Қазақстандағы емес, сырттағы қазақтың жан саны өсіп келе жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сүйенсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша республикаға 9 989 отбасы немесе 18 605 этностық қазақ қоныс аударып, оралман мәртебесін алды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан» газеті.
Оралғандардың көбісі немесе 45,6 пайызы – Өзбекстаннан, 43,6 пайызы – Қытай Халық Республикасынан, 3,2 пайызы – Түрікменстаннан, 2,4 пайызы – Моңғолиядан, 1,8 пайызы – Ресейден және 3,4 пайызы басқа елдерден ат арытып жеткен. Ресми мәліметтерге қарағанда, оралмандар негізінен Алматы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары мен Астана қалаларының аумағына шоғырланған.
Соңғы мәліметтер бойынша, Қазақстан халқының саны 18 миллион 177 мың (18 наурыздағы есеп, 2018 жыл) болды. 1991 жылдан бергі өсім бір жарым екі миллионды құрайды. Ал, көрші өзбек халқы сол 1991 жылдан бері қарай табиғи өсімінің арқасында 32 миллионнан 979 мыңға жетті. Жан саны аз қырғыздың өзі екі үш миллионға көбейген. Ал, біз Атажұртына қоныс аударған ағайындардың есебінен ғана ілгері басып отырған көрінеміз. Және бұл - шындыққа әбден сәйкесетін дерек. Алайда, елімізде табиғи өсім ауыз толтырып айтатындай емес. Есесіне алыстағы ағайынның қарасы молайып келе жатқанға ұқсайды. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бас хатшысы Рахым Айыпұлының деректеріне қарағанда, тәуелсіздік жылдары елімізге 1 млн астам қандасымыз түпкілікті қоныс аударғанымен, сырттағы қазақтардың табиғи өсімі, демографиялық ахуалы өте жоғары деңгейде сақталған.
Мәселен, 90-шы жылдары Қытайдағы қазақ саны 1 млн 200 мыңның айналасында болған. Сол уақыттан бері олардың 250 мыңы атажұртқа көшіп келгенімен, аталған көршілес елдегі қазақтың саны қазір 1 млн 700 мыңға жуықтайды. Бұл – табиғи өсім. Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия мен Ирандағы қандастарымыздың шоғыры әлі де басым. Ал Ауғанстандағы жүздеген отбасы сол елдегі қақтығыстардың салдарынан өзге араб елдеріне ауып, бас сауғалап жүргенге ұқсайды.
Мұрат Рахымжанов
Abai.kz