Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 8510 6 пікір 4 Сәуір, 2018 сағат 15:24

 Қапалдың татарлары

 

Мұхамеджан Тынышбаев: «Қапал өңірін Тәнеке батыр 1835 жылы басып алды», - деп жазғаны шындық. Сөйтіп, Матай елі шығыстағы Сыртқы Аякөз округіне қарасты Қапал өңіріне келіп қоныс тепкен. Қапалдың маңайын негізінен Қаптағай-Қыдыралы елі жайлаған. 1840 - 1850 жылдар аралығында Қапал өңіріне патша әскерінің 25 жылдық қызметінен қашқан татарлар келіп жайғасқан. Солардың бірі Уфа губерниясы, Қаракүшік ауылы, Белеебеев кантонының татары Мухамадьяров Мухамадджан. Фамилиясы мен есімін Мухамедиев Мұхамеджан деп өзгерткен. Мұхамеджанды әскери бастық ауыр сөздермен тілдейді. Мұхамеджан оны шапалақпен бір тартқаны үшін Сібірге айдалады. Мұхамеджан Ақ өзенінен жүзіп өтіп, қазақ еліне қашып, Қапал өңіріне жетіп тұрақтаған. Ол жайында 1926 жылы Зия Камали мен Ризой Фахрутдинов Уфа қаласында шыққан «Ислам» журналынан алып, оның ұлының сұранысына көшірмесін жіберіпті. «Ыстық көл сапарлары» естелігінде (5 томдық, Алматы, 1961 жыл, 284 бет) Шоқан Уәлиханов: «Мухамедиев Мұхамеджан – Жетісудағы Тәнеке батыр ауылының тұрғылықты тұрғыны. Найман-Қыдыралы елінің молдасы. Қосымша балаларды да оқытады», - деп жазған. Сөйтіп, Мұхамеджан Қыдыралы елінің имам-молдасы және Досетұлы Тәнеке (1807-1884 ж.ж.) батырдың қарамағында екені анықталды.

Жетісулық өлкетанушы Андрей Березин: «Ақсу ауданы, Қапал мекенінде ақ патшаның № 10-шы орыс-казак Сібір полкінің бұрынғы емханасы орныққан. Полк командирі С.М.Абакумов. Емханада 1857 жылы Шоқан Уәлиханов өзінің денсаулығын түзеткен. Емделіп болған соң, сол емхананың ауласына «жөке (вяз)» ағашын отырғызған. Ол әлі жайқалып өсіп тұр», - деп жазады.  Емхана ғимаратында қазір Ақын Сара мемориалдық музейі орналасқан. Шоқан Уәлиханов отырғызған ағашты біреу отамай, әлі өсіп тұрса жақсылық қой. Жөке (вяз) ағашы сан түрлі әмбе 400 жыл ғұмырлы болады екен.

Жөке (вяз) ағашы мен Шоқан ем алған емхана

 Мұхамеджан Хуснитдин есімді татардың қызына үйленіпті. Хуснитдиннің әйелі – Хадиша. Нәсілі қазақ екен. Қапалда татар мен қазақтар осылай құдандалы, араласып та кетіпті.

Мұхамеджан жазба жазудан озық болыпты. Жаза білмейтіндерге хат жазып беріп, табыс тауыпты. Екі қызына әріп пен жазуды өзі үйретіпті.

Мұхамеджанның үлкен ұлы Хаджиахмад (Қожахмет) - 1862 жылы, Қапалда туған. Қапалда сол кезде екі мешіт болып, мешіт ішінде балаларды оқытатын медреселер де болыпты. Хаджиахмет Қапалдағы мешіт-медреседен бастапқы білім алыпты.

Қапал Үлкен Орда (Ұлы жүз) бекінісі болып 1847 жылы салынған. Бастаған С.М.Абакумов. Орнын көрсеткен Досетұлы Тәнеке батыр. «Городъ Копалъ съ его округомъ», 1862 г, Санкт-Петербург, 280 бет, зерттеу еңбегінде  этнограф, зерттеуші Н.А.Абрамов: «Батыс Сібір генерал-губернаторы князь П.Д.Горчаковтың тырысуымен Қапал бекінісі орнаған. Атауы «Қопалы шатқалы» дегеннен алынған», - деп жазған.

Қапал                                                            Князь П.Д.Горчаков  

Күреңбел жайлауынан немесе жазығынан, яғни бұрынғы Жөке (Жике) алқабынан,  Қапалдағы доктор Грацинскийге ем алып, қаралуға қазақтар жиі барып тұрыпты. Сонымен Қапалда қазақтарды алғаш емдеген доктор Грацинский деген болды.

****

Қапалда 1875-1877 жылдарда уезд басшысы Набокин қазақ және орыс тілінде оқытатын «Туземная школа» ашады. Оған Түркістан генерал-губернаторствосының барлық түкпірінен оқушылар қабылданады. «Туземная школада» сабақты өткізу екі кезеңнен тұрады. Екі сағат сабақ орыс тілінде: жазу, оқу, есеп өткізілсе, одан кейін молдалар шариғат дәрістерін оқыпты.

«Туземная школада»» Хаджиахмет төрт жыл оқып, білім алады. Одан әкесі Мұхамеджан баласы Хаджиахметті Абай Құнанбаев оқыған Семейдегі Ахмад Мырза медіресесіне оқуға жібереді. Онда екі жыл оқыған ұлын Мұхамеджан шақыртып алып, ары қарата оқыттырмай, Қапалдағы бастапқы медресеге мұғалім қылып орналастырмақ болады.

Қапалдағы «Туземная школа» орныққан ғимарат

Әкесінің әрекетіне Хаджиахмет көнбей, Қазан қаласына тайып тұрады. Баласына әкесі: «Менен көмек күтпе!» - деп кіжініпті.

Хаджиахмет Қазанда Апанаев медресесіне оқуға алынады. Қайтыс болғандарға құран оқып, сұрағандарға хат жазып беріп, күн көріс қамын қылады. Әкесінің қаһарымен артынан көмек келмепті. Тек, Досетұлы Тәнеке батыр қайтыс болар алдында: «Хаджиахмедке 25 сом қаржы жіберіңдер», - деп айтқаны орындалып, сол қомақты сомманың көмегі молынан тиіпті. Өйткені, Қазанда еттің фуды үш тиын, картошка мен жеміс-жидектің килосы бір тиын болған кез екен.

«Төменгі жақ» мешіті 

Қазіргі мешіт

Хаджиахмет Қазандағы медресені ойдағыдай бітіріп, Қапалға оралады. Ол кезде Қапалда «Жоғарғы жақ» және «Төменгі жақ» деген екі мешіт болыпты. «Жоғарғы жақ» мешітінің имамы Сайд молда Тайыпов деген Зәкір қаридың әкесі екен. Зәкір қари әкесінің қасында халиф қызметін атқарыпты. Зәкір қаридың әйелі Мұхамеджанның әпкесі екен. Зәкір қари ғұлама молда, балдама, жұлдызнама ашатын балгер де болыпты.  «Төменгі жақ» мешіт имамы Хаджиахметтің әкесі Мұхамеджан екен. Бұл екі мешіттің ішінде балаларды оқытатын медреселер болыпты. Хаджиахмет балаларды оқытуға кіріседі. Бара әкесінің орнын басады. Қапалда тағы бір мешіт тұрғызылып, «Сарттар мешіті» деп аталады. Имамы татар нәсілі болғанымен, мешітке баратындар саудагер сарттар (өзбек, ұйғырлар) болғандықтан солай аталыпты. Қапал маңайындағы қазақтар көбіне «Төменгі жақ» мешітке барыпты.

Хаджиахмет 1885 жылы Қапалдың ең ірі меценат байларының бірі, саудагер купец-приказчик Абсалям Мухсиновтың қызы Магинұрға үйленеді. Қапал тұрғыны Абсалям Мухсинов Петербург, Мәскеумен қатынасы жақсы болып, ең қымбат әшекей бұйымдарды ылғи содан әкепті. Бәдігүл ханымнан туған Абсалямның ұлы Хусайын отыз жыл банк басқармасының мүшесі болған. Мухсиновтардың үйінен Ташкент, Семей мен Қызылжардың белді адамдары үзілмепті. Хаджиахметтің әйелі Магинұрдың туысы Галиакпар Мулюков туралы Шоқан Уәлихановтың «Күндізгі журнал.1955 жыл» мұрағат жазбасында: «Абсалямның қазынасы мол. Тамыз айының төртінде Абсалям саудагер-приказчиктің атынан өз капиталымен Галиакпар мен Наджмиддин сауда жасауда. Галиакпар Абсалямның күйеу баласы. Қазына байлығы баршылық. Ол Қапалды жайлаған татарлардың алғашқыларының бірі. Меккеде Галиакпар Мулюковтың қаражатымен «Керуен-сарайы» салынған. Оның төрт: Сұлтан, Сыдық, Лұқпан, Хаким есімді ұлы бар», - деп жазған. Наджмиддин Бекболатов 1890 жылы 11 жасар ұлы Сүлейменді ертіп, Меккеге қажылыққа да барыпты.

Хаджиахмет 1888 жылы Валиахмад (Вали), ал 1890 жылы Нұрахмад (Нұри) есімді екі ұлды болады. Ұлдары 8 бен 10 жасқа толғандарында Жаркенттегі жадид мектебіне апарып, оқуға береді. Екі жылдан соң Қазанға оқуға апармақ болады. Бірақ, Жаркенттегі балаларды оқытқан мұғалім Сейжақ деген екеуін Стамбулға апаруды әкесінен өтініпті.

Семейдің көпес миллионері Мусин мен Мұхамедғали Мухтисиновтың қаражат көмегімен Вали мен Нұри 1900 жылы Стамбулға оқуға барады. Стамбулда бұларға ағартушы Ахмет-Митхат паша кез болып, көмегін тигізеді. Емтиханды «үшке» тапсырса да, екеуі де «Игдадия» медресесіне оқуға түседі. Вали 12, Нұри 10 жаста екен. Әкесі Стамбулдан ары Меккеге қажылық жасап барады. Жыл сайын әкесі балаларына 300 сом ақша жіберіп тұрады. Балалары Стамбулда оқып жүргендерінде Хаджиахмед 1902 жылы арттарынан барып, одан Меккеге тағы қажылық жасайды. Бұл жолғы қаражатты Бүйен–Қоянды болысының қазағы, 71 жастағы Былшық Еділов беріп, өзі де қоса Меккеге қажылық етіпті.

Меккеге бару Қапал уезі адамдарына оңай тимеген. Қапалдан Аякөзге, одан Семейге, одан Омбыға, одан Орынборға, одан Феодосияға, одан Стамбулға, одан Меккеге, содан соң түйемен Мединаға барған. Онымен қоймай ортақ тіл білмесең, азаптың соры сол болған.

Қаукен бәйбіше 1920 жылы Қожахметке (Хаджиахметке) сәлем бере Қапалға барады. Қаукен Маманның ұлы Тұрысбектің бәйбішесі. 1902 жылы күйеуіне еріп, Қожахметпен бірлесіп, Меккеге қажылыққа барған. Қожахметке сәлем бере келген Қаукен бәйбіше алдымен әйелдермен амандасып, сосоң түпкі бөлмедегі Қожахметке кіріп амандасады. Екеуі Арабия еліне, Меккеге қалай сапар шеккендері жайында көп әңгімелесіп, естеріне алады. Қожахмет түйелермен құмнан қалай өткендері туралы есінен кетірмепті. Ішер сусын тапшылығын көргендерін естеріне түсіреді. Қаукен бәйбіше үнемі сусыны бар торсықты ылғал киізбен қаптап ұстапты. Шөліркегендерінде сол торсықтағы сусын себезгі болыпты. Қожахмет иығынан үнемі үлкен орамалды тастамапты. Шай ішкен кесесін ұдайы сол орамалдың бір шетімен ешкімге сездірмей,  тазартып қояды екен. Содан сапарластары оны қасиетті санапты. Өйткені, «шай ішкен кесесі еш қараймай, таза тұрады» десіпті. Олар сол сапарларында Бейрутті де көруге бармақшы екен. Бірақ, карантиннен баруға рұқсат етілмепті.

****

Қапалда 1905 жылы ер балаларға арналған жаңа әдістегі мектеп ашылады. Ондай мектепті ашуға ұсыныс еткендер Қапалдағы екі мешіттің имамдары Зәкір қари Тайыпов пен Хаджиахмад (Қожахмет) Мухамедиев (1862—1931 ж.ж.) екен. Жадидше оқылатын алты сыныптық жаңа мектепке мұғалімдерді арнайы Қазан, Орынбор, Уфадан алдыртыпты. Жадид – арабша «жаңа» деген мағына береді. Жадидтің тағы бір түсінігі татар тілінде «мұғалім» дегендік.

Сонда келген мұғалімдердің екеуі Қапал-Ақсу өңіріне түбегейлі орнығып қалған. Олар - Қазан қаласынан келген Тахауи Тойбахтин мен Орынбор қаласынан келген Фатих Садықов. Екеуінің Қапал мен Ақсу өңірі қазақтарына ағарту саласында сіңірген еңбектері ұланғайыр.

Жаңа мектеп көптен түскен зекет қаражатымен де сақталған. Әмбе бай меценаттар да ақшалай қаржыларының ¼ бөлігін аямапты. Жаңа мектептің есеп-қисабын Хаджиахмад жүргізіпті. Жаңа мектепке Қапалдың ең бай көпесі Шаяхмет Абсаттаров 2 (екі) мың сом қаржы, орташа көпестер саналған Кайыпов, Бегишев, Кубасовтардың әр қайсысы 500 сомнан ақша беріпті. Шаяхмет Абсаттаров әрбір ораза мен құрман айт сайын 100 сомды «мүсәпір жандарға» деп ақшалай тараттырып отырыпты.

Вали мен Нұри Стамбулдағы оқуларын тамамдап Қапалға оралады. Вали Самарқанда бір жыл әскери қызметте болады. Одан Стамбулдағы «Гусмания» университетінің математика факультетіне оқуға түседі. Нұри орысша үйренбекке Мәскеуге кетіп, Мәскеу университетіне оқуға түспек болады. Бірақ өтпей, Мұғалімдер интитутының тарих факультетіне оқуға алынады. Оны тамамдап, Қапалға оралып, жаңа мектепте сабақ береді. Нұри жаңа мектепте дәріс берген кездерінде Қапалдың халқы жиналып келіп, айтқандарына қызығып, тыңдап отырыпты.

Жаңа мектептің ең алғашқы бітірген алты түлектері көпес Шаяхмет Абсаттаровтың қаражат көмегімен жоғарғы Қазан, Орынбор, Уфа медреселерінде оқиды. Олардың оқулары біткенінше Шаяхмет Абсаттаров пен Қадыр Кубасов қажетінше қаржыландырып тұрыпты. Алтаудың тағдыры әртүрлі болған сынайлы. Жеткені үшеуінікі ғана. Нигматулла Мұртазин студенттер ереуіліне қатысқаны үшін айыпталып, Қапалға оралмаған. Ғибадулла Мұртазин 1914 жылы Германия соғысына қатысып, «тұтқынға (пленге)» түсіп, одан Финляндияда қалып, сонда мұғалімдік қызмет істепті. Үшіншісі – 1892 жылы Қапалда туған, жетім өскен бала Ғабидулла Хамитов «Ғалия» медресесін жақсы тамамдап, елге оралып, Талдықорғанда мұғалімдік қызмет атқарады. Өнерлі болып, әсем дауысымен өлеңдерді шебер орындапты. 1937 жылы татар халқының «Қара орман» деген азаттық туралы өлеңін орындағаны үшін біреулер үстінен жеткізіп, РСФСР заңының 58-10, 58-11 бабтарымен, 22 тамыз, 1937 жылы он жылға сотталады. Одан 1947 жылы қайта ұсталып, Қыр Сібірдегі Красноярск өлкесіне бес жылға айдалады. Одан да аман-есен оралып, 90 (тоқсан) жас ғұмыр сүріп, өз ажалымен өмірден өтіпті.

****

1905 жылғы Петербургтегі Революция көтерілісінің екпіні Қапалға да жетеді. Қапалда үлкен митинг өтеді. Онда жаңа жадид мектебінің мұғалімдері ортаға шығып, революция туралы түсінік беріп, көпке көтерілісті қолдауды ұсынады. Жадид жаңа мектебінің мұғалімдері Нұрахмад Хаджиахмадов, Ғабидулла Сарқұловтар революцияны қолдап, жиынның бастамашылары болады. Жаңа мектептің оқушылары, мұғалімдері және жиынға жиналғандар бірігіп «Хуррият (Бостандық)» өлеңін орындапты.

Капалда 1912 жылы қыз балаларға арналған жаңа әдісті мектеп ашылады. Жаңа мектепке мұғалімдерді атағы кең жайылған Ижбубин мектебінен алдыртыпты. Жаңа мектепте: жазу, оқу, иманшарт, әптиек, мухамадиямен қатар өлкеге танылмаған шығармаларды жатқа айту оқытылыпты.

****

1906 жылы Фатих Садыков Қапалдағы атақты бай, мал саудагері, көпес Енгалычевтың қызына үйленеді. Сол жылы Фатих Садыков Орынборға барған сапарынан сүт тартатын сеператор сатып әкепті. Сол жылдан бастап Қапалда ең алғашқы сүт тарттыру бастау алыпты.

Хаджиахмад пен Нұри Мәскеуден Мусин көпестің сенімді саудагер адамы арқылы май орайтын пергамен қағаздары мен мөр жасаттырып әкеп, май мен сүт өнімін өндіріп, сата бастапты. Қағаз сыртына: «Қапал. Мухамедиевтер өндірген сүт өнімдері», - деп жаздырыпты.

1914 жылы империалистік соғыс басталғанында Қапалда қуғын-сүргінмен келген немістер пайда болады. Мухамедиевтер шаруашылығы оларды дереу сүттен ірімшік пен сыр өнімін шығару ісіне пайдаланады. Олар сырдың әр сортты небір түрлерін шығарады. Сөйтіп, Мухамедиевтер шаруашылығы кеңейіп, өресі артыпты.

****

Вали 1909 жылы Стамбулдағы университетті тамадап елге оралады. Бір жыл Қапалдағы мектепте жұмыс істеп, одан 1910 жылы Орынбордағы «Хусайыния», сосоң Уфадағы «Ғалия» медіресесінде қызмет істейді. Валидың ең жақын достары татар халқының белгілі азаматтары Маджит Ғафури, Ғалимджан Ибрагимов, тарихшы Заки Валиди болыпты.

1913 жылы Вали ағасының артынан Уфадағы «Ғалия» медресесіне тарих пәнінен сабақ беруге кетеді. Ол татар халқының белді адамы Сәлімгерей Жантуринмен достасып, жақсы қатынастар орнатады. Сәлімгерей ақ патша орыс князьдары қатарына жатып, небір дворяндармен араласыпты. Сол ортаға Нұриді де тартыпты.

****

Қапалда 1910 жылдан бастап орыс киім үлгілері «мода» бола бастапты. Қала халқы орысша киім үлгісін киюге құлшыныпты. Қапал қалалық офицерлер клубында жиі шарықты кештер өтіп тұрыпты. Сондай бір кештерде татар халқының танымал ақыны Зариф Башири Уфадан келіп, кездесу өткізеді. Шығарған өлеңдерін оқып, жиналғандарды тамсандырады. Сол кеште Зариф Башари: «Жасасын Шаяхмет Абсаттаров! Жасасын Қадыр Кубасов! Мектепке көп көмек жасап, қаржыландыратын!» - деп ұрандайды. «Осы мектепті ашуды ұсынған Хаджиахмад қазірет пен Зәкір қари жасасын!» - деп рахметін білдіреді. Жазушы, ақын, журналист, педагог Зариф Башари 1915-1917 жылдарда Қапал жаңа жадид мектебінде мұғалімдік қызмет те істепті.

Хаджиахмад имам үшінші рет қажылыққа көпес Сыйдық Сұқсыровтың қаражатымен барып, кіші ұлы Федаахмадты Мединаның діни училищесіне апарып орналастырып, өзі Қапалға аман-есен оралыпты.

****

Октябрь революциясынан кейін 1918 жылы Вали мен Нұри қазақ жеріне оралып, Вали Верныйдағы Гаспринский мектебіне, Нұри Верныйдағы уақытша өкімет басқармасының облыстық комиссары болып қызметке тұрады.  Вали 1918 жылы демалыс алып, Қапалға келеді. Нұри телеграмма жіберіп, Валидың Верныйға оралуы қауіпті екенін ескертеді. Сол жылы қызылдар еш теперішсіз Украиндықтар тұратын Гавриловканы (Талдықорған) алады. Келесі кезек Қапал болады. Қызылдар Қапал гарнизонына «қару-жарақты ерікті тапсырыңдар» деген ұсыныс жасайды. Қаруды Қапал мен Гавриловка аралығында қабылдап алу ұйғарылады. Бірақ, олай жасауға қапалдықтардан ешкімнің батылы жетпепті.

Меккедегі оқуын тастап, елге оралған Федахмад 1914 жылы империялық соғыста болып, полктың писары қызметін атқарады. Шен де иеленеді. Қызылдар Гавриловканы алғаннан кейін, бір күннен соң Қапалды басып алады. Қызылдар Гавриловка мен Қапал аралығындағы орыс-казактардың барлығының мекен жайын өртке орап, қыздарын әкетіп, қарсылық жасағандарды дереу атады. Қапалда қызыл армия ойына келгенін жасап тайраңдаған. Қапалға кірген бетте Кузнецов деген ветврачты атып өлтіреді. Мұғалім Суханов пен шіркеудің басшысы Дмитриевский де Кузнецовтың кебін киеді. Дмитриевскийді алты рет атып зорға жан тәсілім етеді. Шіркеудің қызметкерлері Игнатьев пен Котловты, он баласы бар Қапал қаласының азаматы Рохинді де атып тастайды. Қызылдар Федахмадты Қапалдың комиссары және милиция бастығы етіп тағайындайды. Комиссар Федахмадтың арқасында екі аталас қарындастары аман-есен Гавриловкаға жіберіледі. Қапалға екеуі қызыл армия Лепсіге бет алғанда ғана қайтады. Лепсіден кейін қызылдар Қапалға қайта соғады. Қызылдармен атыса жүріп, Қапал тұрғындарының бәрі жан-жаққа бытырап қашады. Қазақтардың көбісі Қытайға асады. Федахмад Семейге тартады. Бара Қапалды ақтар басады. Қапал үшін екі жыл үрдісті соғыс жүреді. Біресе ақтар, біресе қызылдар алады. Ақыры Қапалдағы байлардың бәрі Қытайдағы Кұлжаға асып тынады.

Хаджиахмед пен Нұри қазақ байларымен бірге 1918 жылы Құлжаға кетеді. Алматыдағы Нұрмұхамед Құлжаға 1919 жылы барады. 1920 жылы Вали де Құлжаға кетіп, 1921 жылы сүзектен Қытайда қайтыс болады. 1922 жылы Хаджиахмад, Нұри, Нұрмұхамед Қытайдан қазақ жеріне қайта оралады. 1930 -1932 жылдардағы ашаршылықта олар Шуға асады. 1931 жылы Шу аймағында үш мәрте қажы болған Хаджиахмад (Қожахмет) ауыр науқастан өмірден өтеді. Хаджиахметті сонда бірге барған Қапал-Талдықорғандықтар жерлейді. Қалғандары тірлік үшін Ошқа, сосоң Ташкентке барады. Нұрмұхамедті 1936 жылы қызылдар тұтқындап, РСФСР заңының 58-10 бабымен соттап, Қолымаға еңбек лагеріне жібереді. Содан оралмаған.

****

Қапал өңірі татарлары қазақты өркенді цивилизацияға ұмтылдырып, үлгі-өнеге көрсеткен. Мысалы: Тәнеке батыр ұлы Есімбек Шалипанға үйлегенінде Қапалда жаңа дәстүрмен той жасаған. Ақсу өңіріндегі Қарағаштағы «Мамания» мектебі мен мешітінен бұрын жаңа әдісті мектеп пен мешіт-медреселер Қапалда ашылған. Сол жолды Маман ұрпақтары жалғастырған. Татар біліктілері өңір байларын қайырымдылыққа, жастар мен халықты білімге ұмсындырған. Қапал мешітінің бас имамдары жергілікті тұрғындарға қалтқысыз риялы қызмет атқарған. Оларды қазақтың бетке ұстар азаматтары Досетұлы Тәнеке батыр, Еділұлы Былшық сияқтылар сыйлаған.

Материал қазіргі өздерін «бар» санайтындар өткен аталардың қайырымды өнегелерін үлгі тұтып, «Туған жерге туың тік» атаулы акцияны қолдауға және Қапалға қатысты тарихы деректер «ұрпаққа жарар» деген үмітпен жазылды. Шипалы, таза радонды бұлақ суларын айтпағанда, Жетісудың маңызды орталығы болған Қапалдың тарихы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» аясында ұрпаққа ұлағат болар еді.

Жемісбек Толымбеков

Алматы облысы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357