Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Құйылсын көшің 6236 3 пікір 10 Сәуір, 2018 сағат 10:11

Арғы беттегі ағайынның халі тым мүшкіл

Өткен жылы «Алматы ақшамы» газетіне:«Тарихи Отанына оралған қандаста­рымызға оралман мәртебесі барлық аймақта беріледі. Оралман мәртебесін Мемлекеттік қызмет көрсету стандартына сәйкес толық құжаттар топтамасын өткізгеннен кейін 5 жұмыс күн ішінде ала алады. Бір жылға берілетін оралман мәртебесін алған азамат тұрақты тұруға рұқсат алғаннан кейін Қазақстан азаматтығына құжат тапсырып, жеңілдетілген тәртіппен 3 айдың ішінде Қазақстан Республикасының азаматтығын алады. Егер оралман мәртебесін алған азамат бір жыл ішінде азаматтық алмаса, «Ха­лықтың көші-қоны туралы» Заңына сәйкес, оралман мәртебесінің мерзімі тоқтатылады да, ол этникалық қазақ санатына қосылып, жеңілдетілген тәртіппен азаматтық ала алмайды»,-деген мақала жарияланған болатын. Соны көріп қуанып, алақайлап бөркімізді аспанға атып, ағайыннан сүйінші сұраған болатынбыз.

Алайда, көтерілген көңіліміз ойда-жоқта су сепкендей басылып, есімізден тандық. Неге дейсіз бе, азаматтық үш ай ішінде берілсе, алыстан келген ағайын үшін үлкен мәртебе емес пе. Бірақ сөзге бар да, іске жоқ, көш-қонға жауапты құзырлы орган қызметкерлері жауапсыздық танытып, түрлі сылтаулар тауып ағайындарды табанынан тоздырып жатқаны жасырын емес. Атажұртына алқынып жеткен ақ бұлақтарға бөгет болып, көтеремге көлденең болуды қашан доғарады, ол жағы беймәлім.

Арғы беттегі ағайынның халі тым мүшкіл. Қорғансыздың күйін кешіп, аждаһаның ауызына жұтылып бара жатқан қара орман қазақтың қасіреті тым ауыр.

Азаматтық алу үшін барлық құжатты ережеге сай  тапсырып, енді сол азаматтық куәлігін күтуден зәурені сарғайып, сегіз ай бойы сергелдең күй кешіп жүрген бауырлардың саны аз емес. Мұң торлаған жанарларына қарап жаның ауырады. Осындайда «Азаттығымыз бен қазақтығымыз қайда?»,-деген сауалдың сауысқаны шықылықтайтынын қайтесің. Үш ай емес, алты, жеті, сегіз ай күтіп жүргенде, қолындағы құжаттарының жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты істеп жатқан жұмысынан бірақ күнде қуылса, жалдап тұрған пәтерінен шығарылып, шалғай ауылдардан қалаға барып-қайтуға жол билетін алуға қаражаты мен құжаты жоқ сандалып сарсаң болып жүруі оңай ма. Суға  кеткен ақсөңке салындыдай бағдарсыз күй кешіп, жанарлары жастан құрғамай құжатсыз «космоста» жүрген қандастарымызға осындайда қамқорлық танытатын кім бар мына жалған да?!

Хакім Абайдың "Сегіз аяқ" өлеңіндегі:

... Біріңді, қазақ, бірің дос

Көрмесең, істің бәрі бос.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтірік, ұрлық,

Үкімет зорлық

Құрысын, көзің

Ұятың, арың оянсын,

Бұл сөзімді ойлансын»,-деп, келетін осы бір ғизатылы һәм кіршіксіз жолдар еріксіз ойға оралады. Азаматтық ала алмай, екі қолына бір еңбек таба алмай қиналып жүрген қандастарымыздың жанайқайын құзіретті шекпенділер тыңдаса екен. Сан ғасыр арман болған атажұртына талып жетіп табан тіреген бауырларымыздың көз жасы бейбіт заманда төгілмесе екен.

Сәруәр Сағынышбаев

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052