер-су, әдебиет, өнер мен мәдениет саласын жандандыруда шамшырақ тәрізді қалың жұртшылықтың қызығушылығын, ерекше ықыласын тудырды. Елдік ұлы дәстүрді сақтай отырып, ұлттық модернизация жасау қоғамды дамыта, көркейте түсері даусыз. Ұлттық мұрат жолында жүзеге асыратын игі істердің бастауын Елбасы: «Замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – деп нақты айқындап берді.
Елбасы аталған бағыттардың ішінде Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын дәлдеп айтты. Мынау толассыз шиыршық атқан үдемелі-соқтықпалы жаһандану заманында біртекті қоғам орнату процесі басып кету қаупінен жекелеген ұлттар өзіндік бет-бедерін, елдік асыл қасиетін, рухани тектілігін сақтау арқылы ғана аман қаларына ешбір күмән болмауы тиіс. Мемлекет басшысы жаһандану үрдісінде көштен қалмай, өркениетті, мейлінше нығайып алған бөгделерге жұтылмай, жер бетінде бәсекеге қабілетті, білім-ғылымы дамыған, экономикасы тұрақты дербес халық болып өмір сүру үшін оң жағына өзгере білудің қажеттігін баса айтты.
Біз үшін Отанымыздың әр сүйем жері қасиетті болып саналады. Азуын айға білеген жыраулардың жалынды толғауларында, жаугершілік замандарда үріккен елдің басына түскен зауалда «Елім-айлаған» азалы жырларда, басына күн туып, ел іргесі сөгілген қаралы көштерде туған, кіндік кескен жерімен қоштасу өлеңдерінде, қазақтың қара өлеңінде және ақын-жазушылардың елдік рухты өлтірмейтін үздік туындыларында біздің киелі атамекеніміз әсем де терең суреттелген. Расында халық қартаймайды, қара жер қартаймайды. Халқымыз қашанда «Ел іші – алтын бесік» деп сүйініш білдірген. Ол үшін ұлттық мұратқа сай биік іс қылу керек. Арғы ата-бабаларының аруағын сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиетті, киелі деп санайды. Көшпелі өркениет топырақ пен судың қадірін біліп, жер түгін тоздырмау үшін көшіп-қонып отырған. Олардың туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа деген дүниетанымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем. Айнала қоршаған табиғатты тірі деп қабылдау, өз ұрпағын оған қиянат жасамауға тәрбиелеу қазақ халқының ырым мен тыйымдары туралы ұлттық түсінігінде тұнып тұр.
Малмен күнелткен бабаларымыз шаруашылығын табиғатпен үйлестіріп жүргізіп отырған. Осыдан барып туған жерге тағзым ету деген дәстүр қалыптасқан. Сонау бағзы заманнан ата-бабаларымыз киелі жерлерге тағзым етіп келді. Түркі, сақ дәуірлерінен жеткен аңыз-әфсаналар, тіпті тасқа қашап кеткен таңбалар да осы озық дәстүрді айғақтайды.
Елбасымыздың жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын халық санасына сіңірудің ерекше маңыздылығын нықтап айтуы заңды құбылыс. Ел мен Жер – рухани құндылықтардың арқауы. «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез- келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» дей отырып, Президент: «Жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек», – деп атап көрсетті.
Осыған байланысты Елбасы тапсырмасы негізінде, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен қазақ халқының тарихынан елеулі орын алатын Қазақстанның қасиетті орындарын анықтап, оның тізімін жасау қолға алынды. Ғылыми-сараптамалық кеңес ашылып, бұл іске бұрыннан бері осы сала бойынша жұмыс істеп, зерттеумен айналысып жүрген ғалымдар, тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар тартылып, ғылыми жүйе құрылды. Зерттеушілер басшылыққа алатын нұсқаулықтар жасалып, ол барлық өңірлерге жолданды. Мұндағы мақсат – еліміздегі қасиетті тарихи орындарды анықтап, оларды ұлттық ұстаным деңгейіне көтеру.
Қазақ халқының ұлттық санасының ерекшелігі – туып-өскен жері, өнген ортасын кие тұтып, оның қадір-қасиетін бағалауымен құнды. Аталарымыз «туған жер – тұғырың, туған ел – қыдырың» деп бекер айтпаған. Туған жер мен елдің халық санасына сіңген рухани құндылығының ұлттың қалыптасуында, дамуында айрықша рөлі бар. Елбасы тапсырған дүниелер бұған дейін қасиетті нысан ретінде ғылыми сарапталып, жүйеленбеген-тін. Біз осы шаруаны реттеп, жалпыхалықтық құндылық ретінде қарастыруды қолға алып жатырмыз. Бұл жұмыстың рухани маңызына тоқталар болсақ, біріншіден, киелі, қасиетті нысандар біздің ұлтты рухани жұтаңдықтан сақтайтын символдық қалқанымыз және ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы деп түсінген дұрыс.
«Қазақстанның қасиетті орындары» ретінде ерекше қастерленетін табиғи-мәдени мұра, зайырлы және діни сәулет ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұғынылады. Сонымен қатар, Қазақстанның әлеуметтік-саяси өмірінде маңызды орын алатын, ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретінде көрінетін нысандар кірді.
Сараптамалық кеңестің шешімімен қасиетті орындар жалпыұлттық деңгейлі және жергілікті маңызы бар қасиетті нысандар болып бөлінді. Қазіргі кезде жалпыұлттық деңгейлі 186 нысан мен кешендер тізімге енді.
Еліміздегі барлық қасиетті нысандар бес топқа жіктелді:
- Ерекше бағаланатын табиғи мұра ескерткіштері. Ел аузында киелі аталып кеткен, кейбіреуі қазірдің өзінде мемлекет қарауында тұрған табиғат құбылыстарының нәтижесінде пайда болған орындар.
- Археологиялық ескерткіштер және орта ғасырлық қалалық орталықтар. Бұл топқа қалашықтар, бекіністер, петроглифтер, қорымдар, халқымыздың қалыптасуында ерекше рөл атқарған, Қазақ мемлекетінің, Ұлы Жібек жолының құрылуына ұйытқы болған орта ғасырлық қалалар кіреді.
- Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындар. Бұндай қасиетті орындарды әулие феноменімен байланыстыруға болады. Түркі кезеңіне дейінгі дәуірдегі аттары аңызға айналған, көне түркі дәуірі және ортағасырлардағы, сонымен бірге, XІX ғасырдың аяғы – XX ғасырдың басына дейінгі тарихи тұлғаларды қамтиды.
- Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Қазақстан тарихында елеулі орын алатын, бүкіл өмірін қазақ елінің бостандығы мен егемендігіне арнап, үш жүздің батыр-билерін жиып, елдік маңызды мәселелерді шешкен хандар, қазақ хандығының тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың батырлары, ұлт-азаттық қозғалысының жетекшілері, қолбасшылар, ғылым мен білімге, мәдениетке үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақындар, ғалымдар, ағартушылар туралы мәні зор орындар алынып отыр.
- Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар. Қазақ даласында қазақ халқының бірлігі үшін болған шайқастарды, ерлікті, батырлықты, қайсарлықты насихаттайтын, елдің бірлігін білдіретін ескерткіштер мен ел жадында өшпес із қалдырған қасіретті орындар мен қоғамның, мемлекеттің тарихында ерекше орны бар мемлекетіміздің жаңа нышандары еніп отыр.
Осылайша, қасиетті жерлер мен нысандарды анықтап, өңірлерде жүргізіліп жатқан ғылыми-сараптамалық жұмыстардың бағыт-бағдарын, дәйектемесін жасау жұмыстары алға қойылды. Территориялық жағынан әлемдегі ондыққа енген жас мемлекет болған соң бағзы бабалардан мұраға қалған ел мен жерді көздің қарашығындай мұқият сақтау – ұрпақтық асыл парызымыз. Бүгінгі жаңа заман ұрпағы, туған жер, елін сүйер жас буынды ұлтжандылыққа, елжандылыққа тәрбиелеу, туған өлке тарихын, табиғатын танытуды мұнаралы мұратымыз деп санадық.
Халқымыздың сан жылдық тарих қойнауынан атадан балаға, ғасырдан ғасырға мұра болып жеткен өшпес асыл қазынасы: әдет-ғұрпы, салт-дәстүрлері, мәдениеті рухани құндылығымыз, баға жетпес асыл қазынамыз болып табылады. Ата-бабаларының дәстүрін сыйлап, шежірелік деректерді шын қастер тұтатын рухы биік біздің халқымыз әрбір тау-тасын, жазық даласын, үңгірін, өзен-көлін қасиетті, киелі санайды. Туған жерге, жаратылыс құбылыстарына, табиғатқа деген дүниетанымдық көзқарасы, ықыласы таңғажайып көркем. Айнала қоршаған табиғатты тірі деп қабылдау, өз ұрпағын оған қиянат жасамауға тәрбиелеу қазақ халқының ырым мен тыйымдары туралы түсінігінде тұнып тұр.
Ұлттық байырғы құндылықтарымызды осы киелі нысандар арқылы қайта түлету, нақтырақ айтқанда, рухты жаңғыртып, халықты рухтандыратын жоба бұл. Мысалы, қазақ батырларын алайық, бұлардың ерлік істері ұлт рухын жаңғыртудың бірден-бір тетігі. Өйткені, біздің бүгінгі таңда жоғалтып отырғанымыздың өзі осы батырлық. Оның орнына қауымды көнбістік, жалтақтық, бодандық сана-сезім дендеп барады. Осыған қарсы шипа – батырлық рух.
Бұл жобаның қоғамға елшілдік, мемлекетшілдік көзқарасты қалыптастыратын дүние – қазақ тарихындағы хандар мен билердің рөлі болса, жастарды азаттық үшін күрес жолына тәрбиелейтін дүние – ұлт-азаттық күрескерлердің әрекеті. Қазіргі таңда қазақ қоғамына біздің дәстүрімізді жоққа шығаратын түсініктер еніп кетіп жатыр. Әсіресе ислам атын жамылып халық арасын іріту үрдісі белең алуда. Екіншіден, қазіргі жастар өзінің тарихын тек әлеуметтік желіде таратылған жеңіл-желпі ақпар арқылы танып, білуде. Бұдан нені аңғарамыз? Күн өткен сайын жастардың тарихи санасына тұсау салатын қауіп күшейіп келеді. Осыған қалқан болатын дүние – жоғарыдағы жоба болуы тиіс. Яғни болашақ ұрпақ жалпыұлттық қасиетті нысандарды тану арқылы ұлттық бірегейлікті ұғынып, қазақ халқының сонау тас дәуірінен бері бір ел, бір халық ретінде қалыптасқан ел екенін санасына сіңіре алады. Осы арқылы тұтас тарихи сана қалыптасады.
«Қасиетті Қазақстан» жобасы 2017—2021 жылдарды қамтып отыр. Осы аралықта әр жыл сайын бір-бір томнан барлығы бес томдық үлкен еңбек «Қазақстанның қасиетті жерлерінің энциклопедиясы» жасалуы тиіс. Аталмыш жобаның тағы бір тиімді тұсы – ішкі рухани-туризмді дамытуға зор үлес қосады деп күтілуде. Яғни бұл туризмнің ерекшелігі – адамдар табиғатты тамашалап, ел-жер көріп, көңіл көтеру емес, тәлімдік-тәрбиелік мәні, әрі туған жер тарихымен танысуына бағытталуымен құнды болмақ. Сонымен қатар, орта мектеп оқушыларына арналған оқулықтар, фильмдер, роликтер, туризм және интерактивтік карта жасау жоспарда бар.
Тізімге алынған қасиетті нысандардың мәртебесі жайлы айтар болсақ, Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан Мәдени және тарихи ескерткіштерді қорғау туралы заңға өзгерістер енгізу жайы қарастырылуда. Яғни мемлекеттік тұрғыдан қорғалуға тиіс нысандар қатарына «Қасиетті нысандар» дейтін бап енгізілу қажеттігі туындап отыр. Заң қабылданған соң ондағы талап бойынша іріктелген нысандарды мемлекеттік тіркеуге қойып, қорғауға алу жайы нақтыланады. Яғни қасиетті саналып, заңмен қорғалған нысандардың әрбіріне паспорт жасалады. Ол үшін нысанның тарихы, аңызы, әфсанасы, уақыты, ғасыры, әлеуметтік сипаты, тағы басқасы жан-жақты зерттеледі.
Берік Әбдіғалиұлы, саясаттанушы
Дереккөзі: Алматы ақшамы гәзеті
Abai.kz