Софы Сматаев. Зиялым ба, зияндым ба?..
Біз қазақ әрі мықты, әрі әлсіз халықпыз. Мықтылығымыз – тектілігімізде. Әлсіздігіміз – кекшілдігімізде.
Біз қазақ әрі дана, әрі шала ұлтпыз. Даналығымыз – өнердегі биіктігімізде. Ән-жырдағы тереңдігімізде. Шалалығымыз – қызғаншақ, күншіл бақастығымыз бен бір-біріміздің мұң-зарымызды естімес кереңдігімізде.
1937 – 1938 жылдары сүт бетіндегі қаймақтарымыз – ғалымдарымыздан, жазушыларымыздан, әртістерімізден түгелдей дерлік айрылып қалдық. 120 мың адам ұсталып, 40 мыңдай қазақ атылған.
Неге атылған? Қалай атылған? Қай жерде атылған?..
Өзге ұлттарда, мәселен, өзбекте саусақпен санарлықтай адам шейіт болса, тәжіктер дін аман.
Себеп не?
Күншіл қазақ бірін-бірі көрсетуден алдына жан салмаған. Қызғаныш өзегін өртеген, күншілдік кеудесін сыққан. Өйткені, алдындағы мойын оздырғанын алып тастаса – күн нұры өзіне ғана түседі. Мықты креслоға өзі ғана жайғасады». Осы қаскөй тілек, осы ашқарақ дәме қазақ даласына, Алаш баласына пәле мен жаланы қара бұлттай қаптатқан. Кремльге керегі де сол еді. Асқақ рухты Алаштың өзегін суырып алса, қалған тобыры топалаңға өзі-ақ айналады деуді алға созған.
Ал бүгін ше?
Тәуелсіздіктің көк байрағын көтеріп, егемен дербес мемлекетіміздің керегесін үмітпен жайған сын кезеңіне қойып кеп кеттік. Содан ба бұрынғы аяқта тұсау, мойында қамыт, білекте бұғау тұрған сәттегі көңілде қалған дық пен кеудедегі қыжыл кей-кейде алды-артыңды пайымдауға үлгертпей, атүсті асығыстыққа итермелеп келеді. Содан ба жоғалтқанымызды аласұра іздеп, өшкенімізді жанталаса жандырмақ болған бүгінгі құлшынымызға өз басым көбінесе күдіктене қараймын.
Әрине, қалғыған ой мен мүлгіген сана селт етіп оянса, намысты қайрап, жігерді жанитыны ежелден белгілі. Осылай десек те, талай сан соққызған ауыр өкініштердің орнын толтыру үшін біз кей кезде жұрт көзінен тасалау әлдебір қуысына қызыл бұрыш тығып алып, есегінен де озып кеткен Хожанәсірдің кебін қайталап та жүрген тәріздіміз.
«Анау ше, анау... – төңкерісшіл!»
«Ал сонау шіркін – орысшыл!»
«Oй, ол дегенің – нағыз большевикшіл!»
«Ал мынауың кезінде Алашордаға қарсы болған!» т.т.
Осы төңіректе бықсыған күбір-күңкіл, қаңқу-сыбыр талай кеуденің сасық түтінін шұбалта бастағанын байқап та қалдық. Бірақ күншілдік пен міншілдікте қазақтың алдына жан салмасын білмесек, кешегі арыстарымыз бен ардақтыларымызды өздерінің заңды биік тұғырларынан түсіртпеуге тырысар ма едік.
«Өз қасиеттісін елемеген ел қасірет құшады. Өз тектісін табалаған жұрт өзгелердің табанын жалайды. Бірақ қадірліңді қастерлеп, тектіні тани білу – қиынның қиыны болғанымен аса қастерлі міндет» деп жазған едім. Сол ойымнан айнығым жоқ.
Сай жырадан, көл тұмадан, ел ұланнан құралатыны ақиқат. Көлдің құдіреті – тереңдігінде. Елдің ұлылығы – перзентінде. Пендесінен азаматы көп, езінен ері артық елдің өнегесі мол, үлгісі озық, таланы зор, тарихы елеулі. Ол елдің кешегісі ұмытылмас, бүгіні ортаймас, ертеңі шошытпас болса керек. Сондай өскелең елдің жұртын ілгері жетелер тобы – ең алдымен интеллегенциясы – зиялылары. Зиялылар қауымын ұлттың қаймағы деу өз алдына, меніңше ол халқының қамал бұзар тараны, оқ қағар қалқаны, жауын жұлып түсер жебесі, қауымын сүйреп алға бастырар көсемі, дауын түйреп тастар шешені.
«Зиялылар қауымының өз ішінде серкесі боларын тағы ескеру ләзім. Ол серке топ – ақын-жазушылары. Өйткені жазушы – әрі өткен дәуірдің, әрі өз заманының шежірешісі, өз қоғамының сыншысы, өз уақытының айнасы. Хас қаламгер халқының қасіретін күні бұрын сезіп, ұлтының жан ыңқылын өзінің жан даусымен жаралы жүрегінде жаңғыртып отырады» деген бұрынғы пікірімді және қайталаймын. Өйткені мен кейде адамзатты тек қана екі топтан құралады-ау деп пайымдаймын. Алғашқы шағын шоғыр - шығармашылық иелері. Екінші үлкен топ - басқалары. Шығармашылық иелері, әсіресе ақын – Табиғат пен адамзат, әйтпесе Болмыс пен әлеумет, немесе Алла Тағала мен пенде арасындағы байланысты сезімтал сергектігімен жалғастыратын құдірет пен қасиет тәңірісі.
Сондықтан да қазаққа тұлға, халыққа тұтқа, ұлтқа ұстаз, елге қазық болған Абай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұстафа Шоқай, Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Смағұл Садуақасовтар – аруағына сыйынып, рухына табынып, мәңгілік қадірлеп, қастерлеп өтер иісі қазақтың біртуарлары. Осы тізімге Махамбетті, Жамбылды, Мұхтар Әуезовты, Сәбит Мұқановты, Ғабит Мүсіреповты, Қасым Аманжоловты, Мұқағали Мақатаевты қосып атасақ, ардақтыларды толтыра түсер едік. Ал осы ортақ асылдарымыздың өзін оңашалап иемденіп, «өзімдікі» деп үздігіп, өзгеден қызғанып, қыз-қыз айтысып қызылкеңірдек болып жататынымызды байқағымыз келмейтін өр көкірек ауру әрекетімізге қайта баса бастағанымызды несіне жасырамыз.
Дәлел ме? Дәлел жеткілікті-ақ.
«Анау ананы кінәлаған!»
«Мынау анадан кек қайтарған».
«Анауыңды мынауың ұстатып жіберген!»
«Мына немең анау биікте отырған!»
«Мына құрбаның мынандай жәбір-жапа көрген!»
деп жікшілдік желігіне жел беріп, ауызбірлікті ыдыратар ұсақтыққа құрық созып, танаулап кететініміз көбейді. Әсіресе жазушылар арасында жеке бастың кемшілігін кен қазғандай өршелене қопарып, бірінің қотырын бірі қасуды кейінгі жастар жағы дауылдатып ала жөнелгені жанымызға қатты батады.
Кемшіліксіз жан тумайтынын, қателіксіз қайраткер өспейтінін еске тұтпай, есіріктене бергеннен жау да, дау да табарымызды білмейміз-ау. Әйтпесе, жоғарыда аты аталған ұлы азаматтарымыздың қай-қайсысының да қателескені де, қайшылыққа ұрынғаны да баршамызға белгілі. Олар – сол азаматтар өмір сүрген ортаның күрделігінен туындаған-ды. Солармен тұстас келген дауылды, сұрапылды заманның үскірігі мен ызғырығы әлгілерді бірде бүрсеңдетіп, бірде қалшылдатқанын ұмытуымызға болмайды.
Олар – өз кезеңінің, өз дәуірінің, өз қоғамының бел балалары болатын. Уақыт-құдіреттің құдіретін мойындар болсақ, сол құдірет-Болмыстың сан-алуан тауқыметімен ер-азаматты адастырар озбырлығын да сезінбей, сезінгіміз келмей тұра алмаймыз.
Ел табынған жазушы! Жұрт исінген ақын! Шығармашылық адамына осы асыл атаулардан қадірлі ешнәрсе жоқ деп ойлаушы едім. Соңғы кездерде мына нарық дейтін парықсыздықтың құрығы қыл мойынға тұншықтырып оралғалы сол ойымнан мүлде арылдым. Өйткені сананы тұрмыс билеп те, жүндес білегімен илеп те жатқан қазіргі бас ие жоқ дәйексіз заманда кеудеңді тік ұастайтын бұрынғы, «қаламгер», «сазгер» дейтін қасиетті ат-атауың адыра қалғандай-ау. Күн сайын төбеңнен тоқпақтайтын жүгені сыпырылған тіршіліктің жалы тұрмақ сауырына да саусақ тигізе алмайтын қаламақысыз жаяу, жалаңаш, қайыршыға да бергісіз күйің тәңірідей өр, зор көкірегіңді көркөкірек етіп, жігерлі жанарыңды жасқаншақтата жасауратып қойса, қай құдіретке мұң шағарсың. Қаламгер – құдірет еді. Бұрын сондай болған еді. Жазушы – Жасаған Хақпен бірдей еді. Бұрын бірдей еді. Бүгін енді олар бизнесмен – құдірет, олигарх – құдірет, шенеунік – құдірет, әкім – құдірет сияқты «пысықтардың» қолына су құюға да жарамай қалды. Себебі жоғарыдағы билік өздеріне ода жазатын жарамсақтардан құдіреттеніп дараланған өнер иелеріне жасалар құрметті жеті қабат жер астына көміп тастаған. Биік биліктегілердің жақындары мен жайсаңдарын ғана барынша қастерлеп, есімдері ерекше аталуға тиіс ұлы Азаматтарымызға арналар сүйіспеншілігімізден баз кештік.
Ал бүгінгі жазушы аталғандардың біразы бұрынғыдай көптің мақсат, мүддесін айтуды мүлде ұмытып, төбедегі топтың сойылын соғатындарға айналып, жұртты да, «мұртты» да, қыртты да алдап ойнауды, өз пайдасы мен құлқынын ойлауды ілгері созумен әлек. Енді мынау құрылтайға байланысты сан құбылып, Тәңірінің таңбасы басылған киелі жандай болып, өзін де, сөзін де тым-тым құлпыртып-ақ жіберуге тырысып бағуда. Қисыны кеткен сөзімен, шат-шәлекейі көп ісімен қызығы таусылған жұртты қызынтып, мүлгіген қалпынан түртіп оятып жіберсем-ау дейтін жеңілтек жеңсікті аңсайтын да тәрізді-ау солар. Содан да болар, бір күні бетін елге беріп, бір күні көзін төрге бұрып, елді де, төрді де жарылқамақ болған солардың қаламынан саудагердің тиынының сылдырындай өлең, жансыздың жыбырлақ сыбырындай қара сөз жорғалап өріп, мәңгүрт жұртының жабайы тірлігімен жымдаса қалатынына қашанғы төзе береміз. Төзбейін десек, кешегі өткен құрылтайымыз төңірегіндегі кейбір оғаштықты (әдейі ұйымдастырылуы да мүмкін) әлгі шуылдақшыл қаламгерлердің дуылдатып ала жөнелген алашапқын «жау шапқылатқан» мақала-байбаламдары қарапайым халықты еріксіз елең еткізіп қойғанын қайтерміз. Асылын аршымай, барын жоқтамай, күйбең тірліктің қамшысының астында күрсініп жүрген көнбіс қазаққа аяқ астынан ермек табыла кеткендей болды ғой. Газет біткен қабат-қабат беттерін жайып тастап, қаламгерді біріне бірін тулақтай етіп сабатқызып жатса, интернет сайттары өсек-аяңы мол айқай-шуды желіндетпей-ақ шалажансар күйде туғызып жатса, жоғалған өнері, ескірген дәстүрі, шашылған білімі жан қуатын әлсіретіп бара жатқанын ойламайтын қандастарыма бұдан артық қандай қызық керек.
«Ойбай-ау, мынау жазушы дегендерің сұмдық шатақшыл қауым екен ғой, ә! Бірінің-бірі сақалын жұлып, бірімен бірі жұдырықтасып, бірін бір сахнадан жұлқылап сүйретіп, әбден ел мен жұртқа күлкі болған жоқ па, ей!» деп әй, гүжілдесін, әй, айызы қана күлмең қақсын. Өсекті кесек қып атқылап, жаланы жабу қылып жапсырып, арамды адалға құс қылып салып, жалғандықты Жалған дүниенің турашыл туы ғып желбіреткен қаламгерсымақтар мен даңғаза журналшыларға шыбындап еріп кеткен момынбас қазағыма кей-кейде ыза болатыным да бар. Артынша-ақ, «бірімізді біріміз аңдитын қазақы ұсақтығымызды қалай жасырамыз. Бірімізді біріміз алдайтын кемшілігіміз де аз емес. Несіне шала бүлінесің?» деп өзіме өзім тоқтау саламын. Ал байбаламдап қалам түртетіндердің бірін бірі алдауы – олардың өзгелерден көп білуінде емес, өзегінен төгілер өнегесінің аздығынан, айналасындағы қараша халықты ең болмаса өтірігімен-ақ батпақтатып қойып, шындықтың шыңына аяқ бастырмау ғана.
Мен жазушылардың он бір құрылтайына делегат болып қатысыппын. Кешегі құрылтайдан да әлдеқайда шулы, дулы һәм тартыс-таласқа толы өткен талайын білем. Бірақ сол құрылтайларда айтыс, тартыс көбінесе әдебиет төңірегінде ғана өрбіп, қаламгерге қажеттіліктерді қалай орнатуға, қайтіп орындатуға керек мүмкіндіктерді тездету мәселесін үнемі алға қоятын. Төрағалыққа таласу деген, сол орынға орналасу үшін қол жинап, жасақ дайындау тәрізді берекесіз әрекеттер мүлде кездеспейтін. Өйткені Жазушылар одағына екі реттен төраға болған Сәбит Мұқанов та, Ғабит Мүсірепов те әрқайсысы 2,5 жыл және 2 жылдай басқарып, ың-шыңсыз орнын босатып беріп отырған. Ал Ғабиден Мұстафин 3-ақ жыл, Жұбан Молдағалиев 2-ақ жыл сол лауазымды иемденгенін көпшіліктің есіне әдейі салып отырмын. Өйткені олар Нұрлан Оразалин сияқты сол орынтақта 22 (жиырма екі) жыл отырса да, кеткісі келмей «Мәңгілік құрметті төраға» дейтін атақты сақтап қалмақшы болып, жанталаса қимылдаған да емес. Өйткені олар кемел ойлап, кесек турайтын ұлылыққа бейім тұлғалар еді. Ал ұлттың ұлы болуы да, ұсақ болуы да ұлдарының мақсат, мүдделерінің ұлылығы мен ұсақтығына әманда тікелей байланысты екенін сол ағалар жақсы білген.
Бүгінде кімді мақтайын, кімді жақтайын, кімді кемсітейін, кімді қастерлейін деп жүрсе, жорғасынан жаңылып, жатса, ұйқысынан шошып оянатындар көбейді. Сол шіркіндердің төңірегінен табылатын пысықайлар газеттер мен интернетте жазушылардың соңғы құрылтайын бұрын-соңды адам естіп, көз көрмеген құбыжық оқиғаға айналдырмақ болып әбігерге түсумен жүр. Сонысымен «зәлімдіктен момындық артық» деп санасын әбден сулап тастаған соң, сілкіндірмей семдіріп улап тастаған соң, момын жуастығы көнбістікке ұласып, көн қайыстай қатайған көнтері мінезді көрпедей жамылып жүрген сүйегі жасық, буыны бос қазақты шатастырмағанда қайтеді.
Бүкіл елдің байлығын биліктегілер ғана талап, тонап алған кезде, бүтін ұлттың бөлшектеніп кетерін, жоғарғы жақтағы таққа таластың қозғалып, қозданып тұтана бастағанын сезген сәтте, ел тыныштығынан баз кешерін бүгін екінің бірі күрсініп қалып, күбірлеп айта бастағанын төрдегілер неге білмесін. Күбір-күңкілдің етек алса, жолындағыны құртып, тау суындай тасқындап кетер дүмпуін неге ескермесін. Әрине қатты ескереді. Сондықтан да жұрттың өзектегісін ойынан өшіру үшін еліктегіш алаштың есінен кетпестей етіп құрылтай төңірегіндегі алыпқашты өсек-аяңды әдейі ұшықтыртып жібермейді ме екен дейтін пікірге еріксіз ойысамын. Өйткені әлгі құрылтайда аяғынан шалып, етегінен тартып, ақ шулан сақалды «тірәпкідей» етіп қолына орап алып сілкілеп, жастары да, бастары да өзінен оқ бойы озық ел сыйлар үш-төрт әдебиет көшбасшыларына газет бетіндегі мақаласымағымен құсығын көңірсітіп құя салған «өзге ұлттың тумасымын» деп өзегінен өрт боратқан қаламгерге: «Әй, шырақ! Аптықпа! Арыныңды басыңқыра!» деп үлкендік танытқан Қабдеш Жұмаділовтың, «әдебиеттің бүгінін ғана қазбалай бермей, ертеңгі бағыт-бағдарын да ойласайық» деп Мұхтар Шахановтың, Төлен Әбдіковтың мінберден сөйлеген сөздерін ақсақты тыңдай, өтірікті шындай етіп дүрілдете жөнелтуді жоғарыдағылардың өздері ұйымдастыра ма дейтін күдікке және килігемін.
Күбірлеп ой қазбайтын, дүбірлеп тойда озбайтын, кітап бетін ашудан гөрі интернетке үңілуі жиірек ұл-қыздарымыз күн сайын көбейіп барады. Тыпырлайтын жерде бұйыға тығылып, топырлайтын кезде қара көрсетпейтін сол шіркіндер Абай, Әлихан, Мұхтар, Ғабиттерді ұмытса, бүгінгі қай қаламгердің аты-жөнін білер дейсіз. Сондықтан да олар ұлттық сананы ұрандатып ұлағаттау түгілі, ата-бабалардың аруағына бас иіп, ізет танытудан айрылып қалды ма деп қорқамын. Сол себепті анау интернеттегі құрылтай жөніндегі қолдан жасалған дау-дамайды жерден жеті қоян тапқандай дабылдатып, дауылдатып жатқан тәрізді-ау. Қуанатын нәрсеге қуанбай, қуартатын әдетке ұмтылатын жастарымызға биліктің кейде жел беретініне де, жол беретініне де көңіл аударудан қалдық. Өйткені желкеден түйіп, тіземен басар заманымыздың зәндемі тірлігінен әбден үрейленіп те біттік қой. Ал үрей билеген бойынан ойы қашқан замандасымның ішінен зар шыққанымен, тілінен үн шығармас мылқаулыққа қамалып қалғанын сезген сайын шаршаған миымнан қаусаған ойларымды құрсаулап жамаған боламын. Ақылдысы аздау, ақымағы молдау осы заманда <<адамды сөзіне қарап таңда, кісіге қарап сөз алма, ізбасар келешектегілерім!» дегенімді кейбіреулер тым ақылдымсып кетті дер мені. Бәрібір бүгінде базбіреудің ақылы базбіреуге жақпайтынын білсем де «өсекке ермей, қызықты қуа бермей, арды ойлаңдар, жеткіншектерім!» деуден жалыққым келмейді. Әй, бірақ... жылтырақ, жалтыраққа қана құмарланып бара жатқан жастарым: «Әй, шал-шауқан! Тұрма жолда! Бөгеме арынды!» деп қағып-жығып кете ме деп сескенуімді несіне жасырайын.
Сонда да, Мағжаншыласам, мен жастарға сенемін. Мен жастардан адалдықты, азаматтықты, бәрінен де бұрын ақиқат үшін күрескерлікті күтемін. Күтемін де, «Қарақтарым, қанаттарым! Қашанға дейін төрдегілерге төменнен жаутаңдап қарай береміз? Үңірейген кеудеміздегі үрейді шын иелеріне итере салуға қашан шамамыз жетер екен? Күйкі күйдің ұйқы-тұйқысын шығарар қазақы батылдықтың қарасы біржола жоғалған жоқ шығар-ау. Ата-бабаларымыздың «Аттандаған!» дабылды дауысы Атырау мен Алтайдың арасын дүбірлете жаңғыртпаушы ма еді. Сол дабылдың жаңғырығын жүдеу жүрегіміздің әлсіз соғуынан да таба алмағанымыз ба? Жүрек әні – тілек үні боп жалпақ даламызды жайлап кететінін шынымен-ақ ұмытқанымыз ба? Үйелеткен үрейден тұра алмастай тұралап қалған бойды да, ойды да сілкіп, серпілтіп, аяғына тік тұрғызар намыс пен кек, рух пен ар атты құдіретке неге қол созбаймыз? Сол құдіретке саусағымыз бір ілінсе, дірілдеген денеміздегі булығып жатқан бұла күш дүрілдеп сала бермес пе. Сонда, тап сонда кімнен үрей қашарын, кімдерді үрей басарын Тәңірдің өзі өмір-ғұмыр таразысының екі табағына бөліп-бөліп тастай салар еді-ау».
Әй, жастарға алқынған көңілмен арындап ашылам деп адасып та кеттім бе, білмеймін. Ал бірақ әрқайсымыздың адасуымыз көп. Әрине адаспайтын пенде болмайды. Адаспайын деп ештеңеге араласпасаң, қателеспейін деп ешнәрсеге килікпесең, қателесетіндерді қалай иліктіре аларсың. Біле тұрып, бұғынып қалсаң, сезіп тұрып, тығылып қалсаң, айналаңнан зар мен шердің өксігі мен өкіргені дауылдап кетпей ме... Айтарымызды көмейлеп жұтпай, ақиқатымен ақтара салғанға не жетсін.
Сонымен құрылтай өтті. Ойдағыдай өтті. Дау-дамайды сатып алып отыратын қазақы әуесқойлығымыздың арқасында біраз шуластық та дабырластық. Енді сабамызға түсіп, сабырымызды сақтайық, ағайын. Елдікті егес қинап, ерегістік бүлдіреді. Соған жол бермейік.
Жазушылар одағының жаңа басшыларын дұрыстап сайлап та алдық. Ендігі тірлікте ұлт мүддесін шындап ойлайтын болсақ, осы жаңа құрамға топ құрып, шұбырып барып, топ пен тобырдың орынсыз талабын төтеден төпелей қоймай, одақтың жұмысына қолдау таытып, көмек-жәрдемімізді тигізуге тырысайық та.
Сөзімді түйіндегендегі айтарым: Бәрібір, жазушы, шынайы жазушы – құдірет. Адам ақиқатын іздеп, қиялында өз әлемін жасап, өз қоғамын орнататын қаламгер тірлігі Жаратқан Хақтың құдіретіндей көрінбей ме...
Abai.kz