Шәмші келген шуақты күндер
I
Бүгін бір, Құдайдың мейірлене қараған көздері де, Үшбиік ауылын, жылы қабақ, оң көзімен шолып өткендей.
Шынқожа ауылынан, ерте жолға шыққан Шәмші, олардың қорылдап тұрып ұйықтап жатқан түрлеріне қарап:
- Рахмет, жігіттер, сау болыңдар - деп, от алдырып қойған жигулиіне, пісіміллә, тарт, ақ қасқа, алға қарай- деп Аякөзге тарта жөнелді...
Түсте оянған, басы көпектей жігіттер, жер сипап қалғандай,
Шәкеңнін шалдыға, ат басын тіреген ауылы, түні бойы Шәмші әндерін шырқап, мемлекеттік мерекедей, қалбалақтаған ауыл адамдары, қос-қолдап, асыл Шәкеңе сәлем бергеніне мәз-мейрам...
Шәмші де, ел ілтипатына көңілі босап, «Қайран, қазағым-ай» - деп, Абай атам қалай айтқан, енді бұл ауылдың ақ дастарханынан қалай аттап өтесің дегендей, жигулиі тұрған көк майса, көк шалғынға аунай кетті... Самаурын шәйі де, көңіл сергітіп, үш-төрт қазан, бірі қуырдақ, бірі сірне, енді екеуінде қазы-қарта, жылқы еті, басқасында бағлан еті былқылдай бастады. Қойдың басын үйіткен әбігер жігіттерге «Қазақстан» темекісін тартып, аман болыңдар, арландарым, деп көкжиекке ойлана көз салып, екі шылымды бірінен соң бірін, құшарлана тартып тастады...
Түн. Мылқау түнді талай басынан өткергені есінде, бірақ мынау ерекше түн. Жұғымды жас жігіттер, ауыл шетіне, екі-үш алтыбақан құрып, ортасына от жаққан, мандалин, гитара болса да күмбірлеген домбырамен ескі баянның үніне сия көк қара аспан да, жұлдыздарын жамыратып, жез табақтай толған айын, ауыл шетіндегі мүлгіп тұрған аласа таулардан көтере түскендей...
Әрине, Шәмші әндеріне тамылжыған тылсым табиғат та еліте бастағандай...
«... Дүниедегі ең қасиетті сиқыр, ол – музыка», - деп іштей күбірлеген қайран Шәкең табаны жерге тимей тұрғандай бір хәл кешті. Иә, ел үмітін ақтау әрбір ер азаматтың абыройлы міндеті.... Осындай ойлар Шәкеңе әдет болып бара жатқандай. Әсіресе, Жұмекен екеуі «Қазақстаным» әнін жазған соң, осы ән ұлы далада жатқан үлкен текеметтің шаңын қағып тастағандай еді.
Анда-санда кездесіп, сыра-пыра ішіп, Жұмекеннің «Беломорын» шегіп қоюшы еді. Жүрегіне жақын Жұмекен де о дүниелік болып кетті.
Еске алады, жұма сайын бақыл болған достарына, ата-анасына құран бағыштайды... Пешенеге жазылған пендешілікке уәж айтудың өзі де күпірлік сияқты...
Аягөздің ГАИ -лері де, ақырын жүріп келе жатқан Шәкеңді тоқтатпады. Қайта өзі тоқтап мәшинесіне бензин құйып алды. Олар да танымаса да, ағалап жәрдемдесіп жатыр. Номеріне қарамаса да, осы ауыл-аймақтың, басшы директоры ма деп қалбалақтап қалды.
Шәкеңнің кірпияздығы мен кішпейілділігі оны бекзат-ізеттілікпен көрсетуші еді. Жанармай бекетінде темекі тартуға болмасын біліп, Жарма ауданына қарай бет түзеді. Егізқызылға жете бере, жолдың оң жиегіндегі бастауға тоқтамасқа болмады, шөлін басып, бетін шәйіп есігі ашық кабинасында темекісін рахаттана тартты.
Сарыарқаның салқын ауасы, бұлақтың балдай суымен сарайын ашқандай. Күн арқан бойы көтерілген, тұнық көк аспанның әр жерінен ақ мақтадай ұлпа бұлттар, өзімен бірге ілескендей, шығысқа қарай жәймен жылжып барады. Шәкең біраз уақыт, даланың жыршы құсы, бозторғайдың үніне, өне бойы балбырай кеудесіне сан түрлі әуезді тылсым күйлерінің тамылжып еніп жатқанын сезіп отырғандай.
Маусым айының жер төңіректі бетеге, шалғынмен жасыл кілем жауып, сай- салаларда тобылғы-қарағаны бүрленіп жайнатып тастағандай, әсіресе жусанның иісі, бұл бір жұмақтың қасиетті иісіндей, мұқым мұрын- кеңсірігіңді самалмен қытықтағандай. Осынау ұлан-ғайыр жерді батыр бабаларымыз қалай қорғаған деп, өз-өзіне іштей сұрақ қойғандай. Кеудесін кере көк жиекке көз тастап біраз тұрды да, анау көк-сұр тауларға жеткенше жүрек жалғап алайын деп, таңертең сиыр саууға тұрған, жеңгелері салған, картон қораппен, қоңыр-қатты қағазды ашты.
Пай-пай- десеңші, тоңазыған ет, қазы-қарта, бауырсақ арақ, коньяк шөлмегі, бір шыны үлкен банкіге кілегей қосқан айранады таза орамалға орап, кесесімен салып қойыпты. Не деген дархан, жомарт еліміз?! – деп жымиды Шәмші.
Қой, жеңгелерімнің қолын қайтармайын деп, алыс жолы бар, кейде түнде, кейде күндіз жорытқаны бар, әсіресе шығысқа қарай ақ жигулиімен, бірінші келуі бар, коньяк, сен тұра тұр, ақаңды ашайын деп, оюлы сырлы кесеге құйыңқырап алып:
- Ал, қазағымның байтақ жері, жұмақ жері, сен үшін! - деп тартып жіберді де, еттен де қазыдан да асап, артынан қолына бауырсақ алды.
Кесесін шәйіп, айран құйып, түрегеп, айналаға көз салып, біраз тұрды, алыстан мен мұндалап Байжан, Алжан таулары шақырып тұрғандай. Иә, кешегі ауыл ақсақалының жаугершілік заманда, жаралы Шынқожа батырдың, Талас өзеніне батып бара жатып, бармағын қылышпен қиып, туған жеріме жерлеңдер деп аманат қалдыруы, басқа да әсерлі әңгімелері ойына қайта-қайта оралып келеді.
Әне - міне дегенше Үшбиік ауылына да жетіп қалды. 60-70 пен келе жатқан Шәкең әккі жүргізушідей жылдамдықты 40-тан төмендете берді. Ауыл ортасына келгенде, Аягөзбен Жарманың ортасындағы бетке ұстар МАИ- қызметкері Малдыбаев Рамазан аға, ала таяғын көтеріп, тоқтау ишаратын көрсетті.
Ақ жигули, өтіп те кетпей, жетпей де қалмай, тура ала таяқтың тұсына кеп тоқтады.
Ақ қасқамен ой тербелісінде келе жатқан Шәкең, бірінші асықпай теме- кісін тұтатты да, оң қолын шекесіне қойып, устав бойынша өзін таныстырған сымбатты, бойшаң жігітке қуақылана көз тастап:
-Бауырым, алыс жолдан келемін, мен кете берсем болмай-ма?- деп әзіл-шыны аралас, құжаттарын да көрсетпестен, темекісін тарта түсіп, түсі игіден түңілме дегендей МАИ қызметкерінің жүзіне күле қарап тұрды.
- Темекі иісін жақтырмайтын Рамазанға, кабина ішінен тағы да
жағымсыздау иіс сезілгендей еді.
- Аға, көліктен түсіп, права-документтеріңізді көрсетіңіз, әйтпесе... - деп қалды.
- Бауырым, әйтпесе не істейсіңдер, бұндай сөз сен сияқты сыпайы жігітке жараспайды ғой- деп салды Шәкең. Тосылып қалған Рамазан:
- Перегардың иісі шығып тұр ғой, жол ережесін бұзып келе жатырсыз ғой,- дей бергенде,
- Мен – Шәмшімін ғой, бауырым, алыстан шаршап келе жатқанымды айттым жаңа, қонақ кәде деген қазақта бар емес пе? – деді Шәмші.
- Аға, сіз шынымен де Шәмші ағасыз ба, документтеріңізді көрейінші,- деді Рамазан күлімсіреп.
- Ал көрсетейік, бауырым, мінеки- деп құжаттарын байсалды ғана ұсынды.
Комсомол силығының лауреаты, жүргізуші куәлігі, паспортын алып көріп тұрған Рамазан үлкен көздері шарасынан шыға жаздап:
- Аға, машинадан түсіңізші, рұқсат болса?.. - деп сұрады.
- Ал, бауырым, оған да көнейік, - деп түсе берген Шәкеңді МАИ қызметкері қапсыра құшақтап, тік көтеріп алды.
- Шәмші аға, мынау біздің ауыл Үшбиік, - деді Рамазан.
- Көріп тұрмын, бауырым, Үшбиіктің бір биігі өзің сияқтысың, - деді Шәкең де әзілдеп.
- Аға, ауылға сыйлы қонақ болыңыз – деп Рамазан жездесі Көпжасардың үйіне Шәкеңді бастай берді. Жаңа салынған берекелі үй Шәкеңе де көрген жерде ұнаған. Үйге кіргендері сол еді, Шәкең:
- «Ассалаумағаликум» - деп шаңыраққа сәлем берді. Шаруасы бастан асатын Көпжасар бүгін түстік ішейін деп үйге келе қалған:
- Уә, әликум, әс сәләм- деп жыға танымаса да Шәкеңнің қолын алып, - төрлетіңіз, төрге шығыңыз, - деді. Еденіне кілем төселген, кең тынысты салқын үйдің төріндегі жаңа диванға Шәкең де кеп жайғасты.
- Көп аға, мына кісі, Шәмші Қалдаяқов, міне, документтерін көріңізші - деді Рамазан.
- Әрине, сенемін ғой. Ал енді осындай үлкен қонақ келгенде Бияхмет Рахымбаевичты звондап шақырайын, - деді жүзіне қуаныштың алауы жүгірген Көпжасар. Сөйтті де телефон тұрған бөлмеге өтіп:
- Бияхмет Рахымбаевич, сіз сенесіз бе, сенбейсіз бе, біздің үйде легендарный, біздің әніміз, сәніміз – Шәмші Қалдаяқов отыр. Рысқайша қуырдақ жасап жатыр, мен де өз көзіме өзім сенбей, Рамазанға бір қараймын, Шәмші ағама бір қараймын. Қалғанын дастархан басында айтайын, - деп қара телефонның трубкасын қоя салды да, даладағы ас үйге ұмтылған.
- Рысқайша, қуырдағыңды молырақ, дәмдірек жасашы. Үйімізге Шәмші аға, Шәмші ағаның өзі келіп отыр! – деп дауыстады.
- Шәмші аға, осы диванға жантая беріңіз, қазір сусын, қуырдақ, шәй бәрі келеді, - деді Шәкеңе жастық ұсына беріп. Сосын, - Уәйс,Уәйс, келші балам, міне, Шәмші ағаңа сәлем берші, - деп үлкен ұлын да шақырып алып Шәмшіге қолын бергізіп Көпжасар аға мәз болды. Слд шамада совхоз директоры Бияхмет Рахымбайұлымен бірге партком Сақарат аға да келді.
Екі жастық салып, көп қол тимеген домбыраны, құлақ күйін келтіріп жатқан Шәкеңе:
- Шәмші, саламатсыз ба? -деп бірінші Сақарат аға амандасты.
- Менің есімім Бияхмет, осы совхоздың директорымын- деп Шәкеңе Сақараттан кейін Бияхмет Жампозов қолын созды.
Буы бұрқыраған қуырдақ келді. Рамазан да Шәмшінің жигулиін есік алдына қоя сала, дүкенге тарта жөнелді, барса, Қасым аға түстікке жиналып жатыр екен:
- Шаруаңды айт, Рамазан- деді.
-Қас аға, бес таза арақ, бір коньяк, бір шампан керек. Бұл – Көпжасар ағаның тапсырысы, - деген Рамахан, - Қас аға, Сағынған сенесіңдер ме, Көпжасар жездемнің үйінде Шәмші аға отыр, қазір Жампозов,Сақарат келді, жүріңдер сол үйге, - леп машинасын от алдырды. Сағынған совхоздың комсомол секретары еді, поездан түсіп, Қасым ағадан темекі алуға келген, тек «Қазақстан» шегетін.
-Қасым аға, жүріңізші, бірге барып сәлем берейік, Рамазан сізбен қалжыңдаспайды ғой, - деп қиылды.
-Кеттік, Рамазан, Сағынған. Жүз жылда бір туатын Шәмші ғой, Шәмші болса, Шәмші шығар, барып бір жүзін көрейік, - деп дүкенші Қасым Шәмшінің әндерінің бірін ыңылдай бастады. Иә, соғыстан кейін Шәмші әндері, мұңлы халықтың жан жарасын жаза бастағандай еді, онда да араға жылдар салып...
Аштық, репрессия, соғыс... қазақ халқының ес жия алмай жүрген кезі еді ғой. Әйтсе де Шәмшінің рухты, көңіл тербетер әндеріне «цензура» да баршылық еді...
- Ассалаумағалейкум, Шәмші! - деп Қасым аға кіріп келгенде, директор мен парткомға жәй ғана сыпайы амандасқан Шәмші:
- Әлейкумассалам! - деп Қасым ағаның қолын қос қолдап алды да:
- Аға, сіз соғысты көргендейсіз, төрге сіз отырыңыз, мен сізге бір ән орындап берейін – деп, домбырасын беубеулете жөнелді. Шәмші орындаған сондағы ән Қасым Аманжоловтың «Жас Қазағы» еді.
- Шәмші, азаматым-ау, хош келдің біздің елге және Қасым ағаңның әнін айттың, мен де Қасым Шайыхов ағаң боламын, соғысты Құдай тағала ел басына бермесін, енді біздің үйге барайық, бір ақ сары басты шалайық, Бияхмет, Сақарат біздің үйден бастайық, алыстан ат шалдыртып келген қазақтың серісіне, осы ауылдан мың құрмет! Біздің ел Байғара, Ақтайлақ, Ақтамберді, Әріп, Шәкіжан әулие, Арқабай дуананың, тіпті, профессор Ләйлә Базанованың елі, - деп шалқи сөйледі Қасым аға.
Иә, Қас ағаның әр отырыс, жиын-тойды қыздырып жіберетін, ерекше қасиеті бар еді. Ауылдың жаңа салынған Мәдениет үйі болды сол тұста. Кеңшар директоры дұрыстап кеш өткізейік, сол кеште Шәмші ағамыздың әндерін тыңдайық, Жанпейістерді, Өкенді бәрін шақыр, қайда Үшбиіктің өнерлі ұл- қыздары? - деп, Сағынғанға қарады.
-Ал, Шәке, мынау ақсарыбасқа бата бер, - деді Қасым аға бір еркек тоқтысын Шәмшінің алдына сүйреп әкеліп. Шәкең тосылмады:
-Бата десең, міне, бата,
Қолдасын Қыдыр ата!
Қыдыр аталарыңыз қияласын,
Бастарыңызға бақ-дәулет ұяласын,
Келгендеріңіз келіп,
Кеткендеріңіз толсын.
Көгендеріңіз моншақты болсын,
Бала-шағаларыңыз он шақты болсын,
Әумин! – деді. Жапа-тармағай жұрттың бәрі де, бір Аллаға сиынғандай беттерін сипасты, тіпті, партком Сақарат та бетін сипағанын білмей қалды. Ол кезде жаназаға қатыстың деп, партбюро мүшелерін партиядан шығарыған, қылыштан қан болмаса да, көзден қан тамған кездер еді.
Шәкеңді берекелі ауыл адамдары жағалай күтіп, жамырасып қалды. Кеңшардың бас жылқышысы Миллят әкелген сүрі қазыдан молырақ асап, қымызға қанған Шәкең:
-Ағайын, тұра тұрыңдаршы, мен бір тілек айтайын. Рамазан бауырым болмаса, мен осындай берекелі ауылдың тұсынан өте шығар едім де, дәмін татпас едім, кешегі Мәдениет үйіндегі салған әндеріңізді естімеген болар едім. Кездесу ұйымдастырған сәттеріңіз менің жүрегімде сақталып қалады ғой, айналып қана кетейін, аңқылдаған ақ көңіл жұртым! - дегенде Үшбиік ауылының тұрғындарының көздеріне ыстық тамшы үйірілді.
Шәкең шаруасы қат-қабат ауылда жата беруден ыңғайсызданса керек, кеңшар директорының үйінде қонақ болған күннің ертеңінде:
-Менің инспекторым қайда? Рамазанды шақырыңдар, әйтпесе мен милицияға хабарлаймын, - деп әзілдеді.
Әрине, қарапайым ауыл адамдары үшін, сүреңсіз күйбің тірліктен бір сәт серпіліп, сергігенге не жетсін. Бұл бір шуақты күндер еді.
Шәмшіні ауылдың шетіне шейін жаңа автобусы бар жүргізуші, Аманкелді, комсомол хатшысы Сағынған, кеңшар директоры Бияхмет, парторог Сақарат, Көпжасар, Тұрсынхан, Жәкен, Мәнәш, Қасым аға бәрі-бәрі шығарып салды. Ақ жигулидің тізгіні Рамазанның қолында. Қасында Шәмші аға.
- Ризамын Үшбиіктей ауылға, тарт, Рамазан, тарт ақ қасқа!- деп, Шәмші аға жоталарға көз сүзіп, өзі білетін дұғаларды оқып күбірлей бастады.
- Аға, сіз Боранбай биге құран оқып отырсыз ба, онда машинені тоқтатаыйн – деді, Рамазан.
- Рамазан, сен осы Боранбай биді білесің бе? – деді Шәкең оған сынай қарап,
- Әйтеуір, әкем айтатын, осы өңірден өткендер адаспайық деп, осы жерді боран дамылдағанша паналайды екен, боранда адасқандар да айналып келіп, осы жерден, жолымызды аша көр деп, тошалаға малын сойып, сәл-пәл тынығып сапарын жалғастыра береді екен, -деді Рамазан.
- Ал, Ақтамбердінің зираты алыста ма? – деп сұрады Шәкең. Сосын:
- Ақтамберді қазақтың бір туар жырауы ғой, сондай бабаларымыз болмаса, біз келе жатқан кең-байтақ жерімізді, Ұлы даламызды кімдер қорғайтын еді? – деп қалың ойға кетті.
II
Бәрімен риза көңілмен қош айтысып, Рамазан екеуі, ауданға келе жатыр, ол кезде аудан орталығы Қалбатау емес еді. Әне-міне дегенше аудан орталығына да жетіп қалды.
-Айналып кетейін, Рамазан, саған ризамын, сенің ауылыңа да ризамын, сенің ауылыңның аңқылдақ, ақкөкірек азаматтарына да ризамын!
Қазір Әди ағаңа автоматтан телефон шалайық, өзі осыны берген, сен майдангер Әди Шәріпов ағаңды танушы ма едің? Мен самолет пойызға да отырмай, елімді, жерімді көремін деп осылай тарттым. Рамазан, саған мың да бір рахмет, ел-жұртыңа тіптен дән-ризамын, қазақтың қай түкпірі болса да берекелі ғой, менің әндерімді өз әндеріндей көкіректерін кере шырқағанда, төбем көкке бір елі жетпегендей күй кештім, негізі мен бақытты адаммын! – деді Шәмші толқып.
-Ал, енді мені Әдекеңнің үйіне апар. Мынау адресі, бізбен бірге қонақ болсаң, тіпті жақсы, -деп Рамазанның иығына қолын салып, інісіне деген ерекше сезіммен басын тигізіп, емірене құшағына тартты.
Иә, әйгілі Шәмші Қалдыяқов келген сол бір шуақты күндер Рамазанның есінен көп жылдар шықпай жүруші еді. Жол бойында кейбір жабырқау күндерде тұрса да, Шәкеңнің әндерін іштей ыңылдап, өз-өзін жұбатқандай болушы еді. Қайран сол бір шуақты күндер-ай...
Қайрат Ахметханұлы
Алматы-Үшбиік
Қыркүйек-ақпан 2014 ж
Abai.kz