Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Қауіп еткеннен айтамын 49390 27 пікір 30 Сәуір, 2018 сағат 11:51

Қытай билігі шеттегі қазақты қойып, іштегі қазаққа да саяси қысым түсіруде

ҚР Премьер-Министрі

Б.Ә. Сағынтаевтың назарына!

Қытайдың саяси қысымы Шыңжаңдағы қазақты қойып, Қазақстан Республикасына көшіп келген қандастарымызға да жетті.

Арғы беттен өз бетімен көшіп келген этникалық қазақтар Қазақстан Республикасынның азаматтығын алған соң, Қытайдың бұрынғы Төлқұжатын Қазақстандағы Қытай Елшілігіне апарып тапсырып беретін.

Қытай Елшілігі Қытай Халық Республикасың «Азаматтық туралы» заңының «Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап, ҚХР азаматтығынан автоматты түрде шыққан болып есептеледі»-деген 9-тармағына («第九条  定居外国的中国公民,自愿加入或取得外国国籍的,即自动丧失中国国籍») сілтеме жасай отырып, Қазақстан азаматтығын алған ондай азаматтарға Қытай Елінің азаматтығынан шыққаны, құжаттарын тапсырып алғаны туралы анықтама (СПРАВКА) беретін де, Қытай Төлқұжатының шетін қиып, ішкі беттеріне «Күшін жойды» деген таңба басып тастайтын. Қытай Елшілігі күні кешеге дейін, тіпті осы 2018-жылдың наурыз айына дейін осы тәртіппен жұмыс жүргізіп тұрған.

Не түлен түрткені белгісіз, Шығыстағы көршіміздің Елшілігі бір айдан бері осы қағидатынан жалт беріп, келген елінің азаматтығынан шығуға өтініш айтып келген қандастарымыздың құжатын қабылдамайтын «өнер» шығарып жатыр.

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне берген жауапқа қарағанда, Елшілік енді «ҚХР азаматтарының шегарадан кіру/шығуын басқару ережесінің ережесінің 7-тармағына» сүйене қалыпты. Ал, бұл «ЕРЕЖЕНІ» жер-көктен іздеп таппадық.

Негізі, қалыптасқан тәртіп бойынша, «Ереже», «Қағида», «Бұйрық», тіпті «Жарлық»... дегендеріңіз мемлекеттің ЗАҢЫНА сүйеніп жасалмаушы ма еді. Мемлекет Заң қабылдағанда халықаралық шарттар мен келісімдерге құрмет етуі тиіс.

Біз арыға – халықаралық шарттар мен келісімдерге бармай-ақ, Қытай Халық Республикасының күні кешеге дейін атқарып келген «Азаматтық туралы» Заңын алайық. Бұл Заң 1980 жылы 10 қыркүйекте  Қытай Халық Республикасының бүкіл мемлекеттік 5 - кезекті Халық құрылтайының 3-Жалпы мәжілісінде мақұлданған. Содан бері де қырық жылға таяу уақыт өтіпті. Мүмкін, кейбір тармақтарына аздап өзгертулер мен толықтырулар енгізілген шығар. А, бірақ, оның 9-тармағы дәл қазірге дейін дін аман. Бекер обалы кәне, Халық құрылтайы бір әрібіне қол тигізен жоқ, сол күйінде қолданыста тұр.

Сондай-ақ, 2006 жылғы 19 сәуірде Қытай Халық Республикасының 10 кезекті Бүкіл мемлекеттік Халық Құрылтайы Тұрақты комитетінің 21 Жоралар мәжілісінде мақұлданып, сол кездегі ҚХР Төрағасы Ху Жынтаудың №50 Бұйрығымен бекітіліп, 2007 жылғы 1 қаңтардан бастап атқарылуға берілген Қытай Халық Республикасының «ТӨЛҚҰЖАТ ТУРАЛЫ» Заңы да әлі қолданыста тұр.

Сол «Төлқұжат туралы» Заңының 13-тармағында мынадай санаттағы азаматтарға Төлқұжат берілмейтіні (шетелге шығуға тиым салынатыны) ашық жазылған.

(Егер, шетелге шығу үшін өтініш білдірген азамат:

1) Қытай Халық Республикасының азаматы емес болса;

2) Өзінің кім екендігін дәлелдей алмаса;

3) Құжат алу барысында жалған құжат жасап, алаяқтық істесе;

4) Сотталып, жазасын өтеуде болса;

5) Соттың толық шешімі шықпаған істі адамдар болса;

6) Қылмыстық іске қатысы бар деп, жауапқа тартылған күмәнді адам болса;

7) Мемлекттік құзырлы мекемелерде қызмет атқарған, шетелге шыққан соң мемлекет қауіпсіздігіне қатер төндіреді, зор шығын келтіреді деп есептелсе, оған Төлқұжат рәсімдемейді)

Демек, қазіргі таңда Қазақстан Республикасына қоныс аударып, азаматтық алып жатқан қандастарымыз осы жеті өлшеніп, бір кесілген жеті түрлі сөзгіден өтіп келген. Олардың енді Қытай Еліне қайта барып, «Қазақстан азаматтығын алуына болады!»-деп, рұқсат алуына еш негіз жоқ. Және, ондай анықтама Қазақстан Республикасының Заңында да талап етілмейді.

Қытай Халық Республикасының жоғарыдағы біз атаған заңдары тек қазақтар үшін ғана емес, бүкіл қытайдағы 56 ұлт, оның ішінде үлесі 97 пайызды ұстайтын қытай ұлтының мүддесін көздеп жасалған. Қытай мемлекеті өз азаматтарының алыс-жақын шетелдерге шығуына және онда тұрақтап қалуына өте мүдделі.

Сондықтан, қазіргі таңда, Қытай Халық Республикасының «Азаматтық туралы» Заңын АҚШ-қа немесе  Европа елдеріне шығып, тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алып жатқан ұлты қытай азаматтарға сол мемлекеттердегі Қытай Елшіліктерінің қалай қолданылып жатқанын анықтау біздің Серікжан Біләшұлына («Жарқын-7»-ге) түк те қиын емес.

Қысқасы, Қазақстан азаматтығын алып, Қытай азаматтығынан шығуға өтініш айтып келген қандастарымыздың құжатын қабылдамай,  «Бұрынғы келген орныңнан рұқсат әкел, тіркеуден шығып кел!»-деу – Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі ЧЖан Ханьхуэйдың қасақана жасап отырған саяси қысымы!

Кеше ғана «Қытай үшін Қазақстан - дос, бауырлас мемлекет. Біз ешқашан Қазақстанның мүддесін, қазақ халқының ұлттық сезімін кемсітпейміз. Ынтымақтастық артқан сайын түйткілдердің де көбейе түсетіні белгілі. Ең бастысы оларды шешу. Сондықтан, бұл мәселені реттей алатынымызға сеніңіздер»-деп, зырылдаған ЧЖан Ханьхуэй мырза шын мәніндегі білікті елші болса, арғы беттегі қазақтарды қоя тұрып, алдымен осы мәселені шешуі, өз сөзін ісімен дәлелдеуі керек қой!

 

Қытайдың қысымы жалғыз бұл ғана емес, енді олар Қытайдан келіп, Еліміздің Жоғары оқу орындарында білім алып жатқан ұлты қазақ студенттерге де азуыз сала бастады. Олардан да «Жас мұғажыр»Жас хуацяо») жасауға кірісті. Көзімізді бақырайтып қойып, Ай мен Күннің аманында Қытай Елшілігінің екі қызметкері байтақ Қазақстанды емін-еркін аралап, Жоғары оқу орындарының есігін сілкіп ашып, өз үгіт-нәсихаттарын емін-еркін жүргізіп жатыр. Міне, Тараз, Түркістан, Астана, Өскеменде кездесулер өткізіп үлгірді. «Abai.kz» ақпараттық порталы бастаған БАҚ-тың дабыл қаққаны болмаса, құзырлы орындардан «Әй!»-деген ажа, «Қой!» деген қожа болған жоқ!

«Сендер өте бақыттысыңдар! Сендерді Қытай үкіметі осындай бақытқа ие етті. Шетелде оқытып, қамқорлық жасады. Қытай үкіметі сендерден үлкен үміт күтеді. Сендер елге қайтып, жұмыс істеуге борыштысыңдар. Қытай үкіметі өздеріңді қайда жүрсеңдер де қорғайды. Алматы және Астанада Қытай елшіліктері бар. Ол сендердің үйлерің. Сендер кез келген уақытта осы үйлеріңе барып, көмек ала аласыңдар. Қытайшаларың қалай? Менің байқауымша, сендер қытайшаны ұмытып қалған сияқтысыңдар. Қытай тілін ешқашан ұмытпаңдар және оны бірінші орынға қойып үйреніңдер. Себебі, сендер елге қайтқанда жоғарғы жалақымен жұмыс істейсіңдер!»-депті бір кездесуінде Қытай Елшілері қанас студенттерге.

Біріншіден, мұндай құқықты оларға кім берді?!

Екіншіден, жоғарыда аталған ЖОО-ның ректорлары қайда қарап отыр?!!

Үшіншіден, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі неге бұл мәселені өз бақылауына алмайды?!!!

Сұрақ көп...

Естуімізше, Қытай Елшілігі Қытайдан келген студенттердің бір бөлімін Елшілікке жиі шақырып, «жемдеп» қойған көрінеді. Кездесулер мен жиналыстарды ұйымдастыратын сол топ екен. Телефон шалып, жағдай ұғысайын десең, «... мені не үшін іздедіңіз? Қытайдан келген студенттерді посольство алдыңғы күндері бізге кино көрсетіп, тамақтандырды. Ал енді сіздің мені іздеген себебіңізді білмедім. Мен осы рет шараның қашан, қайда болатынын ғана жеткіздім...»-деп, тақ-тақ етеді бір қызымыз. Сөйтіп, Еліміздің ЖОО-да оқып жатқан қандас студенттер «отаншылдар» және «қытайшылдар» болып екіге бөлініп алған.

Айтпақшы, Қазақстандағы Қытай Елшілігі бас болып, Қытайдан келген студенттердің ұйымын құрмақшы көрінеді. Бұгін «Ұйым» құрған Қытай, ертең Қытай комунистік партиясының Қазақстандағы ячейкаларын құрам демесіне кім кепіл?!

Негізі, шетел елшілері студенттермен кездесу өткізу үшін ҚР Сыртқы істер министрлігінің келісімін, одан қала берді ЖОО ресторының рұқсатын алуы керек қой!

Егер, Елшілік қызметкерлері студенттерді жиналысқа шақырса, ол студенттер өзі оқып жатқан оқу орнының басшылығына мәлімдеуі шарт!

Құдайға шүкір, Қазақстан Республикасы – құқықтық мемлекет! Еліміздің «Көші-қон туралы», «Азаматтық туралы» Заңнамаларында шетелдегі қандастарымыздың Атажұртына оралуына, тұрақтап қалуына барынша жеңілдік қарастырылған. Әсіресе, шетелдегі қазақ жастарының Отанына келіп, білім алуына толық шарт-жағдай жасалған.

Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 66-бабында «1. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдардың Қазақстан Республикасында білім алуға құқығы бар. 2. Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі. 3. Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады»-деп жазылған.

Одан сырт, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы №264 Қаулысында мектеп тауысқана талапкерлер техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде «4) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін – 2 пайыз;» жеңілдік беріледі. Бұл жеңілдік өткен жылы Дүниежүзі қазақтарының бесінші құрылтайында Елбасымыздың пәрменімен 4 пайызға көбейтілді.

Ол аз десеңіз, «Халықтың көші-қоны туралы» Заңының 5-тарауы түгелімен білім алу мақсатында көшіп келушілерге арналып, этникалық қазақ жастарының оқуға түсу шарттары, құқықтары мен міндеттері, виза алу, азаматтыққа қабылдау тәртібі тайға басқан таңбадай ашық жазылған. Тіпті, аталған Заңның 33-бабында оқуға түскеннен кейін олардың ЖОО жатақханаларына жай және тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтық алуына да толық мүмкіндік жаратып берген Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Бір сөзбен айтқанда, «Халықтың көші-қоны туралы» заңы бойынша  Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасында: 1) егер Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының азаматтары үшін белгіленген құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға; 2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен білім, медициналық және әлеуметтік көмек алуға; 3) Қазақстан Республикасының көшіп келушілердің болуы үшін ашық аумағы бойынша еркін жүріп-тұруға; 4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тұрғылықты жерін еркін таңдауға; 5) өзіне тиесілі мүліктік құқықтарын және мүліктік емес жеке құқықтарын қорғау үшін сотқа және мемлекеттік органдарға жүгінуге; 6) осы қызмет түрлері ақысыз негізде көрсетілетін оралмандарды және олардың отбасы мүшелерін қоспағанда, оралмандарды бейімдеу және ықпалдастыру орталықтарында ақылы бейімдеу және ықпалдастыру қызметтерін алуға құқығы бар.

Ал, осының бәрін жүзеге асыру үшін Қазақстан Үкіметі әр жылы арнайы қомақты қаржы бөледі. Қызметкер орналастырады...

Осы жерде студент іні-қарындастарыма бір мәселені қадам айтқым келеді. Аса мәртебелі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қайда жүрсе де, қазақтың тарихи отаны біреу ғана. Ол – Қазақстан!»-деген сөзін бойында бір тамшы қазақ қаны бар азамат естен шығармауы тиіс! Шетелден келіп, жоғарыда айтылған шарт-жағдай аясында білім алып жатқан қазақ жастары, мейлі қай мемлекеттен келсе де, өздерін шетел азаматы сезінбеуі керек! Есесіне, Заңда берілген құқықтарын толық пайдаланып, Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға асыққаны дұрыс! Олар сонда ғана артта қалған ата-анасын, туыс-туғанын Атажұртқа шақырып, басын қоса алады (http://abai.kz/post/68502 ).

Бұл – ата-ана және Отан алдындағы тарихи міндет!

Әуелгі сөзімізге оралсақ, Ұлы Дала Елінде оқып жатқан қандас студенттеріміздің тұрмысына, саяси өміріне Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті Елшісі ЧЖан Ханьхуэйдың «алаңдауына» ешбір негіз де, себеп те жоқ. Алаңдамасын!!!

Егер, тағы қайталап айтайын, «Қытай үшін Қазақстан - дос, бауырлас мемлекет. Біз ешқашан Қазақстанның мүддесін, қазақ халқының ұлттық сезімін кемсітпейміз. Ынтымақтастық артқан сайын түйткілдердің де көбейе түсетіні белгілі. Ең бастысы оларды шешу. Сондықтан, бұл мәселені реттей алатынымызға сеніңіздер!»-дегені шын болса, ЧЖан Ханьхуэй мырза алдымен демалыс кезінде Қытайға кетіп, оқу орнына орала алмай отырған 78 студенттің (Мүмкін, одан да көп) (http://abai.kz/post/69361 ) қайта келіп, білімін жалғастыруына ықпал етсін! «Балаңды шетелден неге оқытасың?!»-деген сылтаумен Лагерлерде азапталып жатқан олардың ата-аналарын босатсын!! Қазақстан азаматтығын алған студенттерді сенделтпей, Қытай азаматтығынан шығарсын!!!

Болмаса, өзінің арының алдында, тағы қайталап айтайын, ел ішіне жік түсірмей, қандастарымызды сергелдеңге салмай, табанын жалтыратсыен!!!

 

Енді Жоғары оқу орындарының ректорлары мен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев туралы бір-екі ауыз сөз.

Біз «Көші-қон – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕЛ тәуелсіздігін жарялаудан бұрын жолға қойған ТҰҢҒЫШ һәм ҰЛЫ саясаты! Нұрсұлтан Әбішұлының кемеңгер тұлға, көреген басшы екенін төрткүл дүниеге бірден танытқан да – осы алыста жүрген ағайынды Атажұртқа шақыру туралы шығарған БАТЫЛ әрі ТАРИХИ шешімі!»-деген сөзді үнемі айтамыз. Әр мақаламызда қайталап отырамыз. Міне, шыр-пыр болып бүгін тағы жазып отырмыз...

Өкінішке орай, Еліміздің көші-қон саясатын, Ұлт Көшбасшысының осы Ұлы еңбегін Жоғары оқу орындарының ректорлары мен Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев дәл бұлай бағаламайды да, түсінбейді де екен!

«Abai.kz» ақпараттық порталы Қытайға кетіп, қайтпай қалған 78 студенттің тізімін жариялады (http://abai.kz/post/69361 ).

Бұл – осында оқып жатқан қайырымды студенттердің өздері анықтап ұсынған тізімдік. Ал, ресми сан одан да көп....

Егер, университет ректорлары мен министр Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, қол астында оқып жатқан студенттеріне ие болатын еді ғой;

Егер, университет ректорлары Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, Қытайға кетіп, қайта оралмай қалған студенттерінің айтып, Білім және ғылым министріне дабыл қағатын еді ғой;

Егер, Білім және ғылым министрі Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, қытайлық әріптестерімен – Қытай Халық Республикасының Білім министрімен сөйлесіп, сұрау салар еді ғой;

Егер, университет ректорлары мен министр Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, Қытай Елшісі ЧЖан Ханьхуэйдың екі қызметкері бұлай білгенін істемес еді ғой;

Егер, университет ректорлары мен министр Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, Қытайдың саяси қысымын біле тұрып, қол астында оқып жатқан сол студенттеріді жібермей, осында қалуға көмектесер еді ғой;

Егер, университет ректорлары мен министр Президенттің көші-қон саясатының тарихи астарын, стратегиялық маңызын терең түсінсе, алыстан келген ағайынды жан-жүрегімен сүйсе, қандас студенттерге  ректорлар жүргізетін Отаншылдық тәрбиені Қытай Елшісі ЧЖан Ханьхуэйдың екі қызметкері жүргізбес еді ғой!!!

ЖОҚ!

Олардың бұл мәселмен мүлде бас ауыртқысы келмейді екен!!!

Мен соңғы он жылдан бері Елбасымыздың көші-қон саясатының қолдаушысы болып келе жатқан азаматпын. Арнайы заң кәсібін оқымасам да көші-қонға қатысты Заңдар мен Қаулыларды игеріп алдым. Сол себепті, жақсы білем, Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 66-бабында айтылған «Мемлекет шет елдегі қазақ диаспорасының білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға жәрдемдеседі», «Шет елдегі қазақ диаспорасы үшін білім беру ұйымдарын құру және оған қаржылық-материалдық көмек көрсету халықаралық шарттарда белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады»-деген нормаларын атқару былай тұрсын, «Халықтың көші-қоны туралы» Заның 33-бабындағы білім алу мақсатында келген студенттердің «тұрақты тұруға және жеңілдетілген тәртіппен (тіркеу тәртібімен) Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау туралы өтінішхат беруге құқығы бар»-деген нормасын бірде-бір Жоғары оқу орны атқармай отыр.

Тек, Астанадағы  Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеті ғана бір-екі студентке қолдаухат берген болды. Оның өзі менің айғайыммен, «Нұр Отан» партиясының ықпалымен әрең жүзеге асты.

Ал, ақсақал университет Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дан бастап, қалаған оқу орындары, міне, Заң жобасы қолданысқа енгелі екі жылға таяды, бұлк етер емес!

Байқұс студенттер өзі тұрған қаладан бастап, алыс аудандар мен облыстарға тұрақты тіркеуге тұрып, азаматтыққа құжат тапсыруда...

Мұның бәрі тіркеу туралы заңға қайшы!

Қаншама мәрте айтылды, жазылды, университет ректорлары мен министр, ең құрығанда, осы мәселені шешіп беруге жарамай отыр!

Құқықтық мемлекет құрып жатырмыз деп, құлағыңды тұндыратын ректорлар мен министрдің әуселесі осы, ағайын!

Ауыт Мұқибек

Астана

Abai.kz

27 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963