Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 5809 0 пікір 10 Сәуір, 2018 сағат 15:37

Жапон самурайына ғашық болған орыс қызы

 

Ресей Федерациясының Прогресс селосының тұрғыны, 94 жастағы әже Клавдия Новикованы соңғы сапарына аттандырғанда бірнеше ғана адам жиналған еді. Есесіне орыс әжейдің өлімі туралы Жапония халқы түгелдей шулап, орталық телевизиясы арқылы «Ясобүро-санның орыс әйелі дүниеден қайтты» деп хабарлап, оның өмірі туралы көптеген мақалалар, кітаптар басылып шығып, кино қойылып, театрлар сахнасына пьесса да ойналып жатты. Бұл әйел Жапония елінде махаббат символы, сүйіктісі үшін өзін пида еткен нағыз махаббат үлгісі болатын. Ол 37 жыл бірге өмір сүрген күйеуін «Өз отаныңа қайт, отбасыңа, бала-шағаңа бар»,-деп көндірген де Клавдияның өзі еді.
Клавдия мен Ясабүро екеуі 1959 жылы танысыпты. Екеуі де Сталин заманының қуғын-сүргінін басынан кешіріпті. Клавдия мемлкеттік мүлікті талан-тараж етті деген айыппен 7 жылға, Ясабүро Жапон тыңшысы деген айыппен 10 жыл отырып шыққан кезі екен. Клавдия соғыстан бұрын күйеуге шығып, балалы болған, бірақ, ол сотталған кезде күйеуі: "Мен істі болған әйелмен тұра алмаймын", - деп басқа отбасын құрған екен. Ал Ясобүро болса соғыстан бұрын әйелімен бірге Кореяда өмір сүріп тұрды. Ұлды, қызды болып қалыпты өмір сүріп жатқан кезінде 1945 жылы күзде Кеңестер әскері Кореяға кіріп барлық жапондықтарды тыңшы-шпион деп тұтқындап, жер аударыпты. Осыдан кейін ол өз отбасын қайта көре алмаған.
Түрмеден босаған Ясобүроның атын Жапонияға қайтаратын тізімге кіргізуді ұмыт қалдырғандықтан бұрыңғы СССР-де қалудан басқа амалы жоқ еді. Әйелі мен балалары  соғыс өртінде тірі қалмаған болар деп ойлағандықтан оның Жапонияға қайтуға да сонша көңіл қошы болмапты.
Клавдия: «Біз Брянщин селосында алғаш танысқан едік. Азиялық, арық жігіттің көзіндегі мұңды көріп алғашында жүрегім ауырып еді. Кір-кір киім кисе де тамақ қасығын суретшілердің қыл қаламы тәрізді ұқыппен ұстап, ойнатып отырды. Алғашында буриад немес қырғыз болар деп ойлап едім, бірақ жапон азаматы болып шықты. Ясобүро маған «сенімен бірге болуды қалаймын»,- деп үнемі хат келтіретін. Бірақ мен қорқып бас тартатынмын. Ал Ясобүро самурайлық төзімділікпен өз ниетінен еш қайтпады».
Олар 37 жыл бірге өмір сүрді. Бай болмаса да берекелі, тату-тәтті өмір сүрді. Әттең, оларда бала болмады.
Ясобүроның әйеліне тіл тигізіп, ұрсып-жанжал шығарып жатқанын ауылдастары бірде бір рет көрмеген екен. «Менің Ясобүрома тең келетін еркекті ешқайдан да іздеп таба алмас едің. Арақ ішпейтін, темекі тартпайтын. Селодағы барлық әйелдер маған қызығатын»,-деп Клавдия күйеуін мақтайтын.
Қайта құру басталып, суық соғыс аяқталған кезде бір танысы Прогресс селосында өмір сүріп жатқан белгісіз жапон еркегі туралы жапондық бизнесмен достарына айтыпты. Оның жапондық әріптестері жерлестерінің қызықты өмірбаянын естіп, отбасы-туыстарын іздестіре бастайды. Сонымен, алдымен Ясобүроның ағасын, сосын әйелі мен балаларын табады.

Әйелі Хисако қайта тұрмысқа шықпай Ясобүроны 51 жыл күтіпті. Ұлы Кореяда қайтыс болғасын, қызымен бірге Жапонияға оралған ол күйеуінің өлі-тірісін білмесе де алған үйін күйеуінің атына түсіріп, банкте де күйеуінің атына есепшот ашқан екен.
Ясобүроның ағасы оның қызымен бірге Прогресс селосына келіп, отанына қайтуды қанша өтінсе де, ол бас тартты. Бірақ Клавдия өзі күйеуін отанына қайтаруға шешім қабылдайды.
Ол күйеуін Ресейде көп жасай алмайды дегенді білетін. Ясобүроның белі ауырып, денсаулығы төмендеген болатын. Ал Жапонияда қарттарға жақсы қарайтын сапалы емханалар бар. Сонымен қатар оның жапон әйелі өлерінен бұрын күйеуін көріп, құшақтауы керек.
Клавдия Ясобүроға шетел паспортын жасатып беріп, сақтауда тұрған ақшаларын долларға айырбастап, айырылысу туралы өтініш беріпті. Себебі Ресейде отбасы бар болса6 Ясобүро :апонияда зейнетақыға шығып, мүлік иемдене алмайтын еді.


«Хисако екеуіміз де оның заңды әйеліміз. Ясобүро екеуіміз бақытты өмір сүріп жатқан кезде Хисако күйеуін күтіп жүрді. Сондықтан ол да күйеуін көретін құқы бар. Мен оны соғысқа кетіп бара жатқандай шығарып салдым. Ән айтып, күліп, маған қаншалықты қиын екендігін білдіргім келмеді. Кешке үйге кіре, төсекке сұлап түсіп ойбайлап жыладым»,- дейді Клавдия.
Отанына оралған Ясобүро оған сыйлықтар жіберіп, әр сембі сайын телефонмен сөйлесіп, Жапонияға келіп кетуге шақыратын. Жапонияның атақты жазушысы Клавдия туралы кітап жазып, кино шығарғандықтан, Клавдия Жапонияда әйгілі адамға айналған еді.
Клавдия 80 жасқа келгенде Жапонияға аяқ басты. Оны жапондықтар ұлттық батырындай құрметпен қарсы алды. Әуежайда ол сүйікті Ясобүосының әйелімен алғаш кездесті.
Әйелдер құшақтасып жылады. Олар бір-бірін өте жақсы түсініп тұрғандықтан оларға аудармашының қажеті жоқ еді.
Жапон әйелі дүниеден өткеннен кейін Ясобүро Ресейге қайтып келмек болғанымен Клавдия рұқсат етпеді. Клавдия өзі дүниеден өткенше ешкімнен еш нәрсе сұрамай, жалғыз өмір сүрді.
Клавдия еш өкінішсіз дүниеден өтті. Сүйікті жарым өз елінде бақытты өмір сүріп жатқандықтан, маған басқа ештеңенің де қажеті жоқ еді депті..
Клавдияның дүниеден қайтқаны туралы хабар Жапонияға жеткен кезде Прогресс селосына Күн Шығыс елінен өте көп хаттар келді. Олардың бірі Ясобүорның хаты еді. Ясобүро өз әйелін әлі тірі отырғандай сезініп хат жазыпты:
«Клавдия, сүйіктім. Сенің басқа әлемге қайтқаның туралы хабарды мен естідім. Өте ауыр. Мен 96 жасқа толған 30 тамыз күні саған телефонмен хабарласпақ болып алдыра алмадым. Ресейде сенімен бірге болған 40 жыл бойы сен мені үнемі қолдап, көмек жасап келдің. Саған шексіз рахметімді айтамын. Сенің арқаңда ғана мен өз Отаныма қайта алдым. Мен осыныңа шексіз разымын. Екеуіміз бірге өлеміз деп айтатынбыз. Егер мүмкіндік болса өзіңе жетіп, кеудеме қатты құшақтап басқым келеді. Тыныш ұйықтай ғой, сүйікті Клавдиям! Сенің Ясобүроң..»

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1470
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5415